Жаңалықтар

Кәсіп бастауға керек қағидалар

Өз ісіңізді бастаймын десеңіз...
Кәсіп бастауға керек қағидалар
20.09.2019 16:48 21330

Көп адамдар бизнесте өздерін сынап көруді армандайды. Ал сол ойын іске асыратындар ілуде біреу. Кейбіреулер жақсы идеяның жоқтығынан табыс табудың тетігін білмей жүр. Тіпті, өз-өзіне қожайын болып, тәуелсіз болуды және өзі үшін жұмыс істеуді жылдар бойы ойлап жүргендердің қарасы қалың. Бұл не істеу керектігі мен бастаған істің тиімді болатындығына күмәнмен қарайтындарға тән қасиет. Десе де, қолға алған істің нәтижелі болатынына үнемі сенімді болу да «жарға жығады». Осы ретте, El.kz интернет-жобасы кәсіпкерлік салада бірнеше идеяны ортаға салады. Сонымен, қандай бизнес ашу керек? Біз кеңес беруден аулақпыз. Себебі, ашқан ісіңіз сізге ұнайтындай болуы керек және сол салада хабарыңыз болғаны жақсы. Сондықтан не іспен айналыссаңыз да оның жаныңызға жақын болғаны дұрыс.

Идеяны қалай табу керек? 

Бүгінде қоғамды ештеңемен таңғалдыра алмайсың. Қазіргі күннің ақиқаты осы. Тек ерекше әрі сұранысқа сай кәсіпті бастаған жөн. Өйткені, нарықтық бәсекеге төтеп берудің төте жолы осындай. Оның үстіне, халық қалтасындағы ақшаны оңды-солды шашуды қойып, үнемдеуге көшті. Сол үшін бизнес бастарда мына қағидаларға сүйеніңіз:

сіздің тауарларыңызға немесе қызметтеріңізге сұраныс тұрақты және экономикалық жағдайға тәуелді болмағаны дұрыс (адамдар әрдайым нан сатып алады, сонымен қатар шаштаразға барады);

егер өндіріс жоспарланса, барлық шикізатты өз елімізден сатып алған жақсы. Импорт күтпеген құнсызданудың салдарынан тым қымбаттап кетуі мүмкін;

ұсыныс сұраныстан асып кеткен жерде кәсіп ашпаңыз;

Егер осы заңдылықтар сақталса кез-келген бизнес идеяның оң нәтиже беретініне сеніммен қарауға болады.

Әрине, сіз тың дүниені тапқаннан кейін міндетті түрде жанама нұсқа ұсынушылар пайда болады. Бұл заңдылық. Сол үшін бизнесіңіздің үнемі «бірінші» болып тұрғаны жөн. Сапалы қызмет пен сұранысқа сай дүние ұсыну озық болудың оңтайлы әдісі. Кез-келген идеяны креативті түрде қайта ойластырып, дамытып отыру да маңызды. Ал тың идеяны өзіңіз тұратын қаланың экономикалық һәм халықтың тұрмыс-тіршілігіне бағыттау да оң нәтижесін береді. Әрқашан ойға қонымды, қалтаға қолайлы өнім ұсынуға тырысыңыз. Сонда ғана қолға алған істің берекесі болады. Сонымен бірге, елде жоқ дүниені ойлап табу қабілетіңіз жоғары болса, сізден мықты кәсіпкер болмайды. Алайда мұндай қасиет екінің біріне бұйырмасы анық. Бірақ алаңдауға негіз жоқ. Өзіңіз тұратын қаланы аралап шықсаңыз да ненің қажет, ал не керексіз екенін аңғару қиын емес.

Нарыққа назар аударыңыз

Нарықтың заманауи және өзекті мәселелеріне назар аударуға тырысыңыз. Ең негізгісі:  

• Жарнама нарығы. Кез-келген кәсіпкерге жарнама ауадай қажет. Тауардың танымал болуы кәсіпті жаңа деңгейге жеткізеді. Сондықтан жарнама жұмыстарына баса назар аудару керек. Ал жарнама жасаушы болсаңыз, аз ақшамен қыруар қаржыға қол жеткізуге болады.

• Органикалық өнімдер. Қазір адамдар өз денсаулығына бей-жай қарамайтын деңгейге жетті. Не ішіп, не жейтініне мән беріп, оның ағзаға тигізер пайдасы жайында ойланатын болды. Осы тенденциядан қапы қалмаған жөн. Ел табиғи өнімді сатып алуға көшкен уақытта мұндай қызметті ұсына білу де ұтқырлылық. Бұл ретте, Сіз кез-келген нәрсені ұсына аласыз. Үйде өсірілген тауықтан бастап үй ірімшігіне дейінгі аралықтағы барлық табиғи өнімді сатылымға шығаруға болады.

• Күнделікті тауарлар мен қызметтерге арналған нарық. Мұнда бәрі түсінікті. Тұтынушыға тұрмыстық химия, косметика қашанда қажет. Бірақ ең маңызды мәселе өнімді сатылымға шығаратын жерге мән беру керек, оның сан алуан түрін ұсына білу де айтарлықтай рөл атқарады. 

• Білім беру қызметтері нарығы. Адамдар өмір бойы жаңа нәрселерді үйреніп, біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өтуге құштар. Бұл нарықта мектепке дайындық курстарынан бастап көлік айдау мен жол ережелерін үйрететін курстар, түрлі үйірмелер де аз ақшамен кәсіп ашуға болатын салалар. Тек бұл бағытта арнайы біліміңіз болуы өте маңызды.

Ал шағын қаладағы бизнестің бағыты басқа. Десе де, барлық жерде бастапқы капиталсыз жұмыс бастау оңай емес. Сондықтан қарапайым нәрсені таңдау керек. Мәселен, шаштараз, тәрбиеші, тігінші немесе маникюр шебері сияқты қызметтерді үлкен бастапқы ақшасыз бастауға болады. Яғни, қызмет көрсету саласына көп шығын шығармауға болады. Бастысы, еліміздің заңнамасы негізінде жеке кәсіпкер ретінде арнайы тіркеліп, қызмет көрсететін орынды тауып, жұмысты бастау жеткілікті. Кейін өзіңіздің қабілетіңізге сәйкес, қызметкерлерді жалдап, бизнесті кеңейте түсіріп, содан кейін пайда табуға болады.

Дипломыңыз болмаса...

Ал егер сіз қандай да бір арнайы мамандық иесі болмасаңыз, мынадай идеяларға назар аударыңыз:

• Қызметкерлерге қызмет көрсету. Бұл жерде сіз тауарды емес, жұмыс күшін сатасыз. Қолынан іс келетін мамандарға жұмыс тауып беріп отыру міндетіңіз. Мәселен, үй шаруасына қажетті жұмысшыны тауып, төленген ақшаның белгілі бір бөлігін алып, жақсы табыс табуға болады. Ең бастысы, рұқсат етілген жердің барлығында өзіңіздің жарманаңызды үздіксіз жасасаңыз жеткілікті. Сізге өзіңіздің агентіңіздің пайызын қалдырып, кәсіпқойлардың қызметтерін сату ғана керек.

• Шиналарды бекіту. Қазір екінің бірінің көлігі бар. Сондықтан бұл салада қызмет етсеңіз қаржыға қарық боласыз. Әсіресе, жылына екі рет қыс пен күн жылытқан уақытта сіздің қызметіңізге жүгінетіндердің қатары көбейеді. Бұл үшін шағын шеберхана ашсаңыз жетіп жатыр.

• Жөндеу және сату. Ақшаны тура қоқыс жәшігінен табуға болады. Кейбір адамдар үшін қолжетімсіз дүниелерді қоқыстан таба аласыз. Кейде қажетті нәрселерді бай-қуатты адамдардың қоқысқа тастап жатады. Алайда, егер оны жөндеп, қайта қалпына келтірсе іске жарамды затқа айналары сөзсіз. Соны сату арқылы өте жақсы ақша табуға мүмкіндік бар. 

• Заттарды жалға беру. Әрине, ол үшін қаржы қажет. Бірақ шығарған шығыныңызды аз уақытта ақтап алуға болады. Мәселен, жазғы маусымда сіз велосипедтерді, электрлік скутерлерді және т.б. жалға беру арқылы ақша таба аласыз. Әсіресе сіздің қалаңызда туристер көп болса кәсібіңіз өрге домалайды.

• Құрылғымен зат сату. Тағы да, құрылғыны сатып алуға біраз инвестиция қажет болады. Бірақ егер сіз тауар мен құрылғыны қоятын жерді тапсаңыз істі тәуекел етіп бастай беріңіз. Мысалы, сіздің қалаңыздағы ауруханада бахила немесе бір реттік халат сататын құрылғылар әлі де жоқ. Бұл үшін әкімшіліктен рұқсат алып, шұғыл түрде құрылғыны орналастыруға көшкен абзал.

• Тазарту қызметтері. Адамдар тазалық үшін ақша төлеуге дайын. Пәтерлерді, терезелерді, машиналарды жуу сіздің жеке бизнесіңіздегі жақсы бастама болмақ. 

Бүгінде елімізде кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекеттің арнайы қолдауы да өз септігін тигізуде. Десе де, шағын және орта кәсіпкерлік бізде айтарлықтай жоғары деңгейге жете қойған жоқ. Мәселен, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында ашылған жаңа шағын аудандарда дүкен, жеміс-жидек пен көкөніс сататын орындар жоқтың қасы. Жалпы, бас шаһарда кез-келген кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар. Себебі, сұраныс жоғары. Ал ұсыныс аз.

– «Бизнес кеңесші», «Жас кәсіпкер» «Бастау бизнес» сияқты жобалар кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың барлық сұрақтарына жауап ала алатын бағдарламалар болып табылады. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы кәсіп бастаймын деген азаматтарға көмек беруге әзір. Жалпы, бас шаһарда кәсіптің барлық түрімен айналысуға мол мүмкіндік жасалған. Қаланың өзі жыл өткен сайын үлкейіп жатқандықтан жаңа шағын аудандарда кез-келген қызмет түрлерін ашуға болады. Биыл Елордада ЖІӨ көлемі 1,2 трлн. теңгеге жеткен. Бұл жалпы елімізге шаққанда 9,2 пайызды құрайды. Бұл жоғары көрсеткіш. Нұр-Сұлтан қаласында қызмет ұсыну 42,5 пайызды, ал сауда-саттық саласы 21 пайызды құрайды. Қазіргі кезде 128 мыңнан аса кәсіпкер шаһарымызда қызмет жасайды. Бұл еліміздегі жалпы кәсіпкерлердің 10 пайызын құрайды. Бастысы, биылғы ЖІӨ-ге кіші және орта кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалардың түсірген пайдасы 58,8 пайызға жетіп отыр. Бұл әлемнің озық мемлекеттері саналатын Франция, Италия елдеріндегі кәсіпкерлік саласымен салыстыруға болады, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Б.Жолболдиев.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, біз кәсіп бастауда кездесетін қиындықтар мен негізгі мәселелерге тоқталуды жөн санадық. Бизнес бастау кезінде қалауыңызға да, нарық жағдайларына да назар аударған дұрыс. Ең бастысы, бастаған істің алға ілгерілеуі үшін еңбектеніп, оның жемісті болуы үшін бар күшті салсаңыз рухани һәм материалдық тұрғыда қанағаттана аласыз! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға