Көп еңбегі – көңілді
Уақыт – қадірін білгенге қазына дейміз ғой. Кез келген адам баласына бұ дүниеде шектеулі ғана уақыт берілетінін білсек те, оған жете мән беріп, ескере бермейтініміз қызық. Дегенмен, өлшеніп берілген сол уақытты мезгілінен бұрын қолдана алмайтынымыз да, өтіп кеткен уақытты кері қайтара алмайтынымыз да бесенеден белгілі. Осындайда біз уақыттың қадірін сезіне алып жүрміз бе – деген сауал туындайды. Ал енді уақыт өлшемін адамның емес, мемлекеттің ғұмырымен бағамдасақ қалай болады? Кез келген мемлекет өзіне берілген уақытты тиімді пайдалануы қажет десек, біздің де үлкен қадамдар жасап, кейде шұғыл шешім қабылдауымызға тура келетіні анық. Осы тұрғыдан алғанда дер кезінде айту, дер кезінде жүзеге асыру, дер кезінде орындау сынды қағидалар біз үшін, яғни Қазақстан атты жас мемлекет үшін аса маңызды. Сол себепті де Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы өзекті әрі уақытылы айтылған деп ойлаймыз. Еліміздің болашағына құрылған бұл саяси құжатта айтылған сөздер өте орынды және маңызды. Себебі, төрткүл дүниеде болып жатқан құбылыстарды ескеретін болсақ, еліміздің 2050 жылға дейінгі бағытын алдын-ала айқындауы өте дұрыс. Сонымен қатар, Жолдауда «Мәңгілік Ел» идеясы, «Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы және ұлт тұтастығы» аясында бірқатар мәселелер көтеріліп, ұлт тұтастығына, ұлтаралық тұрақтылық мәселесіне ерекше назар аударылғаны қуантқанын несіне жасырайық.
Осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, ол жерде еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағыт-бағдарын ұсынған болатын. Ол құжат бойынша ең негізгі мәселе – Қазақстанның 2050 жылға дейін дамыған отыз елдің қатарына қосылуы болатын. Н.Назарбаев: «Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті», – деп атап өткен. Осы құжатта көптеген мәселелер қамтылып, нақты жобалар, жоспарлар мен тапсырмалар берілген еді. Солардың қатарында, бүгін біз сөз еткелі отырған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» мәселесі де айтылды.
Жалпы, қазақ халқы ықылым заманнан еңбекке баулу тұрғысынан ұрпағына тәрбие мен тәлім беріп отырған. Оған «Еңбек түбі береке...», «Ер дәулеті – еңбек», «Кедейлік кетсін десең, молшылық жетсін десең – еңбек ет», «Еңбегіне қарай табысы», «Көп еңбегі – көңілді», т.б. толып жатқан мақал-мәтелдер мен даналы сөздер мысал бола алады десек, артық айтқанымыз емес. Қазақтың кез келген шаңырағында шыр етіп дүниеге келген сәбидің тәрбиесіне ерекше мән берген. Ұлттық тәрбиеміздің кереметтілігінің де бір көрінісі осы болса керек. Себебі, қазақ баласын оңай жолмен мал табуға емес, кез келген жетістікке адал еңбегімен жету керектігін айтып, тәрбиелеген. Адамның адамгершілігіне, кісілігіне, адалдығына жете мән бергені соншалық, әр ата-ана, ата-әже ұрпағына «тура бол, әділ бол, таза бол» деген сыңайда ақылын айтып отырған. Үлкеннің жолын кеспеу, өтірік айтпау, ғайбат сөйлемеу, сондай-ақ, кішіпейіл болу, кешірімді болу, жамандықтан бойын алшақ ұстау қажеттігін шегелеп айтып отырған бұрынғының кісілері қандай данагөй болған дерсің. Сол заманның сарқыншақтары, көнекөз қариялардан тәлім алған, қазақы тәрбиеден сусындаған жандар әлі де арамызда бар. Олар әр нәрсеге, әрбір жетістікке өз күшімен жетіп, адал еңбегінің жемісін көріп отырғандар. Кеңес одағы тұсында да адал еңбек туралы айтылған болатын. Алайда қазақ халқы үшін қағидаға айналып үлгерген бұл ұстаным тәуелсіздік алғалы бері өзгеше сипатқа енгендей болып көрінеді. Себебі, қазір элиталы топ өкілдері аса үлкен күш жұмсамай-ақ баюға болатынын дәлелдеді. Дей тұрсақ та, кез келген жетістікке тек адал еңбекпен ғана жетуге болатынын насихаттайтын қоғамның ойшыл бөлігі мұнымен қалай күресуде? Бұл туралы нақты жауап беру қиын. Өйткені, қазіргі зиялы қауым өкілдері адал еңбектену керектігі туралы көп айтпайды. Қазіргі қазақ қоғамында «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қағида актуалды емес. Бүгінде «Қалауын тапсаң – қар жанар» деген аталы сөздің терісін айналдырып алып, бәрі адамның өзіне, ептілігіне байланысты, әйтеуір амалын тапсақ болды дегенге әкеліп тірейтін болған. Ал бұның астарында не жатқанын өзіңіз бағамдай беруіңізге де болды.
Негізі, тәуелсіздік алғалы бері өткен жиырма үш жыл уақытта мемлекет ретінде көптеген жетістіктерге жеттік. Бұл жас мемлекет үшін аса қажетті әрі маңызды шаруа болатын. Бұл тұрғыдан алғанда ешқандай уәжіміз жоқ. Ал адам тәрбиесіне келсек, ақсап тұрғанымызды айтпай кетуге болмас. Бірте-бірте қалаланған қазақтар ұлттық тәрбиеден алыстап бара жатқаны байқалады. Арқа-жарқа әңгіме айтып, бас қосқанда кішкентай балаларды жиып, қонақ кәде сұрайтын ата-бабамыздың тәлімі керемет еді-ау. Оның барлығы ауылда қалып қойғанға ұқсайды. Біз мұны не үшін айтып отырмыз?! Бірді айтып, бірге кетті деп ойламаңыз. Әлгіннен бері сөз еткелі отырған «Жалпыға бірдей Еңбек Қоғамы» мәселесі осы ұлттық тәрбиеден басталатынына шүбә жоқ. Себебі, Еңбек Қоғамында барлығы бірдей еңбек етуі тиіс. Ал барлығы жаппай еңбек етуі үшін – адамдардың өзінің ата-анасынан алған тәрбиесінде адал еңбекке деген тура көзқарас болуы шарт. Ал ол үшін біз ескі дәстүрімізді жаңғыртып, балаларымызды дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Өткенде бір танысымыз шетелге барып, тіл білмесе де біреуден ыммен жол сұрағанын айтып еді. Сонда әлгі кісі өзінің бүкіл жұмысын тастап, аудармашы іздеп, дұрыстап сұрап алып, ақыры іздеген мекенжайына өзі жеткізіп салғанға ұқсайды. Осындай мысалдарды көп келтіріп, адамдарының ізгіліктілігіне тамсанғанын айтқан болатын танысымыз. Біз де тәнті болдық. Бізде де жол көрсетіп, көмек қолын созатын жақсы адамдар көп қой, – дестік. Бірақ... ішімізден қынжылып қалдық. Себебі, бізде жақсы адамдар да, «жақсы емес» адамдар да көп... Оның барлығы айналып келгенде бесіктегі тәрбиеден бастау алады.
Жалпы, еңбек туралы айтқанда қазақтың ұлттық түсінігінен алыстап кету мүмкін емес. Десек те, біз қозғап отырған мәселе Елбасының Жолдауда айтқан сөздеріне қатысты болғандықтан, сөзімізді енді құжат мәтініне бұрсақ: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр». Дәл осы бесінші тарауда айтылған – «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отыр.
Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға тоқталып өткен болатын. Онда: «Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр», – деген мәліметтер келтіріледі. Бәлкім, бұның «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» тақырыбына не қатысы бар деп ойлайтын шығарсыз. Жауап беріп көрейік. Тікелей қатысы бар. Шағын және орта бизнес субъектілері көбейген сайын жұмыс орны да арта түседі. Ал Еңбек қоғамында әрбір азамат жұмыспен қамтылуы тиіс десек, бұл мәселенің маңыздылығы айқындала түспек. Сөзімізді сабақтамас бұрын Жолдаудан тағы бір сілтеме келтірсек: «Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс». Бұл айтылған мәселе көптеген жеке кәсіпкерлерге көмек болғаны сөзсіз. Себебі, бұған дейін өзінің жеке кәсіпкер ретіндегі құжатын рәсімдеген кез келген адам түрлі қиындықтарға кезігетін. Соңғы кездері жасалған жеңілдіктер біраз шаруаның басын ашып бергендей болды. Ендігі кезде әрбір Қазақстан азаматы өзінің шағын бизнесін ашып, шаруасын дөңгелетіп әкетуіне мол мүмкіндіктер алды. Бұл біз айтып отырған «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» жолындағы келелі істердің бірі болды десек, артық айтпаған болар едік. Жолдауда сондай-ақ: «Шағын бизнесті мамандандыруды келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасымен дамыту шараларын қабылдау маңызды болмақ. Осы сектор субъектілерінің банкроттығының айқын тетіктерін енгізген жөн. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс. Мен Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдығы жоспарын «Бизнес-2020» жол картасымен үйлестіруді тапсырдым. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауы керек», – деп айтылды. Осындай тапсырмалар беруімен Елбасы жеке кәсіпкерлерге үлкен көмек жасап отырғанын бизнес мамандары қуанышпен қабылдады. Себебі, қайталап айтатын болсақ, кез келген бизнес, ол бірінші кезекте – көптеген адамдарды жұмыспен қамтитын жұмыс орны. Сол себепті де, Ел Президенті Еңбек қоғамы туралы сөз еткенде жұмыспен қамту орталықтарына да көмек көрсету қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Жалпы, дәл осы жерде Қазақстан қалаларындағы кез келген аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында және өзге де орындарда орналасқан «жұмыспен қамту» орталықтарының атқарып жатқан жұмысы туралы айта кету қажет шығар. Себебі, осындай орталықтарға жұмыс іздеп барып жатқан адамдар өте көп екен. Дегенмен, мәселе мұнда қандай жұмыс орындары ұсынылады, осы жайында болмақ. Осыдан бір жыл бұрын бір танысым Алматы қаласындағы аудандық «жұмыспен қамту» орталықтарының біріне тіркелді. Мамандығы – дінтанушы. Қолында бір жылдық оқуды үздік бітіргенін растайтын куәлігі, жоғары білімін дәлелдейтін қызыл дипломы және Түркияда оқыған магистрлік үздік дипломы бар. Теология ғылымын он бір жыл зерттеген адам жұмыс таба алмай, осы орталыққа барғанын айтады. Құжаттарын рәсімдеген орталық бірден көше сыпырушы, көгалдандыру сынды бірнеше жұмыс ұсыныпты. Он бір жыл білім алған ер азамат мұндай жұмыс ұсынады деп ойламаса керек. Таңқалғанын жеткізді. Әрине, біз де таңырқадық. Елбасы тапсырма беріп, осы орталықтарды ашқызған кезде жан-жақты жұмыспен қамтуды меңзесе керек. Ал біз оңайға жүгінеміз. Қалайша? Орталықтарда отырған мамандар түрлі мамандық иелеріне жұмыс тауып беруі үшін тынбай еңбек етуі тиіс. Дәрігерлерге медицина, мұғалімдерге оқу орындары, тағысын тағыларды тіркеп, кез келген адамға өзінің кәсібіне сай жұмыс орнымен қамтамасыз етуге тырысуы қажет деп ойлаймыз. Бұл саладағы мамандардың жұмысы Жолдауда айтылған Еңбек Қоғамы мәселесінен кейін түбегейлі өзгеретініне сеніміміз мол екенін жасырмаймыз. Қазақстан халқы жаппай жұмыспен қамтылып, кедейшілік азайып, қазақ қоғамы еңбекке бір қадам жасаса, ел болашағы да жарқын болары хақ. Сондықтан, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Жолдауға қолдау білдіргеніміз абзал.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ел алдында үлкен міндеттер мен жауапкершілік тұрған еді. Үш жүз жыл бодандықта болған қазақ елі үшін бұл аса үлкен жаңалық, қуаныш болды. Бабалардың аманаты орындалып, ғасырлар бойғы арман-тілегі қабыл болған күн туды. Қазақстан жас мемлекет ретінде әлем кеңістігінен өзінің орнын белгілеп алды. Ендігі жерде ірі-ірі саяси шешімдер қабылдап, елді дамушыдан дамыған санатына қосу жолында күш жұмсау қажет еді. Осы мақсатта талай іс-шаралар жүзеге асып, арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде Қазақстан гүлдей жайнап, құлпыра жөнелді. Өзінің жаңа астанасы – Астананы салып, әлем жұртшылығын бір таңқалдырған еді. Осындай шаруалардың басы-қасында жүріп, елге бас-көз болған Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің көрегендігімен, сындарды саясатымен көптеген жетістіктерге жетуге жетелегенін мойындау бүгінгі ұрпақтың парызы. Қазақстан жеткен кез келген жетістік бірінші кезекте Ел Президентінің арқасында екенін бәріміз білеміз. Және қандайда бір жоспар құрылса, ол іске аспай, жолда қалмайтынына да сенімдіміз. Өйткені, оны бақылап, қадағалап, талап етіп отырған ел жанашыры бар. Елбасы өзінің барлық Жолдауларында жеке мүддесін емес, ортақ қазақстандық мүддені, ортақ мақсатты көздейтінін, ел болашағы үшін күресетінін айтады. Мысалы, соңғы Жолдауда: «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?» – деп сауал тастап, оның жауабын іздестіреді. Және оның бес жолын ұсынып, біріншісін білім беру жүйесімен байланыстырады. Ұлттық білім берудің сапасын жақсартуды бұйырып, мектепке дейінгі, кәсіптік және орта білім, сондай-ақ жоғары білімге ерекше назар аударып, университеттердің жағдайына тоқталады. Екіншіден, денсаулық сақтау саласын тілге тиек етіп, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке ден қоюды талап етеді. Үшіншіден, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн, – дейді. Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу қажеттігін алға тартады. Сондай-ақ, бұл тарауда қазақ тілінің болашағына сенім артатынын жеткізіп: «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – дейді Елбасы. Төртіншіден, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастыру керектігін алға тартады. Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізуді, ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс екенін айтады. Бесіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлуді міндеттейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетілу – өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз екенін шегелеп, осындай азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Біз бұл тарауға жеке-жеке тоқталуымыздың себебі, дәл осы бесінші тарауда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесулерін айтқанына тоқталғымыз келгендіктен. Еңбек қоғамында барша қазақстандықтавн жұмыспен қамтамасыз етіліп, еңбекке жұмылуы тиіс екені анық. Ал енді дәл осы сөздерді дәлелдеу үшін мүмкіндігі шектеулі адамдарды да жұмысқа тартуға қол ұшын беруі өте жақсы айтылған деп ойлаймыз. Осы саладағы әлеуметтік жәрдемақыны 25 пайызға арттырумен қатар, Үкімет жұмысқа орналастыруды қолға алатын болса, бұл – үлкен көмек болары сөзсіз. Сонда ғана кедейшілік деңгейін төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежей аламыз.
Жалпы, сөзімізді қорытындылайтын болсақ, адамның дүниетанымын, өмір сүру өлшемін түгелдей дерлік зерттеген кім бар екен. Олай дейтініміз, біздің қазақ бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін сияқты болып көрінеді. Себебі, «енді жиырма жылдан кейінгі өміріңізді көз алдыңызға қалай елестетесіз?» – деп сұрасаңыз, басым көпшілігі «Ой, оған дейін кім бар, кім жоқ» немесе «Білмеймін, уақыт көрсетеді», – деп жауап береді емес пе. Әншейінде «мақсатсыз адам болмайды» дегенде алдымызға жан салмаймыз. Ал енді өз болашағымызға келгенде немқұрайдылық танытатынымыз қалай? Бүгінде ырзығына риза болып, «осыған да шүкір», «осыған да қанағат» деп отыратын адамдар қатары тым сиреген. Есесіне, «өкімет бізге жағдай жасамайды, материалдық көмегі тым аз» дейтін адамдардың қарасы көп. Осындайда Абайдың «Өзің – үлкен, қылығың – бала-шаға» деген сөзі еске түседі. Не десек те, біздің қазіргі қоғамда кез келген мәселеге өзгені кіналау басым. Мемлекеттік ауқымдағы істерге де құзырлы орган адамдарын кінәлай саламыз. Бұл оңай бізге. Әйтеуір өзімізден басқаның бәрі осал. Ал бұл қаншалықты дұрыс? Әрине, әр нәрсеге өзінің жеке мүддесі емес, мемлекет тұрғысынан қарап, баға берілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының кешегі Жолдауы бүтін елдің, халықтың ертеңі, болашағы үшін жарияланды десек, оны әлеумет қалай қабылдағаны да аса маңызды. Алайда, бұрысы мен дұрысын елеп, екшеп, түсіндіріп беретін жұмыстар көптеп жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз. Осы мақсатта еліміздің түпкір-түпкірінде, жергілікті жерлерде атқарылып жатқан насихат жұмыстары өте орынды. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралып жатқан мәліметтер де бізге көптік етпейді. Себебі, қарапайым халықтың бұл Жолдаудың мән-маңызын түсінуі үшін осындай шаруалар керек-ақ. Болашақта «Мәңгілік Ел» идеясы іске асып, Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына қосылып, одан кейінгі жылдары үздік он елдің құрамына қосылып, әлемге таныла берсін деп тілейміз! Қазағым дүниежүзіне өзінің жарқын, жақсы тұстарын танытып, әлем елдері арасында беделді болсын! Болашақ ұрпақ дамыған, гүлденген, әлеуметтік-экономикалық мәселелері толық шешілген елде бай-қуатты өмір сүрсін деп тілейміз!
Айгүл Ануарбекқызы