Жаңалықтар

Көкшетауда отбасылық және гендерлік саясаттың Концепциясын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды

Көкшетауда отбасылық және гендерлік саясаттың Концепциясын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды
12.09.2018 09:36 1763

Көкшетауда «Қоғамдық келісім» мекемесінде аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы болды.

Шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова 1995 жылдың өзінде Қазақстан Республикасының Президенті әйелдер және отбасы істерімен айналысатын ұйым құру қажеттігіне назар аударғандығын, соның нәтижесінде отбасы мәселелері, әйелдер мен демографиялық саясат жөніндегі Кеңес құрылғанын 1998 жылы ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия болып қайта құрылғанын атап өтті.

Отырыс барысында үш негізгі мәселе қаралды. Қазақстан Республикасында отбасы және гендерлік саясат жөніндегі концепцияны жүзеге асыру бойынша Степногор қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның атқарып жатқан жұмысы туралы әкімнің орынбасары Гүлназ Әбілова баяндады. Ол әйелдер істері жөніндегі төрайым ретінде аталмыш концепция аясында өткізіліп жатқан іс-шараларға айрықша тоқталды.

Ақмола облысындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, қамқорлық және қорғаншылыққа алу жөніндегі жұмыс қорытындылары туралы аймақтық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова мәлімдеді.

Степногор қаласының «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оксана Волкова-Михальская бірлестіктің жас отбасыларға және қиын жағдайға түскен әйелдерге қолдау көрсету бойынша жүргізілген жұмыстары жайында айтып берді.

Комиссия мүшелері ерекше көңіл бөлуді қажет ететін бірқатар мәселелерді талқылады. Іс-шара соңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның 20-жылдығына орай алғыс хаттармен марапаттау рәсімі өтті.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға