Жаңалықтар

Қазақ сумошы: Жапонияда маған Казафузан атын берді

Сүйініш Худибаев сумоның қиындықтары мен артықшылықтары туралы айтты
Қазақ сумошы: Жапонияда маған Казафузан атын берді
24.12.2019 18:09 9029

11 жыл Жапонияда тұрған қазақ жігіті кәсіби сумо спортымен айналысып, «макусита» деңгейіне дейін жеткен. Бұл 80 балуанды жыққан әрі 3 дивизионның мықтыларына берілетін атақ. Алып денелі отандасымыз сумошылардың бір күндік өмірі мен ас мәзірі, жаттығу кезіндегі қиындықтары туралы әңгімелейді.

(Суретте: қазақ сумошы Сүйініш Худибаев )

«Сумода әлімжеттік жасалады»

Сүйініш Худибаев күн шығыс елінде кеңінен таралған сумоға бір-ақ күнде келгенін айтады. Жастайынан зілтемір көтерумен, еркін күреспен айналысқан оған бұл спортқа беттеу еш ауыртпалық тудырмаған. Десе де, сумоның заңдылықтарын сақтау мен жапондардың тілінде сөйлеу біршама қиындық келтіріпті. Әсіресе, тәжірибелі спортшылардың сумоны енді бастағандарға әлімжеттік жасауы титығына тиіпті.

– Сумо – әлсіздер айналысатын спорт емес. Мұнда ең басты талап – шыдамды болу. Егер өзіңнің осалдығыңды танытсаң, бұл спорт сені сыртқа ығыстырады. Мен сумоға үлкен дайындықпен келдім деп айта алмаймын. Оның үстіне, Жапонияда аталмыш спорт түрімен айналысатын жалғыз қазақ болдым. Сондықтан қолдауды көп қажет еттім. Әсіресе, жапон тілінде тіл қатысу маған едәуір қиындық тудырды. Сонымен бірге, бұл спорт мәдениет пен ізеттілікке толы. Байырғы салт бойынша жас сумошы үлкен сумоторилерге құрмет көрсету керек. Олардың айтқан талаптарын бұлжытпай орындауға міндетті. Тіпті, олар тамақ ішіп болғанша ас ішпейтін үрдіс те бар. Бастапқыда бұл маған әлімжеттік жасалып жатқандай көрінетін. Кейіннен мұның өзіндік жақсы тұстары бар екенін аңғардым, - дейді ол.

Кейіпкеріміз Түрікменстанда туып, Қазақстанда өскен. Егемендік алған тұста Сүйініштің отбасы елге қайта оралып, Ақтауға қоныс тебеді. Ол кезде Сүйініш 12-де болған. Содан бері, спортты жанына серік еткен. Араға 3 жыл салып ол Алматы облысының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түрлері бойынша мектебіне оқуға қабылданып, 4 жыл білім алады.

– Маған және бірнеше балаға Жапонияда сумо спортынан өтетін Азия чемпионатына қатысуға ұсыныс жасалды. Қуана келістік. Осылайша, керемет қалаға топ ете қалдым. Солардың арасынан соңына дейін қалған мен болдым. Нәтиже жаман емес. Жапонияда маған Казафузан атын берді. Бұл да мен үшін үлкен жетістік - дейді ол.

Кейіннен еркін күресті сумоға алмастырып, Жапонияда бір жола қалуға шешім қабылдайды. Осылайша, ол 11 жыл Жапонияның тұрғыны болды. Сүйініш өзге мемлекетте бір жетідей жаттығып, дохёға (сумошылар күресетін алаң-авт.) шығып кеткенін күліп еске алады.

– Барлығы осыншалық жедел болып кетеді деп күтпедім. Бірлі-жарым білетінім болмаса, сумомен егжей-тегжейлі айналыспаған кезім еді. Жапонияға келіп бір аптаның ішінде сайысқа түстім десем көпшілік сенбей жатады. Бірақ бұл анығында солай болды. Ең бастысы, алға қарай ұмтыла бер дегенді ғана санама сіңіріп алғанмын. Жалпы, біздің еркін күресте қарсыластың сілікпесін шығарып, қашып, түрлі әдіс қолдануға мүмкіндік бар ғой. Ал мұнда қашып жүруге мүлде болмайды. Қарсыластан қашу жеңілістің белгісі саналады. Сондықтан бірден шабуылға шығуға тиіссің. Сонымен бірге, сумода сайыс үстінде, жалпы өмірде ешкімді ренжітпеу керексің. Бұл әдепсіздік саналады. Қарсыласыңа кері эмоциялық әрекет байқатсаң бұл да жеңістен құралақан қалдың деген сөз, - дейді кейіпкеріміз.

«Тәулігіне 20 мың килокалория...»

Бұл күніне 200 банан жеу немесе 3 келі ет өнімін пайдалану деген сөз. Анығында кәсіби сумошы осыншама килокалорияны бойларына сіңіру керек. Спортшы үшін ең басты талап осы. Өйткені, сумоға сұңғақ боймен қоса, ауыр салмақ ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Тіпті, кейбір балуандар түскі аста сыраны да кеңінен қолданып жатады. Себебі, алкогольді ішімдік тезірек қоң жинауға жәрдемдесетін көрінеді. Әдетте, спортшылар жапонша «тянконабе» деп аталатын кеспе мен ақуызға бай сорпаны тұтынады. Сұйық аста тауық, балық, сиыр және тофу деп аталатын ет өнімдері болады.

Сумошылар түстеніп болған беттен ұйқыға кетеді. Тамақтанып біте сала ұйықтау денсаулыққа зиян болса да, көпшілік спортшылар солай етуге мәжбүр. Бұл да салмақ қосып, оны қалыпты ұстап тұрудың жолы.

– Маған салмақ жинау соншалық қиындық тудырған емес. Өйткені, бұл спортпен кәсіби түрде айналыса бастағанымда салмағым 115 келі болатын. Әрине, жапондықтар жейтін тамақтарды біраз уақыт тамақсынбағаным рас. Сол кезде біршама салмақты тастап алғанымды да жасырмаймын. Ауылда ет жеп өскендіктен, мені қатты қинағаны да осы болды. Біздің ет тамағымызға ештеңе жетпейді ғой. Бірақ бұған үйренуім керектігін ұқтым. Жалпы, мен алғашында күріштің өзін ғана жейтінмін, - деп еске алды Сүйініш.

Былайғы уақытта сумо спорт деп қарастырылғанымен, бұл діни аспектілерге, нақтырақ айтсақ, жапондықтардың байырғы салт-дәстүрлеріне негізделген өнер түрі. Мәселен, кез-келген сумоист шаш өсіріп, қоғамдық орында кимономен (сумошылардың киімі-авт.) жүруге міндетті. Сүйініш Худибаев мұның бәрін алғашында ерсі қылық көрсе де, кейіннен еті үйреніп кеткенін айтады.

– Жапонияда самурайлар мен сумошылар шаш өсіретін болған. Қазір самурайлардың жоқ екенін ескерсек, шаш қойып жүретін сумошылар ғана. Қала, қала ма басыңа айдар қою міндетің. Әйтпесе, бұл спортқа деген құрметсіздігің саналады. Сөйтіп менің де шаш қоюыма тура келді. Ал белдесуге шыққанда шорты киіп, артынша сумошылардың мавашиін киетінмін. Мұның бәрі менің түсінігімде тұрпайы көрінсе де, уақыт өте үйренісіп кеттім, - деп күліп еске алды Сүйініш Худибаев.

«Сумода әдістен гөрі, рәсім көп»

Сумо – жапондардың арасында кеңінен таралған күрес түрлерінің негізінде дамыған. Сумошылар белдесу барасында бар-жоғы 48 әдісті қолданады. Ал оларды жіктейтін болсақ, 12 лақтырудан, 12 ұстаудан, 12 бұраудан, 12 итеруден тұрады. Негізінен, сумода спортшының шеберлігі 11 дәрежеге бөлінеді. Соның негізгі үшеуі кеңінен таралған. Мәселен, 1-дәреже - Макуучи, мұнда 30 балуан бір-бірімен айқасса, 2-дәреже - Дзю-ре деп аталады. 30 балуанға дейін татамиде өнер көрсетеді. Келесі 3-дәрежеде 120 балуанға дейін белдесуге шығып, ең күштілері анықталады.

– Сумода әдіс-тәсіл көп болмағанымен жеңілістің қай тұстан келетінін болжап білмейсің. Қарсыласың қандай әдісті қолданбақшы, оны да ойлауға уақыт аз. Былайынша айтқанда, сумода салмақ та, мол тәжірибе де кейде көмектеспей жатады. Яғни, қарсылас өзіңнен ертерек ойланып, әрекетке көшсе, жеңіс соның жағында болады. Сондықтан салмаққа көп иек арта беруге де болмайды. Сергек ойлап, алдыңдағы қарсыластан еш қорықпау міндет. Ғаламтордан сумошылардың күресін көрсеңіздер, шағындау адамдардың ірі денелі спортшыны жеңіп тастап жатқанын да көруге болады. Бұл сол жылдамдық пен бойдағы өжеттіктің әсерінен болса керек, - дейді ол.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, сумошы айналасындағылардың көңілін қалдырудан абай болғаны жөн. Себебі, сумоторилер самурай дәстүрінің жалғасы ретінде қарастырады. Балуанның мінез-құлық кодексінде «хинкаку» - қадір-қасиет деген негізгі ұғым бар. Сумошы өзіне лайықсыз, ерсі қылық танытса бұл оның беделіне теріс әсер етіп, ёкодзуна (ұлы чемпион-авт.) атануына кедергісін келтіреді-мыс. Ал ірі жарыстар алдында сумшылар ғибадатханаларда түнейді.

– Сумода әдістен гөрі, рәсім көп. Мәселен, күрес басталар алдында «Дохё-ири» және «тори куми» деп аталатын ұлттық рәсімдер орындалады, - дейді ол.

(Суретте: Кейіпкеріміз жапондықтармен)

«Сумошы рұқсатсыз үйлене алмайды»

Сумошылардың таңы ерте атады. Өйткені, олар таңсәріде жаттығу жасап, түске дейін созылу, ауыр темірлерді көтеру, дене қимылын жасау сияқты жаттығулармен айналысады. Бір қызығы, барлық сумошылар шпагатқа отыра алуы керек. Сонымен бірге, жаттықтырушының рұқсатынсыз отбасын құра алмайды. Ең қызығы, автокөлік жүргізуге де құқықтары жоқ. Олардың жеке жүргізушісі болуы қатаң қадағаланады.

– Жапонияда сумошыларға өте қатал қарайды. Себебі, олар ата-дәстүрді жалғастырушы ретінде саналады. Егер ол көшеде төбелес шығарып жатса, дереу үйіне қайтарылып, жаттықтырушысы жазаға тартылады. Бапкер ояката, яғни үлкен әке деген мағына береді. Ол сен үшін жауапты тұлға саналады. Сондықтан олар спортшысының қателігін көтеруге тиіс. Әлгінде айтқанымдай, тойға не кездесуге, керек десеңіз туған күн кешіне барсаңыз да арнайы киіммен жүру міндеттеледі. Бұл жазылмаған заңдылық. Бұны да сақтамау жаттықтырушыны жазалауға дейін апарады, - дейді.

Кейіпкеріміздің сөзінше, сумошыға ең қиыны спортпен қош айтысу. Өйткені, артық салмақтан кезең-кезеңімен арылу өте қиын. Ал салмақты бірден тастау спортшыға кері әсерін тигізеді. Себебі, қанша жаттығу жасап, күшті бола түскенмен артық салмақ бауыр, жүрек, қант диабеті, қан қысымы секілді сырқаттарға шалдықтырады. Жалпы, практикада сумошы балуандар орташа есеппен алғанда 35 жасында спорттық мансабын тәмамдайды. Олар үлкен спорттан кеткеннен кейін диетаға отырып, арықтауды мақсат тұтады екен. Бұл бүгінде Сүйініштің де басты мәселесіне айналған.

– Мен 2014 жылы Қазақстанға оралғанда салмағым 166 келі болатын. Ол салмақты едәуір азайтуға тура келді. Тамақты, жаттығуды бірден қойып кетуге болмайтынын түсініп, біршама уақыт өзіммен айналысуға тура келді, - дейді ол.

Кейіпкеріміз бүгінде Маңғыстау облыстық күрес бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Алдағы уақытта елімізде сумо федерациясын ашуды жоспарлап отыр. Қазір Алматыда сумо күрес қауымдастығы ашылған. Десе де, аталмыш ассоциацияның жұмыс қарқыны байқалмайды. Кезінде 25 дүркін Император Кубогін алған Асасерю Акинори де елімізде аталмыш спортты дамытуға құлықты екенін айтқан болатын. Бірақ уақыт көрсеткендей, сумо спорты елімізде дамып жатқан жоқ. Бұған Сүйін мынадай қиындықтар бар екенін тілге тиек етті. 

– Қазақстанға келгенде сумошыларды дайындайтын орталық ашқым келді. Бірақ біздегі түсінік, менталитет бұны көтермейді. Бұл біздің дінімізге де қайшы. Бізде жалаңаштанып бәсекеге түсуді халық қабылдай алмайды. Бірақ Еуропада, ТМД елдерінде сумо жақсы дами түскен, - дейді ол.

Айта кетейік, жуырда тағы бір жерлесіміз Жапонияда жастар арасында өткен чемпионатта жеңіске жетіп, елдің намысын қорғаған болатын. Ерсін Балтағұл бүгінде 22 жаста. Ол Жапонияда 18 жасынан бастап өнер көрсетіп келеді.

(Суреттер Сүйініш Худибаевтың жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға