Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге арналған гранттар конкурсының қорытындысы шықты

Кәсіпкерлерге арналған гранттар конкурсының қорытындысы шықты
Фото: © Pixabay.com 06.10.2023 16:52 1371

Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі уақытта елордада жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 226 мыңнан асады. Оның ішінде 70 мыңнан астамы шағын бизнес, орта бизнес – 245, жеке кәсіпкер – 154 мыңнан астам, шаруа қожалық – 1 408. Субъектілерде 499 445 адам жұмыс істейді, бұл белсенді халықтың 72,8% құрайды.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 5 млн теңгеге дейін гранттар беріліп отыр. Сапаров конкурсқа кімдер үміткер бола алатынын атап өтті.

Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес, конкурстық іріктеуге қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлік тізіміне кіретін, тіркеу мерзімі 3 жылдан аспайтын кәсіпкерлер болуы керек, - деді ол.

Кәсіпкерлер гранттары конкурсы жыл сайын өткізіледі. 2023 жылы өтінімдерді қабылдау 7-16 тамыз аралығында kezekte.kz ақпараттық платформасы арқылы өтті. Барлығы 1971 өтінім келіп түсті, бұл ретте конкурстық комиссия алдында қорғауға 1118 өтінім келді. Конкурстық комиссияның шешімімен 545 млн теңгеге 113 жоба мақұлданды. Сапаровтың сөзінше, жобалардың басым бөлігін өңдеу өнеркәсібі құрайды.

Жобалардың 49,57% (56 жоба) өңдеу өнеркәсібі бойынша түсті.  Білім беру саласы бойынша 16,8%, яғни 19 жоба келді. Денсаулық сақтау саласында 10,6%, 12 жоба. 7,96%, яғни 9 жоба ақпарат және байланыс саласы. 3,54% (4 жоба) өнер, ойын-сауық және демалыс болса, 5,3% (6 жоба) кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет бойынша. 3,54% (4 жоба) көлік және қоймалау, - деді ол.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бизнес-жобаның міндетті шарттары:

1) кәсіпкердің жобаны іске асыруға арналған шығыстарды мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20% мөлшерінде, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы (ақшалай қаражатпен);

2) жаңа жұмыс орындарын құру;

3) кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және (немесе) жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бизнес-жобаның міндетті шарттары болып табылады.

Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдаланады:

1) тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды, шикізат пен материалдарды сатып алу;

2) материалдық емес активтерді сатып алу;

3) технологияны сатып алу;

4) кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықтарды сатып алу;

5) зерттеу жұмыстарына және (немесе) жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығыстар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға