Жаңалықтар

Көне ескерткіштер қорғауға зәру

Семей іргесіндегі қола дәуіріне тиесілі қоныс апаттық жағдайда
30.11.2016 04:47 17770

Шығыс Қазақстан мен көршілес аймақтардың көне және ортағасырлық тарихы жөнінде зерттеп жүрген археолог Айдын Жүнісханов фейсбук әлеуметтік желісінде Семей қаласының тарихи қайнар бастауы, ғылымда Семей құмшағылдары (Семипалатинские дюны 1 және 2) деген атаумен белгілі алып металлургиялық кешеннің қорғалмай отырғандығы туралы жазған еді. Ғалымның айтуынша қола дәуіріне тиесілі тарихи қоныс үстіне мектеп пен ықшамаудан тұрғызылып жатыр. El.kz Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының Астана қаласындағы филиалының ғылыми қызметкері Айдынмен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасты.

Көне ескерткіштер қорғауға зәру

– Археологиялық аумақтың қорғалмау себебі неде және мұраларды қорғау немесе оны бұзуға қатысты заң шеңберінде қандай шаралар қарастырылған?

– Университетте тарих мамандығында оқып жүргенімізде, Семей қаласындағы қола дәуіріне жататын құмшағылдар туралы еститінбіз. Ұстаздарымыз олардың түбегейлі зерттелмегендігі туралы жиі айтатын. Жалпы, құмшағылдағы қоныстар туралы алғашқы деректер Н. Коншин сияқты әуесқой өлкетанушылардың жазбаларында кездеседі. Одан бөлек өлкеге 1947 жылы археолог ғалым С.С. Черниковтың зерттеу жұмыстарын ұйымдастырғаны мәлім. Зерттеу нәтижесінде, қыш ыдыстар, қоладан жасалған біздер, дән үккіштер, отбақырлар, жебе ұштарын құюға арналған қыш қалыптар, металл балқыту пештерін табады. Осындай заттай деректерге сүйене отырып, Семей қаласының маңы қола дәуірінде ірі металлургиялық орталық болған деген тұжырым жасайды.  Ескерткіш ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген. Соның салдарынан 1960 жылы жарыққа шыққан «Қазақстанның археологиялық картасы» атты көлемді еңбекке жеке ескерткіш ретінде енбей қалған. Тек қосымша жинаққа қоныстан табылған жәдігерлер –  «кездейсоқ» табылған олжа деп беріледі. Ал, 2006 жылы шыққан Шығыс Қазақстан облысының археологиялық ескерткіштер тізбесінде бұл қоныс мүлдем жоқ. Осылайша, ғылыми айналымға толықтай енбеген ескерткіш уақыт өте келе ұмыт бола бастайды.

2015 жылы Семей қаласының іргесіндегі Семейтау тауының етегінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге барғанымызда, жергілікті өлкетанушылар қоныстарда ешқандай археологиялық сараптамалық жұмыстарынсыз құрылыс салынып жатқандығын бізге жеткізді. Көне құмшағылдар қазына іздеушілердің сүйікті мекеніне айналғаны туралы бұл мәселе КТК арнасында да көтерілген болатын. 

Бұл жерде, мердігер компания мен тапсырыс беруші тарапынан бірнеше заңнамалық қателіктер кетіп отыр. Атап айтар болсақ, біріншіден жобалық құжаттар толық жасалмай, аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары ұйымдастырылмаған (ҚР жер туралы кодексінің 127-бабы мен Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы ҚР Заңының 39-бабына сәйкес); Екіншіден, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы ҚР заңының 5-бабында «Археология ескерткіштері олар анықталған кезден бастап тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін алады» делінген. Ал, мектеп салушы мердігер компания «мұны білмедік» деп жалтарып отыр.

Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Семей құмшағылдары қонысы

– Мектепті салуға құзірет берген тұлғалардың аты-жөні белгілі ме? Және қандай да бір әрекеттер жасап жатырсыздар ма?

– Өскемен қаласындағы облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясы осы мәселені назарға алса деген өтінішіміз бар. Бұл мәселеге жауапты Семей қаласының шенеуніктері «қоғамдық кеңес өткіздік» дегеннен басқа мардымды жауап берген жоқ. Семей облыстық өлкетану музейінің «Алтын қорына» айналған және танымал өлкетанушы, суретші Н. Белослюдовтың Ресейдегі І Петр атындағы Антропология және этнография музейіне сыйға берген жеке коллекциясы осы құмшағылдардан жиналған еді. Енді міне, тамаша, бірегей ескерткіш осылайша кейбір шенеуніктердің жауапсыздығы салдарынан жойылып бара жатыр. Семей қаласы мен қала территориясына кіретін ауылдық аймақтарда шоғырланған археологиялық ескерткіштерді қорғау және зерттеу ісі кезек күттірместен шешілуі тиіс мәселеге айналып отыр.

Семейде бүлінуге ұшырап жатқан бұдан өзге де ескерткіштер көп. 2016 жылы Семей қаласының ішінде археологиялық барлау жұмыстарын жүргіздік. Қала шетіндегі РСУ шағын ауданында жер телімдері тұрғын-үй салуға беріліп жатыр екен. Беріліп жатқан жер учаскілері аумағынан қола ғасырының қонысы мен қорымдарын анықтадық. Жүріп өтсеңіз, аяқ астыңыздан қыш ыдыстардың сынықтарын байқайсыз. Зерттеуге таптырмайтын, әлі зерттелмеген, қала тарихының көне замандардан бергі даму тарихының мозаикасын құрудағы таптырмас бөлшек. Өкінішке қарай, бұл ескерткіш те апаттық жағдайда тұр.

 Семей құмшағылдарынан табылған жәдігерлер

Апаттық жағдайда тұрған ескерткіштердің тарихи маңызы қандай?

– Семей өңірінің көне тарихы археологиялық тұрғыдан зерттелмегендіктен шаһар мен оның айналсындағы жерлердің даму тарихына қатысты ақтаңдақтар көп кездеседі. Біздің қазіргі біліміміз XIX-XX ғғ. жүргізілген жүйесіз зерттеулерден аса алмай отыр. Осы олқылықтардың орынын толтыру мақсатында 2014 жылы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының (жетек. З. Самашев) Семей зерттеу тобы ҚР БҒМ ҒК тарапынан қаржыландырылған «Шығыс Қазақстанның көне мұрасы: Ғұн-сармат дәуірінің тарихи-мәдени үрдістері» атты гранттық жобасы аясында (жетек. А. Айтқали) Семей қаласының әкімшілік аумағына қарасты Көкентау және Семейтау аймағында барлау және археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастадық. Нәтижесінде еліміздің қола, сақ, ғұн және көне түркілер дәуіріне қатысты жаңа теориялық мәселелер ғылыми айналымға енгізілді.

Көкентау кешенінен табылған тас бетіндегі суреттер. Қызыл охрамен салынған мұндай таңбалар Қазақстан аумағында сирек кездеседі

Жалпы адамзаттың даму тарихында  өмір сүруге қолайлы жерлер аз болды. Олар көбіне тау етегі мен өзен аңғарларын мекен етті. Осы орайда Семей ескерткіштері нақ Ертістің жағасында орналасуымен қызықты.

Саян-Алтай өңірінде кеңінен таралған қола бұйымдарға спектралді талдау жасаған ресейлік ғалымдар, аталмыш өңірлерге қалайы қоспасы бар қоланың (БрО5) Қалба-Нарым жотасынан алынғанын дәлелдеп отыр. Бұл өңірлерде қола өндіру ісінің жақсы дамығанын, қола ісімен байланысты өзге де салалардың қатар дамығанын С.С. Черниковтың, тәуелсіздік алғаннан кейін З. Самашев және басқа отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстары дәлелдейді. Бұл – Семей өңірінің көне замандарда ірі өндіріс орталығы бола отырып, оңтүстік Сібір өлкесін өзінің ықпалында ұстағынын айғақтайды. Ортағасырларда өмір сүрген араб географы әрі саяхатшысы әл-Идриси «Ертіс бойын мекен етіп отырған қимақтар мыс пен темір өндіреді, әрі олардың қолдарынан керемет, өзгеше бұйымдар шығып отыратын тамаша ұсталар», – деп жазады. Бұл жазбаша дерекпен жоғарыда келтірілген археологиялық мәліметтер Ертістің жағасынан орын тепкен Семей сияқты қалалардың сонау қола ғасырынан бастап, кейінгі ортағасырларға дейінгі 2 мыңжылдық уақыт аралығында ірі өндіріс орталығы болғандығын көрсетеді.

Бүгіндері Семей қаласының тарихи бастауын 1718 жылмен байланыстыру басым. Әлбетте, қаланың даму тарихына бекіністің салынуы, кейіннен уездік қала, облыс орталығы атануы өзгеше леп, жаңаша тыныс берді. Бірақ қала іргесінен табылып отырған қоныстар мен жәдігерлер сонау қола ғасырында протоқалалық мәдениеттің алғашқы нысандары қалыптасқандығын көрсетеді. Өкінішке қарай, Семей аймағын ерте темір, ерте және соңғы ортағасырларда мекендеген халықтарға қатысты біздің біліміміз шектеулі. Оның себебі Семей өңірінің археологиялық түрғыдан зерттеу ісінің кенжелеп қалуы. Біздің бар білетініміз – әл-Идрисидің «Ертіс бойында қимақтардың 17 қаласы бар» деген археологиялық тұрғыдан толыққанды дәлелденбеген жазба дерегі. Далалық өңірге жататын Семей өлкесінің ортағасырлық қалалары Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағындағы орталық көшелері, кварталдары бар, рабаттар мен шахристандары бар қалалардан өзгеше. Себебі екі аймақта өзгеше тарихи-мәдени және географиялық ортада дамыды.

Көп жағдайда, қала болу үшін жазба ескерткіш қалу керек деген уәж айтылады. Тарихта жазба дерегі жоқ Арқайым деген үлкен қала болғандығы ғылымда дәлелденген. Сондай-ақ, сыр бойындағы антикалық қалаларды айтсақ болады. Екінші, қала болу үшін халық саны көп болу керек деп бүгінгі терминологиямен бағалап жатады. Қазіргі ұғыммен өткен ғасырды түсіну қиын.

‒ Бұзылып жатқан ескерткіштер бойынша орталықтандырылған ақпарат жинайтын мекеме немесе қоғамдық ұйымдар Қазақстанда тіркелген бе? Қазақстанда осы мәселеге қатысты қоғамдық пікір қалай қалыптасады?

 – Семей өңіріндегі археологиялық ескерткіштердің тізімі жасалмай, реестрге алынбауынан, оларды қорғау және мониторинг жасау мәселесі жүйеленбей отыр. Осындай олқылықтардың кесірінен, тонау мен құрылыс жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы өршіп барады. Құрылыс жұмыстары кезінде кеткен олқылықтардың орнын заңнамалық тұрғыда реттеудің тетіктері болса, археологиялық мұраларды тонаушылар немесе қара археологтарды қолға түсіру, олардың әркеттерін тоқтату ісі қиындау. Еліміздің зияткерлік ұлт саясаты жобасының аясында, өткен тарихына құрметпен қарап, оны қызғыштай қорғап, болашақ ұрпаққа аманттап жеткізу үшін бізге тарихи-мәдени ескерткіштерді мониторинг жасайтын орталық қажет. Осы бағытта ҚР Ұлттық музейінің құрылымдық бөлімшесі болатын «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бойынша бастамалар көтеріп жүр. Біз 2014 жылдан бері Семей қаласының іргесіндегі Знаменка ауылында зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Күні бүгінге дейін, ауыл маңайындағы тас дәуірі мен этнографиялық кезең аралағына жататын ескерткіштерді толық тізімдеп болған жоқпыз. Қазірге дейін 80 ескерткішті тізімге енгіздік. Біз араламаған тау-тас, жазық дала жетерлік. Бұл қыруар еңбек пен қаржыны қажет ететін жұмыс.

«Қара археологтардың» сатуға шығарған бұйымдары. Жәдігерлер Абай ауданы, Архат ауылынан табылған

– Тонаушыларға тосқауыл болу үшін қандай шара қолдануға болады?

Семей қаласының әкімшілік ауданы территориясында шоғырланған археологиялық ескерткіштерді тонаушылардан сақтау үшін, жалпы ел аумағындағы ескерткіштерді қорғау үшін кең көлімді іздестіру жұмыстарын ұйымдастырып, ескерткіштердің төлқұжаттарын жасау, облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясы, археология институты мен тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерін әріптестікке шақыра отырып, анықталған ескерткіштерге мониторинг жасау ісін жүйеге келтіру сияқты ұсыныстарды ұсынар едім. 

Тағы бір ұсынысым, аймақтық өлкетану музейлері заңсыз жолмен табылған археологиялық жәдігерлерді сатып алумен айналыспағаны дұрыс. Музейлердің дайын бұйымдарды сатып алғаннан гөрі, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырғанын жөн санаймын. Себебі, сатып алынған тарихи-мәдени жәдігерлер тарихи-ландшафттық ортамен бірге зерттелмегендіктен, тарихқа ешқандай үлес қоса алмайды.

‒ Қазақстанда бұзылып жатқан басқа қандай тарихи маңызды ескерткіштерді атап кете аласыз?

– 2015 жылғы зерттеуімізде Семейтаудың бөктерлерінде шаруашылық қажеттіліктерге бола күрелген обалар көп кездесті. Мұндай фактілер Үржар, Күршім және басқа да аудандарда кездесіп отыр. Соңғы 1-2 жылда дауға айналған Алматы облысындағы Талхиз қалашығы да осы қатарға жатады. Ескерткіш аумағына сараптау жұмыстары кеңестік кезеңде бекітілген құжаттар негізінде жүзеге асқандықтан, көне қаланың аумағы күреліп кетіп отыр. Білімсіздігімізден, салғыртығымыздан өз тарихымызды осылайша өзіміз күреп, күлге төгіп отырмыз.

ШҚО Семейтау бөктерінде қараусыз жатқан кешен

– Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің жай-күйі, оларды қорғау және насихаттау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Оның ішінде ШҚО археологиялық ескерткіштерінің жалпы сипаттамасына тоқталып өтсеңіз.

– Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін мемлекеттік деңгейде қорғау үшін, жоғарыда айтылған ұсыныстардан бөлек, халыққа насихат жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Қазір «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты халықпен кездесіп, археологиялық ескерткіштерді сақтау және маңызы туралы семинар өткізіп жүр. Мұндай насихат шараларын өткізуді облыстардағы, аудан орталықтарындағы өлкетану музейлері де қолдарына алса екен деген ұсыныс бар.

Моңғолияға зерттеу жұмыстарымен барған археолог таныстарымның айтуынша, моңғол халқының ескерткіштерге деген құрметі ерекше. Иен даладағы қараусыз ескерткішті зерттеп жүрсе, бір қойшы жүгіріп келіп, кім екендерін тергеп, тиісті құжаттарын сұрайтын көрінеді. Барлығы заңды екенін дәлелдеп, қоштасып ары қарай жұмыс істеп жатса, бір жарты сағатта ақ тер, көк тер болып сол аймақтың әкімі жетеді екен. Қазақстанда тарихи мұраға дәл осындай құрмет жетіспейді. Семейде екі жыл қазба жұмыстарын жүргіздік. Сонда біздің қасымызға тірі жан баласы келіп, тіл қатысып, жөн сұрасқан жоқ. Ол ескерткіштерді тонап жатырмыз ба, зерттеп жатырмыз ба, бәрібір, ешкімнің шаруасы жоқ.

Сондықтан халықты ақпараттандыру ісі – елімізде бірыңғай мәдени кеңістікті қалыптастыратын, адамдардың мәдени деңгейлерін өсіріп, халық қазынасын сақтаудағы олардың рөлін айшықтайтын, жауапкершілігін сезіндіретін шара. Осындай қадамдар арқылы біз тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін тонаушылардан сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап, қадірін қашырмай жеткізе аламыз.

Шығыс Қазақстан өңірінің ескерткіштері еліміздің өзге өңірілерімен  салыстырмалы тұрғыда, жақсы зерттелген аймақтардың қатарына жатады. Десе де, күні бүгінге дейін облыс аумағында археологиялық тұрғыдан зерттелмеген өңірлер көп. Мысалы, әлі күнге дейін Аягөз, Жарма аудандары, жоғарыда атап өткен Семей қаласының кей әкімшілік ауданының территориялары зерттелмеген. Бұл аймақтарда жүрген тарихи-мәдени үдірістері туралы, аймақты мекендеген халықтың шаруашылықтары мен даму деңгейі, олардың діни дүниетанымдары, көршілес Алтай, Жетісу, Сарыарқаны мекендеген тайпалармен байланысы туралы біздің білеріміз шектеулі.

– Бұл мәселенің шешілмей отыруына не себеп? Мемлекеттік қолдау жетіспей ме, қаржы бөлінбей ме, әлде ғалымдар жоқ па?

– Елімізде тарихи ескерткiштерді есепке алу, қорғау, міндетін облыстардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инспекциясы атқарады. Шығыс Қазақстан облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау, сақтау жөніндегі жұмыстар жеткілікті деңгейде ұйымдастырылмай отырғандықтан ескерткіштерді бүлдіру, тонау істері тиылмай келеді. 2015 жылы «Шығыс Қазақстанда археология саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту» бағдарламасы жасалып, қабылданды. Сөз жоқ, ел тарихындағы елеулі оқиға. Алайда, бағдарламаның зерттеу аймағынан ел тарихының көне замандарына қатысты қордаланған мәселелерді жаңа тұжырымдар мен зерттеу әдістері негізінде шешуге мүмкіндік беретін тың ескерткіштер назардан тыс қалып қойды. Шілікті алқабындағы обаларды зерттегеннен гөрі, сол жерден табылған ерте сақ кезеңімен мерзімделетін қоныста зерттеу жұмыстарын жандандырса, ғылым үшін сол пайдалырақ болар ма еді?! Себебі бүгінгі күнге дейін Шығыс Қазақстан облысында бірде-бір сақ қоныстары зерттелмеген. Бұндай зерттеулер арқылы, біз сақтарда көшпелі дәстүрмен қатар, отырықшылықтың да қатар дамығандығын көрсете алар едік.

– ШҚО-да археологияны дамыту бағдарламасы аясында археологиялық нысандарда жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының биылғы жаңалықтары қандай?

– Биылғы жаңалықтардың ішіндегі тұщымдысы – Берел қорымындағы обаның үстіне шыныдан саркофагтың салынуы. Сондай-ақ, Тарбағатай ауданы территориясында Елеке сазы қорымынан табылған жәдігерлер зерттеушілер тарапынан өте үлкен қызығушылық туғызып отыр.

Берел қорымы (Фото З. Самашев)

– Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарының қатысуымен зерттеліп жатқан Ұлан ауданындағы Будда монастырь-бекінісі Аблайкит нысанындағы жұмыстар аяқталды ма? Ғибадатхана кешені қай дәуірдің ескерткіші?

–Ортағасырлық Аблайкит монастырь-бекінісі 2016-2018 жылдарға арналған археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасына енді. 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен – Ұлан ауданындағы Будда монастырь-бекінісі Аблайкитте жұмыстар басталды. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары. Ғибадатхана ішінен 350 жыл бойы жатқан, ескі моңғол тілінде жазылған қайың қабығы, мүсіндер табылды. Қазақстан аумағында тибеттік буддизмнің таралу тарихынан сыр шертер Аблайкит ғибадатханасы 1654 жылы салынған. Жалпы, Шығыс Қазақстанда жоңғар дәуірімен мерзімделетін ескерткіштер көп. Мысалы, бүгінгі дейін  Семей қаласының орнында болды деген «Жеті шатыр» және 2012 жылы Семей қаласының М. Қозыбаев атындағы Тарихи зерттеулер институтының ғалымдары Тарбағатай ауданына қарасты Ақжар ауылының маңынан анықтаған «Әмірсана жамбылын» атауға болады.

Аблайкит ғибадатханасы

Еліміздің аумағындағы жоңғарларға тиесілі деп саналып келген кей ғибадатханалар шын мәнісінде жоңғарларға дейін де қолданыста болуы мүмкін. Себебі, «Әмірсана жамбылының» архитектуралық құрылысы Моңғолия территориясында кең таралған көне түркілердің ғибадатханаларына ұқсас. 2014 жылы «Әмірсана жамбылына» ұқсас көне түркі дәуірінің екі ғибадатханасын Семей қаласының іргесіндегі  Көкентаудың баурайынан тапқан болатынбыз. Осы деректердің барлығы жоңғарлардың соғыс жағдайында жаңадан құрылыс жүргізбей, өздеріне дейін аймақты мекендеген халықтың діни орындарын өз дүниетанымдарына сай өзгерткендігін көрсетеді. Көшпелілердің  осындай тәжірибесін танымал тарихшы маман А. Хазанов өзінің «Кочевники и внешний мир» атты монографиялық еңбегінде жазып көрсетеді.

– Қазақстан аумағындағы түркі мәдениеті жәдігерлерінің сақтаушысы – Шығыс Қазақстан облысында ЮНЕСКО әлемдік мұралар тізіміне енуі тиіс қандай маңызды археология объектілерін айтуға болады?

– Мен бұл беделді ұйымның тізімінен Берел және Қарақоба қорымдарын көргім келеді. Берел – біздің ұлттық брендке айналған ескерткіш. Ал, біздің дәуірімізге дейін VII-VIII ғасырға жататын Қарақоба ескерткішінің зерттеле бастағанына төрт-бес жыл ғана болды. Тізбектеле орналасқан обаларда жерленген адамның қасына қару-жарағымен қоса қобызға ұқсас музыкалық аспап қойылған. Тарихи деректер көшпелі қоғамда бақсыларды жеке дара жерлейтіндігін көрсетеді. Бұған Үкектегі сақ әйелінің обасы мен Абайдың «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым тап шыным» деген сөздері дәлел. Бұл ерте көшпенді дәуірінен үзілмей келе жатқан салт. Табылған қобыздардың біріне реконструкция жасалып, қазіргі күні Астанада Халықаралық Түркі Академиясының музейінде сақтаулы.

Қарақоба қорымынан табылған көне музыкалық аспап (Фото З. Самашев)

 – Ол жердегі адамдардың кім екендігі жөнінде ақпарат болмаса, жергілікті халық арасында қандай да бір аңыз-әңгіме сақталған шығар?

– Кейбір зерттеушілер тарапынан Қарақоба жазығын түркілердің аңыз дастандарында баяндалатын  жер жұмағы «Ергенеқон» деп айтылды. Қаншалықты шындыққа жанасатындығын дәл айту қиын. Әлі де зерттей түсу керек. «Ергенеқон» дастаны да бізге толық жетпеген. Қазақ ел болып, жеке отау тіккен жылдардан бастап талай қиыншылықтарды көрді. Әсіресе шығыс тұрғындары Орталық Азия аумағынан жылжыған көшпелі тайпаларды алғашқылардың бірі болып, күтіп алған аймақ. Бұл әрине, жергілікті халықтың мәдениетіне, тұрмысына, тарихи жадына қатты әсер етті. Ұзақ уақытқа созылған, дискретті, тікелей және жанама мәдени-тарихи қатынастардың, әскери қақтығыстар мен ықпалдасулардың барлығы туған отанынан ажыраған халықтың санасына, тарихи жадына әсер етпей қоймады. Ресей патшалығының отарлау саясатының бір зардабы осы.

– Еліміздегі мәдени ескерткіштерді реставрациялау, консервациялау, қайтадан жасау жұмыстарының сапасы, қорық-мұражайлардың мәдени туризмді дамытуға қосар үлесі, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамалар тиісті деңгейде орындала ма? Жалпы, облыстарда реставрация саласын түсінетін, эксперттік баға бере алатын мекеме жұмыстары туралы не айтасыз?

– Мәдени, археологиялық ескерткіштерді сақтаудың ең жақсы үлгісін Татарстан мен Ресейдің Белоозерск қаласынан көрдім. Зерттеу кезінде табылған үйлерді жер бетіне шығарып, тұрған бетінде музейге айналдырып қойған. Көрген адамға визуалды әсер қалдырып, көне ғасырдың аурасын сезінуге көмектеседі.

Осы орайда, еліміздің тарихында елеулі орын алатын Семей қаласының көне заманнан бергі тарихын жаңғырту маңызды. Семей құмшағылдарындағы қола ғасырында болған қонысты неліктен қалпына келтіріп, кішігірім қорық-музей ашпасқа?! Бүгінде ол жерде музей ашуға барлық мүмкіндіктер бар. Бұл Семейдің тарихын жаңғыртқаннан бөлек, қаладағы тарихи туризмді дамытуға жақсы негіз болмақ, әрі қала қазынасына қомақты қаржы түсіретін жоба. Себебі, қоныс Өскемен-Астана тас жолының үстінде орналасқан және қала ішіндегі нысан.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!


Ая ӨМІРТАЙ

Суреттер А. Жүнісхановтың жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға