Жаңалықтар

Қазақ әскери журналистикасының жастар тәрбиесіне ықпалы

Қазақ әскери журналистикасы
Қазақ әскери журналистикасының жастар тәрбиесіне ықпалы
25.08.2017 09:41 6167

Қазақ әскери журналистикасының негізі Дүниежүзілік екінші соғыс жылдарында қаланды дегенге қазіргі зерттеушілер тоқтайды. Алайда, бұл пайымды ғылыми негізі толықтай дәйектелген абсалюттік шынайы қорытындыланған тұжырым деуге келіңкіремейді. Себебі, соғыспен бірге әскери журналистика да аяқ астынан туа салды деп қарау тым сыңаржақтық болар еді. Олай десек, қазақ әскери журналистикасы тақыр жерде ғайыптан пайда бола салған «бақыт құсы» іспетті сипатталған болып шығады. «Жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе біржолата жойылып кетпейді» деген физика ғылымының заңдылығына және философиялық диалектикаға сүйеніп, мәселеге ғылыми тұрғыдан келетін болсақ, алдымен оның алғышарттарының пайда болғанына назар аударуға тиіспіз.

Қазақ әскери баспасөзінің алғышартының түп негізі сонау арғы тарихымыздан нәр алатын ұлттық отаншылдық рухымызда, дәстүр салтымызда жатыр. Сондықтан, мәселенің тарихи түп негізіне алдымен үңілуге тиіспіз. Ондағы мақсатымыз – әскери журналистиканың арғы тамыры отаншылдық рухпен, ата-бабамыздың батырлық тарихи ерліктерімен, ұлттық тәрбиенің құндылықтарымен терең сабақтастыру болып табылады.

Отаншылық, патриотизм дегеніміз әр азаматтың туған еліне қорған бола білуі, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімінен туатын ұлғағатты ұғым. Көшпелі қазақ мәдениетінде отаншылдық ең қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа жазылған  Күлтегін ескерткішінде ел билеушілерінің отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейхан, Ж. Аймауытов, С. Торайғыров, М. Жұмабаев сынды ұлт зиялылары мен қайраткерлері  отаншылдықты сөзбен ғана емес, іспен де өнеге көрсете білді. Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп халыққа қызмет етудің, отаншылдықтың игі мақсатын айқындады. Тәуке хан заманынан қазақ қоғамында отаншылдық  барлық байлықтан жоғары бағаланатын озық құндылыққа баланды.

Қазіргі таңда қазақ қоғамында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіру мәселесі мемлекеттік саясат дәрежесінде көтеріліп отырғаны әмбеге аян. Алайда, отаншылдық ой-сананы қалыптастыру саясат ретінде алға қойылумен шешімін таба салатын оңай шаруа емес.

Отаншылдық – елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен бастау алатындығын ғұламалар әлде қашан мәлімдеген. Бұл тұрғыдан келгенде, отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер арқылы көрініс табатындығы да басы ашық әңгіме. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтын сүюде болса керек. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Отаншылдықты рухани  құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес. Сондықтан, оған баспасөз, публицистика арқылы ықпал ете отырып, қалыптастыруға болады.

Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың озық тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті, өнері жас ұрпақтың ұлттық сана сезімін оятып қалыптастырған болса, қазіргі таңда бұл міндеттердің бәрі журналистикаға жүктеліп отырғаны белгілі.

Ерлік дегеніміз адамның ерік-жігер қасиеттерінің ішіндегі шоқтығы биік сапасы. Ал, жастарды соның ішінде армия қатарындағы сарбаздар мен сардарларды ерлікке шақыру, отандық парызын бұджытпау оырндауға үндеу, Отанға, халқына, жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, мұны олардың бойына сіңіру және қалыптастыру да әскери журналистиканың басты парызы. Халқымыздың ерлікке баулуға баытталған тәрбиесінің тарихи сабақтарын ескере отырып, ұлттық сананы қалыптастыру, қазақ армиясындағы оқу-тәрбие жұмыстарында халықтық дәстүрдің негізгі элементтерін, соның ішінде, адамгершілік тәрбиесінің басты бағыттарының бірі – ерлік тәрбиесінің мазмұнын жан-жақты қамту арқылы кеңінен енгізу де әскери журналистика қаламгерлеріне жүктелген парыздың бірі, тіпті бірегейі десек те асыра айтқандық емес.

Халқымыздың ұлттық батыры Бауыржан Момышұлының «Бұрындары жасаған ерліктерді сыйламай, қадірлемей тұрып, жаңа ерлікке шақыру бекершілік» деп айтқан даналық сөзі бар. Расында, жас сарбаздарды ата-баба дәстүрі бойынша ерлікке тәрбиелеп, олардың намыс, парыз, ұлттық рух, жауапкершілік сезімін дамыту үшін әскери журналистика бүгінге дейін өз мүмкіндігін аяған жоқ.

Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ерлік тәрбиесі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан-алуан ой-пікірлері мен тәжірибелері ғасырлар бойы жинақталып отырған. Адамзат баласына ортақ рухани қазнасының құрамдас бөлігі болып саналатын бұл жетістіктерді халықтың тәлімгерлік тәжірибесі десек, ол да әскери баспасөздің назарынан тыс қалған емес.

Қазақ халқының  сан ғасырлық тарихи мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, елжандылық, ерлік, имандылық, бауырмалдық  қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесін жас сарбаздардың бойына дарытуға әскери журналистика өз кезегінде елеулі түрде ықпал ете алғаны мәлім. Қазақ даналығында кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, би-шешендер және ақын жыраулардың, батырлардың даналық болжамдардың психологиялық пайымдауларымен педагогикалық тұжырымдамаларының өшпес ізі жатыр.

Халық қаһармандарының озық үлгі-өнегелері әскер бітімін жетілдіру, ана тіліміздің өрісін кеңейту, білім беру сапасын арттыру, ұлттық дүниетанымдық көзқарасты нығайту құралының бірі болып табылады.

Патриоттық тәрбиені ойға алғанда бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы патриоттық сезім жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі ұлттық құндылықтар жатады.

Асылында, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға әсер ететін факторлар – ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық игі дәстүрлер, ұлттық парыз, бірлік және міндет жатқызылмақ.

Ұлттық сезім – өзінің ұлттық өкілділігін мойындай отырып ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық, халық мұраларын бағалай білу. Әрбір адам өз Отанына деген мақтаныш сезімі, өз ұлтын терең сүюі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс. Ұлттық мақтаныш – ұлттық материалдың, әлеуметтік һәм мәдени жетістіктерінің негізінде қалыптасатын әрі алдыңғы қатардағы ұлттықидеялар, ой-пікірлермен байып отыратын, ұлт бостандығы және саяси-әлеуметтік бостандық жолындағы күрестің тарихымен байланысты әлеуметтік-психологиялық сезім болып саналады.

Ұлттық парыз – Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен қарау. Ал парыз – өзінің мағыналық аясына ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қамтып, оларды адам өміріндегі қайшы құбылыстарға қарама-қарсы қоятын жоғары парасаттылық ұғым.

Патриотизм – адамның туа біткен биологиялық қасиеті емес, ол әлеуметтік, тарихи қалыптасқан, Отанға деген сүйіспеншілік сезім болғандықтан армия ішінде, әскерлер арасында оны қалыптастыру жолында журналистиканың атқаратын рөлі айтарлықтай. Ол Отанға қызмет ету барысында көрініс табады. Әрбір халық өз Отанының, яғни өзі еңбек етіп, өмір сүретін саяси, мәдени, дамуына мүдделі. Ұлттық сана-сезім – адамның рухани өмірінің басты белгілерінің бірі болса, оның армиядағы алар орны тіпті маңызды болып табылады.

Ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, жері әм елінің тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру, ел іргесін бүтіндеу, шекара шебін күзету, қорғаныс қабілетін арттыру бәрі де туындайды. Ана тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұртының да қадір-қасиетін жетік біліп, бағалай алмайтындықтан қазақ тілінде жарық көретін әскери басылыдардың бұл салада атқаратын рөлі орасан зор.

Патриотизмнің маңызды бөліктерінің бірі: онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух пен ұлттық патриотизм. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – дегеніміз ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, аумағы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этностық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да, әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері һәм ерекшеліктерімен де байланысты. Елдің қорғаны, сенімді сарбазы болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек. Кімде-кім халыққа, оның болашағына сенбесе, өз тағдыры үшін алаңдайды, өз Отанын жат жұрттықтардың жаулап алуынан қауіптенеді. Бір сөзбен түйгенде, Отанының патриоты, батыры бола алмайды. Жалпы, патриоттық сезімнің қалыптасуы отбасынан бастау алатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті.

Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет.

Бүгінгі ХХІ – ғасырда егеменді Қазақстанда өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың бойындағы ерлік пен елдік қасиеттің рухани негізі туып-өскен жері мен елінің салт-дәстүрінен, ұлттық мәдени мұраларынан, мақал-мәтелдерінен, лиро-эпостық жырларынан, шешендік сөздерінен, ел мен жер байлығын қорғап қалған Күлтегін, Тоныкөк, Қобыланды, Ер Көкше, Ер Қосай, Едіге, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сұраншы, Саурық батырлардың ерлік істерінен бастау алады. Сонымен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдени-рухани мұралар, тастағы жазбалардағы өсиет, өнеге, нақыл сөздер, публицистика жанрлары жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, ерлік сезімді ұялатып, олардың туған жерге, өскен елге, ұлт мәдениетіне деген сүйіспеншілік қасиеттерді қалыптастыруға игі ықпал етеді.

Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің іргесі берік, аспаны ашық болуы үшін қорғаныс қабілетін нығайтудың, жас ұрпақты ерлікке, елжандылыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Әр адамның бойында Отанға, халқына шын берілгендік, ата-салтына, ел тарихына деген құрмет, ерлік рухы қалыптасады.

Ежелден елдік пен еркіндікті берік ұстап, ата-бабамыздың үлкен шаңырағы астына түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, бірлікке, бауырластыққа баулып, достықтың туын берік ұстаған қазақ халқы өмір өнегелерін ұрпағына ұғындырып, үйретіп келеді. Сол ұрпақтар мен ұлыстар бірлігін нығайтып, жарастырып отырған халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халықтың даналығын сарбаз бойына дарытып, адамдыққа, батырлыққа, ерлікке тәрбиелеуде, ел әдебиетін, мәдениетін басқаларға ұғындырып, орнықтыруда қолданатын басты құрал – қазақ әскери журналистикасы.

Көшпелілерге тән әскери жасақтаудың ондық жүйесі ондаған ғасырлар бойы өзінің өміршеңдігін дәлелдегені белгілі. Дүниежүзінің көптеген елдері өз жарғыларын далалықтар жасап берген әскери жүйе мен заңдарға, соғыс жүргізу тәсілдеріне, қолбасшылық мектептерге сүйеніп құрғаны қазақ сарбаздарына мақтаныш болып орнығуына да оның салалық баспасөзі танымдық мағлұмат бере алады. Сақ, ғұн, түркі тайпаларынан кейін Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңдар жинағы бойынша қатаң әскери реформа жасалып, онда ұжымдық жауапкершілік, антқа адал болу, опасыздық жасамау, бұйрықты сөзсіз орындау, қашып кеткен жауынгер үшін басшысының басы алынатын темірдей тәртіп, мызғымас әскери иерархия орнатты. Шыңғыс ханның қатардағы ұланының  дәрежесі басқа қосын қолбасшыларынан үстем болды. Әрбір ұл жастайынан жауынгерлік өнерге машықтанды. Көшпелілердің әскери құрылымы үштік жүйемен: оң қанат, сол қанат және орталық болып бөлініп, әскер қосындары ондықтардан, жүздіктерден, мыңдықтардан, түмендерден құралған тарихын қарапайым түрде түсіндіру ісіне де әскери журналистика өз үлесін қоса алады.

Көшпелілердің әскери өнерінің спецификалық ерекшелігі – әскери-аңшылық тактика болғаны да оны танудың алғышарты болып табылады. Баһадүр бабаларымыз жауға қарсы «Үлкен жарық соғысы», «Ошақ соғысы», «Ай қораланды соғысы», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғысы» сияқты әскери тактикаларды қапысыз қолданғаны тарихи таным ретінде жас сарбаздарға игертілуге тиіс.

Алыс жорықтарға екі-үш атты қосарлап мінетін қазақ сарбаздары бес қаруын сайлап, сауыт киінді. «Ер қаруы – бес қару» демекші, бұған садақ, қылыш, найза, айбалта, күрзі жатады. Көшпелі халықтарда айқастар көбіне батырлар жекпе-жегімен басталатын. Қалмақтармен соғыста жекпе-жектер бірнеше күнге, тіпті айға дейін созылатын. Жекпе-жек – әскери өнердегі жауынгерлердің жетістіктерін айқындайтын батырлар айқасының төресі болғанын қазіргі жастар танып, білуге міндетті.  

Қазақ қоғамындағы батырлар институтының да үлгі-өнегесі жас сарбаздарды тәрбиелеуге өз үлесін қосып келе жатуы тарихи деректердің кеңінен жарық көруінің нәтижесі болып табылады.  Батырлар – дәстүрлі қазақ қоғамында болған ерекше әлеуметтік топ, қаһармандық – батырларға тән қасиеттер мен өмір салты. Қазақ батырлары Еуропаның рыцарьлары, жапонның самурайлары, үндінің кшатрийлері секілді өзіндік сословиені құрады. Қазақ батырларының өзіндік қоғамдық қызметі, жапон самурайларының «Бусидо» кодексі секілді батырлық этикасы болған.

Қазақ қоғамындағы батырлардың институционализациялануы олардың тек қана жеке батыр ретінде ғана емес, би, шешен, жырау, ұлыс, ру билеушісі ретіндегі функцияларды бір қолға жинақтауынан келіп туындаған. Ұлт-азаттық көтерілістердің көсемдері Исатай, Жанқожа, Амангелді батырлар бәрі де ата-бабасынан ұрпағына дейін батыр болғандар. Ата кәсіптің батырлар әулетінде ұрпағына жалғасуын «шынжыры үзілмеу» деп атаған. Батырлар ұрпағы үшін ата кәсібін жалғастырмау – ұят іс саналған. Әскери әулеттен болғандықтан батырлар алғашқы ерлік жолын көбіне соғыста өлген әкесінің, туысының кегін алудан бастаған. Әке кегін қумау – батыр үшін намыс. Артында ұл болмаса, кек алу қызына да міндет болған. Батырлар ата кегін қууды кең ұғымда, жалпы халықтың, елдің кегін қуу мағынасында да түсінген. Көшпелі халықтарда хандар, әміршілер, ел билеушілер батырлар әулетінен шыққан, осы қоғамдық топтың өкілі болған.

Шыңғыс хан, Әмір Темір, Едіге, Мамай, Абылай, Кенесары, т.б. батыр болған және батырлар әулетінен шыққан. Олар өздерінің жұрттан асқан ерлігінің арқасында билеушілік дәрежеге көтерілген: Батырлар меншік иелері болған. Олардың меншігіне қалалар, елді мекендер, ұлыстар, аймақтар қараған. Бірақ батырлардың бәрі бірдей байлық иесі болмағанын да айта кету керек. Елдің сыртқы қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығына қызмет ету осы батырлардың негізгі функциясы болған. Елдік, мемлекеттік билікті қолдарына ұстаған. Мәселен, батырлар мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын анықтауға араласып, түрлі мемлекетаралық қатынастарға қатынасып, елшілікке жүріп, хан жанындағы әскери кеңес мүшелері, түрлі мемлекеттік лауазым иелері болды.

Қазақ хандығы мен Орыс патшалығының ара қатынасына байланысты архивтік құжаттарда ру басшылары ретінде көптеген батырлардың аттары аталып, қолдары қойылып, мөрлері басылғаны оның хандық билікпен тығыз байланысты болғанын көрсетеді. Мысалы, әр ханның есімімен бірге оның айналасындағы батырлардың есімдері қоса айтылады. Есім ханмен оның белгілі батырлары Қоңырат Алатау батыр, Дулат Жақсұғұл батыр, Жанай батыр, Қарасай батырды айтсақ, Абылай ханмен Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Малайсары, Баян батырлар есімдері байланысты, Кене хан есімімен Ағыбай, Наурызбай, Бұғыбай, Иман батыр есімдері бірге аталады. Батырлардың өздеріне тән жауынгерлік этикасы, адамгершілік ережесі, діни ырымдары мен салттары пайда болып қалыптасқан.

Қазақ әскери журналистикасының бастауы ерте кезде халық ауыз әдебиеті мен аңызға айналған әңгіме дастандар арқылы көпшілік арасына кеңінен тарап, ғасырлардан ғасырларға жеткені мәлім. Сол себепті, тәуелсіз Қазақстанның әскери журналистикасының алғышарты мен түп тамырын мұрасы мол халық ауыз әдебиетінің элементтерінен іздеуге тиіспіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға