Жаңалықтар

Қазақстан Швейцарияны артқа тастады

Біздің құрама ширек финалда!
Қазақстан Швейцарияны артқа тастады
04.02.2018 17:23 3806

Дэвис кубогы әлемдік тобының 1/8 финалында Швейцария құрамасы мен Қазақстан жігіттерінің жолдары түйісті. Бұл кездесу Астана қаласындағы «Дәулет» Ұлттық теннис орталығында өткен еді.

Қазақстан мен Швейцария бұған дейін екі рет кездескен. 2010 жылы әлемдік топтың плей-офф кезеңінде Қазақстан швецариялықтарды 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, алғаш рет Кубоктың элиталы дивизионына шыққан болатын. Бұл элиталы турнирден 2016 жылдың күзінде шығып қалып, електі жолдама арқылы қайта оралған едік. 2014 жылы әлемдік топтың ¼ финалда Швейцариямен жолы түйіскен отандастарымыз 3:2 жеңіліс тапқан. Ілгеріде айтқандай 2016 жылы әлемдік топтан шығып қалған жерлестеріміз өткен жылы Дэвис кубогының чемпионы Аргентинаны өз жерінде 3:2 есебімен ұтып, айтулы турнирдің топтық кезеңіне қайта оралған еді.

2 ақпан күні отандасымыз Дмитрий Попко (АТР рейтингінде 231 орында тұр) мен Генри Лааксонен (рейтингтегі орны – 123) кордқа шыққан. Үш сағат үш минутқа жалғасқан ойында Дмитрий Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды. Төрт сетке созылған ойын 6:2, 7:6 (7), 3:6, 7:5 есебімен аяқталды.

Бұл екі спортшы осыдан бес жыл бұрын Румынияда өткен «челленджерде» кездескен болатын. Ол кезде 6:4, 6:4 есебімен Генри Лааксонен басым түскен еді.

Ойыннан кейін журналистер сұрағына жауап берген отандық теннисші: «Физикалық тұрғыдан аса дайын болмап едім. Ойын барысында ары-бері қимылдау қиынға соқты. Ерекше қолдау көрсеткен командам мен білікті физиотерапевтердің арқасында қалыпқа келіп, ойынды созбауға тырыстым. Болмаса, тіптен жағдай басқаша өрбір еді. Бұрын-соңды мұндай жайтты бастан өткермеппін. Үшінші сетте қатты шаршап қалдым. Содан да абдырап, көңіл-күйім түсіп кетті. Капитан Диас Досқараев барынша сабырға шақырып, өз-өзімді қолға алуды тапсырды. Мүмкін қысымды көтере алмай, аяғымның сіңірі тартылып қалды ма, білмедім?! Өз еліме алғашқы ұпай әпергеніме шын жүрегіммен қуаныштымын» – деді.

Ал Швейцария құрамасының үздігі, Лааксонен жеңілісін былай түсіндіруге тырысты: «Бүгінгі жеңіс қарсыласымның мықтылығын дәлелдеді. Ол менен жақсырақ ойнады. Мен де барымды салып, тырысқаныммен, бұл кездесуді өз пайдама шеше алмадым. Соңғы уақыттары соншалықты керемет ойнап жүрген жоқпын. Бүгінгі ойыным көңілімнен шықты, тек сәттілік жетіспеді деп есептеймін».

Екінші ойын жерлесіміз АТР рейтингінде 73 орында тұрған 30 жастағы Михаил Кукушкин мен 22 жастағы Адриан Бодмер арасында өтті. Алғашқы сетте қарсыласына жол берген теннисшіміз қалған ойын уақытында өз біліктілігін көрсетті. Есеп – 3:6, 6:3, 6:2, 6:3. Осылайша, жалпы есепте 2:0 басымдығына ие болдық.

«Дэвис кубогындағы рейтингтің ешқандай маңызы жоқ. Сол сияқты қарсыластың да оңайы болмайды. Мен әрбір ойынға ерекше дайындықпен шығамын. Өкінішке қарай, алғашқы бір жарым сетті сәтсіз бастадым. Ең бастысы, одан кейін ойынды өз жағыма бұрып әкеттім. Екінші сетте жақсы соққылардан соң, жеңіске жақындай түсуге мүмкіндік туды. Қарсыласым да көп қателесе бастады. Алғашында қарсыласым ойынға шындап кірісті, жақсы бастап, керемет соққылар жасады. Мүмкін бірнеше апталық үзіліс маған кері әсер еткен шығар. Бастапқы қарсылыққа дайын болмай шықтым. Бастысы, жеңіс біз жақта қалды» – деді Кукушкин.

Ал жас теннисші Бодмер: «Ойынды сәтті бастадым. Өз ойымдағыны іске асырып, ойыным жүре бастады. Содан кейін жүйкем сыр беріп,  Михаилдың бірнеше соққыларына жауап бере алмай жаттым. Бір-екі қателіктен соң, ойын деңгейім түсіп кетті. Соңына дейін қарсыласуға тырысып бақтым, агрессивті ойын өрнегін жүргізгім келді, өкінішке қарай дегенім болмады. Жеңілген бірнеше геймдерден соң, бәрі кері кетті» – деді.

Келесі ойын күнінде қазақстандық жұп Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин Андреа Хуслера мен Лука Маргаролиге қарсы тұрды. Тартысты өткен кездесуде отандастарымыздың бағы жанды. Жалпы есеп – 6:4, 6:4, 3:6, 6:7, 6:3. Бұл ойын біздің құраманы ¼ финалға алып шықты.

Қос құрама арасындағы 4 кездесу қазақстандық Роман Хасанов (707 сатыда) пен Марк-Андреа Хуслер арасында өрбіді. Екі партиядан кейінгі есеп (6:3, 6:1) швецарлықтардың пайдасында кеткен соң, жерлесіміз кездесуді жалғастырудан бас тартты. Осылайша, жалпы есепте қарсыластарымыздың еншісіне 1 ұпай жазылды.

Соңғы кездесу Дмитрий Попко мен Адриан Бодмер арасында өтті. Алғашқы жеңісті сыйлаған теннисшіміз бұл жолы да алған бетінен таймай, тартысты өткен кездесуді өз пайдасына аяқтай алды. Есеп - 7:6, 1:6, 10:6. Осылайша, Қазақстан құрамасы Швейцариядан келген спортшыларды 4:1 есебімен ұтып, турнирдің ширек финалына жолдама алды. Келесі қарсыласымыз кім болатыны белгісіз.

Дэвис кубогы (Davis Cup) – әр жыл сайын Халықаралық теннис федерациясы ұйымдастыратын ерлер арасындағы ірі халықаралық командалық жарыс. Теннис құрамалары бірі-бірімен сынға түсіп, жеңілгендері жарысты аяқтайды. Дэвис кубогының ойындары 5 кездесуден тұрады: төртеуі жеке болса, біреуі жұптық ойын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға