Жаңалықтар

Қазақстан арналарындағы төл бағдарламалардың қалыптасуы

Теледидар дүниежүзілік аренаға шығып, біртұтас әлемдік ақпарат кеңістігін құруға батыл бетбұрыс жасауда
Қазақстан арналарындағы төл бағдарламалардың қалыптасуы
22.09.2017 10:55 2939

Теледидар дүниежүзілік аренаға шығып, біртұтас әлемдік ақпарат кеңістігін құруға батыл бетбұрыс жасауда. Бұл кезекте халқымыздың мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрімен мен әдет-ғұрпын танытып, рухты, намысшыл халық екенімізді паш ету жолында үйдегі «көкжәшік» таптырмас құрал екені сөзсіз. Ал, ұлттық рең, таза болмысымыз, шынайы әлеуметтік өмір ол – отандық төл өнімдерде ғана болатынын ескерген жөн. Расында да, жаңарулар мен ізденістерге толы әлемде әрбір ұлт, әрбір мемлекет, әрбір қоғам өзінің ерекшеліктерін, қоғамда қалыптасқан дәстүрлерін сақтауға, рухани қазынасын байытуға тырысуымыз керектігі айдан анық. Дербес мемлекет ретінде дербес саясатымызды өзгеге де мойындатсақ, өз тіліміз, өз дініміз бар ұлт екенімізді сезінсек, кай тұста да дербес көзқарас мен мұндалап тұрмаушы ма еді? Сондықтан, бүгінгі отандық телепублицистердің шеберлікті ұштап, талмай іздене беруі күнделікті істерінің заңды бөлшегіне айналуы тиіс.

Осы тұста, отандық теледидардағы төлөнімді қайталанбас, рухани туынды десек қателеспеген болар едік. Егер суреткер экранда өзінің шығармашылығы арқылы өз халқының рухани әлемін, оның проблемаларын көркем келісті тілмен өрнектеп, өмірдің шыншыл көріністерін сәттілікпен бейнелей алса, ол төл туындыға айналады. Телевизиядағы төлдік сипатта дәл осындай. Ал, мұндай хабарлардың БАҚ-та алар орны ерекше.

Төл бағдарлама – қазақ аудиториясы үшін аса маңызды құнды дүние. Мұндай бағдарламада қазақ халқының көңіл-күйі, әлеуметтік жағдайы мен сұранысы, талабы мен талғамы бір хабар түрінде сезіліп тұрады. Ол өзге елдің көшірмесі емес, мүлде еліктеушілік те байқалмайды. Оны қоғам сұранысы мен талабының арқасында тұған ерекше бағдарлама деп ұққан жөн. 

Төл бағдарлама бізге жат емес, құндылықтарымыз бен мәдениетіміз, әдебиетіміз қатар үйлескен бір тұтас үлкен жетістігіміз. Оның өзге бағдарламалардан ерекшелігі, өмір мен қоғамдағы үрдістерді тануынан, адамдардың рухани дүниесін, бар байлығы мен терең тыныс тіршілігімен жан-жақты көрсетілуінен сезіліп тұруында. Жалпы қазіргі телевизияда төл дүниетанымды қалыптастыру жолында талай жақсы бастамалардың көшбасшысы болып отыр. Салмақты да, салиқалы қоғамдық пікірлердің қалыптасуына, келелі істердің дұрыс шешімін табуына көпшілікті тарту бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Соңғы жылдары республика телеарналарыңдағы төл хабарлардың сапасы жоғарылап, алуан түрлі, қызығылықты бола бастады. Ал, заман ағымына, уақыт тынысына орай әр кезеңнін өз отандық төл бағдарламалары болған.

1958 жылдан бастау алған телевизия ауқымын кеңейтіп, ұлан байтақ кеңістікті әуе толқынын шарлап, жылдам дами бастады. Журналистикасының қалыптасу тарихының ұлы көшіне қосылған Қазақ телевизиясының өткен өмір жолы ізденулер мен тәжірибелерге сүйене отырып, миллиондаған аудиторияға бет алды. Алғашқы кезеңде деп жазады Құдайберген Тұрсын: «Алматы телевизия орталығының қуаттылығы 120 шақырым аймақты қамтиды деп есептелінсе, ол іске қосылған кезде Алматы, Талдықорған облыстарының көптеген аудандары әрі бірмезгілде, көршілес Фрунзе (Бішкек-Қ.Т) қаласы да Алматы бағдарламасын қабылдады. 1958 жылы Алматы – Фрунзе – Ташкент телевизия хабарын көрсетуді қамтамасыз ететін радиорелейлік жол салынып бітіп, Өскемен телестудиясы 16 наурызда эфирде тұңғыш рет телевизиялық суретті көрсетті. Сол жылдың 3-інші желтоқсанында Өскемен телевизия орталығының инженері Л.Парамонов құрастырған телекамера арқылы диктор алғаш рет экранда көрінді. Қарағанды телестудиясы эфирге сол жылдың 31 тамызында шығып, «Жарқыра, жана бер, жұлдызым!» деген көркем фильмді көрсетті. Реcпублика аумағында (1958-1959жж.) 30 программалық телеорталықтар жұмыс істеді», – деп атап айтқан. 

Көш жүре барып түзеледі демекші, уақыт өткен сайын қазақ телевизиясына өң кіріп, жақсы бастауларды қолға ала бастады. Дегенмен, алғашқы жылдары ақпаратты хабарлау экранда ауызша түрде өтіп жатты. Ол кезде оқиғаны үлдіргіге (пленкаға) толықтай түсіру (көріністі жинақтау, хабардың көлемін оқиғаның мәніне сәйкес түрде беру) мүмкіндігі болмады. Бұған теледидардың өндірістік-техникалық базасының нашар жабдықталғандығы үлкен себеп болды. Aлайда, аудитория талабы мен уақыт сұранысы тележурналистерден жанрлардың репортаж және сұхбат түрлерін игерулерін талап етті. Осыған орай « «Ал, кәнекей қыздар!», «Алло, біз дарындарды іздейміз» бағдарламаларын негізге алған орталық теледидар ұжымы «Телевизиялық кафе», «Көгілдір от», «Сырласу», «Эдельвейс»,  «Достық экраны» телехабарларын экранға шығарды. Егер, 1960 жылы республикада небәрі 4-5 студия ғана болса, алпысыншы жылдардың ортасында ол 14-ке жетіп, хабар тарату көлемі 44 сағатқа дейін өсті. 1958 жылы Өскемен мен Қарағандыда, 1959 жылы Жезқазғанда, 1960 жылы Петропавлде, 1964 жылы Целиноград, Орал, Балқашта, 1965 жылы Семей мен Павлодарда көрермендер көгілдір экранмен қауышты». 

Осы жайлы профессор С.Қозыбаев былай деп жазды: «Қазақстан Республикасында бүгінде 60-тан астам телевизиялық орталықтар мен ретрансляторлар жұмыс істейді. Барлық облыс орталықтары екі арнада телевизиялық хабарларды қабылдаса, Қарағанды мен Ақтөбе – үш, Алматы – төрт арнаны бір мезгілде көру мүмкіндігіне ие. Теледидар бағдарламасын күн сайын 10 миллионнан астам адам тамашалап, республика тұрғындарының 78 пайызы көреді».
Экранда телехабарлардың пайда болу, қалыптасу, даму жолдары, үнемі эфирдегі біртектілігімен (типологиясымен) айқындалып сараланып отырды. Осы тұста отандық телехабарлар біртектілігін зерттеуде профессор Ғ.Ыбраеваның еңбегі мол. Ол отандық хабарлардың біртектілігін публицистика, өнер, ғылым, спорт, және жарнама деп төрт түрге бөліп топтастырады. Және ол бөлген пішіндердің телевизиядағы алатын орны турасында:  «1965 жылы публицистика – 17,7, ғылым – 16,8, өнер – 54,3, спорт – 7,6, жарнама, хабарландырулар – 3,3 пайызды құраған», – деп толықтырып өтті 

Ал, Қ.Тұрсын алғашқы хабарлардың жүйеленуін былай бөлген: « «ақпараттық-публицистикалық, саяси-экономикалық, мәдени-ағартушылық, ғылыми-көпшілік, танымдық-көркемдік, теле-думандық (ток-шоу) және жарнамалық. Осылайша жүйелеу бүгінгі эфир талабымен үндес әрі мазмұндас келеді», – деді.
Телехабарлардың көбейіп, көркемдік дәрежелерінің өсуіне ЖТС (жылжымалы телевизиялық станса) мен телевизиялық журналистік кешеннің (ТЖК) өмірге келуінің айтарлықтай пайдасы тиді. ЖТС-тен репортаж жүргізу журналистердің жаңа толқынын өмірге әкеліп, олар тікелей эфирден репортаж жүргізу, сұхбат алу, телеақпаратты шұғыл әрі сапалы дайындауға бейімделе бастады. Облыстық студиялармен жасалған телеүндесулердің көркемдік мазмұны қаныға түсті. ТЖК-ның өмірге келуімен теледидарда бейнежазу мен бейнемонтаж пайда болып, бұл тележурналист пен телережиссердің қажетті кадрлар мен материалдарды бұрынғыдан да көптеп жинауына мүмкіндік туғызды.

Осылайша, техникалық жағынан мүмкіндігі молайған республикалық телерадиокамитет аудитория талабын ескере отырып төрт бірдей шығармашылық бірлестік құрды. Теледидардың алғашқы қалыптасу кезеңінде құрылған осы бірлестіктердің төл бағдарламарды өмірге әкелуде маңызы зор болды десек қателеспеген болар едік. «Шұғыла» - «Радуга» әдеби-драмалық және идеологиялық сұрақтары мен марксизм-ленинизм хабарларын, «Шамшырақ» - «Маяк» өнеркәсіп, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы хабарларын; «Құрдастар» – «Ровесники» жастар және балалар хабарларын даярласа; «Кинохабарлары» және «алмасу» редакциялары өз салалары бойынша жұмыстар атқарды. Ал, осы тұста бірлестіктер құрудағы басты мақсат – эфирге бағдарламаларды жүйелі беру, әрі шығармашылық ой мен режиссерлік шешімді тұтастыра отырып, аудиторияға қызықты бағдарламалар ұсыну болатын. Аталмыш топтың бірліктегі ізденісі мен өзара бәсекелестіктері экран мәдениетін орнықтыруға бет бұрыс жасады.

1968 жылдардағы экрандағы хабарларға тоқталып өтетін болсақ, бұл кезеңде Қазақ телевизиясындағы отандық бағдарламалар жаңа лек, рубрикалармем толыққандығын байқаймыз. Атап айтқанда, «Менің Қазақстаным», «Адам, қоғам, заң», «Адамдар және өзім туралы» (мораль мен этикаға арналған хабарлар), «Қызметің қалай, жақсы ма?», «Алпысыншы жылдардың комсомолецтері», «Номері он үшінші пәтер», «Шалқыма» (музыкалық телевидениялық шолу), «Музыка кілті», «Камертон» (балаларға арналған хабар) секілді алуан саладағы хабарлар редакциялардың тынымсыз ізденісіндегі жаңа төл туындылары болып табылады. 

Ізденістің ізгілікке бастауы нәтижесінде бағдарламалар кезеңге сай мазмұндық, жанрлық әрі пішіні жағынан да көптеген өзгерістерге ұшырады. Осыған дәлел сол кезеңде өмірге келген туындылар деп айта аламыз. Ол туындыларға мыналар жатады: « «Өскен өмір» очерк; «Сенің құрбыларың», «Қала тынысы басталды», «Мың жылдар тоғысқан түбек», «География сабағы», телеочерк; «Өзгерген өңір», «Жарыс» спорт журналы; «Спортландия» балаларға арналған спорт бағдарламасы; «Экономикалық білім мектебі»; «Әлем соңғы аптада»; «Ойлан тап!» сынды бірқатар хабарлар өзгеше реңкпен шығарыла бастады. Сонымен қатар, «Ғылым панорамасы», «Шолушылар дөңгелек стол басында» телевизиялық анықтамалар, «Алтын пән», «Урожай» музыкалық-әдеби викториналар «Телевизиялық жаңалықтар» (қазақша-орысша), «Айтыс – асыл қазынамыз», секілді алуан түрлі туындылар жаңа бағытта жасалынған дүниелер еді.

Теледидардағы әрбір жаңа бағдарлама әрқашан өзінше бір тосын құбылыс, ерекше маңызды жаңалық. Ал, балалар мен жастарға арналған хабарлар қай кезеңде болмасын, ұтымды да қажетті хабарлардың бірі болып саналады. Осы тұста, Қазақ теледидарының «Құрдастар редакциясы» даярлаған «Ойлан тап!» хабары өз берілу тәсілімен ерекшеленіп тұрды. Бұл хабар мектептің бастауыш сынып оқушыларына арналған болатын. Хабардың балалардың ойлану, ізденіске түсу, ой-танымын кеңейту бағытындағы тәлім-тәрбиелік мәні өте зор. Аталмыш бағдарламада кейіпкерлері мектеп оқушылары мен Жұмбақбай атайлары. Хабар студия ішінде өрбісе де, сценарий авторы Ж.Нұсқабайұлы мен режиссері балалар үшін қызықты пішін ойлап тапқан. Хабар желісін Қ.Тұрсын өз еңбегінде былай сүреттеген болатын: «Кадрде балалар – Ата, біз класымыз болып, туысқан қырғыз, өзбек пионерлерінде қонақта болдық. Фрунзе, Ташкент қалаларын араладық. Кадрде Жұмбақбай: – Бәрекелде!

Туған жер табиғатын осы бастан көп аралап тамашалағандарың жақсы болған. Сендер осы саяхаттарың кезінде көрген тарихи орындар мен табиғат тамащаларын өздеріңнің тете оқып, тең жүрген құрдастарыңа айтып беріңдер. Жер тану, ел тану сендердің дүниеге деген көзқарастарыңды қалыптастырады, білімдеріңді молайтады. Ал ендеше балалар, ойынымызды бастайық. Мен сендерге біраз жұмбақ айтып берейін».    Жұмбақбай атайлары бірде жұмбақ ертегі айтады, енді бірде экран алдында отырған балалардан жұмбақтың шешімін хат арқылы редакцияға  жолдауларын өтінеді» Балалар бір жұмбақтың шешімін тапса, енді бірін таба алмай, ойланады, салыстырады, ізденеді. Ал, жұмбақты тапқан зерек баланың тілегі сол сәтте бірден орындалады. Ол ән не күй болуы мүмкін. Осылайша, бұл бағдарлама балалар мен жасөспірімдердің арасында қызу талқылауға түсіп, кең таралған бағдарлама болды.    

Алпысыншы жылдары жастар бағдарламаларына ерекше көңіл бөлініп, «Мың бір алғыс», «Автограф қалдырамыз», «Қайран жиырма бес» секілді жастық жалынды хабарлар тобы экранға шықты. Уақыт сұранысына орай, тележурналистер өз хабарларында экономика мен өндріске ғылыми басшылық жасауға тереңірек үңіле бастады. Оған дәлел « «Еңбек экраны», «Алматы және алматылықтар», «Уақыт және стиль», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Коммунистер туралы әңгіме» т.б хабарлар көрермендер тарапынан жылы қабылданды. Хабарларда еңбек адамдарының сан алуан бейнелері, өндірістік процестермен бірлікте жан-жақты ашылған. Қарапайым еңбек адамы микрофон алдында сөз сөйлеп, бағдарламаны бірлесе дайындауға тікелей қатысып, өз ойларын, келешек жоспарларын, жұмыс тәжірибесін ортаға салады».

Ал, жетпісінші жылдардың басында көрермендерді ашық әңгімеге шақыру үшін экранды пайдаланудың алғашқы қадамдары жасалды. Телевизор  көрушілердің хаттары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі «Біздің адресіміз – телевизия студиясы», «Келіңіздер, кеңеселік!» атты хабарлар халықпен шынайы әңгіме жасаудың үлгісі бола білді. Бұл көрермен мен студия арасындағы байланыстың тиімді әрі қызықты жолдарының бірі болып саналды. Компьютерлік графика, телесыбыр және байланыстың өзге де түрлері осы кезеңде пайда болды. Ал, сексенінші жылдардың басында республика тележурналистерінің күн сайыңғы хабарлары үлкен форматты қырық шақты газетке тең болды. Олар алуан түрлі пішін мен жанрда есте қаларлық қызықты хабарлар жасады. Әрбір бағдарламаның өзегінен заманының шежіресі, уақыттың үні жалпақ әлемге тарап жатты.

Теледидар бағдарламалардың кешегісін баяндағанда, ойын-сауық бағытындағы телебағдарламаларды атап өтпеу мүмкін емес. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Қазақ теледидарында «Көгілдір от», «Алтыбақан», «Қымызхана», «Көкпар», «Пай-пай, жиырма бес!» бағдарламалары халықтық дәстүрдің қайнарынан бастау алған, уақыт кезеңіне сай жаңа түр, тың өрнек, көркемдік кестеге ие болған елеулі туындылар. 
Жастар сүйіктісіне айналған «Алтыбақан» — ұлттың салт-дәстүрін бойына жинақтап, көне заманнан бүгінгі күнге жеткен, жастар қызыға ден қоятын, әрі ток-думан типтес хабар. Телеарналарда 70-80 жылдары экранға шыққан. Аталмыш бағдарлама ұлттық ән-күй, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ақындық өнер, ұлттық ойындар, айтыс элементтерін телеөнер әлеміне жарасымды кіріктіре білді. Жастардың көңілін ұлттық мәселелерге қарай бұрып, ұлттық сананы оятты, оларды халықтық негіздегі тәрбиеге жақындатты. Бұл бағдарлама жайында К.Смайлов: «Талай кездің қызық сырын сақтаған «Алтыбақан» көгілдір экраңда басқаша жаңа мазмұн алып, бүгінгі жас өнерпаз қауымның өскелең өнерін баршаға паш ету жұмысын бастап, ән-күй мен жырдың аялы ортасына айналыпты»,- деп өз пікірімен бөліскен екен. 

Сұранысы мен көрермені көп «Алтыбақан» редакциясына көрермендерден күн сайын 150-200 дей хат келіп түсетін. Осылайша, көрермен көзайымына айналған бағдарлама, талантын паш етем деген әрбір жасқа есігін айқара ашатын. Алайда, ұлттық арнаның негізін қалаушылардың бірі Сұлтан Оразалы аталмыш бағдарламаның басы жақсы басталғанымен соңына қарай бәсеңдеп кетті деп жазады. «Телеэкраннан көрсетілетін бірталай хабарларға ортақ кемшілік кейбір телесценарийлер тілінің жұтаңдығы дер едім. Көркем тіл әдеби туындының басты қасиеті екендігін естен шығармау ләзім. Экранда сөйлейтін кейбіреулердің тіл шұбарлайтыны, өз ойын жеткізе алмай қара терге түсетіні бар.

Мысалы, тәп-тәуір басталған «Алтыбақан» атты хабар соңғы кезде қожырап, оған қатысатын базбір жастардың тілі жаңа шыққан баладай сөйлеуі әдетке айналып барады. Ондай мінді хабар жүргізушілерден де байқап қаламыз», – деп С.Оразалы кемшіл тұстарын атап өткен. Қ.Тұрсын да өз еңбегінде аталмыш хабарға мін артып, көңілі толмайтын мәселелерін ортаға салады: «Рас, қатысушы қыздар мен жігіттердің әндері мен күйлері тәуір-ақ. Бірақ, «Алтыбақан» секілді қызық ойын төңірегіне құрылған хабардың желісі жоқ. Желі жоқ жерде жарасымды түр, айшықты мазмұн да болмайды. Әрі хабар студия ішінде өтетіңдіктен, ол автор мен режиссерге көп мүмкіншіліктер бермейді.

Студиялық хабарды тартымды жасау талантты режиссер мен автор-жүргізушінің көрегенділігіне байланысты. «Алтыбакан» хабарына шақырылғандар «сен тұр, мсн айтайын» дейтін әншілер болғанымен, сахнада әншіден гөрі әшекейге көбірек ұқсайды. Қазаққа ғана тән алтыбақан ойынында жастар арқа-жарқа әңгімелесіп, сыңғырлай күлісіп, бірін-бірі қалжыңмен қағыстырып, ән айтысып, реті келсе, қол ұстаса қыр асып кетіп жататын сияқты еді. Бұл «Алтыбақан» жасанды, қасаң, жансыз сөйлейді. Сахнада жүргендер «ретімнен жаңылып қалмайын» дегендей, бірінен кейін бірі жаттанды сөйлеп, дайындап келген әнін айтудан әріге аса алмай жүр.

Адамның көңіл-күйін көтеретін теледуманға қарағанда, сөзін сөйлеп, әнін айтатын ресми концертке көбірек ұқсайды Әншілердің айтқан әніңде мін жоқ, мұнда хабарға жан беретін сиқыр' жетіспейтін сияқты. Кәсіпқой әншілерді шақырьш алтыбақан «тепкізгенше» әлі таныла қоймаған жас өнерпаздарды тартса, ауылда жүрген дарын иелерін тауып қонақ етсе, сонда хабарға жан кірер ме еді?!». Дегенмен, «Алтыбақан» айтылғанда жылы, үйреншікті, сұранысқа ие хабарлардың санатында болатын. Алғашқы ұлттық нақыштағы хабарлармен бірдей жұмыс жасап, көрерменнің барынша көңілін аулаға тырысқаны айтпаса да түсінікті жәйт. Ал, сын түзелмей, мін түзелмейді демекші, әрбір жаңа бастамада танымалдық пен тағылған сын қатар жүретіні бар. Қалай болғанда да, ел аузында болатын, сүйіп еске алатын бағдарлама болғанын ешкім жоққа шығармайтын болар.

Ал енді, «Қымызхана» телетеатрына келетін болсақ, ол өз заманының сәтті бастамасының бірі еді. Ол өмірдің кейбір келеңсіз жақтарын әзіл-сынға алып, ұтқыр мәселелерді қозғайтын танымдық бағдарлама. Бұрыңғы замандарда ресторан-кафесі болмаған халқымыздың жиі бас қосатын, кең отырып сырласатын орны осы қымызхана екені мәлім. «Қымызды кім ішпейді?...» дегендей, дастархан басына, қымызы бар жерге кімдер келмеген? Сондықтан да теледидардың өзіндік ерекшелігін, көп сериялы қойылымдардың композициялық тұтастығын, тұрақты кейіпкерлері болатынын ескере отырып, осындай шешім табуы, ежелгі дәстүрді жаңғыртып, жаңа қырынан ашуы өте орынды.    

«Қымызхана» қазір ортамызда жүрген жағымды-жағымсыз замандастарымыздың сан түрлі бейнелерін экранға әкелуге жол ашқан бірегей хабар болатын. Аталмыш бағдарламаның авторы С.Оразалы жұмыс орны ауысқаннан кейін түсірілім тоқтап қалғанымен, араға жылдар салып ол екі рет жаңғыртылды. Осылайша, барлығы 25 саны халық назарына паш етілді. Жалпы бұл бағдарламаның құрылу жайлы автор өзі былай дейді: «Біз өзіміздің көп сериялы төл туындымызды жасауымыз керек еді. Оның оқиға өтетін тұрақты орны, белгілі кейіпкерлері қандай болуы керек дейтін сұрақ үнемі мазалайтын. Сол кезде балалық шағымда Аягөздің базарында көрген қымызханалар есіме оралады. Жаз шыға ауданның барлық колхоздары сауын билерін қаланың маңайына жайғастырып, күн сайын базарда қымыз сататын. Ол үшін базардың бір қапталы түгелдей шымнан, тақтайдан жасалған шағын қымызханаларға толып тұрушы еді. Осылардың ішінде күн сайын қонағы жыртылып-айрылатын, әрқашан да ойын-күлкі, әзілі жарасқан, сырнай  үні үзілмейтін бір шағын қымызхана болды. Сатушысы сол кезде отыздар шамасындағы аппақ борықтай, сұлу мүсінді, жұрт Ақтамақ атап кеткен әйел еді. Ашық жүзді, әзілкеш, әнші, ыдыс-аяғы, дастарханы таза, қымызы бапты Ақтамақты жұрт қатты қадірлейтін.

Сонымен қоса, осы қымызханада соғыстан мүгедек болып оралған, жоғары білімді заңгер, келген-кеткен жұрттың арызын орыс, қазақ тілінде бірдей келістіріп жазып беретін. Ішімдікке салынып кеткендіктен, қызмет істемейтін, ақкөңіл, сырнайын серпе тартып ән салатын Титақов (атын ешкім білмейді) деген кісі отыратын. Осы екеуінің маңына жұрт қарақұрым боп үймелеп, ішке сыймағандары айтылып жатқан әңгімеге сырттан құлақ түруші еді. Ал қымызханаға кімдер келмейді? Қашқанда, қуғанда сонда түйісіп, тоқайласып жатады. Күн сайын сан түрлі оқиғалар өтіп, алуан түрлі әңгімелер айтылады. Жаңадан жасалатын көп сериялы спектакльді мен осылайша «Қымызхана» атап, оның тұрақты кейіпкерлерінің  прототипіне Титақов пен Ақтамақты алмақшы болдым. Осы идеяны ең  алғаш режиссер Ш.Агишева мен редактор Ә.Тауасаровқа айтқанымда, ол екеуі де құлшына құптады. Пікір алысуымыз бірнеше сағатқа созылды. Әрқайсысы ұсыныс айтып, толықтырып жатты. Алғашқы кездесудің өзінде-ақ біз екі рольді ойнайтын тұрақты актерлерді белгіледік. Ақтамақ рөліне Нүкетай Машпаева мен Титақов роліне Сәбит Оразбаевты лайық санадық.

Енді осы «Қымызханаға» келіп-кетіп, өсек тасып жүретін, тұрақты жұмыс істемейтін, қызылкөздеу бір кейіпкер керек еді. Оны ойнауға Р.Тілеубаевты таңдап алдық. Ш.Агишева көп ұзатпа, суретшілермен бірігіп «Қымызхананың» макетін әзірледі. Ал біз – Әділбек Тауасаров екеуіміз қолда бар материалдарды іріктеп, жоғын бұрын жарық көрген шығармалардан іздеп, пьесаның төс-табанына жататын оқиғалардың жобасын жасадық. Сценариде отыздан астам авторлардың шығармалары пайдаланылды. К. Наржанов үлгере алмай жатқан кезде оның бірер санын мен, кейбіреуін  Ә.Тауасаров әзірлеген кездерде болды. Қойылымның негізгі режиссері Ш.Агишева еді. Қазақ теледидарының тарихында көптеген талантты туындыларды экранға шығарған бұл режиссердің еңбегі ұшан-теңіз».     

Міне осылайша, өз заманының сүйікті бағдарламасы өмірге келген екен. Алайда, үнемі «Қымызхана» төңірегінде дау-дамай жиі кездесіп тұратын. Өткір әзілдерді жайдақтаған кездер де болыпты. Тіпті: «Қазақта қымызхана деген болған емес, оны қайдан шығардыңдар, мұны «Сыраханадан» алғансыңдар», - деп дауласқандар да табылған екен. Қалай десек те, көрермен көзайімі болған аталмыш хабардың берері мол болды. Алғашқы телеспекталь жанырындағы сәтті бағдарлама болып саналады.

Ақын-жазушымен, өнер иесімен байланыс телевизия хабарларының да мазмұнын байытып, эстетикалық әсер-күшін арттыра бастады. Бұған дәлел қазақ теледидарынан берілген «Кездесу» және «Сұхбат» бағдарламалары. Бұл аты аталған екі бағдарламадан көрсетілген бірсыпыра хабарларда өмір мен өнердің, әдебиеттің алуан мәселелері туралы ой-пікір ортаға салынады. Танымал қалам иелерімен әрбір кездесуі ойға қуат, бойға жылу дарытты.

Иә, әдеби шығармашылыққа құрылған әрбір хабар жүргізушіден де мол талап пен білімді талап ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, өнерлі тұлғаның жеке басы, өз шығармасын шебер оқуы, ойын ашық, шебер, шешен айта білуі, шыншылдық пен сыршылдықтың астасуы, мінез ерекшелігі, бір сөзбен айтқанда, өнер, әдебиет саласындағы замандасымыздың бейнесін жасау телеэкран үшін өте маңызды. Сонымен қатар, өлең оқушы ақынның яки жазушының психологиялық күйін, тындаушының пейілін дөп басқан сәтті кадр сөздің астарын ашып, қосымша эмоциялық әсер береді.

Сексенінші жылдары сыншылығы мен телепублицистігі қатар танылған С.Әшімбаевтың Парыз бен қарызындағы, астарлы терең ойлар — көп санаға түрткі болғаны ақиқат, шындық. «Қарыз бен парыз» бағдарламасы Тәуелсіздікке дейін, қоғам үдерісіне ілесе отырып, қазақ қоғамы бойындағы дертті ащы сынап, қоғамды тәуелсіздікке дайындаған үздік авторлық хабар.

Бұл хабардың ұтымды, ұтқыр тұсы – ол хабар жүргізушісінде болатын. С.Әшімбаевтың сөзі анық, ойы дәл, көрерменді сендіре алатын қасиеттердің барлығын толық қолдана білді. «С.Әшімбаев хабарында өмір, адамдар мінезі, ой мен пікір қақтығыстары туралы тілмен емес, үнмен, ыммен ғана ишарат білдіріп отырады. «Сағат неге бұлай жұмбақтап кетті?» - деп бір мезгіл өз-өзіңізге сұрақ қоюыңыз мүмкін. Алайда, жүргізуші-автор мәселені төтесінен қойьш отыр, ал мәселенің шешімі — көрерменнің жұмысы. Көрермен де бір мезгіл ойланғаны жөн». Осындай тәсілдерге бар кейінгі кезеңде қазақ телехабарларының табиғатына сіңісті болып барады.

Теледидарда халқымыздың ұлттық сипатын тереңнен ашып, әрі қызықты көрсеткен «Атамекен» хабары болды. «Атамекен» бағдарламасы – қазақ диаспоралары мен тарихи Отан арасындағы мәдени көпір. Өз көрермендерін жан-жақты ақпараттандыру үшін шығармашылық топ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен әріптестік байланыс жасап, әр түрлі елдердегі ұлттар өмірін көрсетті. Бұл хабардың мазмұны мен мақсаты кіндік қаны тамған, атамекеннен сыртта жүрген қандастардың туған еліне деген жүрекжарды сүйіспеншілігін, олардың Отанға, Елге деген ұлттық сипатын зерделеу еді. Хабар кешегі кеңестік кезең мен бүгінгі тәуелсіздік тұғырындағы күрмеуі мол дүниенің сырын ұқтырып, замана тынысын сезіндіргендей күйге бөлейтін.

Моңғолия, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Ресей аймақтарына шашырап кеткен қандастарының тагдыр-талайы туралы қызғылықты әңгімелер сериялын ұйымдастырды. «Атамекен» телехабары — ұлттық әдет-ғұрыптарымыздың туған жерден жырақта жүрген бауырларымыздың ортасында сақталуын, олардың осы бағытта жасаған өнегелі істерін ұрпақтарға жеткізу болды. «Атамекен» хабары бірде студия ішінде, еңді бірде студиядан тыс ауыл мекендерінде жүріп жатты. Бәрінде де ортақ өзек, алыстағы ағайын мен бауырлардың туған жерге деген сағыныш сезімі мен жүректегі шерлері еді. ¥зақ жылдар өскен жерге алаңдаумен өткен өмірдің, кешегі қатал кеңестік кезеңге деген өкпе-назы да, реніш-наласы да болмай қалған жоқ. Бірақ, шыдамды, қайырымды жаңдардың ой тиегін ағыта келе, туған топыраққа табаны тигендегі көл-көсір қуанышын телеоператорлардың эфирден көрсеткен сәттері, экран сыртындағы көрерменнің кез келгенін бей-жай қалдыралмайды.

«1979 жылдың наурыз айында берілген «Атамекен» хабарының бір саны өткен ғасырдың басындағы жарық жұлдыздардың бірі Шолпан Иманбаеваның өміріне арналды. Одан тәрбие алған, оқыған, оны көзімен көрген адамдардың халқының қызына әрі тұлғасына айналған Шолпан әруағына деген тағзымы іспеттес сипаттағы кең көлемдегі естелігі берілді. Хабардың мақсаты – тарихты іздеу, өткен мен бүгінгіні табыстырып, жоғалып кеткендерге іздеу салу болды, әрі сол ойдан шықты».

Қазақ теледидарындағы бағдарламалар топтамасының әрбірінен телепублицистиканың кемелдене толысып, әрі мағыналы мәнді, өнегелі өрнекті сәтке ұласқан тұстары да зерттеушілер назарынан тыс қалған жоқ. Белгілі теледидар зерттеушісі, профессор Марат Барманқұлов: «Өткен жылдар хабарларының бірте-бірте сыршылдық пен парасаттылыққа, кемелділік пен келісімділікке ұласқанын байқайсың. Осының бәрі де ізденістің сәттіліктері мен топтың ой-өрісінің өскендігінің кепілі. Мұндай сәттердін көп болғандығы, жүргізуші бақыты әрі көрермен қуанышы» деп жазады.

Шын мәнінде, 70-80 жылдар ізденістен-ілгерілеуге, саннан-сапаға ауыса бастаудың өз мәуелі жемісін берген кезеңі болатын. Мақтануға да, мақтауға лайық, іші-сырты бірдей көз тартарлықтай қомақты багдарламалар экранға бейнелілік әрі көркемдік түр әкеле бастады.

«Атамекен» хабарының ізін ала эфирге «Әдептен озбайық» (авторы Қ. Игісінов, редакторы Ә. Ысқақова, режиссері С. Естемесова) 1979 жылдың сәуір айында теледиспут түрінде шықты. Хабарды алғашқы кезде «Құрдастар» редакциясы мен «Лениншіл жас» газеті бірігіп өткізіп, әр редакция өздеріне келген хаттармен көрермендерді таныстырды. «Әдептен озбайық» хабарында жігіттер мен қыздардың қоғамдық-әлеуметтік келбеті, өмірдегі орны, саналы білімі, ой-өрісі, ұлттық рухани жан дүниесі, ұлттық сипаттағы эстетикалық мәдениеті сөз болды. Сондай-ақ олардың қоғамдық мұрат-мүддесі, өзгелермен қарым-қатынасы, тіл мәдениеті пікірталастар арқылы хабарда тереңірек ашылды. Бедел, адамгершілік, іскерлік және өзімшілдіктің ара қатынасы сараланды.

«Тоқсанына екі рет көрермендерге ұсынылған хабардың мазмұны алғашқы акпараттық сипаттан, енді келе-келе проблемалық мәселе қоюға ауысты. Неке мәселесі (жас отбасы жарасымдылығы немеее керісінше түсініспеушілік), ауылдағы жас маманның селқостық және қоғамдық белсен- ділігі, ұлтгық рухани құндылық пен модашылдық проблемаларын көтеріп, жан-жақты талдауға көшті».

Ғасырлар қойнауынан халықтың өзімен бірге жасасып келген асылдың сынығындай «Айтыс» өткен ғасырдың 70 жылдарынан басында көгілдір эқранда қайта жаңғыртылып, көрсетілді.

«Айтыс» 1983 жылы желтоқсан айында басталды. «1992 жылға дейін осы айтыстың тізгінін ұстап келдім. Шынын айту керек, 1980—1990 жылдары айтыстың биікке шығуына себеп болған теледидар еді», — дейді С Оразалинов.

С.Оразалиновтың «Қазақ өдебиеті» газетінің 1991 жылғы 7 мамырдағы санында сұхбаты берілген. Онда: «Телевизиядағы айтысты ұйымдастыру туралы ой ең алғаш 1971 жылдан басталады. Сол жылы «Қайнар көзі шабыттың» (авторы С.Оразалинов, режиссері Ы.Қасымов) деп аталган әдеби хабарда тұңғыш рет суырып салма айтыс ақыны Қ.Алтынбаевқа теледидар көрермендері ұсынған тақырыпқа табан астында өлең шығаруын өтінген едім. Қалихан бұл міндетті абыроймен орыңдады. Ал екі ақынның телевизиялық айтысы алғаш 1976 жылы «Өнер көзі — халықта» деген өдеби хабарда М.Көкенов пен М.Байбатыров арасында өтті. Бүкіл халқымыз ерекше ден қойған «Айтыс» атты көп сериялы телехабар 1980 жылы республикалық II ақыңдар айтысынан жазып алынып көрсетілді. Бұл дайындықтар кең келемді телевизиялық айтысты ұйымдастырудың мүмкіндік бергендіктен, мен (О.С.) оны Қазақ телевизиясының 1982 жылғы тақырыптық жоспарына «Айтыс» деген атпен кіргіздім», - дейді С.Оразалинов. Сөйтіп, теледидардағы «Айтысты» алғаш ұйымдастырған, қадасын қаққан сол кездегі Қазақ теледидары әдеби-драмалық хабарлар редакциясының бас редакторы С.Оразалинов болса, ол эстафетаны күні бүгінге дейін заңды жалғастырушы танымал жүргізуші Ж.Ерман болып табылады.

Қазақ жерінде болған ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон «Средняя Азия и Западная Сибир» атты еңбегінде «Мен ақындар айтысының мәні мен мағынасына, екі адам арасындағы сөздің талас-тартысына таң қалдым. Қазақтардың ақындар айтысын тыңдағанындай, ертедегі гректер Гомерді осылайша тындамаған болар», - дейді. Шын мәнінде, халқымыздың дәстүрлі үлгілері өзінің саф алтындай салмақтылығы, бұлақ суындай тазалығы, тереңнен тартыла шыққан жұмырлылығы, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінді ойлармен» кез келген адамды баурап алатын. Айтыс кешегі кеңес дәуірінде де заманның сұранысына жауап беріп, жаңа өмір шындығын бейнелей аларлық мүмкіндігін танытты, жаңа мазмұнмен дамыды, байыды.

Айтыс әлі халыққа берерін беріп болған жоқ. Халықтың бойындағы лебін, қыжылын шығарып айтуға керек өнер еш нәрсе шешіп жатпаса да, ақындардың аузымен бір нәрсе айтылып қалса, орындалып қалғандай көреді. Біздің халықтың менталитеті сондай. Шыны солай, суырып салма айтыс қазақтар мен қырғыздарға ғана тән.

Төл байлықтың қайнар көзі болып саналатын бағдарламаларды зерттей келе, қай заман өмір сүрсек те өз тарихымызды ұмытпай, төл өнімімізді дәріптеу керектігін ұқтық. Осылайша, Отандық өнімге қолдау танытып, төл өнімізді тұтынған уақытта ғана белгілі бір жетістікке қол жеткізеріміз ақиқат. Қолдау барда құлшыныс боларын ұмытпағанымыз жөн.

                                                                                                                                                                                                                         Мақала авторы Тұрғынова Д.Ш.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға