Жаңалықтар

Күнге қатысты наным-сенім

Күнге қатысты наным-сенім
23.11.2015 10:41 10093

Күнге байланысты наным-сенімдер аймен салыстырғанда тым аз деуге болады. Атақты Ш.Уәлиханов «Қазақтар күнге қарсы қарап тұрмайды, түзге отырғанда да, алдын күнге бермейді, күнге деген қошаметтің бізге белгілі бір-ақ салты осы ғана», – деп жазды. Дәстүрлі ортада күнге және айға қолын шошайтуға тыйым салынады.

Күнге қатысты наным-сенім

Дәстүрлі қазақ түсінігінде киелі тұтуға байланысты қағидалардың контоминацияға ұшыраған түрлері бар. Мысалы Күнге қатысты тіпті оларға құбылысты тұспалдап, эвфемизммен атау қалыптасқан. Сол сияқты, күн батты, ұясына кірді дегенді «күн байыды», ал күн батар кезді «күн байыр шақ» деп атайды. Қозы-лақты көгендейтін көгеннің барлық бұршағы толды, түгелімен ұсталды деудің орнына «көген байыды» деп тұспалдайды.

Бақсы сарынында ислам әсерімен «күн көзіндегі әулиелерге» сыйыну бар. Онда былай делінеді:

Жер жүзіндегі әулие,

Күн көзіндегі әулие,

Ал, сыйындым сіздерге,

Жәрдем бергей біздерге.

Күн батар сәттен бастап таң атқанға дейін жер бетінде пәле-жала, жын-шайтан, қаскөй күштердің белең алатын кезі деп санайды. Қазақ арасында соған сай қалыптасқан көптеген тыйымдар бар. Әсіресе, Күн батуға жақындап қалған сәтінде дәстүрлі ортада көп қарекетті орындауға тыйым жасайды. Мысалы, батар күнмен «жарысып» жұмыс істемейді деп қандай маңызды болсын ісін тоқтатып, жай қарап отырады. Бұл бағзыдағы Күнді құрмет тұтудан қалған түсініктің сарқыншағы деуге болады. Күн батар кезде тамақ ішуге де, ұйықтауға да тыйым салынады. Бұл күнге тәу ету, әрі жалғанның әрбір күніне тәубе қылу деп түсіндіреді. Сондай-ақ, науқас адам да еңсесін тіктеп, басын көтеріп отыруы дұрыс деп саналады. Өйткені, адамға зиянкес қаскөй күштер науқасын одан әрі меңдетіп, жанына қауіп төндіреді деп санайды.

Ертеде Күн батып бара жатқан кезде жасы үлкендер «бір күнім өтті» деп өкініп, көзіне жас алатын, кейбір деректерде жылайтын әдет болған дейді. Оның мәнін халық пайымында жарық дүниенің бір күні келмеске кетіп бара жатқандығына өкінуден десе, түпкі мән-мағынасы жарық Күннің қасиет аса бағалаумен тікелей байланысты болуы мүмкін. Дәстүрлі аза ғұрпында адамның қырқы (кейбір деректерде жүзі, тіптен жылы) толғанша Күн шығып келе жатқанда және Күн батарда арнайы жоқтау айтылған деген деректер бар.

Науқас адамды күн батар алдында әр түрлі жолдармен ұшықтаса ем болады деп санайды. Әсіресе, ұшық жабаусы және пері соғудан болған деп санайтын талма ауруына шалдыққан адамды батып бара жатқан күнге қаратып қойып, ұшықтайтын дәстүр бар. Мұндай байырғы ем түрін «күнталастырып ұшықтау» деп атайды.

Күн батқаннан кейін көптеген іске тыйым жасалады. Мысалы, Күн батқан соң күл төксе, құдық басына барса немесе ағын суға түссе, адамға ұшық жабысады. Сол сияқты, Күн батқаннан кейiн қорадан мал беруге немесе шығаруға болмайды. Себебі, қазақы ортада қалыптасқан түсінік бойынша, қораның ырысы қашады, үйдің ырыздығы шайқалады деген.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға