Теріскей деп танылған Қаратаудың қойнында талай тарих тұмшаланып жатыр. Оның бірі – өз уақытында Мұхаммед пайғамбардың аманатын сақтаушы Арыстан бабпен, түркістандық әулие Қожа Ахмет Яссауимен замандас болған Қарабура әулиенің кесенесі және халық арасында аңыз боп айтылып жүрген өмірі.
Оның кесенесі ОҚО, Созақ ауданындағы Созақ ауылында орын тепкен. Қазіргі сәулетті ескерткіш 1997 жылы күрделі жөндеуден өтті. Кесене сегіз қырлы болатын қос бөлмеден тұрады және ақ кірпіштен қаланған төбесі күмбезді болып келеді. Бірінші бөлменің аумағы жүз шаршы метрді құрайды. Ал төбесі жабылмаған келесі бөлмеде ХVІ ғасырда салынған көне кесене бар, онда Қарабураның мүрдесі жатыр. Бұл ескі кесене балшықпен сыланып, жоғарғы жағы күмбез сынды жасалынған, төбесінде жарық кіретін 4 ойығы бар. Алдыңғы тұсы теп-тегіс, жылтырлау келген. Бөлменің ішіндегі белдеулердің сүйірленген қуыстары, ортаңғы тұсында қыш құлпытасы бар.
Көне кесененің оң жағында Құрбан атаның мүрдесі жатыр. Ал жанындағы қара мәрмәр тас белгіде Мұхаммед Пайғамбардың, Арыстан баб пен Ахмет Яссауидің, Ысқақ баб пен Баба Түкті Шашты Әзиздің қабірлерінен әкелінген топырақтар қойылған. Ал кесененің артқы тұсында Хақназар хан, Шілмембет би, Құлтас би және тағы басқа белгілі адамдардың сүйегі жатыр.
Кесененің солтүстік бетінде әулиенің бурасы шөккен тұсқа түйенің тас мүсіні қойылған. Жалпы кесененің аумағы 240 шаршы метрді құрайды. Биіктігі он жеті метр. Күмбез қышпен қаланған, сыртында «әулилерге тағзым» деген жазуы бар қорым орналастырылған. Ілгері де айтқандай ол жерге де атақты адамдардың бастарынан арнайы топырақ әкелініп, есімдері жазылған мәрмәрдан тастар қойылған. Ал шығысында қазаққа танылған сазгер Сүгірдің күмбезі бар.
Қарабура ХІ – ХІІ ғасырлардың аралығында оғыз-қыпшақ заманында ғұмыр кешкен. Ол кіші жүздің Тама руының өкілі. Сопылық ілімді таратушы Яссауимен бір бағытта болып, халыққа ислам дінін таратып, наным-сенімін орнатуға күш салған. Ал бүгінде Созақтағы кесене түркі халықтарының ортақ киелі орнына айналып отыр. Халық арасында Қарабураның әулиелігі кең таралған, ол дерттеріне ем іздеушілерге әрдайым көмек қолын созып, шипагер атанған. Сондай-ақ, қазақ батыры Жанқожаның жауға шабардағы демеушісі болып, оны қолдап отырған дейді кей аңыздарда.
Қожа Ахмет Яссауи дүниеден өтерде Қарабура әулие келгенше, денесін ешкім ұстамауын, жерлемеуін және әулиенің жуындыруын қалап, аманат етіпті. Айтқан сөзі бойынша сопының денесіне ешкім тимей, Қарабураны күтеді. Ал ол болса, жақын маңнан көрінер емес. Содан шыдамдары таусылған жұрт, «мүрдені ақтық сапарға шығарып сала берейік» дей бергенде, батыс жақтан қара құю шаң көрінеді. Сөйтсе, бұл Қарабура тұлпарының жүрісінен көкке көтерілген шаң екен. Осылайша ол, Яссауидің жерлеу рәсімін өзі жасап, мәңгілік мекеніне аттандырады.
Аңыздарға сүйенсек, Қарабураның екі қызы болған. Оның бірі Қызылорда жерінде кесенесі салынған Бегім ана. ХІ ғасырда ғұмыр кешкен Бегімнің сұлулығы талайды тамсандырып, жігіттердің аузынан суын құрғатыпты. Бірақ, сұлу Бегім өзіне жар болатын жігітті ұзақ күтеді. Ақыры күткен серім Санжар сұлтан екен деп, ұсынысын қабылдап, оған тұрмысқа шығады. Жанкент қаласының билеушісі Санжар бір күні аң аулауға шыққанда, үйде қыран құстың томағасын ұмыт қалдырыпты. Оны алып келуге жанындағы көмекшісін жұмсайды. Көмекшісі үйдегі Бегім сұлудың көркіне көзі түсіп кетіп, есінен танып қалған екен. Содан кешіккенінен сезіктенген Санжар сұлтан жендетінен қайда болғанын сұрағанда, «Бегім сұлу жібермей қойды» деп, ол жалған жауап қатады. Ашуға булыққан сұлтан, сөзге келместен Бегімнің қолы мен бұрымын шауып тастаған екен. Суық хабар құлағына тие сала, Қарабура Жанкентке келеді. Ол «егер қызым адал болса, қолы мен бұрымы қайта қалпына келіп, құс боп ұшып кетер» дейді. Расымен де, Бегім сұлудың шабылған қолы мен бұрымы қалыпқа түсіп, аққу болып ұшып кетіпті. Ал Санжарға ренжіген Қарабура «Жанкент пен Санжарды ордалы жылан бассын» деп теріс батасын беріп кетіп қалады. Осылайша бір қаланы түгелімен жылан басып, Аралдан дауыл келіп, жойылып кетіпті. Ал құстың қонған жеріне бүгінде Бегім ана кесенесі бой көтерген. Ол жерге дерттеріне шипа іздегендер мен бала сұрап барушылар көптеп кездеседі.
Бегім ана нағыз адалдық пен сұлулықтың символы болған. Бұл туралы Қарабура – Бегім ана атты жыр мен Бегім сұлу әні бар. Бегім ана кесенесі де Қазақстандағы маңызды сәулет ескерткіштерінің бірі болып табылады. Қазақстанда оған ұқсас Ұзын там мен Сараман қосы секілді ұқсас орта ғасырға жататын мұнаралар бар. Жалпы Орта Азияда осы аталған үшеуінен биік саналатын, сондай-ақ сәулет ескерткіштерге жататын мұнара жоқ.
Қарабураның екінші қызы Әмбар бибіні Сүлеймен Бақырғаниға тұрмысқа бергені жөнінде деректер кездеседі. Одан туған Айша бибі әулиеге немере қызы болып келеді. Ол Зеңгі бабанының өнегесін алған. Айша бибінің Таразда керемет сәулет ескерткіші бары жалпақ жұртқа аян. Ал Әмбар бибінің кесенесі Ташкент шаһарынан он екі шақырым жерде орнеаласқан.
Кей деректерде Қарабураны хан ретінде көрсетеді. Ол Қарахан мемлекетінің іргесін қалап, дәуірленуіне ерекше үлес қосқан екен. Ислам дінінің кіршіксіз таза дін екенін жан дүниесімен сезініп, оны халық арасында кең таралуына ықпал еткен Қарабура ел басқаруда 4 түрлі ұстанымда болған. Оның алғашқысы – әділдік, екіншісі – адалдық, білімділік пен батылдық үшінші кезекте болса, адамгершілік пен имандылық төртінші ұстанымы болған. Діни сауатты адамдарды әрдайым қолдап, жастарға дәріс беріп, оларды ел арасына дәріптеу үшін жиі жіберіп отырған.
Қарабура ханға алыс Қытайдың өзінде, Иран мен Түркияда, Қырғызстан мен Тәжікстанда белгілер қойылған. Тіпті Жүсіп Баласағұнның өзі әулие жайында өз еңбегінде толық, ашып жазып кетеді. Осы жазбасы үшін оған Қарабура хан «Хас Хаджип» атағын берген екен.
Қарабура нақты қай жылы дүниеге келлгені туралы ғалымдардың өзі сан түрлі пікірде. Кейбір зерттеушілер ол Яссауиден он жастай кіші болған дегенге тоқталып отыр. Яғни шамамен 1104 жылдары дүниеге келген. Ал туған жері қазіргі Өзбекстанның Нұратауы делінеді. Нақты айтар болсақ, Науаи қаласына жақын маңда, қазірде Әйтеке бидің бейіті жатқан жер екен. Қарабура алғаш сауатын әкесінің медресесінде ашады да, Бұхарада одан ары білімін жетілдіреді. Елу жасқа келгенде Яссы қаласына келіп сопы болып, шәкірттер оқытып, ислам дінін дәріптей бастайды. Содан соң, Созаққа келіп, өмірінің соңына дейін сонда болып, сексен жастан өте қайтыс болған екен.
Қарабура атауының шығуы туралы көптеген аңыздар бар. Оның бірі ілгеріде айтып өткен Яссауидің жаназасын шығаруға келген қара түйесі бар кісі дегенмен саяды. Ел атын білмеген әулие адамды Қарабура деп атап кеткен екен. Сондай-ақ, ол дәм алмай, бір ауылдың шетіне барып жан тәсілім етіпті. Сол қайтыс болған жеріне кесене тұрғызылған екен.
Тағы бір аңызда Қарабура Қожа Ахметке бураға артып көп сексеуіл әкелген екен. Сол үшін де оны Қарабура атаған. Оның тама руынан шықты дегенге тағы бір дәлел олардың ұраны Қарбура аталуында. Қарабура кесенесі бүгінгі күні мұсылмандар келіп тәу ететін қасиетті орындардың бірі. Сондай-ақ, кесене Қазақстанның маңызды киелі 100 нысанының қатарынан табылып отыр.