Kazakh Tourism-ге бөлінген қаражат қанша пайызға қысқарды?

Үкіметтің баспасөз брифингінде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ» басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы «Kazakh Tourism-ге» бөлінген қаражаттың қанша пайызы қысқартылғанына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақ туризм компаниясына бөлінетін қаражат 2023-2024 жылдары шамамен 1,5 миллиард теңге болған. Алайда кейін бұл қаржы қысқартылған.
БАҚ өкілі: «Жалпы осы қаражат өзін-өзі ақтап жатыр ма?» деп сұрады.
«Kazakh Tourism» басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлының айтуынша, шамамен 20%-ға дейін аталған қаржы қысқартылған.
Туризм саласына қаржы ешқашан жеткілікті деп айта алмаймыз. Өйткені негізгі мақсат — шетелдік нарықта Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыру. Бұл бағытта түрлі елдердегі көрмелерге қатысып, Қазақстанды таныстырамыз. Мысалы, жыл сайын 3-4 халықаралық көрмеге қатысу арқылы шетелдік туроператорлармен байланыс орнатып, нәтижесінде туристік топтар елге келе бастайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен интернет арқылы да Қазақстан туралы ақпаратты кеңінен таратып жатырмыз. Бұл — үздіксіз жүретін процесс, – деді Даниел Сержанұлы.
Ведомство өкілінің сөзінше, көрші елдермен салыстырғанда, олардың маркетингке жұмсайтын қаржысы бізден 3-4 есе, кейбір мемлекеттерде тіпті 10 есе көп.
Туризм саласы — халықаралық бәсекелестік алаңы, сондықтан біздің де бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру өте маңызды. Қаражат қысқартылғанына қарамастан, біз тек мемлекеттік деңгейде емес, жеке туристік компаниялармен, өңірлік әкімдіктермен бірлесіп, туризмді дамыту үшін күш біріктіріп отырмыз, – деді.
Бұл жұмыстар нақты нәтиже беріп жатқанын атап өтті.
Мысалы, Қытай, Үндістан, Жапония, Малайзия сияқты Азия елдерінде және Германия, Италия сияқты Еуропа елдерінде мақсатты түрде жұмыс істеп келеміз. Соңғы жылдары бұл елдерден келетін туристер саны едәуір артты. Мысалы, Қытайдан келетін туристер саны 80%-ға, Үндістаннан — 3 есе өсті. Бұл тек турист саны ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді, – деді.
Даниел Сержанұлы былтырғы есеп бойынша, туризмнен түсетін салық көлемі шамамен 500 миллиард теңгені құрағанын айтты.
Бұл — біздің маркетингтік жұмыстардың нақты нәтижесі, – деді «Kazakh Tourism» басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
