Жаңалықтар

Қайырғали Медеттің журналистік ізденістері

Публицист шығармашылығының ерекшеліктері
Қайырғали Медеттің журналистік ізденістері
23.09.2017 12:19 3560

Қайырғали Медет тіл мәселесін ұдайы көтеріп жүрген журналист, редактор. Ол өзінің «Сөз өнері. Біз бұған қаншалықты мән береміз?» атты мақаласында да орынды көтере білген. Бүгінгі өзекті болып тұрған тіл мәселесін Қ.Медет сонау ХVІІІ ғасырда жазылған Қожаберген жыраудың әйгілі «Баба тіл» атты дастанынан өлең шумақ келтіреді. Бұл шумақ былай жазылған: Өз тіліңде жазбасаң, Соғып та кетер киесі. Өзге тілден көп артық Қазақ тілі жүйесі, –  деген екен жүз жасаған Қожаберген жырау. 

Қ.Медет осы өлең жолдарынан кейін, еліміздің жастары болсын, кәрісі болсын тілге деген құрметтен ада болып бара жатқандығын сынға алады.  Оны ол үш жасар сәбидің көрген тәрбиесінен дәлел келтіреді. Сол сәби аяғына етік қонышын кие алмай « ой, шешең, ой, шешең.» деп былдырап отырғандығын мысалға алады. Бұлай кете берсек, кейінгі өскелең ұрпақтың тілге деген құрметін жоғалтып алуы ықтимал екендігін де ескертеді. Ол әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың тілге қатысты қағидасын алдыға тартады: «...Туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезден, бұла кезіңнен басталмаса, кейін қиынға соғады. Айналаңдағы адамдарға, өзің өскен ортаның табиғаты мен халқыңның мәдениетіне, дәстүріне деген көзқарас та туған тіліңді білуден басталады...»  Қ.Медет осының барлығын ескере келе, Оңтүстіктегі тіл мәселесін қолға алуды ұсынады: «...Ендігі жерде жұмыла әрекет ету өзімізге байланысты. Осы орайда, бірінші кезекте Оңтүстікте баспа өнімдеріндегі, тәуелді, тәуелсіз газет, журналдардағы көз сүрінер солақай сөйлемдерден , жадағай да анайы тіркестерден арылуды қолға алу керек сияқты. Және де кей баспа, басылымдарға қарап автор таңдаған дұрыс шығар. Өйткені, оқырманды тәрбиелейтін баспасөз екенін есте ұстайық...» депті.  Адамға туған жерден өзгенің барлығы қызмет не тіршілік үшін уақытша өмір сүретін тұрақ сияқты. Ауылды сағынып, ауылдың ақсақалдарының қолын алып, құрбы-құрдастармен бас қосып көңіл қошын басатын орның да сол кіндік қаны тамған жерің. Осындай тақырыпты қозғаған Қ.Медеттің «Жылан бұзған» мақаласынан оқып, өзіңнің де елдің киелілігін аңғаратын халге түсесің.  Ол қасиетті Қазығұрттың Шығыс баурайында Өгем жоталарынан бастау алған Бадам өзенінің сол сағасында орналасқан «Жылан бұзған» деген жер атауының маңызына тоқталады. Онда сол жердегі ешкімге зияны жоқ өмір сүріп жатқан ордалы жыланның ұйысып жатқан жеріне әлде бір тентек от қояды. От қоюшы өзінің ісін бітіріп болған соң, Ташкент асып кетеді.  Бірақ, ордасы өртке оранған жыланның бірде-бірі ауыл адамын шағып, не опат қылмаған. Ал, әлігі жер ауыстырған тентек, не керек күндердің күнінде базарға барып серке сатып алады, ал сол серкенің мүйізіне оралып барған ордалы жыланның бірі әлгіні шағып өлтіріпті. 

Осындай оқиғаны қағазға түсірген Қ.Медет табиғатында жасыл түстес болып келетін орда жыландары ешкімге, ешнәрсеге өздігінен тиіспегендігін, оларды қазақтар қастерлеп «үйге кірген жыланға ақ құйып шығарған» деген мағыналы сөздерді бекер айтпағандығын жазады.  Шындығында бұл тек қана жыланға қатысты айтылмаса керек. Адамдар да өздерінің ара-қатынастарында өзге біреуге қиянат жасамас деген ұғым туады. Бір-бірімен тату тәтті, келген қонақты барыңмен күтіп алып, шығарып салып отырғанға не жетсін. Әркім өзінің ризығымен келіп, өзіне бұйырғанды ғана ас қылады емес пе. Осындай ниетпен табиғат ананы да қорғап, тіршілік иесін қорламауға шақыратын осы мақаладан оқырмандар көп нәрсені ұтады.  «Жылан бұзғанды» бұл жерде әдейі келтіріп отырмын. Қ.Медеттің тек қана публицистік жанр шебері ғана емес, ол көркем сөздің ойын мақала арқылы жеткізе білетіндігін де айта кеткенді өзімше дұрыс санағандығым.  Ал енді Қ.Медеттің тағы да публицистикаға қатысты бірді-екілі мақалалары туралы сөз қозғайық.  Оның «Бізге қандай ұйымдар керек немесе сіз өзіңізді-өзіңіз алдап жүрген жоқсыз ба?» атты мақалада осы күндері тойда бола беретін асабаның аузынан шығып жататын шағын ауылдағы «көкелеріміздің тең жартысы президент, қалғандары вице, ген-директорлар болып шығатынын, ал сол жердің тумасы, қазақ жұртына белгілі болып қалған журналистің еленбеуі жайында әңгіме қозғай отырып, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалына қатысты келеңсіздіктердің бой алдырғанын жазады. 

«Жібекті түте алмаған жүн етеді» демекші, оның айналасында жүргендердің беделінің жоғалып бара жатқандығын, кім болса сол жазушы атантып, елдің арасында өзгені абройсыз атанып жүргенін де өткір сынайды.  Оған мысал да кетіріп отырған. Ол «...Құдайға шүкір, Оңтүстік ақынжазушылардан кенде емес. Бірақ, Жазушы деген киелі ұғымның қатарына түрлі жолдармен бір-екі кітап шығарғандардың бәрі оп-оңай ене беретін болғаны ма? Көркемдік кеңесте талқыланып, жоғары талапқа сай болмаса да, баспа жүзін көрмей жатқан шығарма жоқ. Пысықайлар қампиған қалтамен қампиған жылтыр кітаптар шығарып ала қояды. Сонда айтар ойы таяз, мазмұны жұтаң, сөлі жоқ, нәрсіз дүниелер кімге керек? Тіпті, жуырда мен Оңтүстікке танымал «жазушының» шығармасынан 107 сөзден тұратын бір құрмалас сөйлем оқып таң қалдым. Мұндай ойы шашыраңқы, не айтары белгісіз, сөйлемді тілшіғалымдар «Гиннес» рекордтар кітабына енгізсе де болар-ау. Таяз шығармалармен рухани деңгейді қалай көтермекпіз?...» деп орынды мәселені қозғайды.  Қ.Медет әркезде өзінің қаламынан туған мақалаларын тыңғылықты зерттеу арқылы қағаз бетіне түсіреді. Оның айтқандары да, жзғандары да осы күнгі мәселелерді қамтып жатады. Енді Қ.Медеттің «Кемедегінің жаны бір» атты көлемді зерттеу мақаласында Республикамыздағы экологиялық дертті аймақтарға қатысты мәселе көтерген. Ол өзінің осы мақаласында ғалымдар мен мамандардан осыған байланысты сұрақтар қойып жауап алады. Бұл мақала ертеректе жазылса да, өзінің актуальдігінің жүгін көтеріп тұр.  Сұрақта 2000 жылға дейінгі болжамдар қамтылған. Ал, енді экологиялық мәселелерге қатысты жауап бергендерге қысқаша сөз берелік.  А.П. Коротков, Қазақ ССР Табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік комитетінің председателі:   

«...Егер қазіргі кезде республикада энергетика қажеттігінің 70 проценті көмірдің еншісіне тиетінін ескерсек, бұл шамамен жылына 3 миллион тонна күкіртті газ бен 60 миллион тоннадай күл бөлінетіні есептеп шығару қиын емес. Оның 32-48 проценті күл. Газдар мен түтін 400 метрлік мұржалар арқылы ауаға араласады. Күлдің көп болуы, көмір сапасының тұрақсыздығы қоршаған ортаны бүлдірмей қоймайды. Бұл проблеманы шешу үшін өндірілетін көмірді сол жерде бірден толық байыту керек. Сонда «таза көмір» яғни күлі 0-6 процент қана, ал күкірт 90 процент тазартылған көмір алуға болады. Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, бұл тек ауаны бүлдіретін газдардың бөлінуін төмендетіп қана қоймайды (он есе), сондай-ақ тасымалдаудан 30-40 процент экономикалық тиімділік береді...» Қ.Медеттің сұрау салу арқылы еліміздің экологиялық мәселесін көтеріп отырғандығы жәйден-жай емес. Бұл проблема Кеңес кезінен өз шешімін таппай келген. Бүгінгі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ауылдық жерлерге жеткізілетін «Шұбаркөл», «Жалын», «Екібастұз» т.б. атауды иеленген көмірдің сапасы бүгінде тым төмен халде қалып отыр. Көмір ағаш сияқты тез от алып, жылдам күлге айналып кетіп жатады. Қыс қатты болғанда оның машақаты тіптен арта түседі. Үй қожайыны әр сағат сайын көмірді пешке тығумен уақыт өткізетін халге түсіп жатады. Ұйқыдан қалатын кездер де аз емес. Бұл мәселені Қ.Медеттің тәуелсіздік алғанға дейін көтергенін осы мақаладан оқып біліп отырмыз. Осыған қатысты Қазақ ССР Газ өнеркәсібі мен отын министрі Владимир Путинцев былай дейді:  «...Әсіресе, Екібастұз бен Майкөбе көмір кендерін қоршаған елді мекендердің атмосферасы көптеп ластануда. Мұндай өнеркәсіп залалдықтарын жою үшін өндіріс жабдықтарын қайта жарақтандыру қажет. Өйткені, жабдықтардың көбісі ескі, тіпті 1931-40 жылдардың машиналары әлі де жұмыс үстінде ( әсіресе газ өнеркәсібінде). Екібастұз көмірінің шаңы Қарасор мен Шандақсор көлдеріне түсіп, олардың минералдық құрамына әсерін тигізуде...»  Бүгінде осы мәселелердің біразы өзінің шешімін тауып жатты.

Соңғы техникалық жетістіктер арқылы Қазақстанның барлық аймақтары газбен қамтылу үстінде. Бұл жағдайды Қызылорда облысынан байқауға болады.  Алдағы 2015-16 жылдары аймақтың барлық елді-мекендері газбен қамтылмақ. Қазірдің өзінде бұл Байқоңыр қаласынан бастау алғандығы жөнінде ақпарат құралдарымен болған кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев хабарландырған болатын. Осындай өткір мәселе суға қатысты болып келеді. Бұл жайында да Қ.Медет өзінің мақаласында атап өткен екен. Оның сұрау салуы бойынша жауап берген Қазақ ССР Денсаулық министрлігі санитарлықэпидемиологиялық басқармасының бастығы Марат Құлманов былай жауап беріпті:  «...Қызылорда облысы елді мекендерінің тек 15-20 проценті ғана таза су ішіп отыр, ал қалған тұрғындар мемлекеттік стандартқа мүлдем қайшы келетін ауыз суын пайдалануда. Соның өзі ауылдық жерде бір адамға бір шелектен ғана келеді, ал Қызылорданың өзінде 40 литрге жуық. Еліміздің ірі қалаларында әр адам 500 литр ауыз суын пайдаланады екен. Бұл жағынан алғанда осы өңірдің ахуалы ауызды құр шөппен сүрткендей...»  Осындай сауалдармен мақаланың әрін аша түскен Қ.Медет өзінің ізенуінің нәтижесінде Арал мен Балқашты сақтап қалудың жоларын да пайымдап кеткен. Республикалық экологиялық қатерлі аймақтарға Ақтөбе, Жамбыл, Лениногор, Өскемен, Шымкент қалалары, яғни аса ірі өндіріс ошақтары шоғырланған жерлердің де мәселелеріне тоқталған. Бір сөзбен айтқанда, журналист, редактор Қ.Медет өзінің мықты публицист екендігін осы мақаласының өзінен айқын аңғарта түседі.  Қ.Медет өзінің журналистикадағы редакторлық қызметі мен журналист ретінде жасаған ізгілікті іздері баспа беттерінде сайрап жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға