Жаңалықтар

Қазақстан орақ науқанына дайын ба?

Биыл қанша астық орамыз?
Қазақстан орақ науқанына дайын ба?
23.08.2018 16:56 9499

Еліміздің кейбір өңірлерінде орақ науқаны аяқталып та қалды. Күні кеше Үкімет үйінде өткен отырыста Өмірбек Шөкеев баяндама жасап, дәнді дақылдарды жинау науқаны жалғасып жатқанын хабарлады.

Ауылшаруашылығы министрі берген ресми дерекке сенсек, қазір орақ науқаны Жамбыл және Түркістан облыстарында тәмамдалды. Аталмыш өңірлерде жиналған егіннің көлемі гектарына 21 центнерді құрап отыр. Жамбыл облысында 95,2% дәнді дақыл орылса, Түркістан облысында жиналған егіннің көлемі 95,6% жетіп отыр.

Егін ору жұмыстары Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Қызылорда сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасын табуда. Аталған облыстарда орақ алқапы 3,0 млн гектар жерді алып жатса, қазір 1,1 млн гектары игерілді.

Ведомоство басшысы берген ақпарға назар салсақ, гектарына 18,1 центнер орташа түсім деп есептесек, 2 млн. тонна астық бастырылған. 2018 жылы күзде 20,0 млн. тонна астық жиналады деп болжанған. Еліміздің астық егілетін негізгі өңірлерінде орақ науқаны тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында қарқынды жүргізіледі.

Жергілікті билік органдарының мәліметінше техникалар егін жинауға сақадай сай дайын. Астық жинау науқанын дер кезінде әрі еш кедергісіз атқару үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінді. Шілде айына бөлінген жанар-жағар май толықтай игерілген. Енді тамыз айына бөлінген 110 мың тонна жанар май тиісті орынына жөнелтілмек.

Өмірбек Шөкеев баяндама барысында дәл осы дизель отыны өндірушілерге арзандатылған бағамен беріледі десе де, баға әлі де жоғары күйінде қалып отырғанын ескерте келе, өңірлердегі әкімдіктер жергілікті операторлармен бағаны төмендету жөнінде жұмыс жүргізуі қажет екенін тапсырды.

Ведомоство басшысы Павлодар облысы әкімдігінің жұмысына көңілі толатынын айтты. Кереку жерінде орақ науқаны кезінде арзандатылған жанар-жағар майды электронды бөлу және өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылғанғынын тілге тиек етті. Тың жоба аясында алқаптардың көлемі айқындалып, тәртіпке сай, танаптардың электрондық картасы мен  егістіктердің ғарыштық мониторингі ескеріле отырып, бөлінген.  

Астық сақтайтын қоймалардың сыйымдылығы

Еліміздегі жалпы астық сақтайтын қоймалардың көлемі 26,7 миллион  тоннаны құрайды. Бұған қоса жергілікті әкімдіктер дәнді дақылдарды  танаптардан элеваторларға үздіксіз тасымалдауы үшін еш кедергі туындамауы керектігі сөз болды.

Егіннің бағасы

Өткен жылы бидай 35 мың теңгегге саудаланса, биыл үшінші сыныпты бидайдың бір тоннасы 48-49 мың теңгеге бағаланып отыр. Билік өкілдері бағаның әлі көтерілетінін айтады.

Экспорт нарығы

Былтырғы дерекке назар аударсақ, Қазақстанның бидайы 35 елге таралады. Биыл да егін өнімін экспорттауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ведомоство өкілдерінң айтуынша, былтыр сырт мемлекеттерге астық тасымалдайтын вагондардың жетіспеушілігі байқалған. Осы мәселене ескере келе, биыл министрлік өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, логистика мәселесін шешуге бағытталған жұмыстарды алдын-ала жүргізуде.

Өткен жылы 25 қыркүйекте ауыл шаруашылығы минстрлігі 20 368,2 мың тонна астық жиналды деп мәлімет таратқан болатын. 2016 жылмен салыстырғанда орақ өнімінің алқаптары 15 298 га жерге ұлғайған еді.

Ал, Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы 2017 жылы әлем бойынша жиналған астықтың көлемі 744,5 млн тонна болатыны туралы ақпар таратқан еді. «Интерфакс» сайты бұл көрсеткіш 2016 жылғы рекордтық көрсеткіштен 1,8 пайызға төмен болса да, соңғы бес жылдағы орташа жылдық көрсеткіштен жоғары екенін хабарлаған болатын.

Ал, Қазақстанға оралар болсақ, біздің ел әлем бойынша ұн экспорттауда алдына жан салмай тұр. Қазақстан ұнды шекаралас Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан сондай-ақ Ауғанстан елдеріне, бұған қоса Африка мен Азияның шығыс бөлігінде орналасқан елдерге тасымалдайды. Ресми дерекке сенсек, біздің еліміз сырт мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық жөнелтеді. Сарапшылардың пікірінше, соңғы 5 жылда орта есеппен 19,1 млн тонна астық өнімі шекара асырылған.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға