Жаңалықтар

Көкшетауда Қазақ хандығына байланысты көрме өтті!

Көкшетау қаласындағы Әдебиет және өнер музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды.
30.01.2015 09:06 4673

Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің әр түкпірінде тойланып жатыр. Соның бірі қазақтың ұзын сонар тарихымен тікелей байланысы бар Көкшетауда. Көкшетау қаласындағы Әдебиет және өнер музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қазақтың тарихына қатысты танымал қылқалам шеберлерінің картиналары мен тарихи құнды жәдігерлер қойылды. 

Көкшетауда Қазақ хандығына байланысты көрме өтті!

Музей директоры Нұрбек Нұралин шараның маңызы мен тағылымын сөз етіп, мерейтой қарсаңында өткізіліп ауқымды жұмыстардың бастамасы екенін жеткізді. Көрмеге елімізге танымал бірнеше суретшінің туындысы қойылды. Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі, танымал суретші Дулат Қоспанов, Суретшілер одағының мүшелері Юрий Попов, Магомед Кокурхоевтың картиналары тарихтан сыр шертеді. Әсіресе, Дулат Қоспановтың «Оқжетпес», «Қарасай батыр мен Ағынтай батыр», «Қыз қуу» атты картиналары тарихымызға қатысты мазмұнды туындылардың қатарын толтыратын туындылар санатына жататынын көрсетті. Аталмыш суреттерде бабаларымыздың қайсарлығы, қарапайымдылығы, өжеттілігі, өрлігі, кеңдігі қабыса суреттелген екен.

Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Юрий Поповтың «Под голубым небом», «Старцы», «Дервиш. Благая весть» атты шығармаларын ерекше атап өтуге болады. Автордың құм мен саздың күйдірілген қосындысынан жасаған мүсіндері де бірінен-бірі ажарлы, мазмұнды екендігін айту керек. Сондай-ақ, өнер сүйер қауым Магомед Кокурхоевтың «Тұлпар қанаты», «Үш апалы-сіңлілі» картиналары да шынайы образдарға толы тамаша туындылар.
Суреттер майлы бояумен салынып, бір-бірімен үйлесім тапқандай. Қылқалам шеберлерінің картиналарын оқушылар қызыға тамашалады.

Көрмедегі суреттер бір ай бойы жұртшылықтың назарына ұсынылатын болады.

Көрме барысында Суретшілер одағының мүшесі Дужан Мағзұмовтың да «Таң сәрі», «Үндестік», «Түркі» шағармалары жұртшылық талғамынан шықты. Мәселен, «Таң сәрі» полотнасында қызыл және көк бояуларды қолданған шебер композициялық тұтастықты ұтымды көрсете білген.

Тағы бір айта кетерлігі, көрме барысында қонақтарды аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитова жәдігерлер залымен таныстырды. Мұнда қару-жарақтар мен ер-тұрман, әшекей бұйымдар, қолжазбалар, қазба жұмыстары барысында табылған құты мен 500 жылдық тарихы бар саптаяқ қойылыпты. Әсіресе, сал-серілер бұрышында Ақан сері ардақтаған Ақтоқтының Жалмұқаннан туған баласы Сұлтанның домбырасы, сондай-ақ Ақтоқтының «Зингер» тігін машинасына оқушылар қызығушылық танытты. Киіз үй бұрышындағы әсем тұрмыстық бұйымдар да көз жауын алады. Мұнда да Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы мен академиясының мүшесі Ибрагим Исеновтың картиналары қатысушылардың қызығушылығын тудырды.


Фото egemen.kz сайтынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға