Жаңалықтар

Картада жоқ ауыл немесе Қайыңдының халқы қалай өмір сүріп жатыр?

Картада жоқ ауыл  немесе  Қайыңдының халқы қалай өмір сүріп жатыр?
Фото: ©El.kz/Қуан Сейіт 27.07.2024 09:14 651

Бұл ауылдың аты бар, заты жоқ. Көшесі бар, мекен жайы жоқ. Тұрғындары бар, тұрғылықты тіркеуі жоқ. Қысқасы, жүз қаралы жан өмір сүріп жатқан Қайыңдыны картадан іздеп таппадық. «Құдіретті» Google Maps-тің өзі көмектесе алмады.

Отыз үйлі Қайыңды Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданына қарайды. Алақандай ауылдың тарихы орман шаруашылығымен тығыз байланысты. Мұнда әлмисақтан орманшылар тұрған, әлі де тұрады. Тек олардың «пропискасы» жоқ. Тұрғылықты жері бойынша Самар орман шаруашылығында тіркеуде. Адамдардың бәрі шаруашылықта жұмыс істейді немесе осы жерден зейнетке шыққандар. Ауылдағы жан саны жүзге таяу. Балалар көршілес Шұбарқайың мектебіне барып-келіп оқиды. Арнайы автобуспен тасымалдайды.

Бүгінде Қайыңдыға ауыл статусы берілмеуі жергілікті жұртты мазалаған мәселелердің түйінін шешуге қолбайлау болып тұр. Қыста боран үрлеп тастаған жолды тазалайтын техника жоқ. Орман шаруашылығында жол тазалауға көк тиын бөлінбейді, бюджетте қарастырылмаған.

Ауылдағы электр желісінің бағандары тозған, қирап жатыр. Жел соқса, қар жауса жарық өшеді. Қайыңдының іргесіндегі анау тұрған жотаға дейінгі электр желісіне облыстың энергетикалық компаниясы жауапты, ал ауылдың ішіндегі желілер мен қосалқы станцияның иесі жоқ. Электр қуаты істен шықса тұрғындар өз ақшасына қаладан қажетті қосалқы бөлшектер алдыртып, энергетикалық компанияның қызметкерлеріне ақша төлеп жөндетеді. Осы және басқа да проблемаларды шешуге ауыл статусының жоқтығы кедергі, – деп қынжылады ауыл тұрғыны, орманшы Ғалым Тілеуметов. 

Мұндағы кеңестік кезеңде іргетасы қаланған үйлер де ескірген, уақыт өткен сайын мүжіліп, шөгіп барады. Оны қайта қалпына келтіруге немесе орнына жаңасын тұрғызуға рұқсат жоқ. Орман шаруашылығы аумағында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге, тіпті балалар ойнайтын шағын алаң орнатуға заңмен тыйым салынған.

Бұл мәселені он жылдан бері көтеріп келеміз. Астанаға бірнеше рет хат жаздық, нәтиже шықпады. Биыл тағы да жаздық. Қайыңды ауылының 29 гектар жерін Самар орман шаруашылығының иелігінен шығарып, жергілікті әкімдіктің қарамағына өткізу үшін барлық қажетті құжаттарды жинап, тиісті орындарға жолдадық. Шешім күтіп отырмыз. Егер оң шешім шықса ауыл толық әкімдіктің иелігіне беріліп, қордаланған проблемалар шешімін табар еді, – дейді Самар орман шаруашылығының директоры Азамат Қасенғазин.

Ауылда отырған соң мал ұстамай тағы болмайды. Бірақ Қайыңдыда мыңғыртып мал бағып, төскейде төрт түлігін өргізген ешкімді көрмейсіз. Себебі жайылым да, шабындық та орман шаруашылығына қарасты аумақта орналасқан. Қолдағы азын-аулақ малдың өзін бағу үшін орман шаруашылығынан билет жаздырып алу керек.

Тағы бір мәселе – ауызсу. Қолы жеткен жұрт таза суды ұңғыма қаздырып ішіп отыр. Оған мүмкіндігі жоқтар бастаудың суын ішеді. Ал ол судың сапасын, құрамын тексеріп, санитарлық талаптарға сай ма, жоқ па анықтаған ешкім жоқ.

Жоғарыда ауыл адамдары тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген дедік. Иә, мұнда отыз үй бар болса соның ешқайсында техникалық паспорты, басқа да құжаттары жоқ. Сол себепті тұрғындар өз үйіне тіркеле алмайды. Бәрі орман шаруашылығында тіркеуде.

Жалпы, Самар орман шаруашылығында қазір 48 адам еңбек етеді. Шаруашылықтың иелігінде өрт сөндіретін үш үлкен, төрт шағын техника бар, бәрінің жағдайы жақсы.

Жар басындағы жалғыз үй

Қайыңдының солтүстік шығына қарай биіктеу бір төбеде қарайып бірдеңе тұрғандай болып көрінді. Көз жетпеген соң фотоаппараттың көмегімен жақындап қарадық. Қателеспеппіз, шынымен қызыл кірпіштен соғылған құстың ұясындай ғана дүңгіршек екен.

Қарауылдың үйі ғой, – деді орманшы Еділ байыпты үнмен, – ол жерге мекеме қызметкерлері кезекпен барып отырады. Қарауыл төбеден аумақ алақандағыдай көрінеді. Егер орманнан түтін шықса кезекші дереу рациямен бізге хабарлайды. Сонау жерде қарауытып тұрған қарауыл төбені бетке алып жүріп кеттік. Қалың жыныспен ілгері қарай ілбіп келеміз. Ит тұмсығы батпайтын ну десе ну екен. Жол бастап келе жатқан орманшы Әділ көпірдің тұсынан өте бергенде «мынау тұрған қарағайға жүз жыл болды» деді сол қапталымыздағы жалғыз өскен жуан ағашты нұсқап. «Бұл жарықтықтар кемінде 300 жыл жасайды ғой, бұның ғұмыры әлі таусылған жоқ», – деді ол біздің таңырқай қарағанымызды сезіп.

Картада жоқ ауыл  немесе  Қайыңдының халқы қалай өмір сүріп жатыр?©El.kz/Қуан Сейіт

Кәдімгі қарағайдан бөлек Самар орманында самырсын, балқарағай, қайың, үйеңкі, жөке, шетен сияқты ағаштар да көп кездесті. Осынау мол байлықты көздің қарашығындай сақтап, қорғап отырған орманшы қауымның еңбегіне риза болып, алғыс айттық.

Жалпы ауданы 65 мың гектар жерді қамтитын Самар орман шаруашылығының құрамында екі орманшылық, көшет өсіретін екі тәлімбақ бар. Тәлімбақта өсірілген көшеттерді облыстың Ұлан, Күршім, Зайсан аудандарындағы орман шаруашылықтары алады.

Картада жоқ ауыл  немесе  Қайыңдының халқы қалай өмір сүріп жатыр?©El.kz/Қуан Сейіт

Біздегі екі тәлімбақта жиыны 3,5 миллион көшет өсіріліп жатыр. Оның жартысынан көбі екі жылдық, қалғаны бір жылдық көшеттер. Жоспар артығымен орындалды. Негізі қылқан жапырақты ағаштың көшеттерін екі жылдан кейін еге беруге болады. Биыл ауа райы қолайлы болып тұр. Тұқым тез көктеді. Күтім де жақсы. Тек қосымша жұмыс күші болса. Өйткені көшеттерді егуден бастап шөбін жұлу, суару, түбін қопсыту сияқты жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Мұндағы орманшылар қартайып барады, ал жастар ауылға келгісі жоқ. Оның үстіне Қайыңдының ауыл мәртебе болмаған соң дүкен де жоқ. Мектеп, дәрігерлік амбулатория туралы айтпай-ақ қояйын, – дейді ұзақ жылдан бері Самар орман шаруашылығында инженер болып еңбек етіп келе жатқан Андрей Коновалов.

Тәлімбақты аралаған соң ары қарай қарауыл төбеге тарттық. Орман іші. Бұралаң жол. Біз мінген «Уазик» бірде секіріп тасқа шығады, бірде күмп етіп шұңқырға түседі. Шоқаңдап отырып шоқыға да жеттік. Тас төбенің ұшар басында қызыл кірпіштен қалаған бір бөлмелі шағын үй тұр. Терезесі, есігі бар. Іші сыланған, әктелген. Бір кісілік төсек пен шағын үстел әрең сыйғандай.

Картада жоқ ауыл  немесе  Қайыңдының халқы қалай өмір сүріп жатыр?©El.kz/Қуан Сейіт

Кезекшілік кезінде ешқандай төтенше оқиға болған жоқ, – деді әскери мәнерде қарауылшы әйел Лариса Қайырғазықызы.

Сосын жайлап орнына жайғасты. Жападан-жалғыз отырғанда ойда-жоқта сау етіп келе қалған бір топ адамды көріп қарауылшы әйел аса таңырқай қоймады. Соған қарағанда біздің келе жатқанымызды алдын ала білгендей көрінді.   

Өрттің қауіпі күшейгенде осы төбеге кезекпен келіп айналаны шоламыз. Мына жерден төңірек түгел көрінеді. Орманның қай тұсынан түтін шықса анау тұрған аспаптың көмегімен координатын анықтап, дереу орталыққа хабарлаймыз, – деді Лариса қолдан жасалған компасқа ұқсас құрылғыны нұсқап.

Құрылғы қарапайым жасалған. Қарағай діңгектің түбін дөңгелекке отырғызыпты, ал басына ағаш тақтайды бекіткен. Тақтайдың бетіне қаңылтыр төсеп, оған шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік деген жазу мен 10, 20, 30, 40, 50… деп жалғасып кете беретін сандарды жазған. Ортасында айналмалы тілі бар. Төбедегі қарауыл өрттің координатын осы құрылғы арқылы оңай анықтайды.

Бұл аспапты қолданбай-ақ қояйықшы. Орманымыз тілсіз жаудан аман болсын, – деді Лариса.

Жар басындағы жалғыз үйге ие болып отырған қарауылшы әйелге амандық тілеп біз де кері қайттық.

Р.S. Қайтар жолда Қайыңды ауылының болашағына алаңдап Самар аудандық әкімдігіне хабарласқан едік. Аудан басшылығы қолдан келер қайран жоқ екенін айтты. Облысқа, республикаға жолдаған хатқа орай оң шешім шықса, Қайыңдыға ауыл статусы берілсе аудан әкімдігі бұл елді мекенді қуана-қуана қамқорлығына алып, тиісті қолдау-көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға