Жаңалықтар

Қазақ аттан ауған жоқ

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаевпен  сұхбат
Қазақ аттан ауған жоқ
21.11.2018 17:48 6762

Көгімізде көк байрағымыз желбіреген, Тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. «Ел болдық, етек-жеңімізді жинадық» дейміз.  Ендігі өмір салтымыз сол етек-жеңі жиылған елдің тірлігіне  сай болуы тиіс. Бір жарым жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарлама-мақаласын жариялаған болатын. Сол бағдарлама аясында көптеген жақсы іс-шаралар өтіп, нәтижелі жұмыстар жасалды. Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы осы бағдарламаның жалғасы десек те болады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаев ағамызбен осы мақала төңірегінде сөйлесіп қайтқан болатынбыз.

- Ассалаумағалейкум, Бақытжан аға! Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласын оқыған боларсыз. Өзіңізден Мәжіліс депутаты, әскери адам ретінде осы  мақала жайлы пікір сұрағымыз келіп тұр.

- Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біздің тарихымызды зерттеуге, бай мұрамызды насихаттауға бағытталған. Мақала арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның қандай екенін көрсету жолдарын қарастырады. Оқыған адамның санасына патриотизм сәулесі сіңіп, ерекше рухтанады екен.

Неліктен біз тарихымызды айта беруге жалықпауымыз керек? Себебі, бұрындары бұл жағы кемшін болды. Көбіміз білмедік, білгендеріміз айта алмадық. Енді, тарихи бастауымыздың көзі ашылған тұста біздің зерттеушілеріміз, тарихшыларымыз, сондай-ақ әрқайсымыз аянып қалмауымыз керек.

- Елбасымыз мақаласын «Атқа міну мәдениетінен» бастаған екен. Атқа мінсек арқаланып кететін, дүбір естісек білек түретін ұлттың баласымыз. Әскери адам ретінде  бұл жайлы не айта аласыз?

- Біз «Білектің күшімен, найзаның ұшымен ел қорғаған бабаларымыз-ай» деп тебіренеміз ғой кейде. Ал, осыншама ұлан-ғайыр жерді қорғауға, ұрпаққа аманат етіп қалдыруға жылқы малының еңбегі сіңіп бақты. Мәселен, қазіргі жауынгерлер БМП, БТР, танкі дегендей техникаларды игілігіне пайдаланса, аталарымыздың соғыстағы көліктері жылқы болды. Тұлпар мініп, ту алған елдің ұрпағы үшін түп-тамырын тану өте маңызды.  Жауынгер халық екеніміз рас. Мәселен, қыста торсығыңдағы сусыныңды жылқының жалының  астына байлап алсаң, ол жылы күйінде сақталады. Ал, қанжығаңа байлап алып, желе жортсаң, сусының салқын күйінде жақсы сақталады. Атқа міну мәдениеті ұмытпай, қайта жаңғыртуымыз керек екені анық дүние.

Жалпы, әскери салада жүрген кезімде атты полк құруға ат салысқанымды, бастамасында тұрғанымды айта кетейін. Ол полк Жамбыл жақта, Жуалы деген мекенде орналасқан. Егер, сол жерге бара қалсаңыз сіз адам мен жалқының бір-бірімен қалай тіл табысып, жылқының жауынгерлік өнерге қалай үйретілгенін өз көзіңізбен көрер едіңіз. 

- Елбасымыз мақаласында «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» жайында да сөз қозғайды.

- Айтар ойыңды түсініп отырмын. Бұл біздің жоғарыдағы ойымыздың жалғасы іспеттес қой. Қазақ жылқыны қолға үйретіп, ат ерттеп мінді. Енді, өзіне тиесілі жерді қорғау үшін  жауынгерлік құрал-саймандар, жабдықтар керек қой. Осының барлығын біздің бабаларымыз өз қолымен жасаған. Олар оны Қытайдан не болмаса Еуропадан әкелген жоқ. Найза мен жебелердің ұшы,  қылыштар, сауыт-саймандардың барлығы біздің сайын даламызда ұсталық және зергерлік өнердің қатты дамығанын көрсетеді. Бұл тұрғыда бір ғана «Алтын адамды» мысалға алсақ жеткілікті.

- Иә, Елбасымыз бұл мақаласында көп дүниені қамтып отыр. Тамаша бастама. Іске асыру сіз бен біздің міндетіміз. Мақалада өзіңізге ұнаған басқа да басымдықтарды атап беріңізші.

- Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі деген бөлімі бар. Біз осыны мықтап қолға алуымыз керек. Идеология дегеніміз осы кино және телевизия саласына тікелей тәуелді десем, келісетін шығарсыз. Біз өзіміздің әскеріміз жайлы, полициямыз жайлы, айбынды ұлдарымыз бен ажарлы қыздарымыздың ерлігі туралы көптеген дүниелер жасауымыз керек. Мінекей, осы шаруаларды атқарсақ қана келер ұрпақтың алдында жүзіміз жарқын болмақ.

- Рахмет, аға, алтын уақытыңызды қиып, сұхбаттасқаныңыз үшін алғысымыз шексіз!

 

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға