Каратэ: Fujairah Open-2025 турнирінде тағы екі отандасымыз алтын алды

Бүгін екі қазақ каратэшісі Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджайра қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы А сериясы жарысында чемпион атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кумите бағдарламасында (U14-15) Нұрасыл Нұрсейіт (-52 кг) аса тартысты өткен финалда Украина өкілі Максим Виечкановты ұтты. Ал Сұңқар Қанибек 70 кг дейінгі салмақтың ақтын сынында Хорватия өкілін тізе бүктірді. Екі спортшымыз жарыс барысында 7 жекпе-жектен өткізді.
Сонымен қатар, бүгін 14-15 жас санатында тағы 3 спортшымыз қола медаль жеңіп алды. Амир Кеңесбай (-52 кг), Руслан Еркін (-57 кг), Батыр Әділ (-57 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді.
Қазір Қазақстан командасында жүлде саны 8-ге жетті. Кеше Дінмұхаммед Айдарбек (U16-17) топ жарса, Гүлнұр Қойшыбай (U16-17) мен Ақниет Шеризат U21 санатында (55 кг) қола жүлдеге қол жеткізген.
Фуджейрадағы дәстүрлі жарыс ертең аяқталады. Барлығы осы жылы 87 мемлекеттен 2400-ге жуық спортшы қатысуда.
