Жаңалықтар

Кәсіпкер әйелдерге арналған байқау жарияланды

Кәсіпкер әйелдерге арналған байқау жарияланды
Фото: «Жасыл экономиканы» қолдау коалициясы 01.03.2023 10:47 1462

Астанада «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау арқылы ауылдың тұрақты дамуы» атты республикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Отырыс ауылды дамытуға және ауыл әйелдерін қолдауға арналды. Конференцияның ұйымдастырушысы «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комис­сия­сы қолдауындағы «Әлеуметтік динамика» қоры болып отыр.

Қазақстанның Ауыл әйелдері форумы ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина «Coca-Cola Белестері» жобасының басталғанын айтты.

«Әлеуметтік жобаны өткізіп келе жатқанымызға 11 жыл болды. Мақсатымыз ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке баулу, еліміздің өркендеуіне үлес қосу. Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап жыл сайынғы оқыту кезеңі мен кәсіп бастағысы келетін әйелдер арасындағы үздік бизнес-идеяға арналған «Coca-Cola Белестері» байқауы басталады. Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздарға грант ұсынылады. Байқау 2023 жылдың 11 қазанына дейін жалғасады», - деді ол.

2013 жылы негізі қаланған жоба кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бағдарламалары арқылы Қазақстанның бүкіл аумағында, атап айтқанда аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған. 10 жыл ішінде 60 мыңнан астам әйел оқытылды, олардың 117-сі өз ісін дамытуға грант алып, 300-ден астам жұмыс орнын ашты.

Жобаға қатысушылардың саны онлайн оқытудың арқасында жылына 2 мың адамнан 15 мыңға дейін өсті. Әйелдер ісі бойынша және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басшысы Ләззат Сүйлеймен кәсіпкер әйелдерге қолдау білдіру қажет екенін атап өтті.

«Қаладағы кәсіпкер әйелдерге қарағанда ауылдағы кәсіпкер әйелдердің саны төмен екенін білеміз. Сондықтанда алда әлі үлкен жұмыстарды атқару керек. Ауыл әйелдерінің ішіндегі белсенділеріне қолдау көрсетіп, оқыту, олардың әлеуетін пайдалана отырып әлеуметтік мәселелерді көтеруге үйрету қажет», - деді Ләззат Жаңылысқызы.

«Coca-Cola Белестері» жобасы аясында жылына кәсіпкер әйелдерге 20 грант беріледі. Оның алтауы 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Кәсіпкер әйелдерге 2000-4000 доллар қаржы бөлінетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға