Жаңалықтар

Көне музыкалық аспаптар

Ғасырлар үнін жаңғыртқан қобыз бен домбыра
Көне музыкалық аспаптар
30.06.2020 23:40 22883

Сан алуан оқиғаларды басынан кешіріп, ұлт болып қалыптасып, мемлекет құрып отырған біздің халқымыз әлемде теңдесі жоқ тек өзіне ғана тән, өзінің табиғатын, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын, бір сөзбен айтқанда, халық ретінде өзін танытатын ғасырлар бойы шыңдалған әр саладан кәсіби өнерін қалыптастырды. Қазақтың бағзыдан айтылып жүрген аңыз-ертегілерін, ән-күйлерін, халық таланттары – ақындар мен жыраулар, әншілер мен күйшілер асыл мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, көзінің қарашығындай сақтап, өзінің ойындағы арман-тілегін, мұңы мен қайғысын ән өнері арқылы шығарған.

2018 жылдың шілде айыннан бастап Қазақстанда домбыра күні дәстүрлі түрде аталып келеді. Мыңжылдықтардан бері домбыра қазақ халқының дәстүрімен, тұрмысымен, мәдениетімен біте қайнасқан музыкалық аспапқа айналды.

Қазақтың үнінен қасиет таныған аспаптары – домбыра мен қобыздың ұлт тұрмысына ену тарихына көз жүгірте отырып, бұл аспаптардың біздің мәдени тұрмысымызда, ұлттық дәстүрімізде қаншалықты маңызға ие екенін баяндаймыз. 

2c3ecd90-0639-45eb-96bf-d8bbfc104e39.jpg

Домбыра ежелгі аспап

Ежелгі Хорезмде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде үйінді арасынан саздан күйдіріліп жасалған шертпелі аспаптарда ойнап отырған музыканттардың мүсіндері шыққан. Зерттеушілер хорезмдік қос ішекті аспап пен қазақтың қара домбырасының арасынан ұқсастық тапты.

Жалпы қос ішекті домбыра сол уақыттағы барлық дала көшпенділерінің арасында кең таралған аспап екені рас. Мәселен, жиһанкезші Марко Поло өз жолжазбаларында ежелгі Русь татарлары деп аталатын түркі көшпенділерінің жауынагерлерінің осы домбыраға ұқсас музыкалық аспабын сипаттап жазады. Татарлар шайқас алдында әскерлерінің рухын көтеру үшін, аспаптың сүйемелдеуімен жорық әнін айтқан.

Пішіні домбыраға ұқсас аспаптың сақ, ғұн тайпаларының кезеңіне жататын археологиялық ескерткіш қорымдарынан да табылғаны белгілі.   Домбыраның төрт мыңжылдықтар тереңіне тамыр тартқан тарихы - оның көшпенділер тұрмысындағы ең алғашқы шекті аспап болғанын дәлелдейді. Қазақстан территориясында б.э.д. VII-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының кезеңінде домбыра мен сыбызғыға ұқсас музыкалық аспаптар кең таралды. Ғылыми зерттеушілер қобыздың да сақ тайпаларының кезеңіне жататын ежелгі жәдігер екенін айтады. Домбыраны көшпенділер тұрмыста,  бақсы-балгерлер діни жоралғыларда, әскерилер жорық кезінде пайдаланған.

Домбыра бұл қазақ халқының музыкалық қана емес, виртуозды философиялық аспабы. Домбыра шектерінде мыңжылдықтардың музыкамен баяндалған парасат-пайымы, даналығы мен көрегендігі сақталаған. Қазақ халқын тану үшін оның тұрмысын ғана бажайламай, ұлттық аспаптарының үніне құлақ асу керек. Домбыраның күмбірлеген үні арқылы сан ғасырлардан бергі адамдардың тұрмыс-тіршілігі, көңіл-күйі, шаруашылығы, қызығушылығы, арман-мақсаты туралы мәлімет ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырды. 

82440847-a70b-4f97-aede-6795a37f106f.jpg

Домбыраның атасы – шертер

Расында, домбыра ежелгі көшпенділердің бүгінге аманаттаған құнды жәдігері.  Пішіні домбыраға ұқсас аспаптар есте жоқ ескі замандарда да болған.  Егер Алматыдағы Ықылас атындағы халықтық музыкалық аспаптар музейіне қойылған таста қалған таңбаларға сенер болсақ, біздің ата-бабамыз домбырада 4 мың жылдан бері ойнап келеді.

Алайда, домбыра туралы нанымды деректер тек XVI–XVII ғасырларда ғана ел құлағына жете бастаған.

Домбыраның атасы ежелгі түркі музыкалық аспабы – шертер. Оның пішімі домбыраға ұқсас болғанымен, шанағы ашық, үш ішекті, сағағы қысқа. Шертерді тұтас ағаштан жонып, шанағына тері керіп жасайтын болған. Шертерде шертіп немесе шектерін ұрып немесе ысқымен ойнайды. Зерттеушілер домбыра мен қобыз шертерден шыққан деген пікір білдіреді.  

Алғашқы домбыра ағаштың тұтас томарынан жонып әзірлеген. Оған  жергілікті жерде өсетін кез-келген ағаш пайдаланылған.

Кейін аспаптың акустикалық дыбыс шығаруын жақсарту үшін домбыраны кесілген бөліктерден құрастырып, желімдейтін болды. Ағаш таңдауда да талғам артты. Енді домбыра жасауға қарағай, сағызқарағай, шырша ағаштары таңдалды.

Бүгінгі домбыралардың Құрманғазы мен Дәулеткерей ойнаған домбыралардан ерекшелігі - шегінде. Қазір оны қармақбаудан жасайды, алайда ХХ ғасырдың басына дейін домбыраға қой-ешкінің ішегінен жасалған шекті пайдаланған.

Қармақбаудан шығатын дауыстың ашық әрі қатты болғанына қарамастан, зерттеушілер оның мал ішегі беретін терең әрі жұмсақ дыбысты қазақ колоритін өз деңгейінде жеткізе алмайтынын айтады.

ff63146c-5cfa-47eb-9ffb-9f0db4ca5411.jpg

Құлақтан кіріп бойды алған

Құрылымының қарапайымдығына қарамастан, домбыра әуезге бай. Музыкатанушылардың айтуынша, домбыраның өзге аспаптардан артықшылығы - оның дыбысының тереңдігі мен көптүрлілігінде. Ол бір уақытта тұтас оркестр ойнағандай, түрлі дауыс палитрасын бере алады. Мұндай әуез тыңдаушысының құлағынан кіріп бойын алары ақиқат. Ұзын сағағы, домалақ келген пішіні, жұмсақ материалдар және ішектен жасалаған шегі – домбыраның мұндай құрылымы шын мәнінде мінсіз акустика тудырады.

Дауылпаз күйшілер қосшек арқылы кең даланы көз алдына әкеліп, тұлпардың тұяғының дүбірін, аққудың қанатының сылдырын, жаугершілік заманның қасіретін, ананың зарын, баланың жылағанын, ерлердің жанұшырған шайқасын естіртеді.

Атақты жыраулардың, сал-серілер мен ақындардың өлең-жырларында ұлы дала пәлсапасы жатыр. Жалпы, қазақ өнері тұнып тұрған философия.

Қазақ қай уақытта да көмейіне құс қонған әншілерін, алтын саумақ күйшілерін, ел еркесі сал-серілерін төбесіне көтеріп, сыйлаған халық. Айтыс жеңімпаздарының қанжығасы қай уақытта да  майлы болатын. Күйшілер мен жыраулар, сал-серілері мен ақындарын қай ауылда болмасын, төрге оздырады. Сол уақытта меценаттық дәстүрінің көне түрі дамыған уақыт болатын. Айтыс жеңімпазына сыйлық ретінде ауылдың байлары алтын немесе күміс құйма немесе үйір жылқы, отар қой, сәйгүлік ат беретін. Мәселен, бізге  жеткен деректерден Абайдың анасының Біржан салға оның орындаушылық талантына риза болып, алтын тайтұяқ бергенін білеміз.

Домбыраның түрлері

Домбыра дегенде, көз алдыңызға тамшы тәріздес домалақ шанақты, ұзын сағалы, көппернелі дәстүрлі пішіні келді, солай  ғой.  Шынында, домбыраның түрі көп. Әр өңірдің өз тұрмысына лайықтап жасаған домбырасы болады.

Зерттеушілер дәстүрлі түрде домбыраның екі түрін бөліп көрсетеді:  батысқазақстандық және шығысқазақстандық.

Орталық және шығыс аймақтар арқа мектебіне жатады. Олар домбыраны әнді сүйемелдеу үшін қолданған, сондықтан домбыраны баяу шертеді. Қазіргі кезде қолданыста көп таралғаны батысқазақстандық домбыра. Бұл домбыраның тамшы тәріздес, сағағы ұзын класиикалық түрі. Мұндай домбыраның акустикасы да зор болады.

Ықылас атындағы музейдің коллекциясында атақты ақындар мен күйшілердің, композиторлардың домбыралары қойылған. Олардың ішінде Махамбет Өтемісұлның «жасы» 160-тан асқан домбырасы да бар. Оның шанағында үш бірдей ойық бар. Ал Абайдың атақты домбырасы үшішекті болған. Ұлы Абай өз домбырасына орыстың балалайкасының кейбір элементтерін қосқызып, жасатқан.

Отызыншы жылдардың ортасына қарай домбыра басқа да халық аспаптарымен бірге оркестрге қосылды. Тұңғыш рет қазақ музыканты Ахмет Жұбанов музыкалық-драма техникумының базасында халық инструменттері оркестрін құрады. Ол үшін тіпті техникумда домбыра мен қобыздың үнін оркестрге сәйкестендіру үшін сынақ шеберханасы жұмыс жасайды.  

Домбыраның жаңа үлгісін жасауды А.Жұбанов талантты ағайынды шеберлер Борис, Эмануэль Романенколарға, Қамбар Қасымовқа, Махамбет Бөкейхановқа тапсырады. Осылайша, прима-домбыра, альт-домбыра, тенор-домбыра, бас-домбыра және ұлттық оркестрдің өзге де аспаптары дүниеге келді.

Ағайынды Романенколар бұған дейін орыс халық аспаптарымен жұмыс жасаған болатын. Оркестр әуезіне балалайкаға қалай «үн қостырса», домбыра үнінің шығуына да солай өзгеріс енгізді.

Домбыра ерекше аспап

Орта Азия елдерінің көбісінде домбыраға ұқсас шертпелі аспаптар бар. Өзбектер мен түркімендерде тамшытәріздес пішіндегі екі шекті дутар, қырғыздарда үш шекті, ал моңғолдар мен буряттарда, хакастарда да домбыраға ұқсас аспаптар бар.

Сондықтан домбыраның баламасы жоқ деуге болмайды, әрине Алайда, домбыра музыкалық аспаптардың ішіндегі ең бір жетілдірілген түрі екенін көптеген елдердің музыкатанушылары мойындап отыр.

Аты аңызға айналған

Домбыра кәсіби орындаушылардың ғана емес, жалпы мал баққан көшпелі халықтың қай отбасының болмасын төрінде ілулі тұратын қазынасы.  Балаға кішкентай шіңкілдек деп аталатын домбыра беріліп, жастайынан ұлттық аспапта ойнауға баулиды. Сондықтан, әу демейтін, домбыра шертпейтін қазақ жоқ. Бұл сірә, халықтың даланың тамырынан тың тыңдап өскен даналығынан болар. Домбыра тек көңіл көтерудің ғана емес, хал сұрасудың, хабар жеткізудің құралы болған.

Домбыраның қазақ өміріндегі маңызы туралы көптеген аңыз әңгімелер де бар. Соның бірі Шыңғыс ұрпағымен байланысты. Шыңғысханның ұлы Жошының Қазақстан аумағында хандық құрғаны тарихтан белгілі.  Жошының үлкен ұлы құлан аулағанды жақсы көретін. Бір күні аңшылық кезінде ол үйірдің тұяғының астында қалып, тапталып өледі. Нөкерлердің бір де бірінің қаралы хабарды ханға жеткізуге дәті бармайды. Себебі, дәстүр бойынша қаралы хабаршы өлім жазасына кесіледі. Содан, нөкерлер ақылдаса келе, күйшіні алдыртады. Ол домбырада ойнап, сол арқылы ат тұяғының дауысын, құландардың үрейін, үйір көшбасшысының батылдығын, жас жігіттің жанының ышқынғанын жеткізеді. Ол ойнауын тоқтатқан кезде Жошы хан барлығын да түсініп: «Сен маған жаманат хабар жеткіздің, сол үшін де өлім жазасына кесілесің» дейді. Күйші болса «мен емес, бұл туралы сізге домбырам естіртті» дейді.  Сонда хан домбыраның көмейіне ыстық қорғасын құйып, үнін өшіруді бұйырады.

Тағы бір аңызда домбыраның бізге жету тарихы баяндалады. Ежелгі уақытта Алтай аймағында екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей ағайынды жігіттер өмір сүріпті. Кішісі үнемі домбырасын арқалап жүреді екен. Ол домбырада ойнаған кезде айналасындағылардың барлығын ұмытып, өзге әлемге енгендей делебесі қозып отырады-мыс.  Ал оның ағасы тәкаппар көрінеді. Өз атағын шығару үшін сарқыраған суық өзеннің үстіне көпір салмаққа бекінеді. Сөйтіп, тас жинап, көпір салуға білек сыбанып кірісіп те кетеді. Інісі болса, домбыраны тыңқылдатудан қолы босамайды. Ағасына көмектесуге де зауқы жоқ, қаперсіз күйде домбырасын шертіп отыра береді. Оған ашуланған ағасы інісінің қолынан домбыраны жұлып алып, жартасқа бір ұрып сындырады. Домбыра сынғанымен, жартаста оның орны ойылып қалады. 



1e1ca0d1-fdfd-4696-b86b-a42b0d697deb.jpg

Қобыз аспабының тарихы

Сонау Қорқыт заманынан келе жатқан қобыз аспабы қазақ халқы үшін үлкен қасиетке ие киелі жәдігер. Кезінде дала бақсылары үшін көкпен байланыс жасайтын емдеу аспабы ретінде де қолданылған. Сонымен қатар, көрші түркітектес мемлекеттерде де қобыздың сан алуан түрі кездесіп, ұлттық мұраға айналып үлгерген. Болашақ ұрпақ үшін қобыздың қыр-сырын тану, қадір-қасиетін тиісті дәрежеде бағалау – басты міндет.

Қобыз аспабының тарихы VIII ғасырдан бастау алады. Ел арасында қобызға қатысты: «Қарағайдың түбінен қайырып алған, үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым» деген сынды теңеулер де жиі ұшырасады. Қобызды жасап шыққан Қорқыт екенін де көптеген аңыз әңгімелерден естіп жүрміз. Бірақ, сол Қорқыттың шын өмірде болған-болмағаны ғалымдар арасында үлкен дау тудырып жүрген мәселелердің бірі. Қобыздың басқа аспаптардан ерекшелігі адамның ішкі зарын, қасқырдың ұлыған үнін, аққудың қиқулай салған дауысын, желдің сыңғырын, судың сылдырын анық, боямасыз жеткізуі. Осындай табиғаттың ерекше үнін ағаш діңінен ойып жасалған қарапайым аспаптың суреттей алуы көпшілікті таңқалдырып келе жатыр. Тіпті Еуропада пайда болған скрипканың атасы да – қобыз. Қобыз екі бөлімнен тұрады. Біріншісі, ағаш діңінен ойып жасалған негізгі бөлімі болса, екіншісі, жылқының құйрық жалынан жасалған ысқышы. Қазақ халқы үшін қобыз аспабы қоңыр добырамен бірдей ұлықталып келеді. Бабадан қалған асыл мұраны болашаққа жеткізе білу үшін, ұлттық рухымыздың биіктігін алыс-жақын шетелдерге паш ету үшін бүгінгі таңда қобызды да білікті ұстаздар жас шәкірттерінің бойына сіңіруде.

Қобыз атасы Қорқыт аңыз кейіпкері ғана емес, түркі тектес халықтардың ортақ мифтік образы. Қорқыттың өмірі мен шығармашылығына қатысты сауалдар да, қобыздың пайда болуы хақындағы сұрақтар да жетеді. Бізге жеткен аңыз бойынша Қорқыт атамыз алғаш жасаған қобызымен күй тарта бастағанда әлемнің астаң-кестеңі шығып, даладағы аң-құстар қобыз үнімен күңіренген екен. Қорқыт қобызын тартқанда бүкіл елді қорқытып қана қоймай, қасиетті сырдың бетінде ойнаған күй халықты бір сәтке бақытқа кенелткен деседі. Қобыз үнінен аспанды қара бұлт басып, дүлей дауылдарда көтерілген. Қобыздың пайда болу тарихы қандай қиял-ғажайып ертегіге ұқсаған сайын, ел арасында соншалықты беделге ие болғаны сол себептен шығар.

Халқымыз қобыз үнінен бөлек, оның пішін тұрпатына да ерекше назар аударған. Қобыз аспабы бір қараған адамға аққуға ұқсас көрінеді. Атақты ғалым, академик Әлкей Марғұланның айтуынша: «Қобыз аспабының аққуға ұқсағандығы аққу құстың киелілігіне тікелей байланысты. Байырғы қазақ халқы үшін аққу бейнесі қасиетті тотеммен пара-пар».

Орта ғасырдағы Қорқыт бабамыздың атымен тығыз байланысты қобыз аспабы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасуда. Ендігі кезекте: «Қорқыт кім еді? Артында қалдырған мұралары қандай?» деген сұрақтарға тоқталсақ.

1ff2ed5f-485c-4952-a1ed-ca0169c8c23c.jpg

Қобызшылар шежіресі

Ұлтымыздың ата-бабадан жалғасқан шежіресіне зер салсақ қобыздың тарихы Қорқыттан бастау алғанын түсінеміз. Жалпы музыка өнерінің қазақ даласында пайда болуы да Қорқыт атамызға қатысты. Қорқыт ең алғаш қобызға жан бітіріп, әуен ырғағына салған өнерпаз. Күй атасына байланысты таралған аңыздардың бірі – оның айырықша жағдайда дүниеге келуі. Қорқытты анасы тұп-тура үш жыл тоғыз күн бойы көтеріп жүрген екен. Түз даланың киесі құланның жал-жаясына жерік болған ананың толғағы әр жылда бір рет қысып тұрса керек. Ақыры сәбидің бұл дүниенің есігін ашар шағы да жетіпті. Жас ана босанарда тоғыз күн ұзағынан толғатып, жер-жаһанды үш күндей тас қараңғылық басады. Құйын көтеріліп, ел-жұрт үйінен шыға алмай, қатты қорқыпты. Балаға туа сала тіл бітіп, сайрай жөнеледі. Сәбидің бесік тойына келген қауым: «Бұл бір өзгеше жағдайда, ерекше дарынмен бізді қатты қорқытып дүниеге келді. Сол себепті атын Қорқыт қояйық», - десіп сәбиге есім береді.

Қорқыттан кейін қобызға екінші мәрте жан бітірген қазақ даласындағы бірегей бақсы, тәуіп, қобызшы – Қыпшақ елінен шыққан Қойлыбай Әбдурахпанұлы. «Қойлыбайдың қобызы», «Қойлыбайдың қоштасуы» сынды тіркестерде осыған дәлел. Хамитбек Мұсабайұлы атты ақын өз жырында Қойлыбайдың адам сенгісіз қасиеттері мен айырықша талантын сөз еткен. Өлеңде сақалы ағарған Қойлыбайды қобызшылардың пір тұтқандығы, өз дәуірінің тірі аңызына айналғандығы айтылады. Қойлыбай қобызымен – жартастарға жан бітірген, ешкімнің ырқына көнбеген асау жылқыны бағындырған, аспандағы қара бұлтты қашырған, ақ боз үйден сарай салған, жыланның уға толы тілін алған, бір елдің менменсіген ханын алдына әкелген, алапат отты өшірген. Есі кеткен ессіздерді жөнге салып, жасаулы тұрған отауды бір беттен келесі бетке көшірген. Қойлыбай қобызымен тасаттық беріп, жаңбырды да жаудырған, жүздеген күй тартқан, атын мәңгіге ел тарихына қалдырған.

Қыпшақтан шыққан Қойлыбай абызды қазақтан шыққан алғашқы ғалымдардың бірі Шоқан Уәлиханов та зерттеген. Зерттеушінің айтуынша Қойлыбайдың түсіне Қорқыт кіріп аян берген деседі. Қойлыбай – өмірде болған кейіпкер. Ол XIV ғасырда өмір сүрген. Шоқан оны «бақсылықтың биігіне шыққан пір» деп бағалаған, ал академик Әлкей Марғұлан: «Қойлыбай болмаса Қорқыттың қобызы бүгінге жетпес еді. Ол Қорқыттың төл шәкірті. Қобыздың алғашқы жаршысы», - деп пайымдаған. Қойлыбай туралы аңыздар да көп. Айталық бір бәйгеге Қойлыбай өз қобызын қосыпты деседі. Бәйге болатын жерге бір күн бұрын келіп, қобызын сексеуілге байлап қояды. Бәйге аттары шаба бастағанда Қойлыбай әдеттегіше қаруын асынып, биін билейді. Сол кезде бәйге аттарының артынан дауыл тұрып, сексеуілге байлаған қобызды алға ығыстырады. Осылайша бұл бәйгеден Қойлыбайдың сексеуілі бірінші келіпті. Алаш арысы Мағжан Жұмабайұлы Шоқан Уәлихановтың зерттеуін мысал етіп «Қойлыбайдың қобызы» атты поэма жазады.

Қазақ халқы үшін қобыз бен бақсылық егіз ұғым. Қобыз турасында сөз қозғағанда бағзы замандағы халық бақсы-балгерлерінің де өнерін айтуымыз керек. Бақсы дегеніміз – өзі емші, өзі көріпкел, күйші, ақын, әртіс, бір сөзбен айтқанда ерекше қасиеті бар адамдар. Жаратқан берген қабілет-дарынының арқасында адамдарды ажалдан арашалап қалатын емші, ертеңіңде болжаушы, әртүрлі ғажайыптар жасайтын сиқыршы, түрлі ырғақтармен сайрайтын жырау, күйші болған. Бақсылар өзінің құралы ретінде асатаяқ, қамшы, пышақ, әйнек, от тағы басқа адамдарға әсер ететін құрал пайдаланған. Бақсылыққа бет бұрған абыздар көмекші ретінде қобызды қолданған. Сондықтан жоғарыда аттары аталған қобыз өнерінің ірі тұлғалары асқан бақсы болған және бақсылық дарыны болған адамдар.

Ғалым Әлкей Марғұлан бұл туралы: «XIII және XIX ғасыр арасында қобызшылар мен бақсылардың көп шыққан тайпасы Қыпшақ болды. Тарихта Византияға ең алған елші болып барған Көкем бақсы да Қыпшақтан шыққан. Әсіресе, осы бақсылар Мысырға елшілікпен барғанда өздерімен қобыздарын ала жүрген екен. Оны Мысыр суретшілері суретке түсірген деседі. Қыпшақтан шыққан ең әйгілі бақсы Барақ болған. Тылсым ісімен даңқы жайылған күйші қобыз тартумен қатар, жыршылықпен де айналысқан. Ежелгі шығыстың тарихи кітаптарында «қобыз сөзінің түбірі Қыпшақ сөзімен тамырлас деп айтылған», - дейді.

b83a3089-b58c-4b02-9d2c-778777a412f2.jpg

Қобыздың түрлері

Қобыздың біз білетін нарқобыз, қылқобыз, шаңқобыз дейтін үш түрі бар. Қос ішекті ысқыш таяқшамен ойналатын ежелден келе жатқан кең тараған түрі – қылқобыз. Үйренуге оңай емес, өзіндік жұмбағы мен сыры көп аспап. Қобыздың ысқышы жылқы малының қылынан жасалады. Ішегінің үшеу немесе төртеу болуына қарай нарқобыз немесе жезқобыз деп те аталатын түрлері бар. Қобызды ағаштан құрастырып яки ойып жасайды. Ойығы жартылай аң терісімен жабылып тұрады. Дыбыстың жаңғырып әуезді шығуы үшін бұлтаптырмас тәсіл.

Халқымыздың дәстүрлі музыка өнері заман талабына сай түрленіп, ұлтымыздың ұлы өнерін әлем сахналарында паш етіп келе жатыр. Сол себепті де қазақтың қайсыбір музыкалық аспабы болсын ескірмейді. Қайта ол жаңа өмір салтымен жасарып, жаңаша леппен, өзгеше күшпен толығады. Бүгінгі таңда этностильдегі музыка болсын, киім болсын жоғары сұранысқа ие. Музыка өңдеумен айналысатын мамандардың өзі кез келген заманауи әнге домбыраның, қобыздың сарынын салып әрлеп жүр. Көрермен тарапынан да бұл жаңашылдық үлкен қолдау тапқан.

5303056a-5b58-4b21-8cae-92f350df5fa3.jpg

Халықтың асыл мұрасы

Міне, осындай ұлттық аспаптарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу біздің ортақ парызымыз. Мәдени мұраларымыздың да ерекшелігі сонда, олар бізге сан ғасырлардан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан төл туындымыз.

Осыған орай, елімізде Қорқыт атамыздың аты жанданбаса өшкен емес. Қорқыт бабамыздың атындағы жоғары оқу орны, өнер мектептері бар. Қорқыттан қалған күйлер де бүгінге жеткен. Қобыздың қазақ музыка өнерінде әлі күнге дейін өз биігінде дәріптеліп жатқаны да асыл мұрамызға деген үлкен құрмет. Айталық, Жанар Айжанованың орындауындағы «Қобызым» әні, Гүлнұр Оразымбетованың орындауындағы «Қорқыт-қобыз» әндері соның айқын дәлелі. Тіпті, Қорқыттың өзіне ғана тән сарынының өзі бүгін үлкен бір мектеп қалыптастырып отыр.

Қобызда да басқа аспаптардағы сияқты баяғыдан қалыптасқан арнайы орындау үлгілері бар. Ойнау тәсілінің қиыншылықтарына қарамастан бұл аспап ел арасында кең тараған. Оның бастауы өзіміз айтып отырған Қорқыт пен Қойлыбайдан, Ықыластан, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтардан бастау алады.

Баяғыда нота жазу үлгісінің болмауы себепті уақыт құрдымына ізі сіңіп, жоғалып кеткен күйлер қаншама?! Ал біздің заманымызға жеткен күйлердің кейібірінің болмыс-бітімі, бояу-өрнегі сол қаз-қалпында сақталмағаны анық. Қобыз күйлерін бүгінгі күнге жеткізіп, халық арасына таратып, күйтабаққа жаздырған қобызшылар – жоғарыда аталған Дәулет Мықтыбайұлы мен Жаппас Қасымбекұлы осы өнердің өркендеуіне зор үлес қосты.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері рухани-мәдени мұрамызға аса назар аударып келеді. Соның ішінде, қобыз өнерінің жандануына 1968 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ашылған қылқобыз бөлімін мысал ретінде айта аламыз. Мұнда әр жылдар сайын белгілі қобызшылар дәріс берді. Ең алғашқылардың бірі болып атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев ұстаздық еткен. Алайда, денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт дәріс оқи алмады. Ұстаз жолын іле-шала қобызшы Дәулет Мықтыбаев жалғастырды. Ол кісі консерваторияда ұстаздық еткен аз жылдар ішінде көптеген халық күйлерін, Қорқыт пен Ықылас күйлерінің ойналу тәсілі мен ерекшеліктерін жас музыканттарға үйретіп, бойындағы бар өнерін жастарға мирас етті. Қазіргі уақытта қылқобыз республикамыздың музыка мектептерінде, колледждерінде, консерваторияда, музыка академиясында және музыка факультеттері бар жоғары оқу орындарында оқытылады. Әрине, халық дәстүріндегідей қарама-қарсы отырып, дарынды күйшіден көзбе-көз күй үйренгенге не жетсін. Қорқыттан жеткен қасиетті қобызды болашақ ұрпаққа аманаттау да осы қобыз мектебінің мызғымас борышы деп есептейміз.

2.JPG

Қобызға жаңа үн қосқан «Di-Art Style» тобы

Ендігі кезекте қобыз үнін жаңаша әуезде елге насихаттап жүрген «Di-Art Style» тобының әңгімесін ұсынуды жөн көрдік. Аталған топ Ұлттық ұланның ән-би ансамблі қатарында өнер көрсетіп жүріп, қазақтың киелі аспаптары – қобыз бен домбыраны өзгеше түрлендіруді жоспарлаған. Осылайша, бес жыл бұрын, яғни, 2015 жылы топ үлкен сахнаға жол тартады. Ұлттық ұланда қобызшы Айдана ефрейтор, ал домбырашы Жұлдыз Жәбелова кіші сержант шенінде. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі байқауларға қатысып, өнер достастырған Атырау мен қызылордалық қыздарды Алматы арманға бірге жетелеген.

Біз Жұлдыз екеуміз бір-бірімізді мектеп қабырғасынан білеміз. Мен Қызылорда облысының тумасы, ал ол атыраулық болғанмен, бізді мәдениет қаласы Алматы табыстырды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ түрлі байқау-сайыстарға қатысып жүріп кездесіп қалдық. Әңгімеміз жарасып үнемі шығармашылық байланыста болдық. Менің Ұлттық ұлан ән-би ансамбліне келуіме де осы Жұлдыздың көмегі тиді дей аламын. Сөйтіп, 2014 жылы мен ансамбль құрамына келіп қосылдым. Өнердің шыңына бірге шығу мақсатын алдымызға қойып, дуэт құрамыз деп шештік.

Қазақтың қос аспабы қасиетті домбыра мен қобыздан үндескен композицияларды халыққа ұсыну негізгі жоспардың бірі болып табылады. Оған қоса ұлттық туындыларды қазіргі заманға лайықты етіп өңдеу, халыққа шығару да жоспарымызда бар. Соған сай жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі таңда қоржынымызда қырықтан аса туындымыз бар. Барлығы дерлік заманауи нақышта өңделген, - дейді қобызшы қыз.

Өнер иелері топтың аталу тарихына да тоқталып өтті. Сонымен қатар, алға қойған жоспарларымен бөлісті.

- Негізінде топтың құрылуы басында белгілі болған. Мен Ұлттық ұланға келер алдында Жұлдыз екеуіміз дуэт боламыз деп шештік. Өйткені жеке қобызбен сахнада өнер көрсету өте ауыр дүние. Сөйтіп 2015 жылы шартты түрде топ құрылды. Басында екеуіміз ғана сахнаға шығып жүрдік. Ол кезде топтың аты да болмаған еді. Кейін ансамбль мүшесі Нұрлыбек Аманов деген азаматты топқа шақырдық. Ол да бірден келісе кетті. Трио болғаннан кейін топтың атын қою, имидж қалыптастыру, киім үлгісін дайындау туралы ойландық. Сондай-ақ шығармашылыққа белсене араласуымыз керек болды. Сол кезде әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар жасап демеуші іздей бастадық. Өнердің жанашырлары көп екен. Солардың бірі Динара есімді ару қыз бізге хабарласып, киім жағынан демеушілік жасай алатынын жеткізді. Тығыз қарым-қатынас орнап әлі күнге дейін бізбен бірге жұмыс атқарып келеді. Топтың атауындағы «Di» сол кісінің есімінен басталады. Ал «Art» деген өнер екені белгілі болса, «Style» «жаңа ұлттық стиль біздің бағыт» дегенге саяды. Міне, біздің топтың шығу тарихы қысқаша осылай.

Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Солардың біріне тоқталсақ «Di-Art Style» тобының бір сағаттық концертін жоспарлаған едік. Әзірге елдегі карантин жағдайына байланысты белгісіз болып тұр. Оған дейін түрлі қобызға арналған композициялар жаздырып жатырмыз. Біз тек домбыра мен қобызда шығармаларды орындп қана қоймай, оларға жаңа дем беріп түрлендіреміз. Басты мақсат та сол, Қорқыт бабадан жеткен қобыздың үнін өшірмей, қайта жандандырып ұсыну.

Қобыз – скрипканың арғы тегі, түп атасы. Мұны әлем музыка зерттеушілері баяғыда-ақ мойындаған. Мойындатқандар – қазақ өнерпаздары. Қобызда өне бойыңдағы қанды толқынша тасытып, жігер берер күш бар. Әсіресе, адам дауысының тембріне ұқсас зары, қыл ішектен тараған қайғылы сарыны тыңдарманның жүрегінен орын алып, еліміздің руханиятына мол үлес қосып келеді.

(Суреттер syr-media.kz сайтынан және кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға