Жаңалықтар

Қалам мен қапас

Қапаста тұншыққан тағдыр
Қалам мен қапас
03.09.2017 15:48 5305

Қажықұмар Шабданұлының атағы әлемге танылмаса да, есілдің ердің есімі арғы-бергі қазақтың жадында жатталып, қазақта осындай батыр жазушысы бар екенін дәлелдеген қаламгердің «Қылмыс» романы еді. Қажығұмар Шабданұлы! Осы бір есімді бұл күнде естіп білмеген қазақ баласы, жоқ шығар. Оны қазақ әдебиетінің классигі, Шыңжандағы жаңа әдебиеттің негізін салушылардың бірі ретінде танымаса да, дүниежүзілік рекордтар кітабына енген адам ретінде жақсы біледі.

Рекордтар кітабы... Қай саладан қара үзіп шықты дейсіз ғой? Абақтыда ең ұзақ отыру жағынан. Шабданұлы 86 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін өмірден озды. Арадағы үзілістерді еске алмағанда, ол осы жылдардың тең жарымын түрмеде өткізіпті.

Жазушы және түрме. Қалам мен қапас. Әдетте сыйыспайтын-ақ ұғымдар. Екінші жағынан қарасаң, таңданатын да ештеңе жоқ сияқты. Империяға күні қараған кіріптар, бодан елдің өз ұлтын сүйген, азаткер зиялысы абақтыда отырмағанда қайтуші еді? Ағыспен жүзетін ептілер мен жансауға жағымпаздар болмаса, қуғын-сүргін, айдау, абақты дегендерің – қайраткер азаматтың маңдайына жазылған сыбағасы емес пе?! Ресей империясында барар жерің – итжеккен, Сібірдің ақырған аязы, ит тұмсығы өтпес тайга орманы... Ал Қытай қағанатында ондай суық Сібір жоқ. Оның есесіне Тарым бойлаған Такламакан шөлі бар. Саясыз, панасыз, жалаңаш шөл. Алпыс градус аптапта ұшқан құстың қанаты күйеді. Сібірде – азап болса, Тарымда – тозақ. Жазушы Шабданұлы жаза мерзімінің аттай жиырма жылын (1958-1978ж.ж.) осы Тарым лагерінде өткізді. Тек Мао өлген соң ғана бір мезет кеңшілік алған.

Алайда бұл бостандық та ұзаққа бармады. Арадағы аз үзілістен соң жазушы қайтадан қамауға алынды. Себеп-сылтауы жеткілікті. «Кеңестер Одағының тыңшысы» деген айып тағылды. Бұл жолы кесілген мерзімі – 15 жыл. Жазасын өтеу орны – Үрімжінің бірінші түрмесі. Айы-жылы, сағат-минутына дейін түгел өтеп шықты (1986-2000 ж.ж.). Абақтыдан босаған соң, алысқа ұзатпайтын, үнемі бақылауда болатын бес жылдық үй қамағы тағы бар. Бұған баяғы студент кезінде Гомендаң түрмесінде жатқан екі жылды қоссаңыз, Қажекеңнің қамаудағы стажы қырық жылдан асып жығылады. Қытайдың Шыңжаң автономиялы ауданына қарасты Шәуешек қаласында тұратын жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. 1930-шы жылдардың басында ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барған.

Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған. Алғаш рет 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айрылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде толық өткеріп, 1980 жылы бостандыққа шығады.

1986 жылдың желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Бұл жаза мерзімін ол Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өткізеді.

Иә, әділетсіздік пен диктатура жайлаған елде түрмеде кім жатпайды. Құлдыққа көнбейтін саналы адамның бір мекені – абақты. Мәселе түрмеге түсуде емес, қапастағы жылдарды қалай өткеруде. Шабданұлының дүниеде теңдесі жоқ ерлігі – ол өзінің негізгі шығармаларын осы түрмеде отырып жазды. Лагерьде жүргенде оқиғасын баста пісіріп, желісін ойша құрып келген болар. Тарымнан қайтқан соң бірден «Қылмыс» романын жазуға отырған. Бірақ бостандықта өткен аз жылда алты томдық шығарманың алғашқы екі томын ғана шығарып үлгерді. Үшінші томы түптеліп жатқанда ұсталып, өртелді. «Қылмыстың» қалған томдарын ол Үрімжі түрмесінде отырып жазды. Жазылған тілдей қағаздарды астыртын сыртқа шығару, жазғандарын түрлі тәсілмен сақтау, кейін ол кітаптар мен қолжазбалардың әртүрлі жолдармен шекара асып, менің қолыма жетуі – өз алдына бөлек хикая.

Сөйтіп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет дүниеге келген алты томдық романның кіндігі түрмеде кесілді. Қандай төзім, қандай еңбекқорлық, әдебиетке деген неткен құштарлық десеңізші?! Өзі зынданда жатқан, жарық дүниеге аман шығар-шықпасы екіталай адамның ұлы мақсаттан айнымай, болашақ ұрпаққа арнап кітап жазуынан асқан ерлік бола ма?!

Жазушының «Қылмыстан» басқа, түрмеде туған тағы бір кесек шығармасы –  «Пана» романы. Шыңжандағы ұлт-азаттық күрестің қаһарманы Зуқа батыр өмірін арқау еткен бұл романды 2004 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Алматыда басып шығарды. Романның аяғында «26.ІІ.1988 ж. - 25.VІІ.1989 ж. Үрімжі. N1 түрме» деген жазу тұр. Иә, Қажекеңнің он бес жыл өмірі өткен байырғы мекені осы. Жазушының бұл түрмеде тағы қандай шығармалар жазғаны бізге әзірше беймәлім.

Шыңжандағы қазақ әдебиетінің өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелігі, онда «түрмеде туған әдебиет» деп атауға болатын шығармалардың тұтас бір шоғыры бар. Шыңжанда «түрме туындыларының» негізін қалаған – Таңжарық ақын. Жеті жыл (1940-1946 ж.ж.) Үрімжі түрмесінде азап шеккен Таңжарық Жолдыұлы шығармаларының жетпіс пайызын қапаста отырып жазды. Арада жарты ғасыр өткенде оның дәстүрін Шабданұлы жалғастырды. Өлеңнің жолы жеңіл, камерада бірге жатқандар жаттап алып, халыққа жеткізіп отырған. Ал қарасөзден тұратын романдар циклін тілдей қағаздарға ұсақтап жазып, біртіндеп сыртқа шығаруды құдай басқа салмай-ақ қойсын.

Айта кетер бір жәйт: әрине Қазақстанда да атылып-шабылған, абақтының дәмін ұзақ татқан қаламгерлер аз болған жоқ. Көбі айдаудан қайтпай, жендеттер қолынан мерт болды. Бір өкініштісі, солардан қалған әдеби мұра жоқтың қасы. Иманжүсіп пен Мәдидің мұңды-зарлы әндерінен өзге «түрме туындысы» шамалы. Неге олай? Ресей түрмелерінің есігі неге сонша берік болды? Кірген ізі бар да, шыққан із жоқ. Әлде бабаларымыздың «Орыс – темір ноқта, Қытай – қайыс ноқта» дегені рас болғаны ма? Зерттеу керек.

«Қылмыс» романы жанры жағынан мемуар, яғни ғұмырнамалық роман деуге болады. Бірақ жазушы мұнда тек өз өмір жолын баяндап қана қоймайды. Көп томды кесек шығарма жарты ғасырға созылған тұтас дәуірді қамтиды. Романның алғашқы тарауларында өткен ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақстан өмірінің ащы шындығы бар. 1925 жылы Аягөздің Таңсық даласында дүниеге келген жазушы 1932 жылы, жеті жасында ашаршылыққа ұшыраған елмен бірге Шәуешекке өтеді. Одан былайғы тарауларда жат жердегі босқындар тірлігі, олардың Қытай еліне бірте-бірте қалай сіңіскені әңгіме болады. Келесі кітаптарда Шыңжандағы ұлт-азаттық күресі, реформалар мен төңкерістер, қожайын ауысқанмен мән-мағынасы өзгермеген өкіметтер көз алдыңыздан тізбектеліп өтіп жатады. Біз осының бәрімен автордың екінші «мені», бас кейіпкер Биғабілдің басынан кешкендері арқылы танысамыз.

Ең ғажабы жазушы өз шығармасына осыншама ұзақ уақыт, сан алуан оқиғалар сыятындай тамаша форма тапқан. Ол да – батыстың емес, автордың өзі жақсы білетін шығыстың шарапаты. Жол нұсқаған – сол баяғы «Мың бір түн». Ежелгі араб ертегісінде «О, құдіретті падишам» деп басталатын Шаһиризаданың бірінен бірі өткен хикаялары болмаушы ма еді. Мұнда да сол сияқты. Роман оқиғасы тұтқынның тергеушіге қайтарған жауабы түрінде баяндалады. Әр тараудың басында автор өз атынан: «О, құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз» деп қайталап отырады.

Шығарма ащы әжуаға, қыжыл мен кекке, мырс етер мысқылға толы. Жазушы мен қоғам арасы кереғар. Тергеуші оның бүкіл тірлігінен билікке қарсы қылмыстың ізін көреді. «Иә, дұрыс айтасыз, менің жарық дүниеге келіп, жер басып жүргенімнің өзі қылмыс, - дейді ол тергеушіге. - Сонан кейінгі ең үлкен қылмыскер - менің анам. Егер сол кісі мені жарық дүниеге әкелмесе, жеті жасымда қолымнан жетелеп, осы елге алып өтпесе, онда кейінгі қылмыстардың бірде-бірі болмас еді...»

Қажығұмар Шабданұлы – әдебиеттің барлық жанрында еңбек еткен қаламгер. Алғашқы қадамын өлеңдетіп бастаған. Оның «Біздің үй» поэмасы сонау елуінші жылдардың өзінде-ақ автордың даңқын көкке көтерген. Жазушының драмалық туындылары мен прозаның шағын жанрында жазылған еңбектері де аз емес. Жалпы, Шабданұлы шығармаларының толық жинағын шығарып, түбегейлі зерттеу – алдағы күндердің ісі.

2010 жылы 27 қаңтарда Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Жазушының тағдыры бүкіл қазақтың тағдырының айнасы іспеттес.

Алматыда белгілі жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романын Мәдени саясат және өнертану институтының атынан Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ұсынған болатын. Қажығұмар Шабданұлының  кітабын оқып отырған кезде 20-шы ғасырдағы қазақтың  алқакөл сұламасын анық көреміз.  Жалпы алғашқы екі томы Қытайда жарық көрген бұл шығармасы үшін жазушыға  2000 жылы Қазақстан Жазушылар одағы халықаралық «Алаш» сыйлығын берген болатын. 2005 жылы Дүниежүзі қауымдастығы жанындағы «Атажұрт» баспасынан оның алғашқы   томын шығарған еді. Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен  романның 6 томы толықтай жарық көріп, оқырманның іздеп оқитын сүйікті  кітабына айналды.

2010 жылы 9 қарашада Алматыда «Алтын қалам» байқауы  марапаттау рәсімінде Шыңжандағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті қаламгер Қажығұмар Шабданұлы  «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» деген атақпен марапатталды. 

«Бұл Қажығұмар Шабданұлының туған жерінде алған алғашқы әдеби сыйлығы және осы сыйлықты біз ұйымдастырғанымызды мәртебе  әрі мақтаныш санаймыз», -деді «Алтын қалам» әдеби жүлдесі ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры  Кенже Жұманұлы.

Қазақтың арда азаматы, талантты қаламгер, бүкіл ғұмыры азаттық үшін күреспен өткен  Қажығұмар Шабданұлы саяси қылмыскер деп айыпталып, Қытай түрмелерінде 40 жылдай отырған, «Қылмыс» атты 6 томдық кітапты абақтыда жазып шыққан, Қытай өкіметі  тарапынан саяси себептерге байланысты қудаланған.

Көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының жасы биыл сексеннің бесеуінде. Ол 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданына қарасты Таңсық ауылында дүниеге келген. Қаршадайынан тағдырдың тәлкегіне түсіп, маңдайына жазылған талай қиындықтарды мойымай көтеріп, жеңе білген Қажығұмар ағаның өмірі ешкімге ұқсамайды. Жеті жасында, сол кезде Қазақстанды басқарған Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығына ұшыраған жұртпен бірге 1932 жылы шекара асып, Қытай жеріне өтеді. Ол жақта Шәуешек қаласында тұрақтап, үзбей оқу, үйрену нәтижесінде шығармашылық жолға түседі. Елуінші жылдардың соңына қарай Қытайда басталған Мәдени революция науқаны бүкіл Қытай халқына, әсіресе Шыңжаң қазақтарына өте ауыр тигені белгілі. Оның арты көтеріліске ұласты. Осы науқан кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, қайғы құшқан қазақтардың ауыр тағдырын Қажығұмар Шабданұлы өз басынан өткерді. Саяси тұтқын ретінде сотталып, Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінде табаны күректей жиырма жыл жатады. Одан шыққаннан кейін Кеңестер Одағының тыңшысы деген жаламен Үрімшінің түрмесінде тағы он бес жылын өткізген. Осылайша Қажықұмар аға өмірінің жартысын саяси қылмыскер ретінде қытай түрмелерінде өткізді.  Саналы ғұмырын ата жұрттан жырақта, бөтен елдің қапасында өткізген Қажығұмар Шабданұлының өмір бойғы арманы Қазақ еліне жетіп, кеудесін кере бір тыныстау екен. Ақсақал сол арманына жете алмай кетті. Тым болмаса ұрпағым қалса екен деген әке арманы орындалды, бүгінде сол өзінің кіндік қаны тамған, көк туы желбіреген тәуелсіз Қазақстанда жазушының жиендері шыбық мініп, шапқылап жүр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға