Күніне 2 литр таза су ішу дұрыс па?
Соңғы кездері адамдар суды жиі ішетін болды. Қолында су бөтелкесі бар адамды көшеден, аудиториядан, қоғамдық орындардан жиі көресіз. Лос-Анджелестегі Калифорния университеті тарататын брошюрада «су бөтелкесін алып жүріңіздер және сабақ барысында жиі су ішіңіздер» деген жазу бар. Сөйте тұра, көп адам өзіңді су ішуге мәжбүрлеу қиын екендігін айтады. Жалпы қалыптасқан түсінік бойынша адам күніне 2-2,5 литр таза су ішу керек. Осы түсінік қайдан шықты?
Күніне 2 литр деген норманы кім бекіткенін анықтау қиын. Бұл догма 1945 жылы АҚШ-тың азық-түлік және тамақтану жөніндегі Ұлттық кеңесінің басылымынан кейін пайда болуы мүмкін. Онда: «Ересек адамның сұйықтықты қабылдауының күн сайынғы нормасы 2,5 литр шамасында» делінген.
Неліктен біздің бүгінгі түсінігіміз қате?
Адам міндетті түрде күніне 2 литр таза су ішуі керек деген дәлелдер жоқ.
Су, сөзсіз, біздің ағзамызға өте қажет, ең болмағанда ағзамызды артық калорийсіз толтырып, зат алмасуға көмекші ретінде. Алайда 2 литр нормасы дәлелдейтін зерттеулер бүгінгі күнге дейін жүргізілген жоқ. БАҚ-тағы су ішудің қажет екенін меңзейтін ақпараттарға сәйкес: ағзамыз негізінен (50-70 %) судан тұрады. Мәселен, су: қанның 85 %, бұлшық еттің 80 %, мидың 75 % және сүйектің 25 % құрайды екен. Осы себепті ағзамыз дұрыс жұмыс істеу үшін бізге күнделікті 2 литр су керек. Алайда бұл жерде бірнәрсені анықтап алу қажет.
АҚШ-тың азық-түлік және тамақтану жөніндегі Ұлттық кеңесінің басылымындағы мәлімет рас болған күннің өзінде де, аталған 2,5 литрлік нормаға тек таза су емес, сондай-ақ, құрамында су бар өзге де сусындар, тағамдар жатады. Сол үшін, судың күнделікті нормасын қабылдау үшін міндетті түрде бөтелке-бөтелке су ішу қажет емес, бастысы дұрыс тамақтану қажет. Егер ағзаңыз қажетті мөлшерде су алып жатқанын анықтағыңыз келсе, арнайы мобильдік қосымшаларға жүгінсеңі болады. Олар, бір стакан сүттің құрамында қанша су болатынын, немесе бір кесе кофе ағзаңыздан қанша су алатынын анықтап береді.
Сонымен қатар, көп жағдайда суды диета үшін де ұсынады. Бірақ та, судың тағам тұтынуды қаншалықты азайтатыны, тағамды белсенді қорытуға қаншалықты белсенді көмектесетіні жайлы нақты ғылыми деректер тағы жоқ. Клиникалық тамақтану жөніндегі Америкалық қоғамның зерттеуі бойынша, тағам (мысалы, тауық сорпасы) құрамындағы су асқазан жұмысын оңтайландыруға көбірек септігін тигізуі мүмкін. Көп су ішу мен адам өмірінің ұзақтығы арасында байланыс та расталмаған.
Қызықты дерек:
Көп су ішіп, су интоксикациясына ұшырап, өліп кеткен адамдар да кездеседі. Мұнымен қатар, шөлді қатты келтіретін экстази арқылы да қайтыс болған адамдар болған.
Инфекционист Кристофер Ван Тулеккеннің сөзімен аяқтасақ, біз қажетті нормадан аз су ішіп те қиналмай өмір сүре аламыз, ал су интоксикациясы, мейлі ол кішкентай көлемде болсын, одан да үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, суды көп ішу, оны мүлдем ішпегенмен бірдей зиян.
Мақала негіз болған ақпаратқа сілтеме арқылы өте аласыз.Материалды әзірлеген – Дәурен Омаров