Жаңалықтар

Карьерлерде техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмай отыр - депутат

Карьерлерде техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмай отыр - депутат
Фото: parlam.kz 23.10.2024 17:32 377

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин премьер-министр Олжас Бектеновке Жетібай, Шетпе, Майқайың, Сатпаев, Хромтау, Іргелі және өңірлердегі басқа да кенттердің айналасындағы карьерлердің экологиялық және техногендік проблемаларын көтеріп, сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, елімізде жалпы жұмыс жасап тұрған карьерлер саны – 4784. Жұмыс жасамай тұрғаны – 1371. Рекультивациядан өткендері – 610, ал рекультивация жүргізілмеген карьерлер – 694.

Карьерлердің проблемаларына тоқталсақ, біріншіден елді-мекендердің айналасын дамытуды айтпағанда, жер бедері эрозияға ұшырап, карьерлерден тараған шаң-топырақ ауыл шаруашылығына зиян келтіріп отыр.

Жалпы, еліміздегі  карьерлердің территориясы – 224 мың шаршы км-ді құрайды. Бұл Францияның тең жарты территориясына пара-пар аумақ. Екіншіден, еліміздегі карьерлерде техникалық қауіпсіздік шаралары тіпті сақталмай отыр. Мысалы, 2018 жылы «Алтынтау Көкшетау» және 2021 жылы Қостанай облысындағы «Качарский» карьерлерінде массивтің опырылу салдарынан екі адам қаза тапты. Шахтинск қаласының маңындағы карьердің кесірінен облыстық маңызы бар жол бұзылған және әлі күнге дейін жөнділмеген, - дейді депутат.

Мәжілісмен көптеген кәсіпорындар пайданы тауып, карьерлерді ашық-шашық күйінде тастап, рекультивация жұмыстарын мемлекеттің  мойнына іліп кеткенін мәлімдеді.

Оған дәлел Маңғыстаудағы Жетібай кентінің айналасындағы ұлу-тас карьерлері. Сонда заңмен қаралған рекультивация жасау үшін қаржы жинақтайтын тарату қорындағы қаржы неге кезінде жинақталмады? Тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселелені неге қадағаламаған? Оған қоса, Кеңес Одағынан қалған карьерлерді рекультивациялау әлі күнге дейін толық шешімін таппай отыр. Төртіншіден карьерлердің тастарын мөлшерден тыс тиеген ауыр көліктер асфальт жолдарға залал келтіріп отыр. Бюджеттің миллиардтаған қаржысына салынған жап-жаңа жолдар мерзімінен бұрын істен шығуда. Көлік инспекциясы неге оларды тәртіпке салмайды? Бесіншіден Маңғыстау облысындағы Шетпе кентінің жанында орналасқан 30-ға жуық қиыршық тас шығаратын карьерлер, Қаратауды үлкен қуатпен жаруда, - деді ол.

Ол соның салдарынан ойдағы кенттің үстін бірнеше жыл шаң басып жатқанын айтты.

Үйлердің қабырғалары жарылған. Бұрынғы бұлақтардың көзі жабылған. Бұл мәселе халық арасында наразылық тудыруда. Президент осы мәселені реттең деп 2022 жылы тапсырма берген, бірақ нәтиже жоқ. Сонда жергілікті кәсіпкерлерге управа жоқ па? Әлде жергілікті құзырлы және құқық қорғау органдары оларды қорғаштап, әдейі көрмей отыр ма?  Жоғарыда айтылған проблемалардың себебі қайдан туындады? 2017 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер еніп, кеңінен таралған кендік емес қатты қазба байлықтарды игеруге қатысты құзыреттер жергілікті атқарушы билікке берілді. Соның салдарынан қазір өңірде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға не өкілеттік, не маман жоқ?! Яғни, жерқойнауын игерушілердің беретін есептері мен мәліметтерінің сенімділігі күмәнді. Сондай-ақ, минералдық-шикізат базасының жай-күйі, мемлекеттік есепке алудың шынайлығы үлкен сұрақ тудырып отыр. Есеп дұрыс болмаса, басқару тиімсіз. Әркім ойына келгенін жасап жатыр!  2017 жылғы тиімсіз шешімдер мен заңға өзгерістер жер қойнауын пайдаланушыларға деген мемлекет тарапынан бақылауды әлсіретті. Кезінде мемлекеттік бақылау Геология комитетінің өңіраралық геология басқармаларына жүктелген болатын- дейді Жаңбыршин.

Оның сөзінше, тіпті заңнамаларға өзгерістер еніп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан қатты қазба байлықтарды барлауға 60-тан астам рұқсат берілген. Сонымен қатар, сол кездегі Кодекске енген өзгерістер Геология Комитетінің құзыретін шектеп тастаған.

Мысалы:

- зерттеу (обследование) және жою (ликвидация) актiлерiн қабылдау жөнiндегi комиссия құрамына өңiраралық департаменттердiң қызметкерлерi кіргізілмейді;

- «тау-кен жұмыстары жоспарын» бекіту өкілеттілігі алынған. Жоспарды жер қойнауын пайдаланушының өзі әзірлейді және бекітеді. Яғни жер қойнауын игерудің әдістері мен технологиялық шешімдер мемлекет назарынан тыс қалып отыр.

Қазақстанның кең даласын одан әрі шұрық-тесікке айналдырмас үшін, Үкімет келесі шараларды тез арада қолға алуы тиіс:

  1. Геология комитетінің өңіраралық департаменттеріне жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды мемлекет тарапынан бақылау құзыреті қайта берілсін. Сонымен қатар пайдалы қазбаларды барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдаланудың бірыңғай Ережелері жасақталсын.
  2. Ерекше қорғалатын аумақтарда барлауға берілген рұқсаттарға қатысты нақты шешімдер қабылдансын.
  3. Карьерлер рекультивациясының Жол картасы жасақталсын. Кен игерушілердің тарату қорына қаржы аударылуы тексеріліп, рекультивация жұмыстары қатаң бақылауға алынсын. Иесіз карьерлерге қатысты жүйелі шешімдер қабылдансын.
  4. Карьерлерде таза технологиялар мен әдістер енгізілсін. Маңғыстау облысындағы Шетпе кентінің айналасындағы карьерлерде жаңа әдістер енгізілгенге дейін жарылыстар тоқтатылсын немесе карьерлер алысқа көшірілсін. Талаптарды орындамаған жер қойнауын пайдаланушының операциясы заң аясында тоқтатылсын.
  5. Елді-мекен шетінен кемі 10 км радиуста жаңа карьерлерді ашу тоқтатылсын.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға