Кәрім Ибраев – үздік кинолог
Лейтенант Ибраев Кәрім Жақанұлы – Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағындағы озат мамандардың бірі.
Семей облысы, Мақаншы ауданы, Мақаншы ауылында дүниеге келген Кәрім Жақанұлы 1989 жылы Молдавия Республикасындағы 7481 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өткерген. Кейін Украйнаның Золочев қаласындағы 3350 әскери бөлімінің кинолог мамандарды даярлайтын оқу бригадасында патрульдік-іздестіру иттерін үйрету мамандығы бойынша білім алып, үздік бағаға тәмамдады. Кейін 1996 жылы ҚР ҚК 21770 әскери бөлімінде радиостанция бастығы қызметін атқарған. 2013 жылдан бері лейтенант К.Ибраев Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағында кинологиялық бөлімнің аға офицері қызметін атқаруда.
– Төрт аяқты көмекшілеріміздің қырағы әрі жылдам естуі, нұсқаушының кез-келген бұйрығын бұлжытпай орындауы мен ұсталғандар мен қамауға алынғандарды алып жүрудегі қызметтері айрықша,- дейді лейтенант Кәрім Ибраев. – Ит иіс сезу арқылы бізге қару-жарақты, жарылғыш заттарды және есірткі құралдарын анықтау мен іздестіру кезінде көмектеседі. Әр иттің тілін тауып, оның осындай қасиеттерін дамыту үшін өз ісінің маманы болу және оларды баптау мен үйрету жүйесіне үнемі үлкен күш жұмсалады.
Алматы өңірлік гарнизонының Әскери полиция жасағы 2011, 2012 жылдары екі жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бойынша «Ең үздік отряд» атанған болатын. Бұл сөзсіз әскери полиция қызметкерлерінің адал еңбегінің жемісі. Лейтенант Кәрім Жақанұлы да кинология саласы бойынша қандай оқу-жаттығу, қандай сайыс болса да әр кез оқ бойы озық көрініп, төрт аяқты достарымен бірге біраз жетістіктерге жетіпті. Өз ісін үлкен жауапкершілікпен беріліп атқаратын ол әрбір итті үйрету үшін ұзақ уақыт қажет екенін алға тартады. Төрт аяқты достарымыз да күн сайын күн тәртібіне сәйкес белгілі тәртіппен өмір сүреді.
Лейтенант Кәрім Ибраев өз ісінің шебері, мықты маман. Ол 2010 жылы Австрия Кинологиялық орталық базасында өткізілген квалификацияны жоғарылату курсына барды. Оқуын өте жақсыға тәмамдағаны үшін оған оқу орынының басшылығы «Малинуа» тұқымдас Бельгия овчаркасы Самбо атты итті сыйға тартыпты. Иттің құны 3500 еуро тұрады.
Кинолог мамандар гарниозондарды аралап жұмыс істейді. Кинология бөлімі Президенттің күзет қызметімен бірлесе көптеген оқу-жаттығуларға қатысады. Лейтенант К.Жақанұлының айтуынша Кинология бөліміндегі иттер жарылғыш заттар мен есірткі, қару-жарақ іздейді. Әскери полиция жасағындағы иттер есірткінің 15 түрін анықтауға үйретілген.
– Әрбір ортада озат маман болады,- дейді Әскери полиция жасағының идиологиялық жұмыстар жөніндегі офицер майор Рауан Молдағалиев. – Лейтенант Кәрім Ибраев осындай білікті мамандардың бірі. Ол біздің ұжымның мақтанышы. Әскери полиция жасағы болғандықтан қызмет барысында түрлі оқиғалармен бетпе-бет кездесеміз. Әсіресе кинология бөлімінің жауапкершілігі зор, жұмысы ауыр. Жануарларды үйрету үшін де кәсіби шеберлік керек. Иттердің психологиясын, мінез-құлқын меңгеру керек.
Лейтенант Кәрім Ибраев әрі өнертапқыш екенін де айта кеткеніміз абзал. Ол төрт аяқты достарымызды үйретудің жаңа әдісіне сүйене отырып станок ойлап тауыпты. Бұл станокқа шет елдік мамандар да қызығушылық танытқан. Станоктың құжаттарын реттеп, арнайы рұқсат алғаннан кейін жаңа құрылғыны пайдаланатын болады.
Лейтенант мырзаның тағы бір жетістігі – Австриядан әкелінген Самба есімді итке қазақша бұйрық беріп үйреткендігі. «Отыр», «Жат», «Тік тұр» т.б. бұйрықтарды бұлжытпай орындайды. Самбо тіпті нұсқаушысы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне қызмет етемін!» деп, бойын тіктеп, қолын шекесіне апарса, екі аяғын бүге жоғары көтеріп, бойын тіктеп үреді екен. Міне жануар болса да Отанға деген сүйіспеншілік, Қарулы Күштерге деген адалдықты үйрету тек нағыз маманның ғана қолынан келеді. Нағыз шеберлік деген осы!
ҚЫЗЫҚТЫ АҚПАРАТ
Жалпы, бүгінгі күні әлемде иттердің 500-ден астам тұқымы бар көрінеді. Таяуда Канадада ғылыми зерттеулердің негізінде ең ақылды иттердің рейтингі жарияланған болатын. Сонда ең ақылды ит – бордер-колли болып танылса, екінші орында пудель тұр екен. Ал үшінші орын неміс овчаркасына берілген. Кейінгі орындарға – сары түсті ретривер, доберман-пинчер, шотландық төбет, лабрадор-ретривер және кішкентай папийон жайғасқан. Рейтинг тізімі ротвейлер және австралиялық төбетпен аяқталады.
Ванкувердегі Британдық Колумбия университетінің ғалымдары иттердің 250 сөз бен ымды ұғатынын және беске дейін санап білетінін анықтаған. Сондай-ақ, иттер қарапайым математикалық есептерді шеше алады екен.
Зерттеу жұмыстарының жетекшісі, профессор Стэнли Корин иттердің ақыл-ойының дамуы 2-жасар баланыкімен бірдей екендігін айтқан. Канадалық ғалымдардың жасаған зерттеуіне сәйкес, ең ақымақ иттер мыналар көрінеді: афгандық борзая (тазы), басенджи, бульдог, чау-чау, гончая (тазы), бладхаунд, пекинес, мастиф, бассет.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ