Күләндәм
Өмірдің небір белес-белдері артта қалды ғой. Азабы мол көк тайғақ ғұмыр. Көкірегіңді қайғы шалып, қасіретке толы шерменде болған өмір ертегі сияқты бұл күні. Жүдеулі шақтарды еске алғанда о дүниеге аттанып кеткендердің аты-жөні де ойға орала береді. Солармен бірге өткізген күндер, айлар, жылдар санаңа мұң әкеліп, ой тұңғиығына жетелейді. Содан соң кім тірі, кім өлі екенін саусақпен санап көресің. Өлілер мен тірілер. О, жалған-ай, содан бері талай арна тартылып, талай су ағысынан жаңылды емес пе?! Ал Күләндәм апай әлі күнге жаңылмаған. Бағана ғана екі көзін сығымдап алып, тағы да бір толғаудың тың тарауын бастап кетті.
- Сұлтанбекті таңертең ұстады. Есікті тақылдатқан көршілеріміз шығар деп ашып қалсам, екі жігіт «үйге кіруге бола ма?» - деді. Олардың не үшін келгенін қайдан білейін, кіріңіз – дедім. Сұлтанбекті сұрады. Үйде дедім. Сұрларына анықтап қарағаным сол екен, бір-екі орыс әйелі әртүрлі сылтаумен келіп-кетіп жүретін, мен байғұс сол екен дедім ғой.
Адам баласының қолынан келетін жамандықтың сан тарауы болатын көрінеді. Солардың бірі жансыздың ісі, екі әйел әр уақытта келіп-кетіп, екі-үш айдың ішінде тор құрып жүргенін Күләндәм апай қайдан білсін, дәл бір сол уақыт қайта айналып келсе, оларға есікті ашпай қоятындай бармағын тістеп, ұзақ ойда басын шайқай берді. Мұң кіреукелеген қос жанарын қабырғада ілулі тұрған қара торы жігіттің суретіне қадаған күйі көп отырды. Суретте өзінің сүйікті жары, 1937-жылдың құрбаны болған Сұлтанбек Қожанов. «Күләндәм! Болашақ ұрпаққа өткен өмір шежіресін ұқтыр, естірт, түсіндір, айт» деп тұрғандай, өтініш, өкініш білдіргендей, ойлы қалыпта қарап қалған.
- Жоқ, - деді Сұлтанбек, - сендер мені кімге санап тұрсыңдар. Тірсегі кедей, Кеңес өкіметі тәрбиелеген, өсірген, шыңдаған мені оңай беріледі демеңдер. Қанеки, мұрсат беріңдер, НКВД бастығымен өзім сөйлесейін.
Осы арада есіктен тағы екі НКВД мүшесі кіріп келді. НКВД бастығының қолымен қамауға алынсын деген қағазды көрсеткенде, Сұлтанбек орындыққа отыра кетті. Мен осы сәтті пайдаланып үйге кірген НКВД адамдарына және Сұлтанбекке шәй құйып бердім. Өзі қызыл қоңыр шәйді асықпай отырып ішуші еді... Шәйді ішіп болған соң олар Сұлтанбекті алып кетті. Сыртқа бірге шықтым. Сөйтсем сыртта НКВД-нің адамы тұр екен. Болған оқиғаны түгел айт деп 16 жасар қызым – Зипаны Өзбекстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Ақмал Икрамовтың үйіне жүгіртіп жібердім.
Анасының естелігін қызы Зипа Қожанова жалғастырып кетіп еді.
- Папамды ұстап алып кете салысымен, Ақмал Икрамовтың үйіне асықтым. Аяғым жерге тимей зыттым-ау. Келсем ол кісі жұмысқа жиналып жатыр екен. Болған оқиғаны бастан-аяқ айтып бердім.
- Жоқ, мүмкін емес, Сұлтанбекті ұстау заңсыздық, - деп мені жұбатты. – Бар, бара ғой, папаң шығады, жылама, - деді ашуын жасырып, бір жағы мені мүсіркеп. Іле-шала Ақмал Икрамовты да, Файзолла Ходжаевты да ұстағанын естігенде бәрімізді қорқыныш үйірді. Бір айдан кейін Икрамовтың, Ходжаевтың балаларын және мені елдің алдында «халық жауының» балалары деп мойнымыздан галстугімізді шешіп алды. Пионерді пионерден, комсомолды комсомол мүшелігінен шығарды. Бізге сенімсіздік көрсетілді. «Халық жауының» балалары деген таңба бізге қаншама кесірін тигізді десеңізші.
Иә, бәрі өткінші, бәрі өкінішті. Күләндәм апай бір жағы өкіне отырып, өзіне-өзі жұбата алады. Өкініші – өткен өмірі өткінші жаңбырдай өте шыққан болса, жұбанышы – жан жары Сұлтанбектің де, өзінің де нақақтан-нақақ жаладан біржола ақталуы, бірі өлідей, бірі тірідей ақталып, мойын бұрып, қайрылмас өмірдің қайта жаңғыруы. Өртенген өзектің өрт шалған халін қос жанардан ағыздаған жасты бірер сыпырып тастап, әңгіме желісін басқаға бұрды.
- Екі айдан кейін өзімді тұтқындады. Әйтеуір туыс, туған бала-шағаны алып кетті, соған шүкір дедім. Өзімдей әйелдер. Еңіресе етегі жасқа толады. Әйтеуір қырық рулы халық. Тапшанға сыймаймыз. Біреулері омырауындағы балаларымен келген. Әсіресе бір өзбек әйеліне жаным ашиды. Өзі жап-жас. «Үйде бес балам қалып еді, қайтемін-ай енді, қайтемін!» деп жылайды. Кішкенесі емшекте екен. «Шешемнің сиыры бар еді суалмаған, көже қатық бола ма екен-ай!» деп өксігенін естігенімде өзім де қосылып жыладым. Бір күні өзімнің қайғым бір бөлек, сол байқұсты жұбатайын деп «құмалақ аштым». Құмалақты топтап-топтап қойып сөйлейін келіп, «Бір сиырың бар екен, түсі ала ма, әлде қара ма... Уайымдама, қалған балаларың аққа қарық болып отыр» - «Ала сиырды көрсетші?» - деп жалынды. Міне, мінеки деймін шіміркпей. Сондағы ойым әбден жылап, өлейін деген бұл пақырды жұбатқаным ғой, - деп Күләндәм апай жадырай күлмесі бар ма. – Содан бізді «халық жауының әйелісің» деп соттады. Этап вагонға салып Алматыға, Алматыдан соң әйтеуір поезбен өгіз аяңмен Ақмолаға алып келді. Қаптаған қатын-қалаш. Уласып-шуласып жөн сұрасамыз. Содан 10 жыл дегенде шықтық қой. Оңай дейсің бе, балам. 18 жылдан соң көзіміз ашылды. Ел қатарына қосылдық.
Содан соң көз жұмулы, көкірегі ояу қарт ана ой әлеміне көз жүгірткендей, таңдайын қағып, көпке дейін отырды. Мүмкін көз алдына көлбеңдеп өткен күндер елесі белгі беріп, артта қалған арманды күндерге жетелеген болар. Немесе тілін тістеп, өкінішті өмірге лағнет айтқан болар. Жаулық ұшын тістеп ұзақ ойда қалды.
- Сұлтанбек! Бұл менің он тоғыз жасымнан серігім болған алтын есім. Жастайымыздан бір-бірімізді ұнаттық. Әке-шешеміз бізді қалың мал алып айттырған жоқ. Дегенмен қазақтың таза жолын ұстап әке-шешеміздің рұқсатымен қосылдық. Жас өткен соң өмірді ойша шолып Сұлтанбектің суретіне қараймын. Атып тастады ғой қайтейін, амал қанша. Есімін ел білмейді, сол қиын.
Ал тарихта оның аты-жөні бар. Соны мәңгілік сөндірушілер болды ма білмеймін, кейінгі кезге дейін Сұлтанбек туралы ешкім бір ауыз жақсы лебіз білдіре алмады. Өткен тарихқа сүйеніп, жөн-жосықсыз пікір айтатындар болды-ау! Ең болмаса бір адам нақтылап жазса екен деп жүргенімде жазушы Бейбіт Қойшыбаев Сұлтанбек туралы әңгіме қозғай бастады. Асылы өткен тарихты жаза бастаған адамдардың ішінде Сұлтанбектің есімін аузына алған сол жігітке ішім жылып қалды, - деген еді Күләндәм апай кемсеңдей көңілі босап.
Сұлтанбек Қожанов! Бұл кім? Тарих парағын ақтаруға күшіміз жете ме? Байқаймыз, Қазақстан тарихында есімі аталмайды. Энциклопедиядағы ардақты есімдер қатарында бар ма екен десем, тіпті аты-жөні жоқ. Неге, неліктен? Көз алдымызда бар адамның соңғы сәтіне дейінгі ғұмырнамасы жатты. Өтіп кеткен өмірге бүгін зер сала қарау қиын да қызықты екен. Қиындығы – осынау азаматтың есімі ел есінен шығып, еңбегі еленбей қалуы. Қызығы – Голощекиннің қыспағына түсіп, қазақ зиялыларының арасындағы алауыздыққа байланысты Өзбекстан Республикасында жұмыс істеуі.
- Әй, өмір-ай, баскесер Ежов та Сұлтанбекпен бірге қызмет істеген еді. Сол шегір көз бәлені Сұлтанбек жаны сүймейтін. Ол кезде Сұлтанбек Казкрайкомның екінші хатшысы болды. Түркістан республикасына қарасты қазіргі Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары және Қарақалпақстан Қазақстанның қарамағына берілді. Бұл кезде Сұлтанбек Орынборға қызметке жіберілді. Ұмытпасам, 1922-жылдың желтоқсан айы болар. Бұл қызметте Сұлтанбекпен бірге жұмыс істеген Нанейшвили деген өте алғыр азамат болды. Екеуі тез тіл табысып сөйлесетін. Ал ана Ежов бар ма, сол кезде-ақ адам жұтсам деп тұратын. Бұл қызметте Сұлтанбек көп болмады. Голощекин келді де алауыздық басталды. Басты бәле – Сұлтанбектің жергілікті халықтың мұң-мұқтажын қорғауынан шықты. Ол туған халқына топырақ шашқан жоқ, балам!
1937-жылдың басында Мәскеудегі бір үлкен жиналыста, үзіліс кезінде Иосиф Виссарионович Сталин Сұлтанбекке:
- Қалай, Шыңғысқан, Өзбекстанға билігіңді жүргізіп жатырсың ба? – дейді. Сол сәтте Сұлтанбек жұлып алғандай:
- Жолдас Сталин, қазірше Шыңғысқан сіз болып тұрсыз ғой, - депті. Қаһары қатты көсем бар сыры ішінде кеткендей сырт бұрылып жүре береді.
«Сталиннің қаһарына ілігетін шығармын» деп Сұлтанбек жиі айта беруші еді, - дейді Күләндәм апай басын шайқап, өткен өмірге көз жібергендей болды.
Күләндәм апай өзіндік баға беріп отырған Нанейшвили 1925-жылы маусым айында Мәскеуге қызметке шақырылады да, оның орнына Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Филип Исаевич Голощекин келеді. Голощекин өз білгенімен кадрларды астаң-кестеңін шығарып ауыстырады. Қатыгездікпен қаруланған жаңа басшы елге жақсылықпен аяқ баспады. Сұлтанбек Қожанов Мәскеуге ВКП(б) Орталық Комитетіне қызметке жіберіледі. Онда ол ұлт республикалары бойынша нұсқаушы болып қызмет атқарды. Жалпы қазақ өлкелік партия комитетінің алғашқы хатшысы өз қызметін небәрі бір жылға жуық істеді. Екіншіден «ежелгі жау ел болмас, етектен кесіп жең болмас» демекші Ежов пен Қожановтың есеп айырысуы 1937-жылы 14-шілдеде болды. Қазақ тіліне жетік Ежов кекетіп-мұқатуға шебер-ақ екен. Кезінде Семей губкомында, содан соң Түркістан өлкелік партия комитеті мен Қазақ обкомында хатшы болған Н.И. Ежов қолына қылышын алған соң, көзі жетер жері Семей губкомынан бастап, өзі қызмет істеген ортаға дейінгі басшыларды ұстарамен қырғандай тып-типыл жасады.
Ақмола, Қарағанды арасында
Қой бағам Батық, Жарық даласында.
Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды
Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды.
Алыста жылай-жылай бала қалды,
Жүрген жер Ақмола мен Қарағанды.
Қайран ел сені көрер күн бар ма екен,
Мұңымды алыс-жақын тыңдар ма екен.
Күләндәм апай «Алжирде» мал соңында жүріп қамығып, қайғырып отырғанында қоңыр қарлығыңқы дауысқа салып өзі шығарған осы өлеңді айтады екен. Уақыт озған сайын өткен өмір елес сияқты ғой. 50 жылдан кейінгі қайталанған өлең көңілге көлеңке орнатты. Тыңдаушы саны өте көп емес еді. Бәріміз бірге жыладық... Ақмола, Қарағанды арасында... Бұл, 26-нүкте деп аталған әйелдердің лагері еді.
"АЛЖИР" естеліктер жинағы/Құрастырушы: Болат Жүнісбеков
Құрастыруға қатысқандар: Әбдірахманова Лауренсия, Жақсыбаева Рахима, Ергельдинова Жанар, Айағанова Эльмира, Төлепбергнова Гүлнұр.