Жаңалықтар

Қазақстан клубтары Еуропа лигасында

Қайсысы топтық кезеңге өтеді?
Қазақстан клубтары Еуропа лигасында
13.07.2018 17:52 2451

Қазақстандық клубтар алғашқы үш кездесуді де сырт алаңда өткізді. 10-шілде күні қостанайлық «Тобыл» Грузияның «Самтрадиасымен» кездессе, 12-шілдеде «Ертіс» Литваның «Тракайымен» бақ сынасты. Осы күні алматылық «Қайрат» Андорраның «Энгордань» клубымен кім мықтыны анықтады.

Соңғы минуттағы жеңіс голы

«Самтредиа» (Самтредиа, Грузия) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:1 (0:0)

 Гол: Федин, 90+4

«Самтредиа»: Погорелый, Чачуа (Кердзевадзе, 86), Гогиашвили, Фатич, Гурули, Бачиашвили, Мамасахлиси, Энделадзе (Ахаладзе, 76), Гуй, Панцулая (Кучухидзе, 72), Макацария.

«Тобыл»: Непогодов, Мирошниченко, Кассай, Жулпа, Дмитренко, Федин, Квеквескири, Канкава, Тұрысбек (Молдақараев, 78), Нұрғалиев, Нөсербаев (Жарынбетов, 87).

Ойынды алаң иелері өте қарқынды бастады. 2-минутта Панцулая сол қапталдан Макацарияның басына дәл пас жеткізген. Оның соққысы қақпадан қиыстау ұшты. Он минуттан соң, кездесудегі бірінші дәл соққы жұмсалды. «Самтредиа» футболшысының жер бауырлата тепкен добы Непогодовтың қолынан табылды. Кездесудің жарты сағаты өткенде ғана қостанайлықтардың алғашқы қауіпті шабуылдары ұйымдастырылды. Нұрғалиев алда жүрген Нөсербаевқа пас қалдырмақ болған, қырағы қорғаушылар «Тобыл» форвардының алдын орап кетті. Екінші деммен Тұрысбек шабуылға араласып, Погорелый қақпасын көздемек болған. Бауыржанның соққысы күшті болғанмен, айдалаға кетті. Гурзин легионері Канкава орталық шептен барынша алға ұмтылып, соққы жасады. Оның спорттық снаряды да кипердің оңай олжасына айналды. Шабуылмен әуестеніп кеткен қостанайлықтар жергілікті команданың қарымта ұмтылысынан зардап шеге жаздады. Бірақ, біз үшін бәрі сәтті аяқталды.

Ойынның келесі бөлігі де алаң иелерінің белсенділігімен басталды. Алғашқы таймдағыдай «Самтредиа» ойыншылары айып алаңынан стандарт сұраумен әуреленді. Төреші ешқандай ойын ережесіне дөңес келетін сәт байқамағандай матч жалғаса берді. Тағы да сол алғашқы 45-минуттықта белсенді болған Нұрғалиев, Нөсербаев пен Тұрысбектің қатысуымен бір шабуылдың шеті шықты. Азаттан келген допты Таңат Бауыржанға қалдырған, ал соңғысы қақпаға он метр қашықтықтан маңдайшадан асырып жіберді. Тұрысбектің бұл соңғы мүмкіндігі емес еді. Өз қақпа маңында қателікке бой алдырған грузиндік қорғаушылардың аяғынан доп тартып алған Бауыржан соққы жұмсаудың орнына, допты жай ғана қақпашыға ұстата салды. Тағы да желге ұшқан мүмкіндік. Одан кейін қостанайлықтар барынша қауіптірек шабуыл ұйымдастыруға ұмтылған, оларынан түк шықпады. Квеквискири Нұрғалиевпен доп алмасып, соққы жасағанмен, тосқауылдан кейін серпіліп корнерге кетті. Нөсербаевтың да қақпа алдына көтерген пастары сәтсіз болып, «Тобыл» шарасыздық танытты. Тағы бір сәтте Таңат жақсы жерден стандарт тебуге мүмкіндік әперген. Төреші көрсеткен нүктеге келген Тұрысбек бір жеті бұрын сол тұстан «Ордабасыға» гол салып, шеберлігін көрсеткен еді. Бұл жолы маңдайшадан биікке жіберді. Қаншама жақсы сәтті өз пайдасына асыра алмаған Бауыржанның ойыны жаттықтырушыға ұнамаса керек, ол орнын Молдақараевқа қалдырды.

Алаң иелері Гуйдің белсенділігімен шабуылға шықты. Африкандық аяқдопшы қорғаушыларды алдап өтіп, Непогодовтың қақпасын көздеген. Кипер сәтсіз қимылдап, допты қолынан шығарып алды. Оны Гогиашвили пайдасына асырып, Кучухидзеге  пас көтерді. Тыңнан қосылған ойыншы жақын маңнан торға дәл түсіре алмады. «Тобыл» бас бапкері Нөсербаевтың орнына Жарынбетовты алаңға жіберді. Бірлі-екілі эпизодта командаластары ашық тұрған Саматқа пас бермеген. Тағы бірде доп қабылдаған Жарынбетов тура соққы жұмсаудың орнына, аутқа жібере салды. Бұл қалай болғаны? Ал Жасұлан Молдақараев қорғаушыларды алдап өтіп, қақпаны көздеп, соққы жасаған, бірақ гурзиндік ойыншылар оны жібере қоймады. Көптен күткен гол ойынның негізгі уақытына төреші қосқан минуттары орын алды. Командаласынан пас алған Федин Бачиашвили мен Мамасахлисиді алдап өтіп, сол бұрышқа керемет соққы жасады. Погорелыйде ешқандай мүмкіндік болған жоқ.

Еуропа лигасындағы алғашқы ойын «Тобыл» жанкүйерлерінің жүйкесін біраз жұқартқаны белгілі. Не де болса, қонақта қақпамызды аман сақтап, пайда әкелетін бір гол сала білдік. Әрине, Тұрысбек өзіне берілген мүмкіндіктердің біреуін өз пайдасына асыра білгенде, соңғы сәтке дейін демімізді ішімізде тартып отырмас едік. Бір жағынан, биылғы маусымда «тобылдықтар» өз алаңында керемет ойын өрнегін көрсете алмай жүр. Никитенко шәкірттерін қарымта матчқа барынша дайындайды деп сенейік.

Пайдаланылмаған мүмкіндік

«Тракай» (Тракай, Литва) – «Ертіс» (Павлодар) – 0:0.

Соғылмаған пенальти: Кисляк, 85 (қақпашы).

«Тракай»: Шведкаускас, Боровскис, Нтика, Осипов, Шиленас, Еременко (Воробьевас, 40), Маразас (Муканья, 75), Чижас, Билялетдинов, Казлаускас, Масенжовас (Янушевскис, 60).

«Ертіс»: Калмыков, Есімов, Кислицын, Стаменкович, Аврамия, Шмидт, Попадюк (Шестаков, 79), Кисляк, Гомес, Калинин (Воменко, 90+2), Фонсека.

«Ертіс» қонақта ойнап жатқандығына қарамастан, матчты белсенді бастады. Фонсеканың алғашқы соққысы бағанадан аз ғана қиыс ұшты. Одан кейін Калининнің орта дистанциядан бағыттаған жойқын соққысын Шведкаускас қайтарып, корнерге жіберді. Ал келесі осындай белсенді шабуылды павлодарлықтар он бес минут бойы күттіріп қойды. Попадюк допқа жанасып, оны қарсыластың қақпа алдынан бір-ақ шығарды. Дораның тепкен добын литвалық қақпашы қайтарып үлгерді. Ал «Тракай» ойыншылары жарты сағаттықтан соң, алғашқы қауіпті шабуылдарына шықты. Оң қапталдан өрбіген шабуылды Казлаускас түйіндемекке бел буып, Калмыков қақпасын көздеген. Оның тепкен добы күшті болғанымен, қиыс кетті.

«Ертістің» келесі шабуылдары жүйелі болды. Тағы да Калинин орта дистанциядан қақпаға доп түсіруді мақсат тұтқан. Соққысы ойлағанындай шықпады. Ал одан соң, Карлос Фонсека қарымта шабуылға шығып, Осиповты алдап өткенімен, Нтика португалдықтың добын қайтара алды. Одан кері серпілген теңбіл доп Попадюктің аяғынан табылды. Оның де соққысы маңдайшадан биік кетті. «Таракай» да бірлі-екілі мүмкіндіктерді жіберіп алды. Калмыков қорғаған қақпаға ентелеп ұмтылғандарымен, шабуылдарын аяқтайтын аяқдопшы табылмай жатты. Екінші таймда литвалық команданың бас бапкері Кибу Викунья Модестас Воробьевасты алаңға жіберді. Соған қарағанда, алаң иелері доп жіберіп алмаудың қамына кіріскендей. Жергілікті ойыншылар қанша тырысқанымен, Калмыков қақпасына дәл соққы жасай алмай ақ тер, көк терге түсті. Одан соң Попадюкті Кислякты ойынға араластырған. Оның соққысы сол жақтағы тоғыздықты жанап өтті. Дора ендігі өзі соққы жұмсаған. Калининнен келген допты бағыттаған оның тепкені өте әлсіз шықты. Бір сағат алаңда өткізген уақыттан кейін, «Тракай» әдемі шабуылдың ұшын шығарды. Маразас сол қапталдан бұзып-жарып, жойқын соққымен Калмыковты сан соқтырам деп ойласа керек. Оған дәлдік жетіспеді. Бұл шабуылдың ізін ала Павлодардан келген қонақтар Калинин мен Фонсеканың араласуымен, Шведкаускасқа қауіп төндірді. Бірақ соңғысы тағы да білгенінен жаңылып, қиыс тепті. Алма-кезек шабуылдар жалғаса берді. Сондай тартыстардың бірінде футболшылар төрешіден сары қағазбен жазаланып жатты. Ойын дөрекі өтпесе де, ережеге сай емес іс-әрекеттер орын алып жатты. Онсыз қандай футбол болмақ?

Осыдан кейін ливталықтар есеп ашуға шақ қалды. Корнерден келген допты Осипов баспен ұрған. Калмыковтың суперсейві. Алаң иелерінің алға ұмтылысы бұдан кейін жандана түсті. Казлаускас сол қапталдан Донатасқа пас берген, соңғысы дриблинг жасап, соққы жұмсай алды. Бірақ, оның добы Стаменковичтен кері серпіліп, бұрыштамаға кетті. Ойынның ең тартысты сәті 85 минутта орын алды. Аврамия қарсыластардың айып алаңына Нтикадан соққы алып, құлап түсті. Португалдық төреші еш ойланбастан 11 метрлік нүктені көрсетті. Бірақ, өкінішке қарай, Сергей Кисляк қақпашы Шведкаускастан айласын асыра алмады. Керемет мүмкіндікті осылай мүлт жібердік. Киперден қайтқан допты Шестаков қақпаға бағыттауына шеберлік жетіспеді. Вильнюстегі ойынға нүкте қоятын тамаша сәттің күлі көкке ұшқандай. Қос команда ойыншылары барынша тырысқанымен, алаңға жиылған жанкүйерлер соғылған гол көре алмады. Олар тек өз жерінде гол жібермеген ойыншыларына алғыстарын айтар. Тең есеп павлодарлықтар үшін де жаман емес. Ең бастысы, Қазақстан қоржынына ұпай түсіп жатыр.

Қарсыласты өз алаңымызда жеңуге болады. Тек «Ертіс» ойыншылары прьемер-лигадағы сүреңсіз ойындарын ұмытып, жинақы ойын өрнегін көрсетсе игі.

Қиындықсыз келген жеңіс

«Энгордань» (Андорра) – «Қайрат» (Алматы) – 0:3 (0:2)

Гол салғандар: Вагнер, 5 (автогол), Исламхан, 25 (пенальтиден), Эппель, 90.

«Энгордань»: Кока, Бриту, Мигель Руис, Селлай, Вагнер (Сан-Николас, 74), Серра (Фильямонте, 62), Спано, Поуса, Родригес, Гомес, Туре (Гуида, 90).

«Қайрат»: Плотников, Соколенко, Бато, Әліп, Сүйімбаев, Элек, Исаэль (Швырев, 64), Хуан Фелипе, Исламхан (Жуков, 73), Аршавин, Эсеола (Эппель, 58).

Төреші ысқырығы естіле сала, алматылықтар алға ұмтылды. Сондай сәттің бірінде Эсеола жақсы мүмкіндікті жіберіп алды. Одан соң, Хуан Фелипе екі рет қақпаға тура соққы жасай алмады. Ал Сүйімбаевтың соққысын қақпашы Кока қайтара білді. Осыдан кейін андорралықтар алға жүгірді. Тіпті, Спано Плотниковтың шеберлігін бір сынап көргендей. «Қайрат» кипері оң қапталдан келген допты алып шықпағанда, нағыз сенсация болар ма еді?!

Дегенмен, қарымта шабуыл ұйымдастырам деп жүріп, өз қақпасына автогол соғып алды. Андрей Аршавин допты керегіне жаратып, алдынан шыққан қорғаушыларды айналып өтіп, Эсеолаға пас жеткізгісі келген. Жолын бөгеймін деп ойлаған Вагнер өз қақпасына абайсызда доп кіргізіп алды. Украина елінен келген форвардтың белсенділігі мұнымен аяқталмады. Ол бар жылдамдығымен алға ұмтылып, Селлай мен Коканың бірін-бірі түсініспегенінің арқасында өз командасына пенальти алып келді. Ал оны Исламхан тамаша орындап, есепті еселей түскен еді. Екі доп соғып алған халық командасы одан әрі сылбыр қимылдай бастады. Адуынды шабуылдар ұйымдастыруға құлықтары байқалмайды. Сүйінбаев бірде өз қапталынан оқтай зулап Кока қақпасына маңына жетіп, соққы жұмсаған. Оның тепкен добы Селлайдың аяғынан кері қайтты. Осымен бірінші таймның нүктесі қойылды. Ойынның келесі бөлігін андарролықтар қарқынды бастады. Стандарт тебуге мүмкіндік алып, оны Спано шебер орындай алғанымен, қақпа торына түсіре алмады. Ол дәл көздегенде Плотников қайтара алар ма еді, кім білсін?! Кипер көрген көзге керемет секіргенімен, ұқшан допқа қолы жетпей де қалуы ғажам емес.

Одан кейінгі Серраның бағыттаған спорттық снаряды қиыс ұшты. Тағы да «Қайраттың» жаңа шабуылшысы іске араласып, ірі есеп тіркеуге ниеттенген. Кока өз орнынан табылды. Осы тұста алматылық клубтың бас бапкері Карлос Феррер Мартон Эппельді алаңға жіберді. Кездесуге қарқынды кірігіп кеткен венгр  келесі шабуылдың өрбуіне өз көмегін тигізді. Оның пасын Соколенко голға айналдыруға ұмтылды. Кипер тағы да қақпасын сәтті қорғай алды. «Қайрат» сапында Исаэльдің орнына жас талант Швырев шығып, өзінің жылдамдығымен, шабуылдарды түйіндеуге ат салысуы керек еді. Бірде Вячеславтың аяғына керемет пас келгенімен, ол қақпаға тура доп бағыттай алмай, сан соқты. Хесус Коканың голдан құтқаруға осы жолы шамасы жетпесі анық еді. Алаң иелерінің де есепті қысқартуға мүмкіндігі болды. Гомес сол қапталдан сызық сыртынан жер бауырлата соққы жасаған. Плотников өз шеберлігін көрсетті. Бұл ойында алматылық команданың бірнеше ойыншылары сары қағазбен жазаланды. Төрешіден ескерту алған Бауыржанды алмастырып жіберген бапкер, Жуковке сақ ойнауды тапсырды.

Бұл уақытта ойын кәдімгідей бәсеңдеп қалған еді. «Энгордань» белсенді қимылдаса да, олардың шабуылына өткірлік жетіспеді, ал «Қайрат» ойыншылары қауіптірек қимылдады. Корнерден Аршавиннің көтерген добы Әліптің басын тапқанымен, Кока тағы да тамаша қайтарып тастады. Қақпашыдан қайтқан допты Бато қайта бағыттаған. Бірақ, тордың сыртына тепті. Өзінің дебютті ойында Эппель көзге түсті. Аршавин қапталдан алға ұмтылған Соколенконың доппен жарылқады. Ал ол қақпа алдына пас жеткізді. Эппельді жабуға Мигель Руис үлгере алмаған. Мартон бос тұрған қақпаға допты тастай салды.

Руис төреші қосқан қосымша уақытта «Фольгорамен» өткізген ойындағыдай гол соғып кетуге шақ қалған. Аяғын ауыртып, қайта ойынға араласқан Әліп оның алдын орап кетті. Бұл кездесу 3:0 есебімен «Қайраттың» пайдасына аяқталды. Алматылық команданың ойыншылары алғашқы кездесуін сәтті аяқтап, сенімді жеңіске жетті. Оның үстіне, қарсылас та сондай қауіпті емес. Енді «қайраттықтар» қарымта кездесуде жас құраммен-ақ, андорралықтарды сынап бақса жеткілікті. Ал негізгі ойыншылар одан кейінгі кезеңде алдымыздан шығатын «АЗ Алкмар» командасына дайындалғаны жөн болар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға