Жаңалықтар

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті
Фото: ©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 30.11.2023 18:00 1792

Хореография – музыканың ырғағына сай дене қимылымен көрсетілетін бірден-бір өнер. Бүгінде аталмыш би өнеріне қызығушылық танытатын да, оны мансап жолына айналдырып отырғандар да көп. Соның бірі – Айгерім Сагинова. Кейіпкеріміздің оқыған мамандығы менеджмент болса да хореографияны өмірлік серік еткен. Бүгінде хореограф, кәсіби санаттағы биші әрі республикалық конкурстардың әділқазы алқасы Астана қаласындағы би мектептерінің бірінде шығыс биінен сабақ береді.

Айгерімнің жасы 29-да. Ол Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Хореограф қыз бимен 3 жасынан бастап айналысып келеді. Кішкентай кезінде халық биін билесе, 2012 жылдан бастап шығыс биіне деген қызығушылығы оянады. Сөйтіп, ол мансап жолын елордадан бастайды.

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті
©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Бірінші курста білім алып жүрген кезімде Астана қаласындағы шығыс биін үйрететін Қазақстандағы ең үздік би мектебіне қатыстым. Басында тек жай  қызығушылық танытсам, кейін бимен кәсіби түрде айналыса бастадым. Маған сол жердегі хореографым топпен жұмыс жасап, сабақ үйрету туралы ұсыныс айтты. Осылайша 2019 жылдан бері балалар мен ересектерге шығыс биінен сабақ беріп, ұстаздық еттім, - дейді ол.

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті
©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Хореограф қаншама республикалық және халықаралық конкурстарда Қазақстанның намысын қорғаған.

Өз басым Грекия, Франция, Швейцария, Корея, Ресей, Венгрия сынды елдерде өткен түрлі жарыстарға Қазақстанның атынан қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Халықаралық сайысқа алғаш рет Уфа қаласына бардым. Ол кезде мен әлі шәкірт едім. Тартысты сайыс болды, десе де мен еліме жеңіспен оралдым. Сонымен қатар оффлайн жарыстардан бөлек, карантин кезінде онлайн сайысқа қатысқан кездерім де болды. Мәселен, Будапешт қаласында өткен жарыста бірінші орын алдым, - дейді биші.

Сондай-ақ Айгерімнің оқушылары да бірнеше конкурстың жеңімпазы атанған. Олар республикалық және халықаралық сайыстарға қатысып, көбіне бірінші орынды иеленген. Қазіргі таңда хореограф Саша Пактың ұйымдастыруымен 15-17 желтоқсанда Қарағанды қаласында өтетін сайысқа қызу дайындық жүргізіп жатыр.

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті
©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Айгерім бүгінде екі түрлі студияда ересек топтарға сабақ береді. Ол өзін-өзін дамытқысы келетін қыз-келіншектердің сенімін арттырып, барынша көмек бергісі келеді.

Бір топқа аптасына 3 рет, яғни дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күні сағат 20:00-21:00 аралығында сабақ өткіземін. Ал екінші топқа сейсенбі, бейсенбі күні сағат 19:00-20:00 сабақ беремін. Әр тобымда шамамен 15 шәкіртім би билейді, - деді биші.

Айгерімнің айтуынша, хореография мамандығындағы қиындықтардың бірі – конкурсқа қатысатын кезде қажетті әуенді таңдап, оған лайықты биді ойластыру. Одан бөлек сайысқа қатысатын бишілердің образын дайындау.

Хореограф болу тек би билеуді үйретумен ғана шектелмейді. Ол әр шәкіртінің бастан-аяқ образын дайындап, бишілердің сахнада өзін ханшайым етіп сезінетіндей жағдай жасайды. Біз қыздарымыз жарысқа қатысатын кезде киімдерінің дизайнын сызып, үнемі базарда көйлекті тігуге қажет матаны іздейміз, тігіншіге барып арнайы тапсырыс береміз, - деп атап өтті кейіпкер.

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті
©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Кәсіби санаттағы биші әр адамның дара тұлға екенін айтады. Сондықтан ол бишілерге сабақ бергенде оның жеке қарым-қабілеттерін ашуға тырысады.

Менің жұмыстағы бірінші ұстанатын ережем – біреуді қайталамау. Тіпті өз оқушыларыма «мені қайталамаңдар, біз бәріміз әртүрліміз» деп айтамын. Шығыс биінде қандай да бір стандарт жоқ. Бишінің жасына, бойына, салмағына, белінің жіңішкелігіне қойылатын түрлі талап болмайды. Бұл биді бәрі билейді. Мысалы мен сіз сияқты, сіз мен сияқты билей алмайсыз. Мұның өзі керемет емес пе?, - деді Айгерім.

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті
©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Хореографтың сабақ беретін топтарында жасы да, кәрісі де бимен айналысады.

Билегім келеді деген адамға ешқандай шектеу қойылмайды. Ең жас оқушым – 16 жаста. Ал ең үлкен шәкіртімнің жасы – 53-те. Ол өте жақсы билесе де сахнаға шығудан қорқады. Сол себепті шәкіртімді әлі сахнаға шығаруға көндіре алмай жүрмін, - дейді ол.

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті
©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Биші қыз өзінің қабілеттілігін арттырып отыру үшін тұрақты түрде түрлі шеберлік сағаттарына қатысып отырады. Себебі Айгерім шығыс биінен сабақ беретін кез келген хореограф жан-жақты болуы қажет деп есептейді.

Біріншіден, кәсіби биші сезімтал болуы керек. Яғни өзінің әр шәкіртінің жағдайын сезіне отырып, оған көңіл бөліп, қажет кезінде қолдау білдіруі тиіс. Екіншіден, ұстазы шәкіртіне өзінде бар білімді беріп, өз білімін уақытылы жаңартып отыруы керек, - дейді ол.

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті

Кәсіби хореограф шығыс биін меңгерудің құпиясымен бөлісті

©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Сұхбаттың соңында Айгерім өзінің болашаққа қойған жоспарымен де бөлісе кетті.

Құдай бұйырса алдағы 2024 жылы мені Қазақстанды шетелге таныстыру мақсатында Казань, Пермь қаласына шақыртып жатыр. Аман-есен елімді би өнері арқылы көпшілікке таныстырып келсем бе деймін. Сондай-ақ өзімнің шәкірттерімді де Ресейге ала кету ойымда бар. Ал екінші мақсатым – жеке студиямды ашу. Ол кез келген хореографтың арманы десем де болады. Өз болашағымды бисіз елестете алмаймын, - деп сөзін аяқтады хореограф.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға