Жаңалықтар

Қазақ тіліндегі діни сайттар жайында не білеміз?

Қазақша діни сайттар мен порталдардың пайда болуы және қалыптасу кезеңдері
Қазақ тіліндегі діни сайттар жайында не білеміз?
10.09.2017 20:08 12449

Қазақстанда ақпараттандыру процессі 1990 жылдан бастап жүре бастады. Бұл уақытта компьютерлік техниканың саны артып, қоғамдық ұйымдарда, мемлекеттік органдарда, ғылым-білім мекемелерінде жұмыстар автоматтандырыла бастаған еді. 1996 жылдан бастап елімізде интернет желісі жұмыс жасай бастады. Және сол жылы «kz» ұлттық доменіміз ресми тіркеуден өтті. Сондай қатар, 1996 жылы 24 желтоқсанда А.Ляхов «Lyakhov.kz - Большая энциклопедия Казнета» деген ақпараттық-танымдық порталдың негізін салса, 1998 жылы Қазақстан Республикасының физика-техникалық институтында алғашқы қазақ тілді сайт ашылды. Сондан кейін барып қана түрлі бағыттағы сайттар мен порталдар пайда бола бастады. Алайда, ол кездерде интернетке шығуға әркімнің мүмкіндігі бола бермеді. Алғашқы интерет ресурастар көбіне ақпараттық, танымдық бағытта болды.

Көп уақыт өтпей еліміздегі алғашқы діни сайт - «Дінислам. кз» ашылды. Оны Алиакбарұлы Ұлықбек 2008 жылдың шілде айында құрды. Діни-танымдық сайттың бағыты жайында «Алға қойған мақсатымыз» деген айдарында «Ұлы Құранға және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне сүйену және Құран мен сүннеттің түсінігіне негізделу, ғалымдар мен мазхаб имамдарының ұстанған жолымен жүру. Атап айтқанда, Орта Азия мен Қазақстан халқының ұстанған мазхабы, Абу Ханифа Нуъман бин Сәбиттің мазхабын үйрету, сонымен жүру» деп, жазылған. Сайттың бастапқыда қандай болғаны жайлы оқырмандардың бірі былай деген екен: «Дінислам сайты ашылған уақытта танымал болды. Ол уақытта «Мәссағанның» да форумы қызып тұрған болатын. Атыраулық Мараттың да «солай.де» сайты іске қосылып, жұрттың көбі форумда жазғанды ұнататын. Дегенмен, уақыт өте келе «ворпрес.сом»-да көптеген блогтар ашылып, адамдар форумда емес пікір ретінде жазғанды дұрыс көрді білем, көпшілігі пікір жазуға көшті. Осылайша сайтымыз жәймендеп сөне бастады». Пікірлерден байқағанымыз бастапқыда адамдар сайтты діни немесе басқа салада екен деп бөлмеген. Қоғамның түрлі тақырыптарын форумға салып талқылай берген. Сондықтан да, көпшілік жаңа үлгідегі басқа арнадағы сайттарға әуес болды. Осылайша «Дінислам» өзінің оқырмандарынан айырыла бастады. Бұл туралы редактор «Бір кездері доменді, сайтпен бірге сатсам ба дегенде ой келген болатын. Дегенмен көмек берген азаматтардан ұялдым» деген еді. Көпшілік ұлттық сайттарға немесе діни жаңалықтарды тарататын ақпарат көздерімен ғана шектелетін. Немесе өзге салалардағы сайттардың оқырмандарына айналатын. Оның үстіне «Дінислам.кз» өзгелер секілді бірнеше тілде емес, тек қазақ тілінде болды. Кейіннен онда діндегі маңызды деген мәселелер жазылып, жаңа оқырмандардың қызығушылығын тудыруға тарысып бақты. Көлемді еңбектер, ақпараттар, сұхбаттар көптеп жазылды. Ал, мұндай дүниелер әсіресе дін қызметкерлеріне таптырмас ақпарат көзі еді. Бертін келе сайқа имамдар да өз дүниелерін жіберіп, ой-пікірлерімен бөлісе бастады. Фотолар, бейнероликтер, қызықты айдарлармен көбейді. Сонымен қатар, онда намаз уақыты, құран, уағыз секілді жиі жасалатын дүниелер болғандықтан, адамдар да көбірек кіре бастады. Ал, мұндай нәрселер сайттың деңгейін көтеріп, көп аудитория жинауға көмектесті. Ауқымды аудиториямен оңай жұмыс істей алатындықтан, интернет желісінің тиімділігін діни басқарма да пайдаланып, ҚМДБ-ның, мүфтидің, ғалымдардың пәтуалары мен жарлықтары берілетін болды.

Қазақстанның діни бағытын айқындап, оны бүкіл халыққа түсіндіріп насихаттау үшін жалғыз ғана сайттың жеткіліксіз болатыны белгілі. Сондықтан, «Дінислам. кз»-тің» ашылғанына бір жыл болмай жатып «Исламдіні.кз» сайты жарық көрді.  Бұл «Дінисламнан» қарағанда оқырманға, пайдаланушыға оңайлатылған үлгіде шықты. Мәселен, алғашқы сайтта көптеген айдарлар мен ақпараттар басты бетте көрініп тұрмайтын. Дизайны да өте қарапайым болатын. Ал, «Исламдіні» өзге салаларда дамып жатқан сайттар секілді жаңа үлгіде болды. Сонымен қатар онда, қыбыла бағытын анықтау, жүктеу, аудиолар, сайттың мобильді нұсқасы секілді қосымша нәрселер пайда болды. Қысқаша айтқанда, дәл осы сайттан бастап діни сайттар жаңа үлгіде пайда бола бастады. Бұдан кейін облыстық, қалалық, діни бірлестіктердің сайттары жоғары қарқынмен ашыла бастады.

Ал, бір жылдан кейін, яғни, 2009 жылы қараша айында «Имандылық ауылы» деген атау алған «Ақиқат.кз» сайты ашылды. Осы уақытқа дейін дүние жүзінде Ислам дінінің ақиқатына көз жеткізіп, Иманға келген көптеген мұсылмандар бар. Алайда, білімсіздіктен, түсінбеушілікпен, басқалардың айтуымен өзге ағымдарға кетіп жатқандар да жоқ емес. Сондай ақ, осы екі арада жүріп не оқып, не әрекет етерін білмей жүрген бауырларымыз да бар.

Жалпы дінді, сайттар мен порталдарды жүргізудің өзіндік саясаты бар. Ол еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін нақтыланып, жүзеге асырыла бастады. Бастапқыда негізігі бағыттар халықты тек имандылыққа шақырып, діни сауатын арттыруға бағытталып жатты. Халық енді ата дінін тауып қсылғалы жатқанда жаңа мәселелер туды. Ол әлемдегі Исламға байланысты түрлі оқиғалардан соң туған, экстремизм, терроризм, жат ағымдар, діни толеранттылық және ең сорақсы исламафобия секілді шешімі қиын проблемалар еді. Осылардан кейін қаптап кеткен ағымдардың арасынан дәстүрлі дінімізді нақтылап, терроризм-экстремизмнен қорғанып, этносаралық және конфессия аралық толеранттылықты сақтау мақсатында сондай ақ, ислам атын жамылғандардың ақ-қарасын ажырату үшін, әсіресе ақпараттық қауіпсіздік керек болды. Осыған орай, Президентіміз бен, Бас мүфтиіміз бірнеше рет діни жолымыз жайлы қайта-қайта мәлімдемелер жасап, өз сөздерінде айтып отырды.

Ақпараттық шиеленістерден кейін интернеттегі діни саясатының талаптары күшейіп жатты. Өйткені, көптеген пробламалар осы жақтан келіп, осы жақтан шешілуде еді. Мысалы, Қазақстан халқы бұрындары қара бетперде жамылған содырларды тек өзге елдің жаңалықтарында ғана көрсе, 2011-2012 жылдары террорис-экстремистердің орыс тілінде сөйлей бастағанын көрді. Арасынан «Халифат сарбаздары» деген топ пайда болып, YouTube интернет ресурсы арқылы Қазақстан билігіне сес көрсеткен. Осыдан кейін «Олар Қазақстанның қазіргі немесе бұрынғы азаматтары болуы мүмкін» деген күдік туды. Алайда, көп уақыт өтпестен билік олардың кейбірінің аты-жөндерін жариялады. Сол екі жыл ішінде ел үкіметі «экстремистік мазмұны бар» деген себеппен 100-ге жуық интернет-сайтты жауып тастаған еді. Сондай ақ, ұсталған азаматтар туралы: «Олар Пәкістан мен Ауғанстан, Кавказдағы радикалды күштермен интернет арқылы байланысып отырған» деп мәлімдеме жасаған болатын. Содан кейін ғана басшылық тарапынан елеімізде діни сайттардың жұмысын күшейту керек деген талап қойылды. Тіпті бұл турасында Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Діни жетекшілер мен саясаткерлердің бейбітшілік пен даму жөніндегі диалогы» тақырыбына арналған құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, «Ақпарат құралдарын, оның ішінде интернетті адамдар арасында дінаралық алауыздықты тұтату құралы ретінде пайдалануды тоқтату керек» деді. Және Ирак пен Сирияның біраз жерін басып алған «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы содырларының интернетке өзге дін өкілдерін қырып жатқаны туралы кадрларды салып, тарататыны жайлы сөз қозғағады. Әлемдік барлық дін өкілдерін соғыс пен қақтығысты тоқтатып, сабырлылыққа, адамдар арасындағы келіссөзге шақырды.

Кез-келген халықты берекесіздік пен адасушылыққа бастайтын мұндай дін проблемалары тек біздің елемізде ғана емес еді. Бұл қасіреттен бүкіл әлем болып күресіп жатты. Әсіресе, интернет арқылы «Халифат» құруға шақырып жатқан мемлекеттер, өзге халықтардың да мазасын ала бастады. Мәселен, Франциядағы TV Monde телеарнасына өздерін «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының мүшелеріміз деп таныстырған хакерлер телеарна мен оның сайтына және әлеуметтік желілердегі парақшаларына бақылау орнатып, телеарна сайтына жиһадқа шақыратын сөздер жариялаған. Бұл шабуылды әлем телеарна тарихында бұрын соңды болмаған оқиға деп отыр. Бұдан байқағанымыз, содырлар енді адамдарды тек интернет ресурастарында ғана емес, телерадио арқылы үгіт-насихат жасауға көшкен екен. Сонымен қатар, олардың өзге сайттарды бұзғанына қарағанда, жаңа технологияларды жоғары деңгейде игеріп келе жатқанын байқауға болады. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын Тәжікістандағы бірнеше сайт бұғатталып қалған. Оған Ютуб әлеуметтік желісі арқылы жасалған тәжік арнайы жасағы командирі Гулмурод Халимовтың «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарына қосылғаны туралы видеоның жариялануы себеп болған. Бұл оқиғадан да байқағанымыз террористер тек физикалық тұрғыда жарып қана қоймай, адамның психикасына әсер ететін видеолар мен ақпараттарды интернет арқылы таратып отырады. Осылайша қорқытып-үркіту арқылы жасалған кибер шабуылға көптеген мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігі тойтарыс бере алмай жатыр. Егер де, экстремистердің мұндай іс әрекеттеріне халыққа уақытылы нақты түсініктеме берілмесе, адамдар үмітсіздікке түсіп, қоғамда түрлі бүліктер жасауы мүмкін. Ал, бүлік болған жерде, ауызбіршілік жоғалып, береке кетеді. Осылайша лаңкестердің қатысуынсыз ақ бір мемлекет құып кетуі мүмкін. Сондай ақ, психологтардың айтуынша, интернетте отыратын балалардың көбісі қорыққаннан, үмітсіздіктен, қажеттіліктен немесе жоғалтатын ештеңесі жоқтар жиһадқа аттанып, суицидке барады екен. Ендеше, мұндай ақпараттардың ең алдымен өз балаларымыздың санасына да қауіпті екені білуіміз керек.

Осы орайда қазіргі интернет ресурстарының мынадай маңызды ақпараттарын беріп өткен жөн. Интернет қазіргі таңда дүниенің кез-келген жерінен адамдардың бір-бірімен танысуына мүмкіндік тудыра алады. Жиһадқа шақыратын сайттардың басым көпшілігі осы тәсілді пайдаланып өзінің екінші бөлігін іздеп жүрген бойдақтарға «Иманды жар тауып беремін» деп, құрығына түсіреді екен. Алдымен оған суретін жіберіп, оған бару үшін қай жаққа бару керектігін де үйретіп жатады. Бұдан кейінгі тағы бір мәселе ол - интернет арқылы ақша аудару. Өзге елде соғысып жатқан түрлі топтарға осы жаңа технологиялар арқылы қаржы жіберіліп отырады.

Осындай оқиғалардан кейін дүние жүзі мемлекеттері ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге шындап кірісе бастады. Кейбір мемлекеттер жабық саясат ұстанса, кебіреулері өз халқына барлық интернет жілілеріне шектеу қою жолдарын іздеп жатты. Ал, біз секілді елдер дін істері агенттігі тарапынан арнайы мамандар дайындап, діни мазмұндағы сайттарға рейд жүргізу арқылы және мемлекет тарапынан бақыланып отыратын сайттар ашу арқылы шешуге тарысты. Көптеп сайттар, порталдар ашу керек болды. Өйткені жоғарыдағы айтылған келеңсіз жағдайлар өзіміздің діни ақпараттық контентіміздің жоқтығынан салдарынан туды. Өзіміздің діни насихатымызды жасау қажет еді. Соның салдарынан 2010 жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Үкіметімен «Қазақстан Республикасындағы ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама» бекітілген болатын. Мемлекет осы бағдарлама бойынша жасалған жұмыстарға баса назар аударып, интернет ресурастарын барынша дамытуға тырысты. Бұндай жағдайлар мықты деген ақпарттық желіліерде кездессе және қауіп төндірсе, діни сайттарда бұл жағдай тіпті шиеленісіп жаттты. Ал, бұндай діни проблемалар адамдардың дәстүрлі діннен, рухани өмірден алыстауына себеп болады. Сондықтан діни ақпаратты қауіпсіздендіру тек ақпараттық технологияларды дамытумен шектелмейді. Соған байланысты 2011 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданды. Және осы заңнан кейін бірнеше заңсыз діни ұйымдар өз жұмыстарын тоқтатты. Сондай ақ, олардың сайттарына редттер жіүргізіліп, қазконтентті сүзгіден өткізді. Тексеру барысында Қазақстан Республикасы спорт және мәдениет министірлігінің дін істері сараптау комиссиясының рұқсат берілмеген 100-ден аса сайт белгілі болды. Олардың бірнешеуі мыналар:

Nursa.info

Salaf.kz

Xalifat.wordpress.com

Islambaza.wordpress.com

Abrorinfo.wordpress.com

Islamdin.net

Islamulgarib.wordpress.com

Fisyra.com.

Осы аталған сайттарда дұрыс емес бағыттағы көптеген дүниелер жарияланатын болса, түрлі әлеуметтік желілерде сол ағымның уағыз-насихаттары айтылып, тарап жатты. Осы сайттар белгілі болғаннан кейін интернет қауіпсіздікті одан әрі күшейту мақсатында Президентіміз «Қазақстан Республикасында 2013-2017 жылдар діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламасын» қабылдады. Онда қауіпті сайттардың таралуына тосқауыл қойып, оның шешу жолдарына да тоқталып өтті. Елбасы сөзінде ақпарат заманында әркімнің өз ішінде ақ пен қараны ажырата алатын «Сүзгісі» болуы қажет деді. Ал, ол үшін жасөспірімдер мен жастардың арасында дінге халықтың салт-дәстүрлерімен сәйкес келетін дұрыс қатынасты қалыптастырып, діни-ағарту жұмыстарын жүргізу керек еді. Соған байланысты елімізде өз дәстүрлі дінімізді түсіндіріп, діни-ағарту жұмыстарын жүргізетін muftiyat, аzan, muslim, islam, ummet секілді сайттар ашыла бастады. Аталған интернет ресурстар ашылысымен оң нәтижелер көріне бастады. Дәстүрлі дініміздің қағидаттарын халыққа жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызды рөл атқаратынына тоқталған Ержан қажы Малғажыұлы былай деді: «ҚМДБ-ның тапсырмасы бойынша жасаған БАҚ-тағы діни контенттің мониторингі көрсеткендей, өткен жылдағы дінге қатысты ақпараттар таратудағы интернет ресурстардың үлесі 58 пайызды құраған. Ал мерзімді басылымдарда 32 пайызды құраса, радио-телеарналарға небары 10 пайызы ғана тиесілі болған. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның Muftyat.kz және оған қарасты 21 сайты діни сауаттылықты арттырып, лаңкестікпен қарсы күресу жолында жұмыс жасап жатыр». Жоғарыдағы Президентіміздің және Мүфтидің мәлімдемелерінен кейін діни ақпарат кеңестігі тағы да күшейе түсті. Нәтижесінде биыл Ақтөбелік 8 азаматтың үстінен экстремистік ақпраттарды насихаттағаны үшін қылмастық іс қозғалды. Олар whatsapp интернет желісі арқылы адамдарды «жиһадқа» шақырған. Айыпталушылар желідегі топтарына тіркелген адамдарға Сирия жеріне өтудің оңай жолын көрсеткен. Бұған whatsapp-тағы 40 адам қолдау білдірген. Сонымен қатар осы жылы 7 мыңнан астам интернет ресурастарына тексеру жүргізіп, олардың 170-і жабылған.

Бірқатар сарапшылардың айтуынша адам өзіне қажетті ақпараттарға жауапты дұрыс жолдан таба алмаса, ол бәрібір іздегенін бұрыс жолмен болсын табады. Сондықтан, дін қызметкерлері оқырмандарды қамтамасыз ететіндей дүниелер жазып, олармен тығыз байланыста болу керек. Олай болмаған жағдайда адамдар өзіне қажетті ақпараттарды басқа ағымдардан алып, соған сеніп, өзгелердің жетегінде кетеді. Бұл жағынан келгенде имамдар дінді жан-жақты білгенмен, жаңа технологияны жақсы меңгеріп, айтатын ойларын оқырмандарға өз деңгейінде жеткіз алмай жатты. Қысқаша айтқанда «онлайн молдаға» айнала алмады. Ал, кәсіби журналистер өз мамандыған жақсы білгенімен дін тақырыбына келгенде ақсап қалады. Сондықтан, осы екі мәселені ұштастыру мақсатында діни қызметкерлерді арнайы курстарға қатыстырып, жан-жақты жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Оған нақты мысалы ретінде 2013 жылы 8 қараша күні Шымкент қаласында Дін істері агенттігі мен облыс әкімшілігінің және Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінің техниалық қолдауымен өткен «БАҚ-тағы діни тақырыптардың жариялану мәселелері» атты семинарды және биыл ғана өткізілген «Имамдар форумын» және басқа да діни ақпараттарды жетілдіруге арналған шараларды жатқызуға болады.

Мемлекетіміздің дұрыс саясаты және дін қызметкерлерінің қажырлы еңбегі арқасында діннің түрлі бағытындағы сайттар мен порталдар пайда болды. Солардың қатарына 2012 жылы жарық көрген Алматы қалалық мешітінің «Азан.кз» сайты. «Ислам территориясы» деген атау алған сайттың басымдылығы соңғы діни жаңалықтар жылдам беруінде. Сонымен қатар өзге сайттарда кездесе бермейтін «Имамға сұрақ», «Біздің үммет», «Кітапхана», «Курстар», «Онлайн тәжуид» және «Онлайн Мекке» деген ерекше айдарлары бар. «Азан. кзтің» басқа да ерекшеліктеріне өзге тілдерден еңбектер аудару, мағыналы сөздері бар суреттер мен бейнероликтер шығару жатады. Сайтқа кірген адам дизайны оқырмандарға қолайлы екенін бірден байқайды. Қазірде оған бір күннің өзінде жүз мыңнан астам адам кіреді. Тұрақты оқырмандарының басым бөлігі орыс тілді жамағат.

Сонымен қатар, осы жылы рамазан айының қарсаңында «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Муслим.кз» сайты көпшілікке жол тартты. Ол адамдарға пайдалы ақпаратқа толы және дәстүрлі дінімізден сыр шертетін әдеби еңбектердің де көрініс табатын жеріне айналды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылу салтанаты кезінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Әзірет Сұлтан» құлшылық орны ғана емес. Бұл мешітте кітапханалар мен дәрісханалар бар. Ендеше, бас мешіт ірі рухани және мәдени ағарту орталығы болады» деген болатын [1]. «Муслим.кз» Президентіміз айтқан сөздерін ескере отрып, нәтижелі жұмыс жасауда. Сайттың жанынан ашылған «Хикмет.тв» телерадиостудиясы діни-ағарту жұмысын жанданырып, жаңа деңгейге көтерді. Онда видео түріндегі жаңалықтар, бағдарламалар және радио бағдарламалар жасалып, көрермендерге ұсынылуда. Әсіресе, халқымызға белгілі тұлғалармен сұхбат жүргізіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жатқан радиобағдаламалар көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Бұдан басқа фоторепортаждар да күн сайын жаңарып тұрады. Ал, көз тартар мешіттің ішін үйде отырып көрегісі келетіндерге 3D суреттер бар. Сондай ақ, бұл сайтта мешітте өткен түрлі шаралардың және жұма уағыздарын беріп отырады. Бұл сайттың өзгелерден бір ерекшелігі Құран, әңгіме, терме, өлең және тағы басқа жарыстар көптеп ұйымдастырылады.

Дінді көпшілікке бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, Алланың әрбір хикметін аша түсетін порталдың бірі «Ислам.кз». Ол 2014 жылы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының қолдауымен ашылған болатын. Қазірде қазақ тілді діни порталдардың арасындағы рейтингі ең жоғарысы болып есептеледі. Оның бас редакторы белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы. Бұл порталдың ең басты ерекшелігі дизайнының діни нақышта жасалуында. Әрбір фуннкциясы қазағымыздың түрлі ою-өрнектерімен безендірілген. Сонымен қатар, жақында кез-келген адам өз ой-пікірлерімен бөлісе алатын блог жүйесі іске қосылды. Мұндай артықшылық бұрын діни сайттардың ешқайсысында болмаған. Онда қазір білімді деген дін ғалымдарының, имамдардың блогтары бар. Және «Редактор бағаны» деген атау алған айдарда Қайрат Жолдыбайұлының қызықты жазбалары мен ойтолғамдарын оқи аласыз. Сондай ақ, руханиатты мұсылмандық тұрғыда жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуді мақсат еткен жаңа сайттың «Атамұра», «Ататаным», «Көкейкесті», «Сұрақ-жауап», «Иман әліппесі», «Ислам және ғылым» және тағы басқа көптеген айдарлары бар.

Қазақ жұртшылығын дәстүрлі дінімізбен сусындатып жүрген порталдардың бірі «Муфтият.кз». Ол 2009 жылдан бастап Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайты ретінде қоланылып келеді. Онда «Ғибратнама», «Сұрақ-жауап», «Уағыздар» және «Пәтуалар» деген сияқты айдарлары бар. Сайтта берілген пәтуаларды ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі дайындайды. Сонымен қатар, порталда «Бас мүфти блогы» деген арнайы баған жұмыс жасайды. Ол жерде Е.М. Маямеровтың мақалалары, жаңалықтары және еңбектері жарияланып отырады. Ал, «Барлығы» деген айдардың ішінде орналасқан «Қазақстанның діни интерактивті картасы» деген бөлімі орналасқан. Мұнда еліміздің барлық облыстары туралы жалпы мәлімет, Халық саны, Мешіт саны, Оқу орындар саны секілді ақпараттар бар. Сондай ақ, «Кітапханадан» «Дін мен дәстүр», «Ислам ғылымхалы», «Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасы», «Құран Кәрім» және «Иман» журналын оқи аласыздар. «Онлайн хадис» бөлімінен отбасы, Құран, сахабалар, зекет, намаз, зина, медицина және басқа да тақырыптағы хадистердің жазбашасын оқып және аудио түрінде тыңдай аласыздар. Бұлардан басқа «Муфтият.кз»-те «Оқу орындары», «Ислам және әйел», «Ислам және жастар», «Намаз оқып үйренейік» және «ҚМДБ зекет қоры» секілді арнайы бұрыш бар. Ал, шет тілді оқырмандар сайттан қазақ тілінен басқа орыс, латын және араб тілдерінде ақпарат ала алады.

Жоғарыдағы аталған сайттардан басқа, ерекше тоқталып өтетін тағы бір сайт «Е-Ислам.кз». Ол Қазақстан Республикасы Дін істер агентігінің ресми сайты. Оны 2013 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттердің отырысында ұсынған болатын. Ақпараттық-ағартушылық ғаламтор-порталынында танымдық, сараптамалық мақалалар, соңғы жаңалықтар және видео сұхбаттар бар. Сайт діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған шараларды барынша насихаттаумен айналысады. Оған байланысты «Діни радикализм қауіптері» және «Сарапшылар бағаны» деген арнай баған құрылған. Онда білікті дінтанушылар, имамдар және тарихшылар мен философтардың жазбалары жарияланып тұрады. Ал, «Электронды кітапханадан» оқырмандар Ханафи мазһабы бойынша жазылған түрлі ғылыми еңбектер мен әдістемелік оқулықтар топтастамасымен таныс бола алады. Сонымен қатар, Дін істер агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов өзінің бір сұхбатында порталда онлайн режимінде жұмыс істейміз деген болатын. Бұдан басқа «е-Ислам.кз»-те тәулігіне 24 сағат дін мәселелері бойынша кеңес беру мен шағымдарды қабылдауға арналған «Қауыр желі-114» қарастырылған. Оған жұмыс басталғанына 2 апта болмай жатып 300-ге жуық сұрақтар келіп түскен. Оларға нақты жауап беру үшін орталықта кәсіби психологтар, заңгерлер, дінтанушылар қызмет етеді. Кеңес беру тәулік бойы, тегін әрі құпия түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, оқырмандар сайт парақшасынан діни сұрақтарына байланысты ақпараттар алып, кез-келген сұрақтарын қоя алады. Ал, нақты статистика бойынша бір жылдың ішінде агенттік теріс діни ақпарат тарататын 50-ден аса сайттың жұмысын тоқтатқан. Сондай ақ, «Қауырт желі - 114» ақпараттық-консультациялық орталығының жетекшісі Юлия Денисенко бүгінде Қауырт желіге 6 мыңнан астам адамның шағымданғанын айтып өтті.

Сонымен қатар, дініміз қағидаттарын жұртшылыққа жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығы жайлы Бас мүфти «ҚМДБ-ның тапсырмасы бойынша жасаған БАҚ-тағы діни контенттің мониторингі көрсеткендей, өткен жылдағы дінге қатысты ақпараттар таратудағы интернет ресурстардың үлесі 58 пайызды құраған. Ал мерзімді басылымдарда 32 пайызды құраса, радио-телеарналарға небәрі 10 пайызы ғана тиесілі болған. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның Muftyat.kz және оған қарасты 21 сайт діни сауаттылықты арттырып, лаңкестікпен қарсы күресу жолында жұмыс жасап жатыр» деген болатын. Сонымен қатар, Отанымыздың діни тыныштығын сақтауға агенттіктің үйлестіруімен діни бірлестіктермен мен байланыстар жөніндегі кеңес, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі кеңес, консультативтік сараптамалық кеңес, БАҚ-тарда діни тақырыптарды жариялау жөніндегі әдістемелік кеңес секілді құрылымдар дін саласындағы саясатты сауатты да байсалды түрде жүргізу мақсатына жұмылдарылуда.

Елімізде діни сайттардың саны артып, ондағы жаңа технологиялар мен жазылған еңбектердің көбейгені олардың заман талабына сай бейімделіп, қалыптасып келе жатқанының белгісі. Мәселен «Муфтият.кз» сайтының 2014 жылғы көрсеткіші бойынша мультимедиялық бөліміне 13 фоторепортаж, 121 аудио және 580 бейнематериалдар орналастырылып, сайтқа келіп түскен 3163 сауалға жауап берілген екен. Бұл адамдардың дінге деген қызығушылығын артқанының, дін тақырыбында жазатын журналистердің деңгейінің өсіп келе жатқанының белгісі. Қазірде, интернет ресурс жұмыстары жоспарлы, ұйымдасқан түрде орындалып келеді. Сонымен қатар, бірнеше порталдарда, сайттардың мобильді үлгісі шығарылып, жаңа бағдарламалар дайындалып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға