Жаңалықтар

Кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер өмір бойына сотталады – депутат

Кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер өмір бойына сотталады – депутат
Фото: parlam.kz 21.02.2024 10:55 752

Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Заң жобасын Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова баяндады. Оның сөзінше, заң жобасының жаңа редакциясында Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1 баптарына өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды.

108-1-бап – Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады, - деді Сүлейменова.

Дәл сол әрекет:

1) 2 немесе одан да көп адамға жасалса;
2) осы адамның қызмет кезінде немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышты орындауына байланысты адамға немесе оның жақындарына;
3) аса қатыгездікпен, дәрменсіз күйде не материалдық немесе өзге де тәуелділікте болатын адамға;
4) адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы;
5) бұзақылық ниетпен;
6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық негізінде;
7) бірнеше рет;
8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға байланысты болса;

1 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

109-1-бап – Ұру. Дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады, - деді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, жаңа редакцияда, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Сонымен қатар жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Бұған қоса балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма қарастырылды. Жаңа редакцияда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. Жаңа редакцияда кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. Азаптауға байланысты жаңа норма жаңа құрамда қарастырылды, жаңа редакцияда азаптау үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мәжіліс депутатының сөзінше, бұған дейін, егер, отбасында ойран салған азаматтың басқа тұрғын үйі болса, оның жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруына сот арқылы тыйым салатын норма болды, бірақ ол жұмыс істеген жоқ. Жаңа редакцияда, зорлық-зомбылықа ұшыраған адамды қорғау үшін сот ерекше жағдайларда отбасында жанжал шығарып, құқық бұзған адамды белгілі бір мерзімге жарымен, бала-шағасымен бірге тұруға тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға