Жаңалықтар

Катар Ұлттық күні: Жаңа энергетикалық көкжиек

Меруерт жинаудан болашақ технологиясына дейін
Катар Ұлттық күні: Жаңа энергетикалық көкжиек
Фото: Нұрбек Әлманбетов 27.06.2017 18:22 6372

Катар павильоны ЭКСПО көрмесі аясында өз ұлттық күнін атап өтті. Аталған іс-шара дәстүрлі түрде қос елдің әнұраны шырқалып, тулары салтанатты көтеруден басталды.

Алғашқы сөз кезегі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Ернар Бәкеновке берілді. Ол өз сөзінде, Қазақстан мен Катар арасындағы ынтымақтастық жылдарында жақсы қарым-қатынас орнап, барлық сала бойынша бүгінде өзара тығыз байланыс жасауға толықтай мүмкіндік ашылғанын айтып өтті.

«ЭКСПО аясында өткізіліп жатқан ұлттық күндер халықаралық мәдениеттің алмасуында маңызды рөл ойнайды. Бұл күндер көрмедегі барлық елдердің бірлігін арттырып, ынтымақтастыққа жетелейді. 1-шілде күні біз Қазақстан мен Катар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 24 жылдығын атап өтпекпіз. Бұл жылдар арасында қос мемлекетке пайдасы тиген көптеген істер қолға алынды», – деді вице-министр.

Одан әрі Катар мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінің  басшысы Солтан Бин Саад Ал-Мурайхи мырза сөз алып, шағын мемлекеттің аз жылдардағы жеткен жетістіктерін айтып берді. Сондай-ақ, қос елдің арасындағы байланыстың тығыз екенін ерекше атап өтті.

«Катардың мұнай мен газға бай шикізат елі екендігіне қарамай, мемлекет баламалы энергетика мен жоғары технологияға көп көңіл аударады. Біз өз кезегінде жасыл технологияны дамыту бойынша Қазақстанмен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, сондай-ақ өзара тиімді серіктестік қатынас құрудан үмітіміз мол», – деді, Катар сыртқы істер министрлігінің басшысы.

Ресми бөлімнен соң, кқонақтарға арналған мерекелік көрнекті бағдарламалар қойылды. Көрермендер Таяу Шығыстағы ең танымалы ансамбльдердің бірі «Maqam Ensemble» ұжымының өнеріне тәнті болып, өз бағасын берді. Бұл ұжым араб өнерініңң биік рухы мен ұлттық ерекшелігін сақтап, классикалық араб музыкасын заманауи интерпретацияда орындауға мамандандырылған.

Одан соң, Қазақстан мен Катар елдерінің павильондарын аралау басталды.

Қатар павильоны «Жаңа энергетикалық көкжиек» деп аталады. Павильон энергияның баламалаы көздерін зерттеудегі және жасаудағы мемлекет жетістіктерін көрсетуге арналған.

Мұнда қонақтар күн энергиясын пайдалану (Катар MENA аймағының ең ірі күн энергиясын өндірушісі болып табылады. Оның 300 МВТ қуатты өндіру мүмкіндігі  бар) және болашақ технологиясын қолдану (мемлекетте көміртек әсері белсенді түрде азайтылып жатыр) жөнінде аталған елдің компанияларының нақты зерттемелері турасында толық біле алады.

Көрмеде адам энергиясы да басты назарда. Сана күші арқасында келешек энергия көздері саласында жаңа зерттеулер жүргізуге мүмкіндіктер ашылғанын хабардар боласыз. Катар елінің Ұлттық көзқарасы-2030 адам әлеуетін өсіруге бағытталған. Адам энергиясынсыз ешнәрсеге қол жеткізуге болмайтыны баса айтылады. Павильонда Аристотельдің «Сана энергиясы өмірдің мәні болып табылады» деген сөзі ерекше көзге түседі. Халықтың энергетика ресурстарын ұқыпты қарауын қалыптастыру үшін жасалып жатқан шаралар жайында да мағлұмат ала аласыз.

Сондай-ақ, келушілер Катар мемлекетінің тарихымен, мәдениетімен, ұлттық ерекшеліктерімен таныса алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға