Жаңалықтар

КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН (684 – 731) – Қапаған және Білге қаған дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы.
29.08.2014 12:13 6079

КҮЛТЕГІН (684 – 731) – Қапаған және Білге қаған дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы. Құтлұғ қағанның кенже баласы. Ол 7 жасында жетім қалып, 16 жасында қару-жарақ асынып, ел мүддесі үшін өмірінің соңына дейін күресті. Ағасы Білге қаған және Тоныкөкпен бірге К. 712 – 713 ж. түріктердің әскерін Соғды мемлекетіне бастап келіп, оның билеушісі Гуректі жақтап, араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслиммен соғысқан. Одан жеңіліс тауып, кері шегінеді. 712 ж. Алтайды мекендеген қарлұқтар мен түркілердің бір бөлігі бұларға қарсы шығады. Шегіну кезінде К. үлкен жасақпен кейін қалып, негізгі күшті қорғап қалды. 714 ж. Білге қаған мен К. бірлесіп қарлұқтар мен олардың одақтастарына соққы берді. 715 ж. К. азаларды Қаракөл өз. төңірегінде ойсырата жеңді. Қытай жазбаларына сүйенсек, 715 – 716 жылдары Шығыс Түрік қағандығы ішкі дағдарыс жағдайында болған. 716 ж. бүлікшілер хан ордасын басып алмақ болғанда, К. қорғанысты ұйымдастырып, оларға тойтарыс берген. 716 ж. бүлік шығарушылардың бірі иер-байырқу халқы шабуылынан Қапаған қаза табады. Оның таққа иегер баласын К. өлтіреді де, билікке ағасы Білге қағанды отырғызады. К. қағандықтың сол қол шады және бас қолбасшысы болып тағайындалады. Олар дана Тоныкөкті ел басқару ісіне қайта шақырады. К. түркі мемлекетін нығайту мақсатымен бірнеше рет жорыққа шығып, өзін қабілетті қолбасшы ретінде танытты. 718 ж. қас жауы табғаштар шабуылын тоқтатты. Қағандық шамамен 721 – 722 ж. Қытайға, шамамен 722 – 723 ж. татабыға жорықтар жасаған. Өздерін толығымен іргелес мемлекеттерге мойындатқаннан кейін көрші елдермен саяси қатынастарын жақсартты. Ішкі-сыртқы саясатқа К. тікелей араласып отырған. 723 – 733 жылдар аралығында мемлекет ешбір елмен соғыспай, халық бейбіт өмір сүрді. К. қой жылы ақпан айының 27-күні 47 жасында дүние салады. Оны жерлеуге татабы елінен Удар Сеңүн, табғаштан Ісүйі Лікең, Тибеттен Бөлен, алыстағы Соғдыдан, Бұхарадан Тархан ұлы Нең Сеңүн, түргіс қағанынан Макрач таңбашы оғыздан Білге таңбашы, қырғыз қағанынан Тардуш Ынаншы Чур, т.б. көптеген белгілі адамдар келген. Күз айында өткен К. асына татабы, тибет, түркеш, қырғыз елдерінің қағандары, арнаулы өкілдерінің қатысуынан да К-нің түркі елінің даңқты қолбасшысы екендігін аңғаруға болады. К. мазары мен өрнектелген жазба тасын тұрғызуға табғаш қағандығы “он мың сый, алтын, есепсіз күміс” әкелді. Қағанның зергершісі Чаң-Сеңүн арнайы келген. Оның құрметіне жазылған Күлтегін жазуы тек түркі халықтарының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес мұрасы болып табылады.

Әдеб.: Гумилев Л.Н., Древние тюрки, М., 1993; Аманжолов К., Рахметов Қ., Түркі халықтарының тарихы, 1-т., А., 1996; Қазақстан тарихы, 1-т., А., 1996; Алланиязов Т.К., Очерки военного дела кочевников Казахстана, А., 1997; Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер, А., 2001.

Г. Сабденова

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға