Жаңалықтар

Көшпелі қазақтардың сотын өзгертудің лебізі

Народный сотта туралық болу үшін өзгеріс болса, артықтығы қазірінде көзге көрініп тұрған осы волостной сиездің жөніне қарай өзгеріс боларға тиіс.
17.10.2014 06:31 5694

Көшпелі қазақтардың сотын өзгертудің лебізі

Осыған дейінгі народный сот туралы жазбаларымда народный сот әлі күнге дейін əділ соттың ісін атқара алмайтыныдығын айтқан болатынмын. Сол кемістігіне қарағанда, народный сотты жоқ қылып, дала облыстарына қалаулы мировой сотты, яки каронный сотты кіргізу тиіс еді. Солай ету қанша жақсы көрінгенмен, ол пікірдің іске асып, орнына келу жолында ұшырайтын көп қиыншылық бар. Əуелі, қалаулы мировой сотты кіргізуге қазақтың көбі көшпелі күйде (Семей облысында 85%, Ақмола облысында 50%, Торғай облысында 60%, Орал облысында 80% көшпелі), орысша түгіл, қазақша да хат білетіндері кем, мəдениет жүзінде орыс адамдарынан төмен тұрған кезде мүмкін емес. Екінші, народный соттарға тиісті істерді хүкімет ұйғаруымен қойылатын мировой сотқа беруге тағы жөні келмейді. Əуелі, ақша жағынан, екінші, жеткілікті лайық адам табу қиын. Қазақ салтына, қалпына жетік адам болмаса, ұсақ-түйек күнде ұшырайтын қазақ арасындағы істердің халық рəсіміне, шаруа қалпына тірелетіні көп болғандықтан, сот ісін жөндеп жүргізе алмайды. Қазақ түгіл, орыс мұжықтары туралы мировой сотқа қаратуды ыңғайсыз көріп, волостной сотты жоғалтпай, кейбір іс туралы сақтауды мақұл көргенде, халық рəсімінің ауанымен жүретін народный сотты бірден жоқ қылуға бел байлау келісті болар ма екен?

Народный соттың жаман жағы толып жатса да, бір артық жері – қазаққа жақындығы, ықшамдығы, бөлтек-сөлтегі жоқ саралығы. Народный судиялар,  өзі  сол  халықтың  ішіндегі адамдардың бірі болғандықтан, даугерлердің кім екенін, неліктен дау шығарып отыр, ниеті нендей екенін шапшаң ұға қояды. Даугерлердің қайсысы инабатты, қайсысы инабатсыз екенін халықтың өзінен болған судия жақсы білгендіктен, қайсысының сөзі рас-өтірігін біліп тұрады. Қазақ ісінің араларындағы ұсақ қалыпты істері болады. Ол істерді қазақ қалпындағы өлшеумен пішіп, қазақтың қалыпты жолымен кесерге тиіс болады. Қазақтың қалпымен, салтымен таныс емес каронный судия қандай қиыншылыққа ұшырайтынын осыдан шамалауға болады.

Қазақ ісін қарауға қойған каронный судия қазақтың білімді адамдарынсыз еш нəрсе істей алмас еді. Қазақ қалпымен таныс адамға оп-оңай нəрсені қазақ қалпын білмейтін каронный судия əлдеқандай іс көріп, не істерін білмей, дағдарар еді. Солай болған соң, каронный судия народный судиядан артық біліп, қазаққа пайдасы тиеді деп айтуға ауыз барар ма екен? Осы айтылған мəністерге қарағанда, қазақ қалпына жетік адамдар табу қиын болған себептен народный сотты тіпті, жоқ қылу қолайлы бола қоймас. Онан да народный соттың кемшіліктерін түзетіп, əділдік болар жағына қам ету тиіс болар.

Жəне де ескеру керек: патша бекітуі бойынша 1911-ші жылы болған Түркістан өлкесі туралы құрылған Г. контролер Харитонов кеңесі де осы пікірге келген. Бұл кеңестің қолайлаған нəрселерінің көбін Министрлер Советі өзгертіп, Түркістан уалаятындағы народный сотты тіпті, жоқ қылуды һəм оған тиісті істерді мировой сотқа қаратуды ұнатты. Олай етуінің, бірақ, айрықша себептері болды. Түркістан көшпелі қазақтарына тиетін отырықшы мұсылмандардың салтының салқыны күшті. Онда народный судиялар халық рəсімінің орнына шариғат жолын жүргізеді. Онда шариғат жолынан басқаны жол деп білмейді. Біздің патшалық мақсаттарымызға онда бөгет нəрсе көп.

Ондай шариғатқа бой ұру Дала уалаятындағы народный сотта жоқ. Мұнда шариғат билеп кеткен іс жоқ. Қайта мұжықтармен араласып, шаруа қалпы түгіл, басқа қалыптарын да орыс өнегесіне салып, жатырқау дегенді білмейді. Солай болған соң, народный соты жоғалтпай, сақтаса да, онан келер патшалық мақсатына қауіпті еш нəрсе болмас. 1912-ші жылғы 15-ші июлде шыққан закон бойынша ауыл халқы үшін волостной сот сақталғанда, қазақ ішіндегі сол сияқты народный сотын жоюдың негізі жоқ, əсіресе ол соттың орнынан жүргендей қолайлы сот жоқ бола тұрып, бұлай етудің жөні жоқ. Солай болған соң, қазақтың народный сотын да, кемшілік жерлерін түзетіп, туралық болғандай түрге түсіріп, 1912-ші жылғы 15-ші июл законінің жоспарына салыстырып өзгертсе, нағыз жақсы болмағанмен, зор кемістік қылатын жерлері жоғалар еді.

Сөйтіп, қазіргі народный сотты түзетіп, өзгерту үшін əуелі, бұл соттың басын ашып алып, выборнойлардың сиезінен босатарға керек, партияның шалығын тигізбей, қорғарға керек. Екінші, халық рəсіміне салынатын істің ауданын тарылтарға керек. Ақырғысы, народный соттың мұршасын азайту. Бірақ соттың өзінің түрін өзгертпей, мұндай ғана өзгеріс істесек, онан еш нəрсе өнбес еді. Солай болған  соң,  əуелі,  народный соттың түрінде өзгеріс боларға тиіс. Жеке билік – халық ішінде инабатсыз, ақшаға, ажарға, партиялыққа сатылғыш, судия есіміне лайық емес билер екені жоғарыда айтылды. Əрине, билердің мұршасын кемітіп, қарайтын ісінің ауданын тарылтқан соң, осы күнгі билікке құмарлық кемуінде сөз жоқ, бірақ билік сайлауына партиялық кіріспей, таза  сайланады деп айтуға болмайды. Мұнан топшылауға болады: жеке билер мұнан былай да қазақтың көңіліндегідей сатылмайтын судия болып шықпайтындығын. Сондықтан да, қазақтар істерін жеке билерден шығарып, волостной сиез билеріне жеткізуге тырысады. Жеке бидің жанында волостной сиез билері инабаттырақ екенін жоғарыда талай айттық. Бұл бір би емес, бірнешеу болып кірсе, туралық көбірек болатындығын көрсетеді. Сондықтан народный сотта туралық болу үшін өзгеріс болса, артықтығы қазірінде көзге көрініп тұрған осы волостной сиездің жөніне қарай өзгеріс боларға тиіс. Олай болса, ендігі народный сот халық ортасынан қалап шығарған волостной билердің басын қосқан кеңесімен құрылатын боларға тиіс.

 

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға