Жаңалықтар

Қазақстан хоккейден алғашқы ойынын жеңіспен бастады

А тобындағы алғашқы кездесулер өтті
Қазақстан хоккейден алғашқы ойынын жеңіспен бастады
23.04.2018 18:12 3406

Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы бірінші дивизионының алғашқы матчын алаң иелері Венгрия құрамасына қарсы өткізді.  

Бұл ойындар басталмас бұрын қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық құраманың негізгі ойыншыларын жинақтаған «Барыста» болып жатқан ахуалды ашына айтқан болатын. Ондағы маңызды хоккейшілердің жоғары жақ өкілдерімен келісімге келе алмай, тіпті құрамаға да көмек көрсетуден бас тартқандығы жанымызға батты. Білікті «экс-барыстықтардың» жоқтығы қаншалықты зардабын тигізерін білмейміз. Өткен жылғы сәтсіздіктен соң, бапкердің бұл әрекетіне де күмәнмен қарағандар көп болды. Біздің хоккейдің соңғы 9 жылда бірінші дивизионнан элиталы топқа шығып, қайта төмен құлдилайтынын жақсы білетін жанкүйерлерді бұл жолы не күтіп тұр?

Жеті мыңнан аса жанкүйер жиылған кездесуде кім жеңетінін алдын ала болжау қиын еді. Себебі, өз жерінде өтіп жатқан бұл сында Венгрия жерге қарап қалмауға тырысатыны белгілі. Кездесудің алғашқы бөлігінде қос қазақстандық хоккейші мұз алаңынан қуылып, 2 минут ойынды сырттан бақылады. Қос құрама жігіттері қанша тырысып баққанымен, таблодағы есепті өзгерте алмады. Бұл жерде қос қақпашының шеберлігін айта кету керек. Екінші кезеңнің аяқталуына 2:31 минут қалғанда венгрлік жанкүйерлер алғашқы соғылған шайбаға куә боламыз деп, төрешілердің ойынды қайта қарап тұрған экранына үмітпен үңілді. Бірақ, электроника шведтік тас қамал қақпашы Хенрик Карлссонның қақпа сызығынан шайбаны алып шыққанын көрсетті. Осылайша ойынның екінші бөлігі де кім мықтыны анықтауға мүмкіндік бермеді. Матч тағдыры үшінші кезеңде шешілді. Бірінші болып есеп ашқан жерлесіміз - Валерий Орехов. Оның көк сызықтан тастаған шайбасы қақпаның жоғарғы оң жақ бұрышынан зулап өтті. Венгрлер бұл соққыдан аңтарылып, естерін жинай алмай жүргенде, Евгений Рымарев есепті еселеп кетті. Венгрия жейдесін киген бір хоккейшінің жүйкесі сыр беріп, ереже бұзып, екі минуттық айып алды. Осы бір сәтте тағы да Максим Семенов пен Евгений Рымарев нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, соңғысы екінші шайбасына көрімдік сұрады. Таблода 0:3 көрсетіп тұрса да, жергілікті жанкүйерлер өз командасын қолдауын жалғастыра берді. Уақыт Қазақстан құрамасына болысып, венгрлер сол күйі Карлссонның кілтін таба алмастан кездесуді аяқтады.  Қазақстан құрамасы Ғалым Мәмбеталиевтің бапкерлігімен әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ендігі кездесу 24-сәуір күні Ұлыбритания хоккейшілеріне қарсы болмақ. Өз кезегінде британдықтар 3:1 есебімен Словениядан басым түскен еді.

Венгрия – Қазақстан 0:3 (0:0, 0:0, 0:3)

Қазақстан құрамасы: Карлссон — Семёнов-Даллмэн, Старченко-Кучин-Рымарев; Лакиза-Метальников, Михайлис-Гренц-Евдокимов; Полохов-Орехов, Акользин-Сагадеев-Маркелов; Ибрайбеков-Петухов, Әсетов-Гурков-Волков.

Шайба салғандар:
0:1 — 43:38 Орехов (Гренц). Тең ойында
0:2 — 44:35 Рымарев (Старченко). Тең ойында
0:3 — 47:42 Рымарев (Семенов) +1
ҚақпашыларВай — Карлссон
Айып соққылар14:8 (4:6, 4:2, 6:0). 

Ойын соңындағы баспасөз отырысында Венгрия бас бапкері Ярмо Тованен өз ойымен бөлісті:

– Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ойын бірінші қателікке дейін жалғасқанын көрдіңіздер. Қарсыласымыз үшінші кезеңді тамаша өткізіп, қорғаныста да қателіксіз ойнай білді. Оның үстіне, қақпашы да талай мәрте өз командасын құтқарып жатты. Бүгінгі кездесуді қорғаныстағы ойын шешті десем болады, дәл осы тұсымыз осалдық танытты. Бұған біздің 7 рет мұздан қуылғанымызды қосып қойыңыздар. Оның үшеуі кездесу тағдыры шешілген үшінші кезеңде болды. Егер шайба сала алмасаң, жеңіс те болмайтыны белгілі. Бізде көптеген мүмкіндіктер болды, соны пайдалана алмаған өз кінәміз деп білем. Әлі де жұмыс жасайтын боламыз.

Ал Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалым Мәмбеталиев болса:

– Маңызды кездесулерден бұрын жолдастық ойындар өткізіп тыңғылықты дайындық жүргіздік. Ойынның алдын ала үлгісін жасадық. Хоккейшілеріме қиын ойын болатынын ескертіп, барынша психологиялық түрде де дайындадым. Ойын расында өте қиын болды. Олар бірінші шайба салғанда, біздің жағдайымыздың қандай боларын бір құдай біледі. Бірінші болып есеп ашқанымыздың арқасында, ойыншыларым өздеріне сенімді болып, өз ойындарын жүргізе бастады. Алғашқы голдың маңызды болғанын тағы да айта кетейін. Ойынға көптеген жас ойыншыларды қосқанымды көріп отырсыздар. Олар барлығына дайын. Болашақта да сенім арта береміз.

Бұл топта Қазақстан мен Венгриядан бөлек, Италия, Словения және Ұлыбритания өнер көрсетеді. Үздік атанған құрама элиталы дивизионға жолдама алатын болады.

Еске сала кетейік, бұл әлем чемпионатына «Барыс» хоккей командасының капитаны, әрі көшбасшысы Найджел Доус қатысып жатқан жоқ. КХЛ-дың ең үздік сұрмергендерінің бірі елордалық клубпен келісімге келе алмай, Қазақстаннан кетіп қалған еді. Бас бапкер Ғалым Мәмбеталиев пен клуб президенті Асқар Шопобаевпен бір тоқтамға келмей, Ресей асты. Қазір «Автомобилист» сапында ойнауы мүмкін деген қауесет тарап жатыр. 33 жастағы шабуылшы «Барыс» сапында 2011 жылдан бері ойнап келген еді, оның еншісінде 415 кездесу, 217 салынған шайба, 159 ассистентік бар. Сондай-ақ, маңызды кездесулерде ел атынан мұзға шығудан қорғаушы Роман Савченко мен шабулышы Талғат Жайлауов бас тартқан еді. Оларды да келесі маусымда «Барыстан» көрмейміз. Бас бапкердің шешімімен құрама тізіміне Қазақстан азаматтығын алған канадалықтар – Мартен Сен-Пьер мен Дастин Бойд ілікпеді.

2017 жылы Қазақстан бірінші дивизионда сәтсіз өнер көрсетіп, элиталы топқа өте алмаған болатын. Ал бұл жолы жоғары топқа шығу Ғалым Мәмбеталиев шәкірттерінің қолынан келе ме?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға