Жаңалықтар

Канар аралдарында Қазақстан консулдығы ашылды

Канар аралдарында Қазақстан консулдығы ашылды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 26.11.2023 10:55 787
Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаевтың Канар аралдары автономиялық қауымдастығына жұмыс сапары барысында құрметті консулдықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі еліміздің сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
 
Сапар аясында қазақстандық дипломат Канар аралдары үкіметінің төрағасы Фернандо Клавихомен және Испания үкіметінің Канар аралдарындағы өкілі Мария Тереза Майанспен келіссөздер жүргізген. Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланғаны айтылды.
 
Сондай-ақ сапар барысында Қазақстан елшісі сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара аясында елші іскер топтар өкілдерінің назарын екі елдің өңірлері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды дамытудың басымдығына, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы жүктерді тасымалдау үшін еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалануға аударды.
 
Сапардың басты іс-шарасы Канар аралдарында ҚР құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі болып отыр. Қазақстанның өңірдегі өкілдігін Атлантика директивалық институтының халықаралық сауда және халықаралық экономика профессоры Рафаэль Хуан Молина Петит басқарған көрінеді. Ол бұрын Канар аралдарының экономика министрлігі мен өнеркәсіп, сауда және туризм министрлігінде басшы лауазымдарында қызмет атқарған болатын.
 
Құрметті консулға, ең алдымен, өңір мен Қазақстан арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл беріледі. Бұл ретте Испания азаматтары асырап алған қазақстандық балалармен байланысты қолдауға ерекше назар аударылады. Айта кететін жәйт, бүгінгі күні Испания Корольдігінде әр аймақта орналасқан 4 құрметті консулдық жұмыс істеп тұр.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға