Жаңалықтар

Қазақ жігітінің ағзасын алмастырғаннан кейінгі өмірі

Жүрегін алмастырған Жәнібек Оспанов: «Кез келген адам уақытты бағалауы тиіс»
Қазақ жігітінің ағзасын алмастырғаннан кейінгі өмірі
13.09.2019 11:46 8863

Осыдан жеті жыл бұрын елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың ақ халаттылары тұңғыш рет жүрек алмастыру отасын жасады. Нақтырақ айтсақ, 2012 жылы 8 тамызда қазақ медицинасы үшін елеулі оқиға болды. Жүрегін ауыстырған бірінші адам Жәнібек Оспанов мұндай тәуекелге бару оңай болмағанын айтады. Өмірге қайта келген Қостанай облысы Рудный қаласының тумасымен әңгімелескен едік.

Осыдан 13 жыл бұрын яғни 2006 жылы  Жәнібек Оспановқа дәрігерлер жүрек патологиясы диагнозын қойған. Бұған жүрек бұлшықетінің зақымдануы мен жүрек қан қуысының кеңейіп кетуі себеп болыпты. Диагнозын білген кезден бастап ол Германия, Израиль, АҚШ, Иран сынды елдерде мұндай дертті емдеу үшін жүрек ауыстыратынын, оның бағасы 250-300 мыңдай евро екенін көп естіген. Алайда бағасы қымбат болғандықтан алты жыл бойы жылына екі мәрте елордамыздағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығына келіп, ем қабылдаумен шектеліпті. Ал 2012 жылы жаңадан ашылған Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына барып, тексерістен өткен. Арада бірнеше күн өткен соң, Жәнібекке ақ халаттылар  жүрек ауыстыру туралы ұсыныс айтады. Осылайша жылдар бойы күткен  қуанышты хабар сол кезде жасы 38-дегі Жәнібек Оспановқа үміт әрі үрей сыйлағаны рас. Үміт – дертінен айығу болса, үрей – жүрек ауыстыратын еліміздегі бірінші адам болатындығынан туған.

– Бірақ, мен мұндай ұсынысқа бірден келістім. Өйткені маған дәрігерлер сол кезде жарты жыл ғана өмірің қалды деген болатын. Сондықтан ота жасатпасам, неге мүмкіндікті пайдаланбадым деген өкініш те болуы мүмкін. Менде басқа таңдау қалмады. Өмір сүруге деген құлшыныс қорқынышымды сейілтті, - деп еске алды Жәнібек Оспанов.

Бұл шешімін әйеліне жеткізу үшін телефон шалады. Ол уақытта әйелінің босануға айы-күні жақындап қалғандықтан, «саған жаңалық айтамын бірақ мені орындыққа отырып тыңдағанын дұрыс» депті. Оған мән-жайды түсіндіргенде келіншегінің уайымдағаны соншалық құрсағындағы сәби бүрісіп, жарық дүниеге келгенге дейін қозғалмай қалған. Бастысы, дені сау қыз баланы дүниеге әкеліпті.

Республикамызда  мұндай операцияны тұңғыш болып бастан өткерген Жәнібек:

– Дәрігерлер отаның жасалу барысын түсіндіргенімен, оның сәтті аяқталатынына ешқашан кепілдік бермейді. Кеудемнен жүрегімді алған уақытта өліп кетуім мүмкін екенін ескерткен болатын. Бірақ та жүрек ауыстыру отасын шетелде үйреніп келген дәрігерлер жасайтынын  әрі қажетті техникалар жеткілікті екенін естідім. Мен отаға келісім берген күннің ертесінде тура алты сағат бойы ота жасалды, - дейді Жәнібек Оспанов.

Оған 46 жаста миына қан құйылып, қайтыс болған Галина Воротникова есімді орыс әйелдің жүрегі салынған.

– Маған донор болған әйел адам көз жұмса да, оның жүрегі бірқалыпты соғып тұрған. Менің жағдайыммен жақсы таныс ақ халаттылар оның 21 жастағы ұлы Игорь Воротниковқа түсіндіріп, анасының жүрегін алуға рұқсат сұрады. Ал ұлы «адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болып тұр» дегенді естіген соң, ойланбастан келісімін беріпті, - дейді Жәнібек Оспанов.

Ота сәтті аяқталып, арада үш апта өткен соң Жәнібек Оспанов қанша қиын болса да, донор болған Галинаның ұлымен кездеседі. Содан бері олар бір-бірімен жиі байланысып тұрады екен.

– Расын айтқанда, оған рақмет ретінде беретін ештеңем болмағанына қатты қынжылдым. Біреудің ағзасын алу қайтарымсыз жақсылық болып есептелгенімен, өзге адамның жүрегін тегін алу оңай емес екені рас... Анасының ішкі ағзаларын мұқтаж жандарға сыйға тартып, қайырымды іс атқарғаны үшін сол кездегі ҚР Денсаулық министрі болған Салидат Қайырбекова ханым Игорьдың соңғы жылғы оқу ақысын төлеп берді. Әрі «Алтын жүрек» сыйлығымен марапатталған болатын, - дейді өмірге қайта келген ол.

Жәнібек Оспанов ота жасатқанға дейін көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Ал денсаулығының нашарлауына байланысты кейін жұмысын күзетшілікке ауыстыруға тура келеді. Ол жүрегін ауыстырып, қайтадан өмірге келген соң бойында ерекше сезім болғанын айтады.

– Біреудің көмегін өзім ғана пайдаланбай, өзге де бұған мұқтаж жандармен бөліскім келді. Бұл қалай дейсіз ғой? Мен отадан кейін қайта қалыпқа келген соң кардиохирургиялық орталықта науқастармен жұмыс істейтін әкімшісі болып қызметке орналастым. Мұнда мен отаға дайындалып жүрген жандармен тығыз жұмыс істедім. Сол кездері жүрегін ауыстырған адамдар саны артып, қатарымыз да көбейген соң, біз 2015 жылы  «Өмір тынысы» деген қоғамдық бірлестік аштық. Алғашында біз барлығымыз бас қосып, әңгімелесіп, кейбір жайттарды талқылап жүрдік. Оған қоса ота жасауға кезекте тұрған адамдармен, олардың туыс-туғандарымен сөйлесіп, өзімнің басымнан өткен тәжірибеммен бөлісуді мақсат еттім. Осылайша қоғамдық бірлестікте донор мәселесін жиі-жиі көтеріп, көпшілік назарын аудартуды қаладым. Ал келесі жылы Финляндияға симпозиумге қатысып, кейбір жайттарға көзқарасым өзгерді. Мәселен, симпозиумге қатысушылар отадан кейінгі біз секілді адамдардың өмір сапасын жақсартуға спорт қажет екенін айтты, - дейді Жәнібек Оспанов.  

Қазақстанға оралған соң, Жәнібек Оспанов бұл ақпаратты бірлестіктің мүшелеріне жеткізіп, оны жұмыс процессіне енгізеді. Сол күннен бастап әрқайсысы жүзу, үстел теннисі, боулинг, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен шұғылдануға кіріскен. Ал 2017 жылы Қазақстан Халықтар Ассамблеясының кезекті бір отырысында Президент алдында осы мәселені көтерудің орайы түсіпті. Осыдан кейін олар алғаш рет Испанияда өткен XXI әлемдік спорттық транпсплант ойындарына барып, жақсы нәтиже көрсетеді. 60-тан аса мемлекеттен 3000-ға жуық қатысушы жиналған жарыста еліміздің атынан Жәнібек Оспанов  бастаған төрт ер адам мен бір әйел спортшы бақ сынасады. Нәтижесінде әйелдер арасында өткен боулингте Гүлмира Смаилова бірінші орынды иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль әкеледі. Жәнібек Оспановтың айтуынша бұл жарысқа олар жарты жылдай дайындалыпты.

Осылайша алғашқы жарыстан үлкен әсер алып қайтқан олар 2017 жылы Ақтау қаласында бірінші ұлттық ойындарын өткізсе, 2018 жылы Швейцария мен Италияда  өткен спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралған. Енді келесі жылы қаңтар айында олар Алматыда қысқы спорттық жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қоса, елімізде ұйымдастырылған трансплант ойындарын көрген Еуропалық федерацияның президенті Қазақстанда Еуропалық чемпионатты өткізуді ұсынған екен.

Жәнібек сынды өзге де  ішкі органын алмастырғандар жарыстарға медаль тағу үшін қатыспайды. Олар үшін ең бастысы – салауатты өмір салтын ұстану. 

– Алдағы уақытта біз бірлестігімізді заңдастырып, халықаралық ойындарға адамдарды көптеп тартуды мақсат етеміз. Ең бастысы кез келген адам өз уақытын бағалау тиіс. Әрқайсысымызға бірдей берілген уақытты отбасына, жақын туыстарына,  жұмысқа,  ел мен жер көруге жалпы барлығына жететіндей етіп жоспарлап, мәнді де мағыналы етіп өткізуі қажет. Сөйтіп, өз өмірін дұрыс арнаға қойып, сценарийін қызықты ете білгені жөн, - дейді ол.

Осыдан жеті жыл бұрын анасы қайтыс болып, өзі қайғы жұтса да, өзге адамға жанашырлық танытқан Игорьдің арқасында бүгінде Жәнібек Оспанов ұрпақ жалғастырып отыр. Өйткені отадан соң араға төрт жыл салып, ұлы дүниеге келген. Қазір сүйген жарымен қос перзентін тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Үлкен қызы биыл мектепке барса, қамшы ұстары үш жасқа келген. Оның айтуынша, «өмірді қайта бастағанда оның қадірін көбірек түсіне бастайсың. Уақытты тиімді жұмсауға тырысасың» дейді бүгінде ағзасында өзге жанның жүрегі соғып тұрған Жәнібек Оспанов.

Жалпы елімізде соңғы жеті айдың ішінде трансплантация орталықтарында ағза ауыстыру бойынша 128 ота жасалған. Оның ішінде 8 жүрек, 77 бүйрек, 25 бауыр, 4 өкпе, 14 көздің қарашығына трансплантациясы жасалғаны жөніндегі статистиканы  елордадағы транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы Әділ Жұмағалиев  мәлімдеген болатын. Ал қазіргі таңда еліміз бойынша 2758 адам донор кезегінде тұр. Оның ішінде 2320 адам бүйрек, 316 адам бауыр, 114 адам жүрек және 8 адам өкпеге мұқтаж.

(Кейбір суреттер ашық дереккөзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға