Жаңалықтар

Көлік саласындағы кәсіпкерлік қызметке қатысты 183 талап жойылады

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлім етті
Көлік саласындағы кәсіпкерлік қызметке қатысты 183 талап жойылады
Фото: gov.kz 06.10.2022 11:18 2263

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді қадағалауды енгізу туралы тапсырмасын іске асыру аясында ҚР ИИДМ «Атамекен» ҰКП сарапшылары және ынталы мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп көлік саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің бизнесті реттеуді бақылаудың талаптарына сәйкестігіне талдау жасады, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сараптама барысында 7 базалық шарт назарға алынды. Олардың қатарында жарамдылық, кәсіпкерлік субъектілердің теңдігі, ашықтығы, орындаушылығы, айқындылығы, сәйкестігі мен ұтымдылығы және жүйелілігі сияқты негізгі шарттары бар. 

Талдау нәтижесі бойынша көлік саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне арналған 11 557 талап және қадағалаушы құралдар үшін белгіленген 290 нормативтік-құқықтық акті анықталды.

Аталған құжаттардың 5 442-сі ICAO стандарттары мен теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келсе, 4 809-ы ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 81-1 бабында айқындалған базалық шарттарға толыққанды сай екендігі белгілі болды. Ал 1 303 талаптың сай еместігі анықталды. Оның ішінде 1 120-сы түзетуді қажет етсе, 183 құжаттың күші жойылады.

Атап айтқанда, Азаматтық авиация комитетінің құзырына кіретін әуе көлігі саласындағы 87 талап сәйкес емес (оның 74-і қайта түзетуді қажет етсе, 13-і өз күшін жояды). Автомобиль көлігі саласындағы 134 талап базалық шарттарға сай келмейді (55 талап түзетуді қажет етеді, 79-ы өз күшін жояды). Су көлігі саласындағы 98 талап базалық шарттарға сай еместігі белгілі болды. Оның 15-і түзетуді, 83-і жоюды қажет етеді. Ал темір жол көлігі саласындағы 984 талаптың 976-сына түзету қажеттігі айқындалса, 8-і өз күшін жоймақ.

Талдау қорытындысы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша арнайы жұмыс кестесін бекітті. Бүгінде бұл тараптағы жұмыс одан әрмен жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға