Жаңалықтар

Кәсіп пен өнерді ұштастырған

Актриса Гүлшарат Жұбаевамен сұхбат
Кәсіп пен өнерді ұштастырған
10.04.2017 12:20 8026

Ол қай саланың тізгінін ұстаса да,  нәтиженің жақсы болуына бар жігерін салады. Оны алыстан танитын адамның өзі де еңбекқор екенін бірден байқады. Кәсібі мен өнерін ұштастырған актрисадан бизнеске қатысты кеңестер сұрап, тәжірибесімен бөліскенін өтінгенбіз.

– Шеберханада қандай өнімдер тігіледі?

– Біз көбіне үй жабдықтарын тігеміз. Құрақ көрпе, жұмсақ жиһаз жабуы. Дастархан, перде үй текстиліне бағытталған дүниелер шеберханамыздан шығады.

– Киімдер, тек қана сахналық па, әлде күнделікті өмірге ыңғайланған, тұтынушылар сұранысын орындай аласыздар ма?

– Жаңа түскен келіндердің шай құюға арналған киімдерін тіккенбіз. Ашылғанымзға көп болған жоқ қой. Бірақ келіннің камзолы мен көйлегіне сұраныс жоғары екен. Біз соны байқадық. Нарыққа шығып, арнайы бір нүктеге қоюға бізде мүмкіндік болмай жатыр. Себебі шеберханамдағы тігіншілердің арнайы тапсырысты орындаумен-ақ уақыттары босамайды. Ұлттық киімнің күнделікті өмірге сай тігіліп, тұтынылғанын қалаймын.

– Киімдердің дизайнын кім жасайды?

– Дизайнды өзім жасаймын. Перделерге арналғани оюларды да ойлап табамын.

– Суретшілік қырыңыз да бар екен ғой. Бас тігінші де өзіңіз бе?

– Соңғы уақытта шеберханада отыруға  уақыт тығыз. Бірақ менің анам тігінші болғандықтан, мен де тігіннен қара жаяу емеспін. Шеберханадағы жұмысшыларға білгенімді үйретемін, олардан менің үйреніп жататын кездерім болады.

– Тігінші,  бизнес леди, биші, спортшы, актриса, әнші біз білмейтін тағы қандай қырыңыз бар?

– Уақыты келіп, тағы бір қырым ашылып жатса таңқалмаңыздар. Адамның істегенін адам істейді ғой. Сондықтан менің басқа да қырымның ашылатынына өзім де сенімдімін. Өткен жылы «Ас болсын» жылжымалы тамақтандыру қызметін ұсына бастадық. Ол – түсірілім алаңдарына ыстық тамақ жеткізу саласы болып есептеледі. Кеше ғана бейнеклип түсіріп жатқан шығармашылық топқа ас жеткіздік. Кинолар мен фильм түсірушілерге бұл жақсы мүмкіндік.

– Бизнес ханым болу жолында ұстанатын өз тәртіптеріңіз бар ма?

– Қызметкерлердің жалақысын уақытылы беру – менің ең негізгі  ұстанымым. Тапсырыс көбейген кезде сыйақымен қызықтырып, жұмыста көңілді жүруін қамтамасыз етемін. Көбіне ауыл-аймақтан келетін жас қыздар шеберханада жұмыс жасайды. Ондай жағдайда командамның жататын жері мен ыстық-суық суы бар, өмірге қолайлы жерде тұруына ерекше мән беремін. Себебі мүмкіндік жасалған жерден жұмысшы кеткісі келмейді. Ал жұмыстың қыр-сырын меңгерген, тәжірибелі еңбеккерден айырылмағаным дұрыс. Тіпті декретке шыққан келіншектер, баламен жұмыс жасауға ұсыныс жасаса, соған ыңғайланған жұмыстың ретін табатын жүйе жасап қойғым келеді. Әрине осындай жағдайлар жасалғандықтан мен талапты да соған лайықты түрде қоямын. Жұмыс алаңдарында арнайы бейнекамералар орнатылған. Бір сәттің өзін босқа өткізбеуге тырысамыз.

– Сіз күніне қанша сағат ұйықтайсыз, қашан көрсек те шеберханада түнімен еңбек етіп отырғаныңызды көреміз?

– Расымен көбіне түнде тігемін. Күндіз түсірілімде жүремін де, қолым тимей жатады. Кәсіпкер тек қана басқарып қоймай, өндірістің ішіне дендеп кіруі керек. Матаның шығыны қандай? Қаншалықты табыс көзделіп, ол орындалу барысында қалай жүзеге асып жатыр? Міне осының барлығын қадағалап, ішкі «асхананы» түсінген жағдайда ғана кәсіп алға қарай сәтті қадам басады. Көбіне жолдасым іссапарға кеткен кезде түнімен тігінмен айналысамын. Бұл тұста ата-енемнің немерелерін еркелетіп, қарап отыруы да менің жұмысымның алға жылжуына әсері мол. Демек, кәсіпте қолдаушылар мен қолқанат болатын жанашырлар да үлкен рөл атқарады. Түнімен тігін тігіп шаршағанда күндіз демаламын. Себебі физикалық тұрғыда шаршамайтын адам жоқ шығар.

– Сізден кәсіп үйренгісі келетін сіңілілеріңіз ақыл сұрап келсе, ең бірінші кезекте қандай кеңес берер едіңіз?

– Әлеуметтік желідегі парақшаларымда үнемі осы жайында жазып отырамын. Менің де ұтылған тұстарым болған. Ақшаны салып, пайда көре алмай қаржымның күйіп кеткен шақтары да болды. Кәсіп бастау үшін несие алудың қажеті жоқ. Одан да кішкене ғана нүктеден бастап  еңбектене беріп, шеберханаға айналдырған жөн. Ал бізде керісінше, несие алып, бірнеше тігін машинасын сатып алып, ғимарат жалдауға бел шешіп кірісетіндер бар. Бұл тым бұлыңғыр тәуекел деуге болады. Одан да біртіндеп тапсырыс берушінің сеніміне кіріп, бизнес жүргізу қажет.

– Өзіңіз кино түсіргіңіз келмей ме?

– Ойда бар. Бірақ кәсіби тұрғыда, идея тарапынан және қаржылай жағынан кино түсіруге әлі дайын емеспін.

– Матаны, шеберханаға қажетті жабдықтарды қайдан аласыздар?

– Осы Алматыдағы нүктелерден аламыз. Бұрын Қырғызстаннан алатын едік. Қазір Алматыдағы мүмкіндіктер де жаман емес. Жабдықтарды шетелден алатын кездер болады. Мата шығару кәсіпорындары біздің елде дамыса екен деген арманым бар. Себебі біз шамамыз келгенше халыққа қолжетімді жасағымыз келеді. Бірақ мата түгілі жіп бізден шықпаған кезде отандық өнімнің бағасы төмендеуі мүмкін емес.

– Бизнесханым болған қиын ба?

– Өзіме ұнайтын болғандықтан қиындығын байқамайтын шығармын.  Тігін шеберханасын Астанадан да аштық. 24 сағат бойы телефонда тыныштық болмайтын кездер де бар. Тек қана түсірілім кезінде мен кәсібім туралы ұмытамын. Себебі образға енген кезде мен Гүлшарат емеспін, мен сол сомдап тұрған образдағы адаммын. Ондай сәтте  көмекші қыздарым жұмысты реттеп отырады.

– Түк жоқтан бастап, кәсіпкер болуға бола ма?

– Әрине болады. Маған біреу  мұра қалдырып кеткен жоқ. Жолдасым да, мен де кәсіпті түк жоқтан бастағанбыз. «Мені жақсы жерге тұрмысқа шықты, шетелге барып қыдырып жүр, өмірі қандай керемет»,- деп ойлайтындар көп. Ал анығында мен жұрт ұйықтап жатқанда тігін тіктім, еңбектендім. Жалқаулықты жеңуге барымды салдым. Сондықтан жоқтан бар жасауға болатынын сенімді түрде айта аламын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға