Жаңалықтар

Қайырғали Медет: белгілі редактор, журналист

Қазақ журнлистикасының майталмны
Қайырғали Медет: белгілі редактор, журналист
24.09.2017 11:36 5925

Қайырғали Медет өзінің ұйымдастырушлығымен және де редакторлық шеберлігімен ерекшеленген журналист. Ол бас редактор кезінде газеттің рухани қолдаушысы тек қана Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов болған жоқ, үлкен кісінің жолымен басылымға қол ұшын бергендер де жетіп артылған.  Мысалы, сол жылдары елге аты дүркіреп тұрған «Тамаша» ойын-сауық отауының қолдау көрсетуі де қуанарлық жағдай еді. Ол кезде «Алма піс ауызға түс» деп шалқадан жатып оңай олжаға кенелем деушілер көштен қалары сөзсіз еді. Нарықтық жүйедегі еркін бәсеке өзіңді-өзің қаржыландыра білсең ғана бағыңды жандырады. 

Газеттің осыны түсініп, өнер адамдарымен, ұжымдармен тығыз қарымқатынас орната алғанына көзіміз жетеді. «Тамаша» ойын-сауық отауының да жеке шаңырақ көтергеніне аз ғана уақыт болса да, олардың ұжым мүшелері «Мәдениет» газетінің бой түзіп кетуіне айтарлықтай демеушілік көрсеткен.  Осыны ескерген газет редакциясы: «...Бүгінгі таңдағы замана ағымы көрсетіп отырғандай, өзін-өзі қаржыландыру мәселесіне аяқ басу, ең алдымен тәуелсіздікке, істі білгірлікпен ұйымдастыра білуге байланысты. Әсіресе, осы «Тамаша» секілді өзге де өнер ордаларының (цирк, театр т.б.) аяғына тұсау салмай, еңбек етуіне мүмкіндік беретін кез жетті емес пе? Бұл жағдайда мәдениет ошақтары, өнер салалары бір-біріне сүйеу, демеу болып жатса, қандай ғанибет...» деп жазады. Cөйтіп оның ұжымына, бас режиссер Лұқпан Есеновке, коммерциялық директор Қойшығұл Жылқышиевке көптен-көп рахмет айтқан. Бұл газет басшысы Қ.Медеттің қандай да болса жақсылыққа өзінің қайырымды ісімен жауап берудегі үлкен мәдениеттілігі. Журналист, редактор Қ.Медеттің Республикалық газеттегі ұйымдастырушылық пен редакторлық қызметінің көпшілікке танымал болғанының да басты себебі, оның басылымға қатысты ешбір  сәтті қалт жібермейтіндігі болса керек.  Осы жылдары елімізде ақшаның да, дүниелік заттың да тапшылығы қатты сезілген болатын. Алматыдағы орталық мешіт құрылысына 500 млн. ақша қажет деген хабарландыруды естіп, «Алладан мейір, адамнан пейіл» атты акция ұйымдастырып, бір кеште 250 млн. қаржы түсіруге септігін тигізді. Имандылыққа бет бұрған халық Республика сарайына лық толды. Бас редактор осындай қысыл-таяң кездерде де өзінің қарамағындағы қызметкерлерге жол сапарлық қаражат тауып беріп жатқан кездері аз болмапты.  Мысалы, сол кездерде «Мәдениет» газетінде қызмет атқарған, бүгінде танымал журналист, жазушы Асан Сарқұлов өзінің Қызылорда облысына, Ақтөбе мен Қостанай өңірлеріне жолсапарда болғандығын айтады. Онда да ол өзінің орыс тілді әріптесі белгілі әдебиетші, Роман Тоқбергенмен де осындай сапарларда бірге болғандығын, талай жер мен мәдени ошақтарды аралап, ол жерлерден қызықты, оқырмандарды жалықтырмайтын мақалалар топтамасын ұсынғандықтарын да тілге тиек етті. 

А.Сарқұлов осындай журналист, жазушы Қайрғали Медетпен сол бір жылдарда қызметтес болғанын мақтанышпен еске алып отырады екен. Ол Қ.Медеттің өзіне сондай сеніммен қарағандығына, өзінің бойындағы ұшқындай болса да талантының ашылуына жол салған Қ.Медеттің ізеттілігі мен парасаттылығына мың да бір алғыс айтушылардың бірі екенін де жасырмады.  Ол өзінің ұстазы Қайырғали Мүсілімұлының тек өзіне ғана емес редакция ұжымының барлық мүшелерінің де алдағы өмірлерінің жарқын болуына жанын аямай көмектесетінін де ерекше атап өтті. А.Сарқұловпен арнайы сұхбаттасқанымызда, Қ.Медеттің еш уақытта дауыс көтеріп біреуді жекігенін, не болмаса қандай да бір қауырт жұмыстың үстінде ұрысып, не ашуланғанын көрмегендігін де айтты (Б.М). А.Сарқұлов осы Қ.Медет басқарған редакциядан өзіне жан дос тапқанын да алдыға тартты. Кезінде үзеңгілес жүрген, бүгінде ҚР Парламенті Сенатында үлкен жауапты қызметте жүрген Қанапия Омарханның да өзіне журналистика саласында, нақтысы осы «Мәдениет» газетінде ұстаздық рөл атқарғандығын да кең пейілді көңілмен айтып отырды. Бір сөзбен айтқанда Қ.Медет БАҚ қызметінде жүргенде кісілік келбетін танытқан үлкен азамат екендігін көптеген қатарластарынан естігенімді де жазуыма тура келді. Қ.Медет студенттік кезінде-ақ ұстаздар тарапынан өзінің талантын мойындатқан бірден бір журналист болды. Ол өлең жазатын. Ол лирик ақын болып қалыптасып қалған кез еді. Қ.Медеттің «Ақ жаңбыры көктемнің», «Соқшы дауыл», «Шілде», «Бұлақтар» атты тамаша өлеңдері оқырман көңілінен шыққан тамаша дүниелер болатын. Алайда, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Алма Қыраубаева аудиторияда сабақ беріп жатып, студенттердің көзінше Қ.Медетке: «Айналайын, Қайырғали, мен сенің жақсы ақын екендігіңді мойындаймын. Бірақ, менің жүрегімнің сезімі, сенің прозаға ауысуыңды қалап тұрғандай. Сен осы жанрға ауыссаң қазақ прозасында өзіндік ізің сайрап жатар еді. Ойың кең, идеяң мол, талантың жарқын. Сенен мен мықты прозашыны көріп тұрмын», деген еді. Сол ұстазының айтқаны дөп түсті ме, Қ.Медеттің бүгінде қаламынан туындаған прозасы оқырмандардың көңілінен шығып қана қойған жоқ, жазушылар тарапынан да жоғары бағаланды. Міне, ақын, журналист Қ.Медеттің жазушы Қайырғали Медетке айналуы ұстаз Алма Қыраубаеваның тікелей әсерінен болды деп ұқтым. Ұстаз көрегендігі деген осындай-ақ болар.  Халық қашан да баспасөзбен сусындап отырған. Оның кемшін тұстарын да ұтымды жақтарын да саралай білетін оқырмандар аз емес. Бұл өзі бір кәусар бұлақ іспеттес. Осындай қырларын түсіне білген Қ.Медет журналистика айналасында жүрген әріптестерінен алға суырылып шыға білді. Барлық жазғандары мен бас редакторлық қызметін халықтың игілігіне жұмсауға тырысып бақты. Қ.Медеттің өзінің көзқарастары айқын болды. Ол журналистикада жалтақтауды білмеді. Ол газет бетінде тек қана рухани байлықтың қайнар көзін басумен шектелмеді, ел ішіндегі түйткілді мәселелерді, әлеуметтік қатынастарды да шешуге күш салды. Оның бұндай әрекеттерін өзі басқарған жылдардағы газеттің әрбір бетінен көріп оқуға болады. 

Қ.Медет қазақ халқының ғұлама ойшылдары Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Мағжан Жұмабаев т.б. еңбектерін халыққа жаңа қырынан жеткізе білді. Қ.Медет өтпелі кезең саналған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халыққа қажетті ақпараттар легін тынымсыз жеткізіп тұрды. Басылымның оқырмандарының артуының да басты себебі осында жатқан болатын.  Осындай қиын кезеңде ол жұрттың өз істеріне аса жауапкершілікпен қарауларының нәтижелі болатындығын басылым арқылы насихаттай алды. Ол демократиялық қоғамның еркін дамына өзіндік үлес қоса алатын газет екенін түсінді. Қ.Медет осы тұста адам өзінің Алла берген меншігі, қадірқасиетін жоғалтпауды ең бірінші кезекке қойды. Оны жоғалтуды ар санады.  Профессор Ж. Дәдебеав: «Заманының кемеңгер саясаткері, сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем Төле бидің артында даналығына куә болып билік шешімі, тыңдағын жұрттың ойын ұйытып, сезімін балқытқан асыл сөздері, сырты күміс, іші алтын шешендік толғаулары қалды, солардың бәрінің өзегінде күн нұрындай жарығын шаша балқыған арман, бидің алдындағы ел-жұртын басы біріккен іргелі, егеменді ел етсем деген ұлы арманы қалды», - деп ынтымақты тәуесізқазақ елінің болашағы үшін Төле бидің зор еңбек сіңіргеннін атап көрсетеді. Ұлы кісілердің ішкі сезімді толғауларын бойына сіңіре алды. Төле бидің тікелей сегізінші ұрпағы ретінде бабасының армандаған бүгінгі тәуелсіз еліне жан аямай қызмет жасау үстінде. Ұлылардан қалған даналы сөздерді жүрекке қондыра білді. Сондай қасиетті қабылдай алған ол өмірде де тірлікте де сабырлы өмір кешіп келеді. Оның жемісін көргендер де аз емес. Ол талай басылымдардың бас редакторы қызметінде болғанда, әрдайым әділ шешім қабылдайтын. Ешкімге өзге бір қолына билік тигенде қырып-жоятын (қиянат жасайтын – Б.М) тәсілмен жұмыс істемейтін.  Сол себептен де оны өзінің әріптестері мақтанышпен «шәкірті көп Қайрекең!» деп атайды. Мен де осы дипломдық жұмыста туған әкенің (Қайырғали Медет) редакторлық қызметі мен журналистік еңбектерінің бар қырын ашуға тырыстым. Әкенің үзеңгілес достары мен шәкірттерінің біразымен сұхбаттасудың сәті де түсті. 

Осы еңбек солардың жазған еңбектері мен қызметтес болған сәттері кезінде айтқан сөздерімен жазылып шықты. Бір кездері Камал Смайлов публицистикасының ерекшеліктері туралы ғылыми айналымға енгізілген тұжырымдар еске түседі. Қазақтың белгілі ғалымы, профессор Намазалы Омашев К.Смайловтың қандай да бір фактіні шебер пайдаланатынын жазады. Ол: «Камал Смайлов ше, фактіні қалай ойнатады! Көп оқып, көп ізденіп, көп жазатын оның әр мақаласынан аңғаруға болады...»-деп көрсетеді.  Қ.Медеттің осындай публицистикалық мақалаларды жиі беріп отыруы оның білімдарлығының айқын көрінісі болса керек. Орыстың атақты публицисі Михаил Кольцов бір кездері: «Мен оқтын-оқтын газет редакторының баспасөзге публицистикалық мақалалар жазып тұрғанын қалар едім. Әйтпесе, ол редакциядағы жәй әкім ғана болып қалады» деген екен. Осыны өзінің редакторлық қызметінде жақсы іске асыра білген де Қ.Медет еді.  Публицистика жайында белгілі ғалым, Бауыржан Жақып: «90-жылдар публицистикасының басты өзгешелігі – бұрын жазуға болмайтын, бұрын айтуға болмайтын мәселелерге еркін қалам тербелді. Шын мәніндегі еркін, азат публицистика қалыптасты. Бұл жаңа бастаған дәуірде қазақ публицистикасы, әсіресе, тақырыптық және проблемалық тұрғыдан байыды.  Соған сай мазмұндық жағынан да публицистиканың өмірді шынайы қамту ауқымының аясы кеңейді. Ақын-жазушылар, ғылыми, мәдени зиялылардың публицистикаға қалам тартуы бұрынғыдан да жиіледі. Сөйтіп ел тәуелсіздігімен бірге, мәселенің мәнісін тез ашатын, қоғамдағы оқиға, құбылысқа жедел түрде үн қататын публицистика заманы туды. Бұл қазақ публицистикасының даму жолындағы жаңа дәуір еді». Сөзіміздің соңында Қ.Медеттің редакторлық қызметінде осы публицистикалық мақалаларға аса ден қойып, басылымдарда өзінің де және қарамағындағы журналист қызметкерлерінің де ізденістерін көрдік. Бұл бүгінде де жалғасын тауып келеді. Оңтүстік өлкеге танымал журналист, «Заңнама» газетінің бас редакторы Айгүл Мамыттың жүрекжарды лебізіне құлақ түрейік. Ол Қайырғали Медетпен 6 жыл бір редакцияда қызметтес болған. Қиын жағдайда тап болған редакция ұжымын, беделі кете бастаған газеттерді редактор ретінде қалай беделді де белді басылымға айналдырғанын, жас кадрларға деген қамқорлығын осы естеліктен де анық байқауға болады: «Біз оқуды бітірген тұста облыс орталығында облыстық газет пен көп тиражды зауыттардың газеті болмаса, қазіргідей қаптаған басылым болмайтын. Сондықтан да болар, газетке жұмысқа тұру қиын болатын. Алғаш бес жыл кітапханада жұмыс істеп, қалалық газет ашылғанда ғана редакция есігін аштым.

Қарапайым тілшілік жұмыс басталды. Арада біршама уақыт оздырып алғандықтан болар қаламымыз жатырқанып барып, ұштала түсті. Уақыт сырғып өтіп жатты. Бір күні Базаркүл: «Қалаға Қайырғали келді, естідің бе? Облыстық әкімшілікте жұмыс істейді екен », деді. Ол кезде мен баламен үйде отырғанмын. Әне-міне, дегенше жұмысқа қайта түстім. Көп ұзамай редакторымыз Жұмамұрат Тұяқбаев қайтыс болды. Орнына талай адам таласып жүрді. Бәрінің күткені – «Кім келеді...?». Редактордың орнында уақытша отырған Фарида қалалық әкімшіліктен ентіге басып келді де: «Қыздар дайындалыңдар, жаңа бастық келе жатыр. Қазір келеді», деді. Бәріміз «көрдің бе, кім екен?», деп сұрап жатырмыз. – Білмеймін, әйтеуір усатый, Алматыдан келген дейді, – деді. Ішім жылып сала берді. Әрине, Қайырғали, басқа кім? Осыдан аз уақыт алдын кездескенімізде ештеңе айтпап еді. Мені алдын ала қуантпайын дегені болар, алайда, мен оның сөзге беріктігін сол кезден-ақ ұқтым. Құттықтаулар. Құшақ-құшақ гүлдер. Қабылдаулар... Бір аптада редакцияның ішкі-сыртқы тынысымен танысып та үлгерді. Ә дегеннен-ақ, өз ісінің маманы екенін ісімен танытқан оның алдында ешкім өтірік айта алмайтын. Біразы ығысып басқа жұмысқа ауысса, біразы етек-жеңін жиды... Хатшы қыз: «Сізді редактор шақырып жатыр?» дегеннен соң кабинетіне кірдім. Жылы қабылдады. Жағдайымды сұрады. – Редакциядағы сонша журналистің ішінде өзіміздің қара шаңырақ КазГУден шыққаны үшеу болса, бірі сен екенсің. Неге осы уақытқа дейін қарапайым тілшісің?... Тосын сауалдан тосылып қалдым... Алдымен кадр мәселесін реттеп алды да, тозығы жеткен редакцияның ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Кабинеттердің реңі кіріп қалды. Бұл 2000 жылдың жазы болатын. Күзде қалалық «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің 10 жылдық мерейтойын өткізіп берді. Солай болу керек те шығар, бөлім бастығы болдым. Қазақ тілді газеттің абыройы арта түсті. Бұрынғы редакторымыз орысшасын алдыңғы сапқа қойғаны соншалық, біздер тілші емес, тек аудармашыдай көрінетінбіз. Таяқты да, ұрысты да біздер есітіп, орыс тілді әріптестеріміздің алдында төмендеп жүретінбіз. Сол кезде: «шіркін орыс тілді редактор келсе ғой, олардың мына түкке тұрғысыз, бірақ мақталып жүрген мақалаларының шимайын шығаратын» деп көп тілейтінбіз. Бәлкім, тілектің қабыл болғаны осы болар, Қайырғали ағай оларды тықсырғаны сонша, іштерінен дем алды. Қызыл сиямен сызылған беттер қайта қолдарына тиіп жатты. Қазақ газетінің мәртебесі көтерілді. Аударма газет деп ойлап жүрген жазылушылар екі газеттің көтеретін мәселесінің екі түрлі екенін сезді. Газеттің тілі өзгерді, көтеретін мәселесі айқындалды, бағыты белгіленді. Бір жылда тиражы жағынан орыс тілдісін басып озды. Газет түп-тамырымен өзгеріп, 8 беттен 24 бетке дейін жетті. Арада біршама уақыт өткенде, газеттің бұрынғы орынбасары басқа жұмысқа ауысатынын айтып, өтініш хат тастады. Қайрекең тосылмады, мені шақырып алды да: «Орынбасар кеткелі жатыр, жұмысын қабылдап ал» деді бұйрықты үнмен. Мен болсам: «маған бөлім ұнайды, менен де басқалар бар» ғой деп қашқақтадым. «Қабылдап алып қал, сосын көреміз» деді. Кабинетте отырмын. Ұзақ отырдым. Креслоға отырмай-ақ, осы сәтте-ақ, кімнің дос, кімнің жау екенін аңғардым. Келгендерге: «мен уақытша отырмын» деймін. Бұл да болса жүрегімнің тазалығы, мансапқұмарлықтан адалығым болар деп ойлаймын осы кезде. Арада жылдар салып кездескеннен кейін «бәрін білейін, асығыстық жасамайын» дегені болар, бір ай шамасында осы орынға менің атыма бұйрық шықты. Бұл Қайырғали ағайдың менің мамандығыма адалдығымды түсінгені деп білемін. Жасыратыны жоқ, менің шығармашылығымның оянып, нағыз журналист екенімді сезінген жылдарым сол кез болатын... Редакция жас кадрлармен толықты. Бірде оның кабинетінде отырып айтқан мына бір аңыз әңгімесі есімде қалыпты: «Баянсыз, бос өткен уақыттың ақиретте сөзсіз сұрауы болмақ. Бірде патшаға нөкерлері бір адамды ертіп әкеледі. Бұл кісінің ерекшелігі аса епті екен. Үлкен тебен инені алты аттам жерге шаншып қойып, қолындағы жіпті лақтырғанда әлгі иненің көзінен өткізіп жібереді екен. Патша мұны көріп қайран қалады да шеберден: «Осы істі үйрену үшін қанша жылыңды жұмсадың?» деп сұрайды. Шебер: «Қырық жыл уақытым кетті» дейді. Хан айтады: «Мына адамға 40 ділдә алтын беріңдер, оған қоса аямай 40 дүре соғыңдар»,– депті. Шебер: «Хан ием, 40 дүре соғатындай қандай айыбым бар, түсінсем бұйырмасын…»,– дейді. Сонда патша былай депті: «40 алтын ділдәні жіпті тебеннен өткізгенің үшін, 40 дүре ешқандай пайдасыз іспен айналысып, қырық жыл ғұмырыңды босқа өткізгеніңнің жазасы», – депті. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, шынында тебен инеге алты аттам жерден жіп лақтырып, көзінен өткізгеннің халық үшін қандай пайдасы болуы мүмкін? Журналист әрбір күнін «жазған дүниемнің елге берер пайдасы бар ма?» дегеннен бастаса адаспайды дейтін. Осылайша тәрбиеге алған шәкірттерін тақырыбының айналасы жұп-жұмыр, айтары бар дүние жазуға үйретті.

Олардың дені бүгінде ірі-ірі басылымдарда еңбек етуде. Апта бойына газетті жасап, ең соңғы үлгісін алып барғанда, бас редактор бірден қатені тапқанда орыс тілді әріптестерім «у него глаз – алмаз» дейтін. Жасырамын десең де, жасыра алмайтынсың. Кейбір мәнсіз дүниелер тартпаға қайта түсіп жататын. Көңілінен шыққан дүниелерден рухани азық ала бастаған оқырмандар редакцияның есігін тоздырды десек те болатын. Редактордың кабинеті ешқашан бос болған емес. Мына бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Қалалық газет әкімшілікке қарайтын болған соң, әкімшіліктен келген әлдебір бөлімнің жай маманына дейін шіреніп келетін. Болмаса телефон соғып, «мақаланы алып кетіңдер» десе, бір адам барып алып келетін. Осындай бір тапсырманы орысшасының орынбасары Фаридаға тапсырып, оның елгезектеп басын игенін байқаған Қайрекең екеумізді шақырып алып: «Не деген инабаттылық, не деген қорқақтық? Саған тапсырма беретін ол кім? Ол қарапайым маман. Мақала оған керек. Біздер төртінші билікпіз, олар бізбен ақылдасып тірлік істеулері керек. Мұндай «ләппай, тақсыр» дегендеріңді тоқтатыңдар, кім болса да дөрекілік танытса, сыйламаса, «бөлмені босат деңдер» деп бізге күш-қайрат бергені бар. Бұл мәселеде де ол журналистерді сыйлаудың үлгісін қалыптастырды. Қазіргі заманда бай журналистер бар шығар, біздің кезімізде бай журналистті кездестірген жоқпын. Адалдары айлықтан айлыққа жетіп, өлместің күнін көретіні жасырын емес. Алған айлығына қоса қаламақысын алса, біреу қарыз бергендей қуанып қалады. Журналистердің бұл жағдайлары да назардан тыс қалған жоқ. Бүкіл редакция қауымы әр тоқсанда сыйақы, мейрам сайын тағы үстеме айлық, күз келсе, қыстық азық-түлікпен қамтамасыз етіліп тұрды. Жақсы нәрсеге тез үйренетініміз рас-ау, кейде осындай қосымша табыс кешіксе, күңкілдеп сөйлейтіндері де кездесіп жүрді. Ал, марапат, құрмет, мақтау қағаз бәрі біздің журналистердің қанжығасында болды. Журналистердің шер тарқатар «ШЕР» баспасөз клубы да тек бізде еді. Оны да Қайрекеңнің өзі бас боп ашқан. Клубқа кімдер келмеді десеңізші. Шерағаңнан бастап, Роза Рымбаева бастаған әншілер қауымы, Бекзат Саттарханов бастаған спортшылар, кәсіпкерлер бәрі-бәрі осында бас қосып, әдемі әңгіме легін тарқатқан күндер жадымызда. Иә, мұның бәрі айтуға, тізбелеуге оңай дүние болғанымен, оны іс жүзінде іске асыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Ұжым басқару – жылы креслодан жылжымау емес, іздену, үнемі іздену, балгер-тамыршыдай ақсаған тұсты тап басу, сосын адамдарға мейлінше жауапкершілікпен қамқор болу. Осы тындырымды, қайырлы істің басында Қайырғали ағайдың, біздің курстастың жүргені біздер үшін мақтаныш еді. Ел: «Астана көрген, түйгені көп, зиялы қауымның ортасынан келгендігін танытты» деп жатты. Бұл оның басшылық істегі ілкімді тірлігі, ал адами дүниесі, кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы өз алдына әңгіме. Ол ешқашан «мен редактормын, бастықпын» деп елден бөлінген жоқ. Газеттің тірлігі біткен бе, кейде газет кеш бітетін. Сол кезде де ол: «Айгүл апай, халқың аш қалмасын» деп дереу оны-мұны алдыртатын.

Көбіне «сағат алтыға дейін бастықпын, сосын замандаспыз» деп журналистердің өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік беретін. Сондықтан да болар журналистер өз ойларын, тіршіліктегі тұрмыс жағдайларын ашып айта алатын. Бұл сезім Қайрекеңмен қызметтес болған әрбір жанның есінде қалған, сағынышпен еске алар бақытты шақтар. Алты жыл бірге қызметтес болған кезеңде мен оның достыққа адал, жауына қатал, сөзіне берік, уәдесіне тұрақты, өтірікке жаны қас, жұмысына берілген жан екенін ұқтым. – Адамға көп нәрсенің қажеті жоқ, ең бастысы – денсаулық, сосын, өзіңе жетерлік дүние болса болғаны. Ал, артылып жатса, мұқтаж жандарға көмектессең, ризығың саған екі есе болып қайтады. Елден озып байығанда қайда барасың? – дейді Қайырғали ағай. Ол адал еңбек пен табыстың көктем мен жазға ұқсап өзі келмесін, оны адамдар жақындата алатынын анық біледі. Ол екеуіне барар жолда кейбіреулердің мысық тілеуі мен ашық қысастығынан, жанды байқатпай қажауынан мойымай аттап өтуге тура келеді. Осы күнделікті күрестің өзі оңай емес. Қайрекең өз пікірі үшін күреспеген, таласуды, тәуекелге бел бууды қойған жандардан қорқады. Журналистік шеберлігін елге танытқан Қайырғали, бүгін шығармашылығымен оқырманын мойындатқан жазушы. Алғаш жарық көрген «Беймаза мезгіл» атты кітабының өзі әріптестерін тәнті етті.Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай облыста журналистер арасында публицистикаға және жазушылар арасында көркем шығармаға жарияланған екі бірдей жабық бәйгенің екеуінің де бас жүлдесін Қайырғали Медет қанжығасына байлап, нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша ол «2011 жылдың үздік жазушысы» атанды. Қаламгерлер арасында жоғары бағаға ие болған «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған көлемді кітапты да Қайрекеңнің құрастырғаны бізге мақтаныш. Айына екі рет шығып отырған газеті «Алтын қазына» күнделікті атқарар ісі болса, бос уақытының бәрін жеке шығармашылығына арнауда. Мерзімді басылымдарда әңгімелері жиі жарияланатын оның негізгі мақсаты – оқырманға тұщымды дүние ұсыну». Айгүл Мамыт әріптесі Қ.Медет туралы осындай баға беріпті. Бұл да оның сөз өнеріне, қазақ журналистикасына қосып отырған үлесі екені сөзсіз. Бүгінде «Сөз қадірі кеткен, сөз байлығы ортайған» деген кейбір пікірлерге тосқауыл, қалқан болар ұстаным. Жалпы, 45 жылдай журналистика саласында еңбектеніп келе жатқан Қайырғали Медеттің өзі сүйген салаға қосқан өзіндік үлесі бары даусыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға