Жаңалықтар

Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орында

VІІІ қысқы Азиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатыр.
Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орында
24.02.2017 12:06 5246

VІІІ қысқы Азиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатыр. 2015 жылы өтуі тиіс бұл спорттық шара 2009 жылы Сингапурда өткен жиында 2017 жылға кейінге шегерілген болатын.

Жарысты күміс медальмен бастадық. Алғаш болып шаңғышы Елена Коломина қысқа қашықтықта екінші болып келді. Келесі күні қазақстандық шаңғышы 10 километрлік еркін жарыста қола жүлде жеңіп алды.

Елімізде өткен Универсиадада өте сәтті өнер көрсеткен отандасымыз Галина Вишневская бұл жолы да үздіктер қатарында. Алматыдағы жарыстан кейін демалысқа ұзақ уақыт болғанына қарамастан отандасымыз Саппорода екі алтын алып үлгерді. Алғашында 7,5 километр спринтерлік жарыста үздік атанса, екінші жарыста 10 километр қашықтықта із қуып жарысу бағдарламасында алтыннан алқа тақты.

Биатлоннан ерлер құрамамыз да осал емес. Қысқа қашықтықтағы жарыста Ян Савицкий алтын, Василий Подкорытов күміс жүлде иеленді. «Азиада ойындарына алтын алуға келдім. Алайда, шамам келгенше мықтылар қатарынан тағы да көрінемін» - деген Ян сөзінде тұрды. 12,5 шақырым қашықтықта із қуып жарысу бағдарламасында мәре сызығын жапондық спортшыдан кейін екінші болып кесіп, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір күміс медаль салды.

Азиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева қысқа бағдарламада алтыншы орын алды. Сондай-ақ, бүгін мәнерлеп сырғанаудан еліміздің бетке ұстар спортшылары Абзал Рахымғалиев пен Денис Тен өнер көрсетеді.

Жалпы есепте үш күннен бері қарай Жапония құрамасы көшбасшылықты бермей келеді. Олардың еншісінде қазірге 45 жүлде (14 алтын, 15 күміс, 16 қола) бар. Ал Қазақстан төртінші орынға табан тіреді. Еліміздің қоржынында әзірге (5 алтын, 6 күміс, 7 қола). Екінші орындағы Оңтүстік Корея құрамасы. Оларда жалпы медальдар саны аз болғанымен, «алтындар» саны жағынан таразы басы теңесіп түр. Оңтүстіккореялықтардың еншісінде 35 жүлде (14 алтын, 12 күміс, 10 қола) бар. Біздің елдің спортшыларынан бір саты жоғары тұрған Қытай құрамасында - 18 медаль (6 алтын, 6 күміс және 6 қола).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға