Жаңалықтар

Каспий теңізі арқылы есірткі тасымалдаған шетелдіктер ұсталды

Каспий теңізі арқылы есірткі тасымалдаған шетелдіктер ұсталды
Фото: ҰҚК 10.03.2023 15:14 1642

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау фактісі бойынша үш шетелдік және бір қазақстандық азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі комитетке сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, 2023 жылғы ақпанда Маңғыстау облысының Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соты есірткі қылмысына қатысушыларды ҚР ҚК 286-бабы 4-тармағына сәйкес кінәлі деп тауып, ұзақ мерзімге бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.  

«Сотталушылар 2022 жылы тамызда Қазақстанға Каспий теңізінің акваториясы арқылы 10 келі апиын мен   8 келі гашиш әкелмек болған әрекеттері үстінде ұсталды. Шетелдің азаматтары мемлекеттік шекараны кіші көлемді қайықпен заңсыз кесіп өткен. Қылмыскерлер қолданған қайық жеңіл әрі жылдам қозғалатындықтан оны радиолокациялық құралдармен анықтау қиындық тудырған. Есірткі көзге түсу қаупі төмен, яғни түн мезгілінде тасымалданған. Қылмыскерлер навигация үшін GPS және спутниктық байланыс құралдарын пайдаланған», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Сот барысында сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді. Есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмысы жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға