Көзқарықтық
Қазір көзді компьютерден, басқа да жағдайлардан қорғайтын түрлі көзілдірік түрлері бар. Ал, кезінде теледидар, компьютер, телефон болмаса да, көзді қорғау үшін әртүрлі себептер болды. Аппақ қардан да, күннің нұрынан да қорғануға тура келеді.
Көзқарықтық – аппақ қардан, күннің ащы нұрынан көзді қарығудан сақтайтын, қара киізден, жылқы қылынан, теріден ортасын тесіп жасаған, екі ұшында бауы бар құрал. Қыста күннің ашық кездерінде немесе жаздың ыстық апта- бында малшылардың көзі қарығып, ауырады. Малшылар, аңшылар қысты күндері түзде көп жүрсе, күн сәулесі қарға шағылысып, көз жасаурап, қызарып ауырады. Осы кеселді қазақ «көздің қарығуы» деп атаған.
Жауған алғашқы қаpдан соң 3-4 күн қатаpынан айнала аппақ болып жатса, жайылымдағы малдың көзiне күннiң нұpы күштi шағылысудан айналаға қаpай алмай, көзi жасаурап, тiптен домбығып iседi. Бұдан сақтану үшiн шопандар қаpдан кейiн көз айналасына майға езiлген қаpа күйе жағады. Көзi ауыpған малға «көзқаpықтық» деп аталатын қаpа киiзден көзiлдiрiк пiшiнiне ұқсатылып жасалған, оpтасы тесiк, ұшында байланатын бауы баp құрал байлап қояды.
Көзілдірікті қарда мал бағып жүрген қосшы (жылқышы) мен қойшылар жиі киген. Бірақ, қыста далада ұзақ жүрген кезде тағатын нағыз көзілдірік жылқы терісінен жасалады, Ол туралы белгілі місекер ұста Дәркембай Шоқпарұлы төмендегідей мәлімет келтірді: көзқарықтық жасау үшін «жылқының иленбеген шикі терісін жібітіп, түгін жидітіп алған соң, көзді жауып тұратын тұсын сопақшалап, көзілдірік пішінінде пішіп алады да, көздің тұсынан көлденең тілік тіліп, тері тобарсыған (шала кепкен) кезде тіліктердің арасындағы жолақты көлбеу бағытқа бұрып, тері көңге айналғанша көлеңкеде кептіріп қояды. Оған шүберектен ызылған бау немесе биязы жарғақтан тілінген бүлдірге таққан» – дейді. Ал зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің айтуы бойынша «Бұрынғы малшылар жылқының тұяғын өңдеп көзілідірік пішініне келтіреді. Содан соң, жұқарта жонып, көздің жанары келетін тұсына пышақ сыртындай жіңішке жолақ ойып қояды немесе жылқы терісін шикідей жібітіп, түгін ұстарамен сыпырып тастап, көздің тұсынан көлденең тіліктер түсіреді. Тері тобарсыған кезде тіліктердің арасындағы жолақ тілімдерді күн көзіне көлбеу бағыттарға бұрып, қисайта кептіреді. Осындай «көзілдіріктерді» екі жағынан жұмсақ шүбірекпен ызылған бау тағып, көзге киіп алады. Олар көзді қарығудан сақтайды».
Әзірлеген: Досжан Мейірім