Кәсіпкерлер Айша бибі кесенесінің маңындағы ғимараттарды иемденіп алған

Сот кәсіпкерлерді өздері тұрып жатқан ғимараттарды босатуды талап еткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс материалдарына сәйкес, сотқа иелігінде Айша бибі кесенесі бар «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі шағымданған. Оларға 2 гектар жер учаскесін тұрақты пайдалану құқығы берілген. Бұл аумақта бірнеше техникалық ғимарат салынған, алайда бес кәсіпкер оларды заңсыз иемденіп алған.
Бұл участок әкімнің шешімі және жер пайдалану құқығы туралы актісі бойынша сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттарға арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Бұл жерде бірнеше техникалық бөлме салынған. Алайда бес кәсіпкер бұл ғимараттарды заңсыз иемденіп, қазір оларда коммерциялық қызметпен айналысуда, - делінген арызда.
Жоғарғы сот мәліметінше, музей-қорық сотқа жүгініп, кәсіпкерлерді өздері тұрып жатқан ғимараттарды босатуды талап еткен, өйткені жауапкерлерде сауда жасауға рұқсаттары, сондай-ақ бұл үй-жайларды кәсіпкерлік үшін пайдалану құқығы мен құжаттары жоқ.
Сондай-ақ олар «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында сауда жасауға тыйым салынғанын атап өткен.
Төрт жауапкер талап қоюды мойындамаған, кәсіпкерлердің бірі даулы ғимараттарды 2010 жылы өз қаражатына салып, кейін оларға сауда жасау үшін тегін бергенін мәлімдеген. Бесінші жауапкер талап қоюды мойындаған, - делінген мәліметте.
Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлер қорық-музейге тиесілі ғимараттарды заңсыз иемденген деген қорытындыға келді.
Талап қою қанағаттандырылды: сот кәсіпкерлерге заңсыз иеленген үй-жайды босатуды міндеттеді.
Жауапкерлер бұл шешімге апелляциялық тәртіппен шағым түсірген. Алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды.
