Жаңалықтар

Күләш БАЙСЕЙІТОВА

Күләш БАЙСЕЙІТОВА
28.08.2014 12:45 5344

БАЙСЕЙІТОВА Күләш (шын есімі Гүлбаһрам) Жасынқызы [2.5.1912, Верный (қазіргі Алматы) — 6.6.1957, Мәскеу. Алматыда жерленген] — аса көрнекті қазақ әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңб. сің. артисі (1934), КСРО халық артисі (1936). Әкесі Жасын ел арасында, ауыл-аймақтың той-жиынында ән салған белгілі әнші болған. Б. ес білгеннен әкесінен естіген ән-жырларды айтып жүреді. 1925—28 ж. мектепте, Қазақ пед. техникумында оқып жүрген кезінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қала жастары көркемөнерпаздарының байқауында әншілік дарынымен көзге түседі. 1930 ж. Күләш Бейісова (қыз күніндегі фамилиясы) Қазақ драма театрының труппасына қабылданып, мұнда Агафья Тихоновна (Н.В.Гогольдің “Үйленуінде”), Пүліш (Б. Майлиннің “Майданында”), Зәуре (Қ. Байсейітов пен А.Шаниннің “Зәуресінде”), Еңлік (М. Әуезовтің “Еңлік — Кебегінде”) тәрізді бейнелерді сомдады. Б. халық өнерпаздары қатарында 1933 ж. ұйымдастырылған Қазақ музыка студиясына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) қабылданады. Онда Күләштің әншілік-орындаушылық таланты бар болмысымен жарқырай ашылды. Әуезов пен И.В. Коцыктың “Айман — Шолпанындағы” Айман, Майлин мен Коцыктың “Шұғасындағы” Шұға рөлдері Б-ның әншілік-актерлік шеберлігінің жоғары екенін көрсетті. Б. бейнелеген Жібек образы (Е.Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегінде”) қазақ опера өнері тарихындағы ерекше есте қаларлық образ болып табылады. Жібек бейнесі Б. бойында тұнып жатқан әншілік, артистік өнердің шексіз мүмкіндігін танытып, оны даңққа бөледі. Б. бейнелеген Жібек көрермендерді жоғары адамгершілік рухымен, терең драматизмімен, романтикалық серпінімен баурады. Б. қайталанбас даусымен, асқан артистік дарынымен ұлттық опера өнері тарихының төрінен орын алды, халық сүйіспеншілігіне бөленіп, “қазақтың бұлбұлы” атанды. Брусиловскийдің “Жалбырындағы” Хадиша, “Ер Тарғынындағы” Ақжүніс, “Алтын астығындағы” Айша, “Гвардия, алғасындағы” Сайра, И.Н. Надировтың “Терең көліндегі” Раушан, А.А. Зильбердің “Бекетіндегі” Зере, М.М. Магомаевтың “Нергизіндегі” Нергиз, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің “Абайындағы” Ажар, М. Төлебаевтың “Біржан — Сарасындағы” Сара (КСРО Мемл. сыйл., 1949) бейнелерін сомдаған Б. өз шығарм-нда шеберліктің шырқау шыңына көтерілді. Осы кезеңде Б. ойнаған рөлдердің ішінде Ақжүніс бейнесі ерекше. Оның бойындағы алмастай өткірлік, бір мезетте жүз құбылып, сынаптай бұлтылдаған алдампаз мінез, сезімге бой алдырған сәттегі мұңайыс, кектенген адамынан өш алар кезіндегі айла-тәсілі мен зымиян ойыны Б-ның шебер артистік өнері арқылы естен кетпестей дәрежеде бейнеленген. Б. қатысқан спектакльдер ұлттық опера мәдениетінің озық үлгілері ретінде Қазақстан музыка тарихының дамуындағы маңызды кезеңдерді айқындайды. Қазақ опера және балет театры сахнасында Б. тұңғыш рет классикалық спектакльдердегі басты партияларды ойнады. Олар: Татьяна (П.И. Чайковскийдің “Евгений Онегинінде”), Маро (З.П. Палиашвилидің “Даисиінде”), Баттерфляй (Дж. Пуччинидің “Чио-Чио-Санында”), т.б. Қазақ халқына тән ұлттық әуен-ырғақтардың соны сипатын дәлме-дәл тауып айта білу мен вокальдық-сахналық іс-әрекет бірлігі — әнші өнерінің ерекше қасиеті. Б. — ұлттық театр сахнасында қойылған қазақтың төл операларымен қатар орыс, басқа да шет ел композиторларының операларындағы басты кейіпкерлердің образдарын тұңғыш тұлғалаған әншілік, артистік, орындаушылық диапозоны ерекше кең суреткер. Ол концерттік әнші ретінде де танымал болған. Б-ның жеке концерттік репертуарынан қазақ, орыс, т.б. шет ел халық әндері мен композиторларының әндері, муз. шығармалары және операларынан үзінділер орын алды (КСРО Мемл. сыйл., 1948). Б. сондай-ақ, қазақтың ұлттық өнерін дамытуда сан салалы ісімен көрінген белгілі қоғам қайраткері. Бейбітшілікті қорғау к-тінің мүшесі (1951), Қазақстан Жоғ. Кеңесінің (1—3 сайл.) депутаты болды. Республикалық музыка колледжіне, т.б. өнер ордаларына, көшелерге, мектептерге Б. есімі берілген. Оның атындағы респ. әншілер конкурсы тұрақты өтіп тұрады. Б. Еңбек Қызыл Ту, т.б. ордендермен, медальдермен марапатталған.

Ғ. Бегембетова

Қазақстан Энциклопедиясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға