Жаңалықтар

«Каспий» су тұшыту зауытына 5,08 млрд теңге қаражат бөлінді

«Каспий» су тұшыту зауытына 5,08 млрд теңге қаражат бөлінді
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі 07.08.2023 14:02 1215

Үкімет резервінен Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, «Каспий» су тұшыту зауытын кеңейту мәселесі – Мемлекет басшысының ерекше бақылауында.

Есепке сәйкес жобаны аяқтау зауытқа ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 40 мың м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бұрынғы өнімділігі бұдан екі есе аз болған.

Осы жылдың 5 шілдесінде Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында премьер-министр Әлихан Смайылов жобаның іске асырылу барысымен танысты.

Үкімет басшысы Маңғыстау облысының Мұнайлы, Түпқараған және Қарақия аудандарының 180 мың тұрғыны үшін зауытты іске қосудың маңызы зор екенін атап өтті.

Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға орындалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға