Жаңалықтар

Қазақстан – Еуропа чемпионатының финалында

Футзалшылардың тамаша ойыны
Қазақстан – Еуропа чемпионатының финалында
12.04.2017 15:15 3407

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық додасында бақ сынау құқығына ие болды.

Біздің елдің футзалшылары 2018 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің «F» тобындағы алғашқы ойынын 8 сәуір күні Македонияға қарсы өткізген болатын. Асенсио баптайтын жігіттеріміз қарсыластың қақпасын 3 рет дәл көздеді. Оның екеуін – Жаманқұлов соқса, тағы бір доп Ақбалықовтың еншісінде.

«Алматы-Аренадағы» екінші ойын күнінде Қазақстан құрамасы Дания аяқдопшыларымен бәсекелесті. Бұл жолы да біздің футзалшылар өз қақпасын голдан сақтап, жауапсыз 5 допты тоғыта білді. Гол авторлары: Жаманқұлов, 4. Лео, 9. Першин, 17. Дуглас, 17. Сүлейменов, 40.

«F» тобындағы алғашқы орынға таласу үшін кеше азулы Чехия мен Қазақстан  құрамасы  бақ сынады. Алғашқы таймда қос команда да шабуылға иек артып, есеп ашуға ұмтылды. Дугластың қайтара тепкен добына тосқауыл бола алмаған чех қақпашысы сан соғып қалды. Есеп 1:0. Тайм соңына қарай таразы басын теңестіруге ұмтылған қарсылас команда күтпеген жерден қарсы шабуылдан опық жеп, есепті ұлғайтып алды. Бұл жолғы допты Першин соқты. Екінші таймда да алма-кезек шабуыл жасаған қос ұжым жігіттері қанша тырысқанымен, таблодағы көрсеткішке өзгерту енгізе алмады. Тек ойын соңында Дугластың қақпашысы жоқ қақпаға енген добы біздің жігіттерге 3:0 есебімен басымдық әкелді. Осылайша, Игита өз қақпасын 3 ойын бойы аман сақтап, топтық кезеңдегі тамаша ойынымен көзге түсті.

Дәл біз секілді осы топтық кезеңде өз қақпасына гол жібермеген тағы Ресей құрамасы бар екен.

Қазақстан құрамасының бас бапкері бразилиялық Асенсио бірнеше қазақ футзалшыларын сынап көрді. Атап айтар болсақ, Иманалин, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Оразов сынды ойыншылар алғаш рет құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға