"Канелоның" бокс кешінде қазақстандық қос боксшысы шаршы алаңға шығады
Кәсіпқой боксшылар Бек Нұрмағанбет (9-0, 7 КО) пен Әбілхан Аманқұл (3-0, 3 КО) 7 мамыр күні таңертең Мексиканың Сапопан қаласында өтетін бокс кешінде жекпе-жекке шығады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бек Нұрмағанбет Венесуэла боксшысы Архенис Эспаньямен (15-1, 14 КО), ал Әбілхан Аманқұл мексикалық боксшы Фабиан Риос Фраустомен (7-6-3, 4 КО) жұдырықтасады. Бокс кешінің тікелей трансляциясы Астана уақытымен сағат 05:00-де басталады, оны DAZN стримингілік платформасынан көруге болады.
Аманқұл рингке – төртінші, ал Нұрмағанбет алтыншы жұпта шығатын болады.
Еске салайық, Бек Нұрмағанбет осыған дейін кәсіпқой ретінде WBA International нұсқасы бойынша суперорта салмақта чемпион атанған. Әбілхан Аманқұл кәсіпқой рингте әлі белдік алған жоқ, ал әуесқойлар арасында әлем вице-чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері және Азия чемпионатының қола жүлдегері болды.
Сапопандағы бокс кешінің хедлайнерлері – мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес (58-2-2, 39 КО) пен британдық Джон Райдер (32-5, 18 КО). Жекпе-жек «Канелоға» тиесілі суперорта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы белдігі үшін өтеді.