Жаңалықтар

Қалдыбай Абдуллин – публицист

Зерттелмеген қаламгер
Қалдыбай Абдуллин – публицист
13.09.2017 10:56 5439

Қалдыбай Абдуллин – есімі қазақ журналистикасы тарихынан елеулі орын алатын алатын сан қырлы талант иесі. Тарихымызды таразылап, өткенімізге үңілген кезде қаншама дарынды қаламгерлеріміздің ескерусіз келгеніне көз жеткізгендейміз. Енді ғана архив деректеріне көз сүзіп, сан жылдар бойы шаң басып жатқан, сарғайған газет тігінділеріне ден қойып, ақтарыстырып жатырмыз. Бір өкініштісі, қазақтың талантты ұландарының еңбектері әлі де жете зерттелмей келеді.

Себебі, төте жазумен, одан қалса, латын әрпімен басылған басылымдарды көз майын тауысып оқып шығу кез-келгеннің қолынан келе бермес шаруа. Оның үстіне газеттердің парақтары жыртылған, әріптері өшіңкірей бастаған, кейбір сөйлемдердегі тыныс немесе басқа да әріптік белгілері дұрыс қойылмаған. Газет тігінділері де толық сақталмаған. Сондықтан да Қалдыбай Абдуллин  туралы зерттеу жұмысы да кедергі-тосқауылсыз болған жоқ. Қалдыбай Абдуллин – әріптестері, ортасы, ұжымы арасында зор беделге, құрметке ие болған адам. Aтап айтқанда, «Тілші» газетінде «Біздің жазушымыз Қалдыбай» («Тілші» 18.08.27 ж.) деген тақырыппен қысқаша түсіндірме басылып, сонымен бірге оның суреті де жарияланған. Қалдыбайдың кезінде үлкен үмітпен, асқақ арманмен:

 - Қиялың босқа кетпес, көңіл шіркін,

 Жетерсің сол жобаңа ақыр бір күн.                                                                        

Тістілер, тырнақтылар жойылған соң,       

Теңеліп жалпы жасар емін-еркін,                               

(«Көмек», 17.11.1919 ж) деп жырлағаны бүгінде жүзеге асып отыр. Бұл бақытты күнді өзі көре алмаса да, еліне, ұрпақтарына тілеп кеткен ақынның ақ ниетіне, пәк көңіліне тәнті болып отырмыз. Ауыр жолды өздері жүріп өтіп, бар азапты шегіп, қазақ халқы, қала берді ауыл-аймағының баянды тіршілігі үшін де хал-қадірінше қимылдаған күрескердің бейнесі осы бір жыр жолынан көрінгендей. Мұндай тәлім-тәрбиелік мәні ерекше жырлары арқылы Қ. Абдуллиннің халық көкейіне берік орныға түсетіні шүбәсіз.         

Сауатын ашуға молда алдына барады. Есейді, әскер қатарына алынды. Орысша оқиды, майдан өтінде шындалып. Елге оралып, мектеп ашып, колхоз ұйымдастыруға ат салысады. Халық ағарту бөлімін басқарады. Өлең жазып, материалдар жариялайды. Баспасөз жаршысы болады. Елді аштықтан алып қалды. Өмірін пида етіп, екінші бір мәңгілік өмірін бастап, халық жүрегіне ұялап қалады.

Қ.Абдуллиннің мінез-құлқы, адамгершілік қасиеті, кейбір қылығы жөнінен де біраз хабардар болғанымызда. Әндем Молдыбаев айтады:                            

- Әкемнің айтуынша, ол шындықты пір тұтатын, жалғанға жаны қас, өмірі өтірік айтқанды жақтырмайды екен. Тіпті, басшыларға да ойындағысын айтып салып, қарап отыратын көрінеді. Ораз Жандосовпен жақсы сыйласып, қатты араласып тұрыпты. Қалдыбайдың қайраткерлік еңбегіне оның көмегі көп тиіпті. Халықты ешуақытта аузынан тастамай отыратын. Әттең, сүйегі жат жерде қалып, опық жеп келеді

1919-1927 жылдары қазақ сахарасында газет-журналдар көптеп шыға бастады. Мысалы, Алматыда «Тілші», Қызылордада «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», Семейде «Қазақ тілі», Петропавловскіде «Бостандық туы», Орал губерниясына қарасты қазіргі Атырауда «Жұмыскер тілі», Астраханда «Кедей тілі», Қызылордада «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Лениншіл жас», «Жаңа мектеп» журналдары т.б басылымдары жарық көрді. Осы басылымдарда қазақ тілінің мәртебесі үшін күрескен, әдебиет пен мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттауда, титтей де болсын, көз майын тауыса материалдар жариялаған журналистердің алдыңғы қатарында Қ.Абдуллиннің жүргенін құжаттардан біліп отырмыз. Оның «Кедей еркі», «Көмек» газеттерінде редактор болғандығын айғақтайтын құжаттар баршылық. Мысалы, «Ұшқын» газеті 1920 жылғы 13 қазанға дейін өмір сүрді. Барлығы 55 нөмері жарық көрді – деп жазады Т. Қожакеев. «Оның орнына осы жылғы 1 қарашадан Исмайл Тайровтың редакторлығымен «Бұқара» газеті шығарыла бастады. 1921 жылы наурызда партияның Х сьезі жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады. Мұны насихаттап, халыққа түсіндіруде баспасөзге жауапы міндеттер жүктеді. Осыған байланысты, «Бұқара» газеті сол жылдың 19 наурыздағы 17 нөмірімен тоқталды да, 2 көкектен оның орнын «Кедей еркі» газеті басты. Оның да редакторы Қ.Абдуллин болды». 

Қалдыбай Абдуллин журналист ретінде ғана емес, саяси сауаттылығымен, мәдени біліктілігімен жарқырап көрініп, зор абыройға, сенімге ие болады, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі. Сол себепті оған ең бір жауапты қызметтер тапсырылады. Қазақтың маңдайалды азаматтары, көрнекті қайраткерлер Т.Рысқұлов, Т. Бокиндермен қызметтес болып, күрес үстінде ширығып, шыңдалады. Халық көңілінен шығады, тұрмысын жақсартуды, ел қамын ойлап, қала берді ақындық қабілетін де, журналистік дарынын да, күрескерлік күш-қуатын да аянбай жұмсаған. Бұл еңбегі елеуге, мақтан етуге, өскелең ұрпақтарға үлгі-өнеге етуге тұрарлықтай. Біз қазақ өзі аз халықпыз. Азаюымызға көптеген себептер бар. Оның ең үлкен себептерінің біреуі кеңес үкіметінен көрген зорлығымыз. Елім, жерім деген азаматтардың барлығын қырып салуы. Нағыз елі десе жанын беретін азаматтар жайлы деректерді біле алмай отырғандығымыз. Елдігімізге сын деп білем. Кез-келген материалын жазғанда шынайы фактіге негізделгеніне, тұжырымды пікір білдіре алғанына, қарабайыр көсемсіп кетпегеніне көз жеткізесіз. Алдымен фактіні жинай білу, орынды қолдану, жанр ерекшелігін сақтау, сөзбұйдаға салынбау, өзге де журналистке тән қасиеттер Қ. Абдуллин публицистикасынан айқын көрінеді. Бұл жайында, Қалдыбайға жоғары баға бере келіп, профессор Т. Қожакеев былай дейді: «Өз кезінің көрнекті журналисі газеттерге қатысып қана қоймаған, жалпы баспасөз туралы ойлар да айтқан, «жұрт,-деп жазды бірде ол,-баспасөз маңызын түсінбейді. Сондықтан оған жазушы да, оны алдырушы да аз. Қазір «Тілші» газеті халі нашар болып, дағдарып тұр. Енді қаражат жағын күшейтуге қамданып, амал табу керек... Газет – елдің көзі, құлағы, саяси, шаруашылық тіршілігінің жолбасшысы. Матбұғат жұмысын өркендетіп, ілгері жіберуге тырысу – баршамыздың бірінші міндетіміз» деген Қалдыбайды ұғыну әрбір журналистке міндет.

Ел мүддесі, халық қамы деген кезде айтылатын адамдардың саны тым аз, саусақпен санауға келеді. Мен жазған жұмыстың мақсаты «Жоқтаушысы жоқ журналист» деп Темірбек Қожакеев салған ізді Нұрлан Қалқаның арnынан жалғау болды. Зерттелген, зерделенген дүниелерге өзімдік көзқарасымды қосып, пікір білдіру. Олар мақсат етіп қойған дүниелердің әлі де болса орындалмағанын көріп, есе алынуына себепші болу еді. Профессор Б. Сүлейменов: "Патшалық үкіметтің ойынша, Қазақстан жерін түрлі генерал-губернаторлықтар мен әскери округтарға бөлшектеу, қазақ халқының ұлттық бірлігінің қалыптасу жолына кедергі болып, қазақ халқын отарлық езгіде ұстауды жеңілдетуі тиіс еді" - дейді. Осы саясаттың өте жоғары дәрежеде жүргізілуінің  арқасында әлі күнге дейін өзімізді, халқымыз, ұлыларымызды жинай алмай келе жатырмыз.  Олардың бойындағы ұлтқа деген сүйіспеншілікті, олардың алдындағы жауапкершілікті сезінулерін өселең ұрпақтың бойына сіңдіре алмай келе жатқан оқылықты жою болатын. Журналист ретінде зерттей отырып, Қалдыбай Абдуллиннің бойынан табылатын журналистке тән ерекшелікті ұғыну.

Қалдыбай тұлғасы – аз зерттелінген, тарихи бағасы әлі толық беріліп үлгермеген қайраткерлердің бірі. Мұның басты бір себебі – тұлғаның қайраткерлік қырлары мен іскерлік тәжірибесінің кеңестік саясатта қалыптасуынан. Алайда Абдуллинұлын тек кеңестік қызыл белсенді, «ұраншыл» коммунист ретінде қарастыру тарих алдында да, тұлға атына да зор қиянат. Сол себепті жұмысымызда Абдуллин шығармашылығын саралауда оның ұлттық көзқарасы мен тұлғалық ұстанымдарын өзек ете отырып, қалам қуаты мен адами қасиеттерін тең деңгейде айшықтауға тырыстық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға