Жаңалықтар

K-pop жанры. «Ninety One» тобы

K-pop жанры. «Ninety One» тобы
06.11.2015 08:44 12946

K-pop жанры (Korean pop) қазір әлемді жайлап барады. Бұл басында музыкалық жанр ретінде қаралғанмен, қазір әлемде миллиондаған жанкүйер жинап, музыкалық субмәдениетке айналды.

K-pop жанры. «Ninety One» тобы

Құрамында батыстың электропоп, хип-хоп жанрының элементтері кездеседі. Американың атақты «Rolling Stone» журналы K-pop жанры батыстың заманауи әндерімен жапондардың зор екіпінді поп музыкасының қоспасы деп түсіндіреді.

K-pop бүгінде интернеттің көмегімен шекара талғамай әлемнің түкпір-түкпірінде тарап жатыр. Әсіресе, Оңтүстік Кореяны есептемегенде Қытай, Жапония, Гонконг сияқты елдерде, Азияның оңтүстік-шығысындағы елдерінде қатты белең алуда. Жастардың киінуі, шаш қою үлгісі, сөйлеу мәнері... Бәрі-бәрі ұқсас және басқалардан ерекшеленіп тұрады.

Көп мамандар, бұл субмәдениеттің қаншалықты кеңінен танымал болғанмен, Америкада сұранысқа ие бола алмағанын айтады. Америкалық орындаушылардың дені бұның себебін K-pop жанрында сөздері қарабайыр әрі мағынасыз болатынын, музыкалық тұрғыда әлсіз, құр даңғаза екенін алға тартады.

Тағы да осы жанрға қатысты жиі айтылатын сын, мұнда орындаушылардың талантына, дауыс ырғағына емес, көбіне сыртқы келбетіне қарап таңдалатыны, ал оларда талант болмаған соң керемет ән, керемет музыка жасай алмайтындығы басты кемшілігі деп қарастырылады.

The Wall Street Journal, SM Entertainment,YG Entertainment, JYP Entertainment және CUBE Entertainment сияқты басылымдар бұл музыкалық бағыттың өкілдері көбіне өнерге емес, пайда табу үшін жұмыс істейтінін айтады. Мәселен, кореялық продюсерлер осы бағытта кәсіби орындаушы жасап шығару үшін 9-10 жасынан бастап жеткіншектерді (қыздар мен балалар) қабылдайды екен. Олар ережеге бағынып, ән айтып, би билеп, стильге бой үйретіп, танымалдылықты сезініп, болашақ «табынушыларымен» қалай жұмыс істеуді үйреніп, кәсіби деңгейге жеткенше арнайы дайындықтан өтеді. Тіпті, әрбір орындаушыны дайындау үшін 400 мың доллар көлемінде шығын кетеді екен. Олардың әрқайсысы үшін арнайы образ дайындап, оның танымалдылығын арттыру үшін алуан жұмыстар жүргізіледі. Десе де, сол кеткен шығынын орындаушылар бірнеше есе кіріспен қайтарады.

K-pop жанры. «Ninety One» тобы

Қазір бұл бағытта ән салатындар Қазақстанда да бар. K-pop жанрының элементтері елімізде «Орда» сияқты топтардың әндерінен, стилінен ерекше байқалатын. Оған толыққанды бет бұрған, арнайы сол бағытта ән айтатын топ «Ninety One» деп аталады. Бұрын «Орда» тобында ән салған Ерболат Беделхан "NINETY ONE" атты бес жігіттен тұратын топ құрды. Топтың атауын «91 жылы Қазақстан егемендігін алды. Тек еліміздің еркіндігі емес, музыканың да еркіндігі мағынасында топты «91» деп атауды ұйғардық» деп түсіндірді. Топтың мүшелерінің барлығы қазақ жігіттері. Ең кішісі 17-де, үлкені 21-де екен. Екі жыл бойы әннен, биден сабақ алып, «Айыптама» атты жаңа синглімен көпшілікке таныстырылды.


Әзірлеген: Досжан Мейірім 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға