Жаңалықтар

Қайырымдылық салтанат құратын бал

Астанада «ХІ Қысқы қайырымдылық бал-маскарады» өтеді
Қайырымдылық салтанат құратын бал
16.11.2018 20:24 7430

Қайырымдық шаралары. Бірден ойыңызға келетіні не? Мұқтаж адамдар туралы аянышты әңгімелер, тоқтық деңгейі беттерінен көрініп тұратын шенеуніктер немесе жағымдылығын арттыруға тырысқан жұлдыздардың қаржылық көмегі туралы ұзын-ұзақ баяндамасы ма? Ал енді елестетіп көріңіз. Жарқ-жұрқ еткен салтанатты зал, фокстрот әуені, смокинг киген сымбатты жігіттер мен аппақ көйлекті, талдырмаш денелі бойжеткендер сап түзеп, айдында жүзген аққудай билеп жүр. Иә, «Болашақ» Корпоративті қоры әлеуметтік маңызды жобаларын жүргізу үшін қайырымдылық шараларын қалай ұйымдастыруды біледі. «ХІ Қысқы қайырымдылық бал-маскарад» биыл да өз қатысушыларына есігін айқара ашады. 8 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған қайырымдылық бал Астана қаласында 8 желтоқсан күні өтеді. Осыған орай 16 қараша күні «Sputnik Kazakhstan» баспасөз орталығында аутизм дертіне шалдыққан және басқа да ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету жобаларын қолдау мақсатында өткізілетін «ХІ Қысқы қайырымдылық бал-маскарадына» қатысты баспасөз конференциясы болды. Шара барысында «Болашақ корпоративті қорының директоры Динара Чайжунусова бастаған ұйымдастырушылар тобы қайырымдылық шарасы туралы, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жобалар мен бағдарламалар туралы айтып берді.

Жалпы Қайырымдылық балы туралы идея қайдан келгені туралы Динара Чайжунусова былай деп еске алады:

2010 жылы Radisson Hotel Astana қонақ үйінде досым Еспьер Франспен бір жұмыстарды талқылап,  әңгімелесіп отырдық. Ол осында басқарушы болып қызмет етеді. Сол кезде банкет залында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Әдемі зал, мінсіз сервировка. Бұл не шара деп сұрағанымда қонақүй қызметкерлеріне арналған корпоративтік кешкі ас деді. Ал мен ерекшелігі бар балалаға бір әдемі шара өткізгім келіп жүр еді. Неліктен бізге бал ұйымдастырмасқа? Осылайша Rаdisson-да туындаған идея Rаdisson-да қолдау тапты. Жыл сайын қайырымдылық балдарымыз осы қонақ үйдің әдемі залдарында өтеді.

Жалпы қысқы қайырымдылық балы біздің ең сүйікті жобаларымыздың бірі. Бұл жай ивент емес. Бұл қайырымдылықпен айналысқысы келетін жандардың басын қосу. Әдемілік арқылы ізгілікке шақыру. Білесіз бе, тіпті балға қатысқан дебютанттардың бойында өзгеріс байқалады. Олар бірнеше ай бойы вальс, фокстротты үйренеді. Жттығудан соң өзгерісті бірден байқайсыз. Қимыл-қозғалысында ғана емес, өмірге көзқарасынан. Олар өмірден сұлулықты көргісі келіп тұратын сияқты маған. Айтпақшы, біздің тәжірибемізде биге келген жастар арасынан танысып, сезімдері махаббатқа ұласып ары қарай отбасы құрған 4 жұп бар.

Айнұр Көпбасарова, «А+А» продюсерлік орталығының негізін қалаушы, Қордың қамқорлық кеңесінің мүшесі:

Біздің ұйым үшін бұл жобаға қатысып, қолдау білдіру үлкен мәртебе. Демеушілік дегеніміз тек материалдық қолдауды ғана емес, рухани қолдауды да меңзейді. Жалпы қайырымдылықтың өзі діни жағынан да, пәлсапалық жағынан да ғажап дүние. «Қайырымдылық қылсаң, қайырымын аласың» деген сөз бар емес пе? Біз мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын соза отырып, олардың мүмкіндігінің шексіздігін көрсетеміз. Биыл қайырымдылық балы 8 желтоқсан күні өтеді. Қараңызды 8 санының өзі шексіздікті білдірмей ме? Демек қайырымдылық, игі істердің шегі болмауы тиіс. Өміріңізде қайырымдылық болмаса оның мәні жоқ. Біз қорға төртінші жыл қатарынан көме беріп келеміз. Бірақ бергенімізбен қатар алғанымыз мол. Бұл шара біздің өмірімізді мәнге толтырады. Бір жылдары аукционға қатысып антиквариат кілем алған едік. Кеңсеміз қайда көшсе де сол кілеміміз бізден қалған жоқ. Қанша қайырымды жандар, жайсаң азаматтар басты бұл кілемді. Талай игі шаралар, ауқымды жобалар осы кілем үстінде туындады.  

2017 жылы өткен Қысқы балдан көрініс (фото "Болашақ" КҚ парашасынан алынды)

Қайырымдылық бал қатысушылары жарна төлейді. Сонымен  қоса бал аясында аукциондар өткізіледі. Шара ұйымдастырылған 8 жыл ішінде 218 млн. теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражаттың әзірге тек 33 млн теңгесі жұсалды. Қайда десеңіз:  

- Қазақстанның 9 қаласында 20 мектепте инклюзиялық сыныптар ашылды;

- Ерекше балалармен жұмыс істейтін 600-ден астам маман білімін жетілдіріп, біліктілік курстарынан өтті;

- Ерекше қажеттілігі бар және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға 17 оқу және 47 жол жүру гранттары берілді;

- 8 мамандандырылған реабилитациялық мекеме жабдықталды;

- Астана қаласында көру қабілеті нашар жандар үшін кітапханада арнайы жабдықталған жазу студиясы ашылды.

Дебютанттар балға дайындалуда (фото "Болашақ" КҚ парашасынан алынды)

Қайырымдылық балында саудаға шығарылған лоттардың ең қымбатына көз салсақ: Артур Конан Дойлдың 1895 жылы шыққан «Старк Монро құпиясы» романының бірінші басылымы – 35 000 000 теңге (2017 жылы); «Формула-1» автошабандозы Михаэль Шумахердің қолтаңбасы бар бейсболка – 15 500 000 теңге (2017 жыл); Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің боксерлік қолғабы  - 2 500 000 теңге (2015 жыл) және тағы басқа дүниелер бар. Биыл акционға Илья Ильин 2015 жылы Грозныйда өткен Ресей президенті кубогында әлемдік рекорд орнатқан кеудешесін берді. Сондай-ақ аукционда Илья Илинмен жаттығу залында бір күн өткізуге сертификат берілмек. Сонымен қатар Қор басшысы Динара Чайжунусованың айтуынша биыл акционға 1920 жылы тоқылған түркімен клемдері, ағылшын жазушысының 1908 жылы басылып шыққан кітабы, француз шеберлерінің XVII ғасырда жасаған білтелі шамы және басқа да жәдігерлер шығарылмақшы.

Жоба туралы баспасөз конференциясында ерекше баланың анасы Жанна Қалиева сөз сөйледі:

«Менің қызым 10 жаста. Ерекше баланың анасы ретінде «Болашақ» Корпоративті Қорының жасап жатқан жұмыстарына ризамын. Олардың жабдықтап жатқан сыныптарын, техниканы, арнайы жабдықтарды суретке түсіріп, қолмен ұстап көруге болады. Бірақ білесіз бе, көзбен көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезінетін қолдау бар. Оның құндылығы тіпті артық. Ерекше балалардың ата-анасы бұл қолдауды сезеді. Мен осы Қайырымдылық қоры мүмкіндігінше көбірек қаражат жинаса екен деймін. Сонда мен айтқан қолдауды басқа ата-ана да сезеді. Инклюзивті сыныптар саны артады. Менің арманым да мұратым да осы.

Келесі жылы «Болашақ» корпоративті қоры «әр бала мектепке лайық» жобасы аясында Қазақстанның барлық ірі қалаларында инклюзивті сыныптар ашуды жоспарлап отыр. «Одан келесі жылы Қазақстанның барлық ірілі-ұсақты қалаларындағы барлық баланың мектепке баруына мүмкіндік жасаймыз», - дейді Қор жетекшісі Динара Чайжунусова. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Қазақстанда аутист балалар саны - 33 574. Ал инлклюзивті білім беретін мектептер саны – 6. Қоғам бұл балалардан сырт айналуы тиіс пе? Әрине жоқ. Сондықтан осындай игі шараларқа қатысу, қолдау саналы қоғам мен оның зиялы өкілінің азаматтық парызы деп ойлаймын. Қайырымдылық балда ғана емес, өмірімізде салтанат құрсын!

Фото авторы: Чингиз Майсеитов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға