Жаңалықтар

Қалай қарайсың?

«Ninety One» тобы өнерімізді жаңа деңгейге көтере ала ма?
Қалай қарайсың?
09.08.2018 15:49 6547

2014 жылы Q-pop бағытында құрылған тұңғыш қазақстандық топ. 91 - Тәуелсіздіктің белгісі, сол үшін де топтың музыкасы, стилі және шығармашылығы тәуелсіз және еркін.Олар туралы сөз де, түрлі пікір де, негативті көзқарас та бар. Қалай дегенмен олар музыка, шоу-бзнес саласына жаңашылдық әкелді.

Алдымен топ туралы қысқаша мәлімет берейік. "Ninety One" 2015 жылы 1 қыркүйек күні JUZ Entertainment лейблымен дебют жасаған қазақстандық бойзбенд. Топ құрамына кіретіндер: A.Z. (Азамат Зенкаев), ALEM (Батырхан Мәліков), ACE (Азамат Ашмақын), ZaQ (Дулат Мұхаметқалиев) және BALA (Данияр Кулумшин). K-popағымынан бастау алған жаңа музыкалық жанр Q-pop (ағылшын тілінде Qazaq-pop, қазақ поп) негізін қалаушы. Топ продюсері елімізге танымал ORDA тобының қатысушысы — Ерболат Беделхан.

Биыл «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде сөйлеген Zaq – Дулат Мұхамбетқалиев қазақстандық мәдениеттің заманауи трендтерге бейімделгені жөн екенін айтқан еді.

«Шын мәнісінде музыка дегеніміз не? Бұл сұрақтың жауабын тапқан соң менің өмірім күрт өзгерді. Кей алаңдарда біздің өнер көрсетуімізге қарсылық білдірді. XXI ғасырда өмір сүретін қазақтар үшін заманауи артист болу, шоу көрсету және ән айту қиындады. Біз осылайша ХХІ ғасыр мен қазақтар менталитеті бір бірімен қиыспайды деген стереотипке тап болдық. Мен мұнымен түбегейлі келіспеймін. Қазақтар мәдениеттен ада болмауы керек ", — деді  Дулат Мұхамбетқалиев.

Оның айтуынша батыс мәдениеті жастарды уақыттың жаңа тынысына бейімделгіштігімен тартады. Қазақстанның бай мәдениеті жас буынның да талғамын ескеруі керек екенін баса айтты.  

«Рухани жаңғырудың негізгі көзі – өнер. Ал оған дем беретін шоу-бизнес. Қазір  NinetyOne Q-pop бағытын әкелді. Мен мысал ретінде Корея, К-рор (Korean pop) туралы айтқым келеді. Қазір олар туризм табысының негізгі көзіне айналды. Жыл сайын бұл бағыт бес мың АҚШ доллары көлемінде қаражат әкеледі. К-рор мемлекет тұрғысынан қолдау көреді. Меніңше біздің Q-pop-ты да дәл сондай деңгейге көтеруге болады", — деді ол.

Жас әншінің айтуынша "Ninety One" шетелдік фанаттары қазақ тілінің әуездігіне қызыға бастады. Топтың әлемдегі 120 елінде фанаттары бар екенін айтты.   

"Әріптестеріме айтарым, бізге бірігу керек. Біз қазақ тілін, отандық өнерді әлемдік деңгейге көтеретіндей етіп жұмыс жасауымыз керек. Сеңді жібіру ешқашан кеш емес", — деді Дулат Мұхамбетқалиев.

 Бүгінде «Ninety One» тобының жанкүйерлері сауда орталықтарынан оларға ұқсас стильдегі киімдерді іздемесе де болады. Себебі, топ мүшелері «Q-GENERATION» авторлық киім желісін құруда жұмыс істеуде.

«Q – GENERATION» - Қазақстанда құрылған киiм брендi, беделді компания Juz Entertainment және жас дизайнер Bibotta'ның бiрiгiп жасаған жұмысы. "QG" (кьюджи) брендi - ыңғайлық пен стильге негiзделген, минимализм және sport casual стилiндегi жастардың әр күндік киiмi.

 

Осылайша музыка әлемінде жаңалық әкелген «Ninety One» тобы шоу-бизнеске де жаңа леп әкелді. Қазақстанның ешбір музыкалық тобы мұндай ауқымды промоушн жасаған жоқ. Ал  «Ninety One»  тобының қадамдары бұл бір топтың емес, тұтас ағымның, ұрпақтың мәселесі. Оның айтатын месседжі тек жас аудиторияға емес, бірнеше буынға жететін, өтетін дүние.

 

  Дайындаған: Аружан Дәрібай

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға